• Тіл
  • 22 Қазан, 2009

«Ана тілін» қолдағаның – қазақ тілін қолдағаның

Бүгінгі қоғамдық сана мен азаматтық парыздың сарапқа түсіп, сыналатын сәттерінің бірі ұлт тілдерінің тағдырына байланысты болып отыр. Өйткені, өзінің ана тілін өмір-тіршілігінің қайнар көзі, барша болмысы мен болашағының кепілі деп санайтын әрбір халық оның әлденеден қағажу көріп, кінәратқа ұшырауына, қоғамдық тынысы тарылып, болашағы бұлдырай бастауына немқұрайды қарай алмайды. Сол сияқты «көйлектің көктігімен, қарынның тоқтығымен» өлшенбейтін тілдің қадір-қасиетін әлімсақтан бері-ақ ту етіп көтеріп, тіл тағдырын ел тағдырына балаған, оны пір тұтып келген қазақ халқының ана тілінің ел аман, жұрт тынышта мүшкіл халге душар болуы қабырғаға қатты бататыны белгілі. Ешбір халық, ұлыс, этникалық топ көзінің тірісінде, тіпті ақырғы адамы қалғанша ана тілінен бас тартып, жойылып кетуіне жол берген емес. Сан миллиондаған адам сөйлейтін тілмен қатар жер бетінде екі-ақ адам сөйлейтін тілдің өмір сүруі оның өміршеңдігінен болар. Ал он миллионнан астам халық сөйлейтін қазақ тілінің ел-жұртқа аян болып отырған бүгінгі жағдайы – оның көкейкестілігі. Ендеше ол туралы қаншама ашынып сөйлесек те сөкеттігі жоқ.

Міне, сол ашына «сөйлеп», тілімізге қатысты өзекті мәселелерді көтеріп жүрген іргелі басылымдардың бірі – «Ана тілі» газеті. Бұл газет жеке өз басыма ыстық көрінеді. Өйткені, осы басылымның өмірге келуіне ұйтқы болған жандардың бірі өзім едім.

Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамының құрылып жатқан уақыты. Қоғам алғашқы кезде «Ана тілі» деп аталған болатын. Алайда, көпшілік «Әр халықтың да өз ана тілі бар. Сондықтан бұл қалай болар екен?» деген пікір айтты. Біз бұған құлақ астық. Сөйтіп, қоғамның атын «Қазақ тілі» деп өзгерттік.

Қоғам дүниеге келгеннен кейін осы қоғамның үнін, даусын жеткізетін басылым қажет болды. «Ана тілі» газеті осындай себеппен жұртшылықпен қауышты.

Газеттің отау көтергеніне көп уақыт бола қоймады. Жиырма жыл енді толады. Алайда соған қарамастан «Ана тілі» республика көлемінде беделді басылымдардың біріне айналып отыр.

Біздің мемлекетімізде шешімін күтіп тұрған мәселелер көп. Солардың қатарында мемлекеттік тілдің жайы да бар. Осыдан да болар газет бетінде министрден бастап студентке дейінгі әр түрлі лауазым, қызмет иелерінің ой-пікірлері жарияланып жатады. Осының өзінен «Ана тілінің» оқырман қауымға, жұртшылыққа деген құшағы әруақытта да ашық екендігі көрінеді.

Газет авторлардан да, оқырмандардан да кенде емес. Демек, көпшілік «Ана тілін» ұнатады, жақсы көреді. Мұның өзі газет редакциясы үшін, осында қызмет ететін журналистер үшін мақтаныш.

Бүгінгі маңызды міндеттердің бірі – ана тіліміздің қадір-қасиетін арттыру, беделін көтеру, қолданыс аясын кеңейту. Міне, осы елдік орыны бөлек қасиетті іске қазақ тілді басылымдардың, онда да «Ана тілі» газетінің қосып отырған үлесі зор. Тіліміздің баянды болуы үшін қызмет етіп жүрген бұл басылымды баспасөзге жазылу науқанында қолдау, қолұшын беру – парыз.

Әбдуәли Қайдар,

академик

2605 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы