• Тіл
  • 17 Желтоқсан, 2009

Бар гәп – қазақтың өзінде

Тәуелсіздік және тіл. Қазақ үшін бұл екеуі де қасиетті. Екеуі де құдыретті. Егіз ұғымдар секілді. Бірінен бірін ажырата алмайсыз.Мәселенки, Тәуелсіздікті Тілсіз елестетіп көріңізші. Сонда оның қандай Тәуелсіздік, не Тәуелсіздік болғаны? Қазақ қазақша сөйлемейтін болса. Басқа тілде – не орысша, не ағылшынша өмір сүретін болса. Сол мақтаныш па? Сол жақсылық па?

Немесе тілді Тәуелсіздіксіз алып қараңыз. Онда тілдің халі тіптен мүшкіл. Ел, ұлт тәуелді болғаннан кейін бара-бара тілдің де үні өшіп, көзден бұл-бұл ұшады.

Алайда қазақтың бағы бар екен. Талай уақыт, талай жылдар аңсап-армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздікпен бірге тілімізге жан біткендей. Бұрын бүк түсіп жатқан. Енді еңсесін көтерді. Тіршілік белгісін байқатты.

Өткен Тәуелсіздік жылдары тілімізге не берді? Оң өзгерістерді сезіндік пе?

Алдымен айтарымыз – ауызды қу шөппен сүрткеніміз жараспас. Тәуелсіздіктің арқасында тілге байланысты жеке ой-пікірлерімізді ашық, еркін айтатын болдық. «Ой-пікір бұрын да айтылып жүрмейтін бе еді?» деген қарсы сауал қойылуы мүмкін. Рас, бұрын да айтылатын. Бірақ Шәкәрім атамыздың «Бұл ән басқаша әннен өзгеше» дейтініндей, Тәуелсіздік алған жылдардағы сөз саптауымыз, сөйлеуіміз, ой түюіміз өзгеше. Бұрынғыдай емес Тіл туралы батыл, жігерлі, екпінді айтатын болдық. Мұның өзін де жақсылыққа, жетістікке баласақ – қателеспеспіз. Біздің ашық, тосын, тіпті кейде ашу шақыра, ызалы сөйлеуімізге түрткі болып отырған, бойымызға қанат бітіріп, ар-намысымызды қамшылап отырған құдырет иесі, ол, әрине – Тәуелсіздік.

Көңілді жібітетін ендігі бір жарқын іс – елімізде қазақ тілді мектептердің көбейіп келе жатқандығы. Біздің тіліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қай тілде білім алып, қай тілде сөйлеп жүргеніне көп байланысты. Егер қазақ баласы қазақша хат танып, қазақ мектебінен сусындап жатса – онда тіліміздің болашағы бар. Онда тіліміздің жүзі жарқын, тұғыры биік.

Қазір тіл үшін күрес жүріп жатыр. Тіліміз баянды болуы үшін. Заңда белгіленген атына сай мәртебелі болуы үшін.

Бұл күресте жеңіске жете аламыз ба және ол жеңісті тезірек жақындатуға болар ма еді? Болады. Әбден болады. Оның үстіне бұл жеңіс өте қажет. Себебі Тілдің жеңісінсіз Тәуелсіздік жеңісін көзге елестету мүмкін емес. Тілдің көсегесі көгермей, тілдің бағы жанбай ұлы бақытымыз, ұлы байлығымыз саналатын – Тәуелсіздікте мән де, мағына да болмайды.

Сіз білесіз бе? Дәл қазір, дәл қазіргі шақта Тіл тағдыры қазақтың өз қолында тұр. Кеше басқаша еді. Кеше саясаттан көрдік. Кеңестік саясаттан. «Саяси жүйе кінәлі» деп ақталдық. Негізінен бұл себеп болмаса да, «Солай болса, солай шығар» деп қандастарымызға кешіріммен қарадық. Әйтпесе, әр қазақтың жанына келіп, «Қазақша сөйлесең көресіні көресің» деген саясат болған жоқ қой бізде. Жарайды, солай деп төбемізден төмпештеді делік. Сонда «Саясат айтты» деп, қазақша сөйлемеуіміз (ең болмаса отбасында), қазақ тілін ұмытуымыз керек пе еді? Намыс, ұлттық намыс қайда? Біз өмірге қазақ болып келдік емеспіз бе? Алла тағала бізді солай жаратқан. Қазақ етіп. Тіл беріп, қазақы кескін-келбет беріп. Сонда қалай, Құдайдың дегеніне көнгіміз келмей ме? Артық кетпейік. Пендешілікке бармайық.

Бұл сөздер кешегі саясатқа байланысты айтылып отыр. Ал, бүгін – басқа заман, басқа уақыт. Саясат түбегейлі өзгерген. Тәуелсіздік саясаты үстемдік етіп тұр. Алла тағала – қазақтың жағында. «Мақсатыңа жет. Ойлағаныңды, армандағаныңды іске асыр» дейді.

Мына құдіретті қараңызшы. Қазақтың саны өсіп келеді. Ол бүгінде ел халқының жетпіс пайызға жуығын құрайды. Мемлекеттік саясатты жүргізетін – мемлекеттік мекемелерде қызмет ететіндердің жүз пайызға жуығы өзіміздің қаракөздер. Биліктің де, бизнестің де қақ ортасында жүрген өзіміз. Ау, сонда кімге өкпелейміз? Кімге кінә артамыз? Бәрі де өзімізге байланысты екен ғой.

Солай, қазағым! Тіліңді маңдайын жарқыратып төрге оздыртасың ба, әлде жүзіне кірбің ұялатып табалдырық маңайынан аттаттырмайсың ба – бәрі өз қолыңда. Олай болса намысыңа қамшы бас. Күрес. Жеңіске жет!

Нұрперзент Домбай

4037 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы