• Әдебиет
  • 31 Мамыр, 2009

Шыңғыс ханның мазары табылды…

Осыдан 847 жыл бұрын Кіндік Азияда, дәлірек айтсақ, бүгінгі Монғолия Республикасының шығыс солтүстігіндегі Кентей жотасының Дэлүн-болды атты орманды сайдың бір қуысындағы киіз үйде оң қолына қан шеңгелдеп бір бала шар етіп өмірге келді. Ол дүниені дүркіреткен Шыңғыс хан еді...  Әлемді бағындырған қайраткерлер тарихта аз болса да бар. Олардан Александр Македонский, Наполеонды атауға болады. Солардың ішінде Батыс пен Шығыс неге қайта-қайта Шыңғыс ханды еске алып қайырыла береді. Оның құпиясы неде? Осы сұраққа тоқтала кетейік. Шыңғыс ханды әлем екі шекте бағалап келді. Біріншісі, қатыгез, қанішер, әлем мәдениетін жермен жексен еткен күнәһар деп бағалады. Екіншісі, талантты әскери қолбасшы, әлем мәдениеті мен өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері деді. Иә, екеуі де шындық. Шыңғыс хан қақында сөз саптаушылардың біразы бірінші тұжырымның шылауында кетіп, жамандықтың небір пәле-жаласын оның мойнына артып бақты. Қытай, Парс, Араб, Грузия, Армения, Ресей елдері мен батыс еуропа тарихшылары Ұлы қағанды қорқыныш пен үрейдің «қара тажалы» етіп көрсетіп, ондаған том еңбектер жариялап насихаттады. Ал екінші тұжырымның етегінен ұстағандар оны ақтап-мақтаумен болды. Шыңғыс хан тым күрделі қайраткер. Жоғарыдағы екі тұжырым қатар тұрғанда ғана Шыңғыс ханның нағыз табиғи бейнесін көрсетіп береді. Екеуі де бір парақтың екі беті сияқты болғандықтан екі пікірге де қатар ой жүгіртсек ұлы тұлғаны түсінетін боламыз. Шыңғыс ханның нағыз келбетін ашып, оның Алтын еліне жасаған жорығы туралы нақты қорытынды жасаған адам академик Б.Я.Владимирцев еді. Ол былай дейді: «Шыңғыс хан қырып-жоюды алға қойған қаныпезер деген тұжырым тым қисынсыз екені тарихи деректерде дәлелденген. Монғолдың қоластына кірген халықтарды Шыңғыс хан әуелі қолдап, сенім артып отырғаны көптеген деректерде расталған. Шыңғыс хан еш уақытта адамдарды бостан босқа қырып жоймаған, керісінше өз мүддесіне шебер пайдалана білген». ХІХ ғасырдың аса беделді тарихшысы Хенри Хавард: «Шыңғыс ханды қатардағы қарапайым басқыншы ретінде бағалауға болмайды. Ол жаулап алған мемлекеттер мен империяларды тарихи даму үрдісіне сай дұрыс бағыттай білгендіктен, өмірден өткеннен кейін де орнатқан ұлы империясы өсіп өркендей берді. Оның жасаған заң жүйесі бүгінгі өркениет биігінен алып қарағанда зиялы қауымды таңқалдырады. Өйткені бүгінгі саяси әлемнің алға қойып отырған әділеттілік, демократия, азаматтық қоғам, төзімділік, байсалдылық, адамгершілік, азаматтық рух сияқты ұғымдар Шыңғыс хан ордасында іске асып тұрған екен» - деп жазады. Шыңғыс хан Монғол елімен ғана шектелмей дүниежүзін бір ғана алып империя қоластына бағындырып, әлем халықтарына бейбіт өмір сүру мүмкіндігін алып беруге ұмтылды. Шыңғыс хан соңғы сөзінің бірінде: « қамшының сабындай аз өмірімде адамзаттың мың жылдық тыныштығын ойлап, қолыма қару алдым»,- деген екен. Сондықтан Шыңғыс хан монғол елін тәртіпке келтіретін «Ұлы Яаса» атты заң шығарып орындатқан. Кейін бұл заң бүкіл империяға қызмет етті. Шығысы Қытайдың Гонконгісінен, батысы Жерорта теңізіне дейін, оңтүстігі Таяу Шығыстан Солтүстік Сібір аралығындағы халық осы заңның алдында бас иді. Темүжін ұлы қаған тағына отырғаннан кейін өзіне жан тәнімен беріліп қызмет еткен қара халықты төреге дейін, құлдан биге дейін көтеріп ұлықтады. Халқын хан тұқымының иелігіне бөліп берумен бірге олардың иелік ететін жер көлемін белгілеп басшылық ететін нояндарды сайлады. Шыңғыс хан қағанатын орнатуға жан аямай күрескен 88 нөкеріне атын атап, түсін түстеп лауазым ұсынып, 95 мыңдыққа бөліп нояндыққа тағайындады. Шыңғыс ханның әлем мәдениеті мен өркениетіне енгізген қайта құру ісінің бірлі-жарымын тілге тиек етсек. 1. Монғол елінің мемлекеттік қорғаныс күшін жаңа дәуірде жаңаша жасақтаған. Империя орнатқан кезде қоластындағы 30-дан астам елдің қосындарын қолға алып, монғол армиясының темірдей тәртібіне бағындырған. 2. Қағанның және бүкіл халықтың тыныштығын қорғайтын «тұрғақ», «кішіктін» деп аталатын күштік ұйымдарын жасақтап іске қосқан. 3. Ел басқару ісіне әскери және демократиялық билік құрылымын енгізуі бүкіл әлемдік өркениетке қосқан жаңа саяси жүйе болып есептелінді. 4. Ел аумағында әкімшілік территориялық құрылым жасақтап, ел басқарушылардың (шенеунік) міндетін төменнен жоғарыға дейін анықтап берді. 5. «Ұлы жаса» (яса) атты үкіметтік заң шығарып, әуелі монғол елінде, одан соң империя көлемінде іске қосып, бүкіл әлем халықтарының қақ жартысын заңдық құқықта өмір сүруге қалыптастырды. 6. Монғол елін ашық есік елі етіп жариялап, әлем мәдениетін енгізуге жол ашты. 7. Біріккен Монғол империясын орнату арқылы мал шаруашылығын экономикалық негізгі тірегі еткен монғолдарды көшпелі және отырықшы шаруашылықты елге айналдырып, елдің экономикалық дамуын алға қоя білді. 8. Ұлы Гоби, Хами, Тұрфан, Такала-Макан сияқты шөл далаға құдық қаздырып, кәрзі орнатып, аңқасы қатқан қарапайым бұқараның шөлін қандырып, нәпақасын тауып еңбек етуіне мүмкіндік тудырған. 9. Дүниежүзінде алғаш рет «Үкілі почта» (Өдтэй шудан) деп аталатын мемлекеттік байланыс жүйесін іске қосты. Оны тұрақты әрі ілкімді жүргізу үшін «Өртең (Өртөө)» атты мыңдаған бекеттер жасақтап, қызмет жасатқан. 10. Империя қоластындағы ұлттар мен ұлыстарға дін бостандығын берумен қатар адамдарды дініне, тегіне, тіліне, атақ-даңқына, лауазымына қарай бөліп қарауға заңмен тосқауыл қойды. 11. Батысқа жасаған жорығы еуропалықтардың есін жиғызып, бір орталыққа бағынатын заңдық құқықты мемлекет орнатудың үлгісін көрсетті. 12. Басы бірікпеген орыс халқын біріктіріп, орыс хандығын құрып берді. Шыңғыс хан жорығы болмаса Орыс империясы орнамас еді. 13. жетім-жесірлер мен мүгедектерді асырайтын мемлекеттік қор жасақтап, іске қосқан. 14. Бір ғана монғол тілін ұлтты біріктіруші бас идеологиясы етіп алып, алғашқы әліпбиін жасап, монғолдардың рухани қуаттылығын арттыру ісін алға қоя білді. 15. Ел басшысы – Ұлы қағанды мадақтап, қолпаштауға тосқауыл қойған. Ол өз атында ақша да шығартпаған, мүсінін де жасатпаған. «Елбасы мақтаншақ болса, ел іші жарамсақ болады» деп өсиет айтып, жарамсақтар армиясын жасақтауды тыйып тастаған. Шыңғыс ханнан бұрын да, кейін де оның деңгейіне жетпесе де кішігірім патшалар ел басқарды. Біразы Шыңғыс ханның ойлағанын ойлаған болар, талпынған болар. Бірақ, біреуі қарынның қамы, екіншісі бала-шағасының, үшіншісінің туыс-туғанының қамы, төртіншісінің адами парасатының кемшіндігінен мұндай Ұлы іске саусағын да сұға алмай өмірден өтті… «Форбос» журналы соңғы нөмірінің бірінде әлемдегі ең бай адам Шыңғыс хан болған деп жар шашты. Бұл мүлдем жалған. Ол өмірінде өз басына арнап дәулет жинамаған. Барлық тапқан байлығын халыққа жұмсаған. (жалғасы келер санда)

5313 рет

көрсетілді

309

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы