• Әдебиет
  • 22 Ақпан, 2009

Пышағы бар сүйгенін, Пышағы жоқ тигенін жейді

«Ет дегенде бет бар ма?» деп жеңімізді шынтағымызға дейін түргенімізбен, жеме жемге келгенде етті жіліктеу былай тұрсын «сен кес, мен кес» деп бір-бірімізге сілтеп отырамыз.  Бұрын жігітке қой соя алмау сүйекке таңба боларлық жетесіздік саналса, бүгін даяр, піскен етті турай алмау мін болмай тұр. Былай қарағанда, қазіргі заман тұрғысынан бәрі де қалыпты сияқты. Жақында, бірнеше көңіл жақын дос-жарандармен бір табақта бас түйістірдік. Әңгіменің қызығы сонда болды.

Жанынан бәкісін тастамайтын Талант дейтін жігітімізді кеу-кеулеп отырмыз:

«Пышағы бар сүйгенін, пышағы жоқ тигенін жейді», сен туғанда

неге қуандық. Өзіңнен болсын, өзің турай бер.

Бәріміздің таңдайымыз тақылдап тұр. Неменеге Талантты сыйлап отыр дейсіз?! Шетімізден қолымызға  пышақ ұстай аламайтын «ет жегіштерміз».  «Құрдастың құдайы бір» деп дастарқанның көрігін қыздырып отырмыз баяғы.   

        Астанада бір досым ет турау, табақ тарту жағынан осы Талант сияқты

қолының ебі бар еді. Сонысымен  қызметтестерінің арасында тәп-тәуір бедел жинапты, – деп пышақ ұстаушының  құлағына жағады дегендей Мәнсүр бір әңгіменің шетін шығарды.

        Қайын жұртыма барғанда ет турай алмай масқара болдым, – деді

Думан добалдай қолын табаққа созып бере.

         «Ет етке, сорпа бетке». Сорпа ішіп отырыңдар, – деп қояды Нұргелді

сорпасын сораптап.

Талант үндемей ет турап отыр. Бір-екеуміздің «Жеп кес, кесіп же» деп

қағытып отырғанымыз болмаса, Талантқа қарайтын уақытымыз жоқ, асап жатырмыз. Бір уақытта:

        «Кәпір тоқ болса, мұсылман тыныш» дегендей еттің бәрін табаққа сала беріппін-ғой, «Пышағы бар сүйгенін, пышағы жоқ тигенін жейді» деген мақал да адамына қарай айтылатын ұқсамай ма? – деп Талант пышағын сүртіп бізге қарады. Біз жылан жалағандай болып тұрған табаққа қарадық.

        Жау қуып келе жатқандай жан-жағымызға қарамай жеп Таланттан ұят

болды-ау, – деп ырсың-ырсың етіп күлді Биғазы. Жаңа тебіндеп келе жатқан мұрты май-май болып жылтылдап тұр. Талант оған кекесінмен бір қарады да:

        Өзімнің ет жей алмағаныма емес, сендердің ет турай алмағандарыңа

намыстанып отырмын, «Қазақпыз» деп мақтанғанда алдарыңа жан салмайсыңдар, – деді нығарлай сөйлеп. Біз қипақтап қалдық. Ала қаптың аузын ашты ет турағыш досымыз. Енді оны тоқтата алмайсың.  Ал кеттік.

        Егер біреу аға деп сыйлап алдарыңа бас тартса, сендер соны түгін

қоймай мүжіп тастауға барсыңдар. Бұл «сенің жауыңмын», «басыңды мүжимін» дегенмен бірдей. Тексіздіктің белгісі. – Осы сөзі жанымызға батса да амалсыз мойындап жапақтап отырмыз. Ол сөзін әрі қарай жалғастырды. –  Естеріңде жүрсін, қонақ болып отырған адам ең әуелі алдыға келген бастың маңдайын тігінен бір, көлденеңінен бір тіледі. Бұл «төрт құбыламыз түгел, төрт түлігіміз сай болсын» дегендік. Онан соң оң жақ езуінен (малдың мінер жағы) бір кесіп алып ауыз тиеді де, табаққа екі-үш жапырақ турап, жан-жағындағыларды да бастан ауыз тигізеді.

Дәл осы кезде өзінше ақын болып жүрген Думан қыстырыла кетті:

        «Езуінен бір кес те, өзіне бер шекесін»

Талант елеген жоқ. Біз Таланттың аузына қарап отырмыз:

        Бір құлағын дастарқандағы не сол үйдегі балаға бергеннен кейін, басты

үй иесіне қайтарып береді. Содан кейін жамбас пен жіліктің еттерінен біраз турап алып: «төр табақтан сыбаға» деп дастарқан жаюшы отағасының әйелі немесе келініне жамбас пен жіліктің бірін ұсынады. Сыбаға ұсынған адам қадірлі, үлкен адам болса келін сәлем жасайды. Әдетте жамбастың басынан мөлшермен үштен біріндей ет қалдырып қояды. Мұның мәнісі қонақтың үй иесіне «табағыңыз мол екен, әбден тойдым» деген рахметі, – деп бір тоқтады «ет турағыш».

– Бастан кейін қабырғаны турайтын сияқты еді-ғой, – деп қалды Биғазы білгішсініп.

        «Қабырғадан бастап ет кесу кедейліктің белгісі» деп отыратын бір

атамыз. Сондықтан жіліктен бастап тураған дұрыс, – Талант сөзін әрі қарай сабақтады, –  Жамбасты турағанда етті көлденеңінен бір ет, бір май қылып кесу керек. Өйтпесең қонақтар еттің қара кесегін жеп, майын асырып қояды да ет толық желінбейді. Ет турайтын адам пысықтау болса әр жілікке мүжитіндей ет қалдырып, отырғандарға жолына қарай жіліктерді үлестіреді. Олар жілікке айналып отырғанда ол етті турап та болады. Не болмаса жамбастан біраз кескен соң бәкіні қасындағыларға берсе де болады. Мен бүгін сендердің пиғылдарың мен ынсаптарыңды көрейін деп мұндай пысықтықты ысырып қойдым.

Мәссаған! Мұндай да техника болады екен-ау. Ішімізден тынып, аузымыз аңқиып отыр.

– Бұлар ет турау жөнінде ғана айтқандарым, келер жолы табақ тартудың жосындарын құлақтарыңа құямын сен қулардың, – деп сөзін аяқтады Талант.

 

Ұлттық мәдениетімізден оқылған осы реткі  «дастарқан дәрісі» жанымызға біткен жараның бетін тырнап, дәрі сепкендей әсер етті. Етті алдын-ала турап әкелетіндерге рахмет айтып жүр едік. Онымыз бекер екен. Айтпақшы нарын, қамыр, іңкәл салып, қазы-қарта, жал-жаямызбен жасаған сый табағымызды «Бешбармақ» деген мазақ ат қойып шанышқымен жеп жүргенімізде медицина ғылымы қолмен жеген тамақтың асқазанға айтарлықтай жақсы әсер беретінін дәлелдеп берді. Енді соған сай етті салтымызбен сабақтастыра турай білсек қой.

 

Қонақ күтуші  ұмытпаңыз

Пышақты ет табақтың үстіне салып апарғанда пышақтың сап жағын қонаққа қаратып қоюды ұмытпаңыз. Ет жеудің алдында қолға су құйылады. Су құю дастарқанның оң жағынан басталады да, ет жеп болғаннан кейінгі су құю сол жағынан басталады.

 

 

Езу тартар

 

Бір қонағасыда жасы үлкен ағамыз дастарқандас жастардың ет кеспей отырғанына ренжіп, қынынан бәкісін алыпты да:

        сендер қалта телефондарыңмен кесіп жеңдер, мен өзім кесіп жеймін, – деп етті өзі турап жей берген екен.

 

                                                                                     Біләл ҚУАНЫШ

4248 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы