• Тұлға
  • 05 Қараша, 2009

АЛТЫННЫҢ ҚОС СЫНЫҒЫ

www.anatili.kazgazeta.kzЖыл сайын мамыр айы келіп, Жер-Ана сұлулық әлеміне енгенде біз елеңдеп, алыстан келетін қадірлі қонақтарымызды күтуге алдын-ала дайындала бастаймыз. Ақтөбеден туған атам мен енем ат шаршатып келгенде, шаңырағымыз ерекше бір қуаныш пен бақытқа бөленіп жүре береді. «Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы» демекші, 89 жастағы атам Ахмет пен 86 жастағы енем Таразы текті жандар. Атам бүкіл қазақтың піріне айналған Бекет-атаның тікелей ұрпағы, ал, енем болса, атақты Ізім жыраудың туған немересі болып келеді. Өмірдің талай белестерінен асып, тағдырдың небір қатерлі өткелдерінен өткен Ахмет ақсақал бүкіл Үстіртке белгілі Алдаоңғар сопының баласы. Көріпкелдігімен, әулие және емшілігімен аты шығып, көпшілікке шапағаты тиген Алдаоңғар шаш ал десе, бас алатын қызыл белсенділердің қуғынына ұшырап, туған жері Бейнеуді тастап, Ақтөбе өңіріне көшуге мәжбүр болады.

«Бекет Ата жолымен» атты деректі фильмді түсіріп жүргенде Бейнеу ауданында болғаным бар. Бұл атақты Адай көтерілісі болған қасиетті жер. Қазақ жерінде бұрқ ете қалған көтерілісті күшпен басу үшін Сталиннің бұйрығымен Баку арқылы екі броневик жіберіліп, қарусыз халықты аяусыз қырып салады. Осы тарихи-трагедияны зерттеушілердің айтуынша, 12 мың ер-азамат өлтірілген. Жазалаудан аман қалғандары Ауғанстан, Иранға және басқа да жерлерге қоныс аударады.

Дінсіздер Бекет Атаның салған мешіттерінің көбісін тас-талқан етіп бұзып, БКП Орталық Комитеті Адай руынан тараған ағайындарды басшы қызметке тағайындамау туралы арнайы қаулы шығарғанын көбіміз біле бермейміз. Бекет Атаның ұрпағы, көріпкел, әулие Алдаоңғар сопы осы қырғыннан Алла Тағаланың құдіретімен аман қалған жандардың бірі.

Бейнеудегі Бекет Атаның мешітінде болып, көнекөз қариялармен сөйлескенімде, олар Алдаоңғар сопыны білетін болып шықты.

— Жарықтық-ай, өзі өлсе де, сөзі өлмейтін қасиетті жан еді, Құдайдың мұнысына да шүкір, артында ұрпағы қалыпты, — десті олар тебірене.

Алдаоңғар сопының баласы Ахмет кішкентай бала кезінен ауыр еңбекке араласып, Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен майданға аттанып, төрт жарым жылға созылған қырғын соғыстан аман-есен оралып, теміржолда жұмысшы, мастер болып еңбек етеді. Ұзақ жылдар бойы Алға қаласындағы химия зауытында еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шығады. Ерен еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Өмір бойы біреудің ала жібін аттамаған адал адам Ахаңдай-ақ болар. Сөзге жоқ, нағыз істің адамы.

Жеті бірдей ұл мен қыздың анасы Таразы туған атасы Ізім жырауға тартқан, сөзге шешен, тереңнен ой қозғайды, жасы тоқсанға жақындап қалса да, қолынан кітабын тастаған емес, радиодан, теледидардан жақсы хабар беріп жатса, қалт жібермейді.

Өнер мен әдебиетке біртабан жақын, Мұқағали мен Төлегенді, Темірхан мен Ұлықбекті жатқа оқиды. Оралхан мен Дидахметтің шығармаларын жоғары бағалап отырады.

Бірде енем Алдаоңғар атасы туралы қызықты әңгіме айтты.

— Ахмет екеуміз 1949 жылы көңіліміз жарасып тұрмыс құрдық. Ол кезде атам жарықтық жетпістен асқан қария болатын. Ел атамның көріпкелдігі, әулиелігі туралы аңыз етіп айтады. Жас кезімде комсомол қатарына ілініп, мен де белсенді болдым, молда, дін атаулыға күмәнмен қарайтын кезіміз.

Бірде атам, Ахмет үшеуміз Елек өзенінің жағасында демалып отырдық.

— Ата, — дедім мен еркіндеу сөйлеп, — Сіз жайлы аңызға беріксіз әңгімелер естимін. Ағып жатқан өзенді дұғамен теріс ағызатыныңыз рас па? Суға еркін сүңгіп, балықты аузыңызбен тістеп аулай береді екенсіз.

Атам жарықтық көп сөйлемейтін жан еді. Ол маған және жанымда отырған Ахметке бір қарап, үстіндегі сыртқы киімдерін шешті де, көйлек-дамбалшаң өзенге күмп етіп, сүңги жөнелді. Арада екі минут өтпей жатып, аузына бір балықты тістеп, екі қолына екі үлкен балықтығы ұстаған күйі жағаға шығып келе жатты.

Мен жастыққа тән әбестігім үшін ұялып, төмен қарадым.

Таразы апаның әкесі Шәймерден. Ақтөбе жеріне Кеңес өкіметін орнатуға үлкен үлес қосқан революционердің бірі болыпты. 1927 жылы Батпақты деген жерде түркімен қарақшылары есіл ерді абайсызда қолға түсіріп, асып, өлтіріп кетеді. Жастайынан әкесіз қалған інісі Сейілхан мен Таразы жетімдіктің қасіретін көп тартады. Кезінде академик Ахмет Жұбанов айрықша назар аударған Ізім жыраудың ақындық жолы осы күнге дейін зерттелмей келе жатқаны ащы болса да шындық. Қазақстанның батыс өңіріне, көршілес Қарақалпақстанға есімі жақсы белгілі жыраудың өлеңдері «Бес ғасыр жырлайды» жинағына енбей қалуы да өте өкінішті жай.

Жырау атасының асыл мұрасын іздеп, оны бойтұмардай сақтап, шырылдап жүрген 86 жастағы кейуана Ізім жырау, оның өмірі, тағдыры туралы талай-талай жүрек тебірентер әңгіме айтты.

Ізім 12 жасында Хиуаға бет түзеген саудагерлер керуеніне ілесіп жолға шығады. Орта жолда ойламаған жерден түркімен қарақшылары шабуыл жасап, адамарды өлтіріп, бүкіл дүниесін тонап алып кетеді. Ізім осы қырғыннан аман қалып, қалың өскен сексеуілдің ішіне тығылып қалады. Біршама уақыт өткен соң жас баланы шөл қыса бастайды. Бір жұтым суға зар болған болашақ жырау қиналып отырып әкесінің:

— Құмды қазып, бауырыңды төсесең шөлдемейсің, — деген сөздерін есіне алады. Ол жалма-жан құмды қазып, бауырын төсеп жата кетеді. Әкесінің айтқаны рас болып шығып, тұла бойын қысып әкетіп бара жатқан шөл қайтып, Ізімнің көзі ілінеді. Өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан бала ұйықтап жатып түс көреді. Астына ақ есек мінген қария: «Балам, орныңнан тұрып, Қожеліге барып, базардың ішінде өлең айт», — деп ғайып болады. Ізім оянып кетіп, орнынан тұрса, сеңсе бөрік киген екі түркімен бұған төне қарап тұр екен.

— Мына қазақтың бөлтірігін бауыздап, өлтіріп кетейік, — дейді түсі суық жас түркімен қынабынан қанжарын суырып.

— Қанша дегенмен, мұсылманның баласы емес пе, обал болады, — дейді егделеу түркімен. — Менің балам жоқ еді, ұл етіп алайын. Ол беліне байлаған торсығын шешіп, екі көзі алақтап, қорқып отырған Ізімге сусын беріп, атының артына мінгестіріп жүріп кетеді.

Ұзақ сапардан соң Ізімді өлімнен құтқарып қалған түркімен аттан түсіп, жас баланы ертіп, үйіне кіреді. Ізімнің көзі қабырғада ілулі тұрған домбыраға түсіп, аспапты қолына алады. Өмірінде домбыра тартып көрмеген бала ішектерін жөнге келтіріп, ойнай жөнеледі. Жүректі тебірентер, көңілді толқытар сазды үн Ізімді де, үй ішіндегі түркімендерді де ерекше бір сезімге баурап алған. Үлкен-кіші қазақтың ерекше өнерлі кішкентай баласына аңтарыла қарап қалыпты.

— Ойпырмай, мына бала тегін адам болмай шықты. Керемет жыршы екен өзі! — дейді түркімендер таңқалысып:

Ізім Қожелінің базарына барып, жыр айтып, күнін көріп жүреді. Жас жырау елге, халқына, бауырларына деген үлкен сағынышын жыр етіп төгіп, жүректегі шерін тарқатады. Ол бірде құжынаған базардан таныс саудагерді көріп, бастан кешірген оқиғаларын егіле отырып айтып береді.

— Ағатай, елді сағындым, мені бөтен жерге тастап кете көрмеңіз, өзіңізбен бірге ала кетіңіз, — деп керуен басына жалбарына қарап, көзінің жасын төгіп-төгіп жібереді.

Иман жүзді керуен басы Ізімді асырап алған түркімен ақсақалына жолығып, сый-сияпатын беріп, жыршы баланың елге қайтуына рұхсат беруін өтінеді. Ізімге әбден бауыр басып қалған қария қимастық сезіммен қоштасып, ақ батасын береді. Ізім жырау елге осылайша оралады.

Кейін Кіші жүздің Тама руынан шыққан Ізім жырау Қазақстанның батысына, көршілес жатқан Қарақалпақстанға есімі білгелі жырау болып, артында үлкен мұра қалдырады.

Қазақтың ауыз әдебиетіне інжу-маржан болып төгілетін жыр жолдарын Ізімнің туған немересі Таразы Шаймерденқызының аузынан жазып алдым.

Ол өлең атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге жетіп отыр. Өкінішке орай, Ізім жыраудың өлеңдері қағаз бетіне түспегендіктен, кейбір інжу-маржандарымызды жоғалтып алдық. Осыдан алпыс-жетпіс жыл бұрын Ақтөбе, Орал өңірінің көнекөз, құйма құлақ қариялары Ізім жыраудың жырларын жатқа айтушы еді, бүгінде олар арамызда жоқ.

Жоғарыда айтып өткендей, сазгер, әдебиеттің үлкен жанашыры, академик Ахмет Жұбанов Ізім жыраудың өнеріне айрықша көңіл бөліп, құнды дүниелер жазып еді, оның біразы жарық та көрді, жарияланбағаны қаншама десеңізші! Олардың көбісі мұрағаттарда шаң басып жатуы да әбден мүмкін.

Талай ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді алып, егеменді ел болдық. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр. Ұзақ уақыт бойы жетім баланың күйін кешкен тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, өнеріміз бен әдебиетіміз жанданып, жаңа сипат ала бастады. Дегенмен, атқарылған істен, жүзеге асатын игі шаралар әлде қайда көп. Соның бірі — бес ғасырдан астам ғұмыры бар қазақтың жыраулық өнерін жан-жақты зерттеу болып табылады. Ұлтымыздың тарихымен бірге өмір сүріп келе жатқан, осы өнердің ортасынан ойып тұрып орын алатын Ізім жырау есімі ерекше. Олай болса, Ізім жырауды жан-жақты зерттеу тарихшыларымыздың, әдебиет зерттеушілеріміздің төл міндеті. Осы игі істі Қарақалпақстандағы Мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиет факультеті, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы гуманитарлық жоғарғы оқу орындары қолға алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жазмыш, тағдыр деген осы болар, бүкіл қазақтың пірі атанған Бекет-атаның тікелей ұрпағы Ахмет қариямен, қазақтың жыраулық өнерінде өзіндік орны бар Ізім жыраудың туған немересі Таразыға күйеубала атандым. Тереңнен тартқан тектілік болар, қос қария да бүкіл қазақты аузына қаратқан пір Бекет пен Ізім жырау аталары сияқты халқының, ұрпағының еңсесінің биік, іргелі ел, бақытты ұлт болғанын тілейді. Сондықтан да, мен осы бір тұла бойлары жақсылыққа, парасаттылыққа, тектілікке толы жандарды алтынның қос сынығына теңеймін.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК жазушы

1911 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы