• Тұлға
  • 18 Наурыз, 2010

Салиқалы жан

Салиқалы жан1996 жылдың күзінде көрнекті жазушы, атақты «Дөң асқан» романының авторы Ғабдол Слановтың 85 жылдық мерейтойы қаламгердің туған жері Атырау облысының Қызылқоға ауданында республикалық деңгейде аталып өтілді. Бұл өмірден ерте кеткен қаламгердің ұзақ жылдан кейінгі тұңғыш рет тойланып отырған мерейтойы еді. Содан да болар Қызылқоға ауданы жақсы дайындалыпты. Алматыдан арнайы шақырылған құрметті қонақтар Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Сұлтан Оразалинов және Ғабдол ағамыздың балалары елдің ықылас-пейіліне дән риза. Облыс орталағынан да жазушының мерей тойына ірі кәсіпорындарының өкілдері ат сабылтып келген екен. Салтанатты жиналыс кезінде өз кезегімен «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорынының басшысы американдық азаматқа сөз берілді. Әрине ол кезде шетелдік кәсіпкердің жазушының мерейтойына келіп арнайы сөз сөйлеуі жұртқа таңсық болатын. Алматыдан келген қонақтар да, ауыл адамдары да демдерін ішіне алып, тыңдап қалды. Ағылшын азамат алдын-ала дайындап келген сөзін қазақы құлаққа тосындау естілетін даусымен оқи бастады. Өкінішке орай аудармашы жас қыз әлі тәжірибесі аздау болса керек кібіртіктеп, аудара алмай әбіргерге түсіп тұр. Сол сәт сахнада кейінірек қатарда отырған қара торлы жас келіншек орнынан тұрып американдық азаматтың қасына келіп оның сөзін тап бір өзі сөйлеп тұрғандай қазақтың жалпақ тілімен мүдірмей аударып сөйлей жөнелді. Бұрын ағылшын тілін тек орысша аудармамен түсініп жүрген қазақтарға мынау тосын оқиға еді. Американдықтың сөзін бірден қазақша тыңдаудың өзі бір ғанибет екенін сонда ұққандай болдық. Оған қоса ағылшыншаны қазақшаға аударып тұрған келіншек мәтіннің аясында ғана емес, жазушы Ғабдол Слановтың шығармашылығын бір кісідей білетін болып шықты. Қаламгердің шығармаларына байланысты өзіндік пікірі бар екенін де толық байқатты. Американдық құттықтау сөзін аяқтағаннан кейін залда отырған жұрт жаңағы аудармашы келіншектің кім екенін білігісі келгендей қозғалақтап қалды. Менің жанымда отырған облыстық газеттің редакторы: – Бұл Мәриям Қаражігітова. «Теңізшевройлдың» үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері, осы жұмысқа жақында ғана келді, бұрын аудармашы болып жұмыс істеген, – деп құлағыма сыбырлады. Манадан бұл жүзі таныс келіншекті қайдан көргенімді есіме түсіре алмай отырған менің есіме осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы Достық сарайында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде келісім шартқа қол қою рәсімі түсті. Кәсіпорынның Равиль Шырдабаев басқаратын қазақстандық тобында осы келіншек те болған еді. – Мәриям Жапаққызы жұртшылықпен байланыс бөліміне басшы болып келгеннен бері «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорынның басшылары облыс көлемінде өткен мәдени шаралардың бірде-бірінен қалмайды, кейбір маңызды бағдарламаларға демеуші болуды дәстүрге айналдырып келеді, – деді бас редактор риза көңілмен. Бұдан менің де хабарым бар еді. «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорыны құрылған бойда облыс пен «Теңізшевройл» кәсіпорыны орналасқан Жылой ауданының денсаулық, білім беру және мәдениет салаларын өркендету мақстатында көп жылдық арнайы бағдарлама қабылдағанын білетінмін. Кейін Мәриям Жапаққызымен жақын таныса келе оның ұстаздар әулетінен екенін білдім. Әкесі Жапақ ақсақал өмір бойы математикадан дәріс берген облыс көлеміне белгілі қадірлі ұстаздың бірі екен. Өзі де жиырма жылдай мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі болған, қазақ балаларын ұлттық дәстүрде тәрбиелеуден үлкен тәжірибе жинақтаған адамға, бәлкім, біріккен кәсіпорында жұмыс істеу соншалық қиындыққа да түспеген шығар. Әйтеуір шәкірттері ерекше қадір тұтқан, елінің салт-дәстүрі мен мәдениетін, әдет-ғұрпын бір қазақтай білетін парасатты да байсалды Мәриям Қаражігітованың біріккен кәсіпорында жұмыс істеуі тек қазақтарға ғана емес сонау мұхиттың арғы бетінен, айшылық алыс жерден келген американдықтар үшін де үлкен олжа болған сияқты. Өйткені Қазақстан деген мұнайы көп елді білгенімен, оның байырғы халқының тұрмыс салтынан, тарихы мен әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен мүлдем бейхабар Бил мен Джон үшін ағылшынша сөйлегенде мен деген американдықты жаңылдыратын қазақ қызымен бірге жұмыс істеу, әрине, арман болатын. Жалпы кез келген бейтаныс халықты өзге елге танытып, мойындататын оның жеке тұлғалары ғой. «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорнының американдық мамандары үшін қазақ деген халықтың бар болмысын, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын толық біліңкіреу үшін оның Мәриям сияқты ұл-қыздарымен жақын араласудың маңызы зор еді. Бір қарағанда ұяң да сыпайы, ғажап мәдениетті, ет жүрегі елжіреген мейірімді әрі сезімтал қазақ қызының халқына қатысты принципі мәселеге келгенде ешкімге бой бермейтін, ешкімнің атақ-дәрежесіне қарамай, бетің бар, жүздің бар демей әділін айтып салатын батыл да өткір мінезіне тәнті болып, мойындайтын. Ана жылы Қаратон мен Сарқамыс ауылдарын көшіру тұсында, американдықтардың ұзын арқан, кең тұсауға салып жобаны негізсіз созғысы келгенін түсінген азғантай қазақтың ішінен Мәриям Жапаққызының бұл мәселені сөзбүйдаға салуға болмайтынын, шұғыл шешу керектігін кесіп айтып, тұрып алғанының нәтижесінде Атырау қаласында жаңа шағын аудан, Сарқамыс дүниеге келгенін қазір бәрі айтып жүр. Бірлескен кәсіпорында жұмыс істеген алғашқы күннен бастап өзімен бірге еңбек ететін әрбір американдыққа Мәриям Жапаққызы қазақ жастарының аса талантты әрі қабілетті екенін дәлелдеумен келеді. Аллаға шүкір, Мәриям Жапаққызы ұсынған мамандардың әзірге жерге қаратқаны жоқ. Соның нәтижесінде біріккен кәсіпорынның 80 пайызы жергілікті кадрлар. Мәриям Жапаққызымен жақын араласқан жиырма жылғы жуық уақыттың ішінде менің бір аңғарғаным – жаңадан келген шетелдік маманға қазақ деген халықтың тек өзіне ғана тән мінез-құлқын түсіндіруге тырысуы. Осы жылдардың ішінде алыс Америкадан келіп Атыраудың қатал табиғатына бірден үйреніп кете алмай біраз қиналатын американдықтар соңыра елдеріне қайтар шақта атыраулықтарды қимай қоштасатыны дәстүрге айналып кеткен. Тіпті бірер жылдан кейін шетелдіктер той-домалақтарда кәдімгі қазақтар сияқты ұзақ сөз сөйлеп тұрып алатындықтарын айтып атыраулықтар күліп әңгімелеп отырады. Әрине өзгеге өзіңді ата дәстүріңмен, бай мәдениетімен ғана мойындата аласың. Мәриям Жапаққызы американдықтармен бірге жұмыс істеген алғашқы күннен бастап халқымыздың мәдениеті мен ана тілін қадірлеп, құрметтеуді ең бірінші кезекке қойып келеді. Осы мақсаттан туған идея болса керек «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорынның демеушілігімен «Киіз үй» деген қазақша, ағылшынша, орысша мәтінмен жарық көрген көлемді, көркем безендірілген кітап халық игілігіне айналды. Осы қомақты кітап Қазақстанда еңбек еткен әрбір шетел мамандарының үйінде тұрғанына күмәнім жоқ. Уақыт деген шіркін құс сияқты зу етіп өте шығады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еліміздегі тұңғыш құрылған біріккен кәсіпорын «Теңізшевройлдың» Қазақстан өміріне араласа бастағаны күні кеше сияқты еді. Оған да он жеті жылдың жүзі болыпты. Осы 17 жылдың ішінде «Теңізшевройлдың» демеушілігімен Атырау облысының аумағында қаншама аурухана, мектеп, мәдениет орындары салынды. Облыстың ұлт аспаптар оркестрі, драма театры, басқа да мәдени ошақтары халықаралық байқауларға қатысты, облыс көлемінде республикалық деңгейде әр саладағы мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды, ондаған жаңа кітаптар жарық көрді, ұлттық мерекелер, мерейтойлар тойланды. Тоқсаныншы жылдардағы қиын қыстау кезеңде республиканың мемлекеттік тілдегі басылымдарының таралымын көбейтуге де «Теңізшевройл» кәсіпорнының тікелей ықпалы болды. Осы кәсіпорынның арқасында «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Парасат» журналдарының Батыс Қазақстан облысындағы таралымы көбейді. «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорынның шапағаты тиіп, әсері болған мәдени шаралардың бәрінде де осы кәсіпорының іргетасын қалаған қадірлі азаматтардың бірі Мәриям Жапаққызы Қаражігітованың халқым, ұлтым деп соққан әз жүрегінің лүпілі бар. Қазір бүкіл әлемге танымал «Теңізшевройл» кәсіпорынының басы қасында қазақтың Мәриям сияқты аяулы да абзал қызының болуы біз үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе. Әби Умамиден (р.а) риуаят етілген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Мүмін үшін тақуалықтан кейінгі ең қайырлы нәрсе салиқалы әйел. Салиқалы әйел күйеуін тыңдайды, күйеуі қарағанда, оның көңілін көтереді. Ант еткенде оған кесірін тигізбейді, күйеуі ұзаққа кетер болса, өзінің ар-намысы мен күйеуінің мал-мүлкін сақтайды». Ендеше Серік Ержанұлы Кенжеғариев деген азаматқа үш ұл сыйлаған, немере сүйгізген салиқалы зайыбы Мәриям Жапаққызына Аллатағала баянды ұзақ ғұмыр берсін.

Мереке Құлкенов

2376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы