• Тіл
  • 18 Наурыз, 2010

«Айшылық жол – Алтайға ат байладым…»

«Айшылық жол – Алтайға ат байладым…»(Н. Мәукенұлы шығармаларындағы туған жер туралы толғаныстары)

Жалпақ әлемге жан дүниесін жайып салу – ақын адамның өзге жұмыр басты пенделерден жалғыз-ақ айырмасы. Бірақ, сол дүйім жұртты өз оқырманы ету үшін қаншама рухани ерлік керек. Шын ақынның құзар шыңдай өр келетіні де содан шығар. Жалпы, әр оқырманның әдеби дүниеден іздейтін жолы бар. Соны тапқанда ғана оның рухани шөлі тарқап, мейірі қанғандай болады. Қалай дегенмен де, өмірден ерте кеткен ақын Нұрлан Мәукенұлының жырларының астарында буырқанған өмір, шынайы кескіндер, терең әсер, бойлатпайтын терең иірімдер жатады. Ақын поэзия арқылы ішкі жан дүниесін ақтарып, сан түрлі тақырыптарды көркемдеп аша отырып, сыр бөлісетіні хақ емес пе? Сол сырдың өзектісі, құнарлысы – туған жер тақырыбы. Ақынның туған жер, атамекені, өзінің отының басы, ошағының қасы – қараша үйінен басталады. Қайран менің, қараша үйім – жатаған, Қайран менің, аурушаң ата-анам, Қайран ауылым қара бір күш отаған Құрбандыққа бір – бір малын атаған... Қайран менің қара ошағым – оты аман! Туған жерін оттай ыстық сезіммен сүйе білген, сағына білген ақын: Биылғы түскен қар қалың, Алатау бар ма арманың? Сыңсып ән салар орманың: «Арманым – сенің арманың, Алтайдан алыс қалғаным...» Алтайым, сенде бар ма мұң? – деп, немесе «Бұлттарды бұлттар қуады» өлеңінде ақын: Бұлттар-ау бұлттар қона кет! Қамығып жүрмін қала кеп, Даланың бұлты боларсың, Сағынып жүрмін «дала» – деп мұң шағады. Туған жер, оған деген сағыныш ақын өлеңдерінің өзегі, алтын арқауы болып, іркілмей, бірінен екіншісіне жалғасып отырады. Ақынның далаға, туған ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілігі көрінеді. Ақын – жүрек түкпірінен дархан даласына деген сарғайған сағынышын осындай бір жүректі дір еткізіп, ешкімді де бей-жай қалтырмайтын оралымды ұйқастармен жеткізген. Туған жердің кіндігінен ажырап, қалаға сабылып аттанған жастар үшін жаны күйзеледі, ауылдың іргесі сөгілмей, берекесі тозбай, сүттей ұйып отырғанын қалайды. Өйткені алғашқы болып қалаға аттанғандардың бірі – ақынның лирикалық кейіпкері. Қалада да құшақ жайып қарсы алып тұрған ешкім жоқ. «О, ғып, бұ ғып амалдап, күнін көрген сол қазақ» дегендей, қалада да ауыл қазағы сор мен шерден айырылмайды. Астана келдім – қаңғырдым, Астында қалдым жаңбырдың Өтінде қалдым ызғардың, Тезіне түстім тағдырдың – деп налиды ақын. Немесе: Туған ауыл, Сайқан – Сауыр, Тиді ауыр Мына дәуір Туған ауыл, Тума бауыр, Жағдайы ауыр, Болды жауыр. Ақын әу баста қаланың қапас өмірі мен қарбалас тіршілігіне көндіге алмай, дарқан даласын, салқын самалын, көк құрағы мен жұлдызды түнді аңсай берсе, енді туған жердің қай түкпірі болса да ол үшін қымбат. Қою түнге көміліп Сұңқарсайы, Бұлт жағалап, боз түннің бұлтарса айы, – Жалбыз иісі идіріп жан әлемін, Күбірлеген көзелдің күлпарша айы – деп, жалбыз иісін қанына сіңіріп, кіндік кесіп, кір жуған туған жерді жан жүрегімен сезінген, халқының қадір-қасиет, болмысынан нәр алған ақын ғана осылай жырлай алатын болса керек. Бірде ақын: Ермен-ай, ермен, ермен шөп Аңқиды иісің желмен кеп Қоздайды бойда шер мен шоқ өзегімді өртеп өттің ғой тигендей соққы белден дөп, – деп ермен жайлы толғана жырлайды. Халқының жүрек лүпілін қанына сіңірмеген, қасиетті ермен шөптің жұпарын жанымен сезінбеген ақын да ұлттық туынды беруі мүмкін емес екендігі ақиқат. Бақалы көлі, бетегелі белі Балдырлы суын ішкенмін. Бойлаулығын жұлғанмын, Балығына ау құрғанмын. Бақалы көлі, бетегелі белі, балығы тайдай тулаған өзен – көлі ақын назарынан тыс қалмайды. Бұл оның мақтанышы. Туған жер төсінде өткізген әр сәті ақынның мәңгілік жадында жатталып қалғандай. Өлеңнің әр жолын халқының жүрегіне бөлеген, әр шумағын туған даласының ыстық ықыласы мен өлшеусіз махаббатына ораған, қайталанбас жыр дүниесінің иесі – ақиық ақын, талантты суреткер, «Алаш» сыйлығының лауреаты, республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы Нұрлан Мәукенұлы қазаққа тағдыры бөлек, тамыры терең, тұғыры биік жыр сыйлады.

Талшын Қанатова

Сарытерек ауылы, Зайсан ауданы, Шығыс Қазақстан облысы.

18762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы