• Тіл
  • 18 Наурыз, 2010

«Ана тілі» әуелден ұлт жоқшысы болуға ұмтылды

«Ана тілі» әуелден ұлт жоқшысы болуға ұмтылдыЖарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, «Ана тілі» газетінің 1990-1997 жылдар аралығындағы тұңғыш Бас редакторы:

– «Ана тілінің» алғашқы Бас редакторысыз. Тәуелсіздіктің таңы атпай тұрып туған тіл туралы газет ашу қаншалықты қиынға соқты?– «Ана тілі» газетінің дүниеге келуі – сол кездегі республикалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Өзбекәлі Жәнібектің қолдауымен жүзеге асқан шаруа. Ол халықтың қалауымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамы басшылығының «бізге апталық бір газет керек» деген өтінішіне құлақ асып, қажетті шешімді шығартып берген еді. Мен ол кезде «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінде жауапты хатшы боп істеп жүргемін. Жұрналшылықтың сан қилы ізденістеріне мүмкіндік әперетін жастар басылымында жиырма жылым өтіп, бүгінгі тілмен айтқанда, «талай шығармашылық жобаларым» жүзеге асқан газеттен кете қоярмын деген ой қаперімде жоқ-тын. «Ана тіліне» бару туралы ұсынысқа әу баста құлай кетпесем де, ойлана келе, ақырында «жаңа апталықты ел сүйетін басылымға айналдыруға әбден болады ғой» деген қызығушылық басым түсті. «Газет тіл мәселелерін айту арқылы ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын, елдің шынайы құндылықтарын, бүркемеленіп келген тарихымыздың ақтаңдақтарын қаймықпай қозғайтын бағытты ұстануы тиіс» деген уәжімізді академик Әбдуәли Қайдар ағамыз қолдап, бас редакторлыққа батасын бергеннен кейін, осы мақсатқа сай келетін, қаламдары төселген кадрларға қолқа салынды. Алғашқылардың қатарында болған, қуат-қарымы өзіме бұрыннан жақсы белгілі, «Жас Алашта» әр жылдарда бірге істеген Бақыт Сарбалаұлы, Ертай Айғалиұлы, Қонысбек Қожамжарұлы сияқты газет ісінің майын ішкен жүрдектермен бірге жаңа істі бастап кеттік. Олардың сапына сол кезде Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері боп жүрген, Алаш арыстарының мұрасын ұқыптаушы Ғарифолла Әнес қосылып, қасына Аманқос Мектепті ерте жүріп, бірден шалымдылығымен танылды. «Ана тілі» әуелден ұлт жоқшысы болуға ұмтылдыСол жылы Қазақстанда газет қағазының тапшылығы сезіліп, басылымдарға жазылуға шектеу қойылып жатқан қиындау бір шақ еді. Орталық Комитеттің баспаханасы (бүгінгі «Дәуір») өздерінің қаржылық жоспарында «Ана тілі» газетінің қарастырылмағаны себепті, қағаз бөле алмайтынын, егер оны өзіміз табар болсақ, басуға қарсы еместігін білдірді. Содан жаяу-жалпылап жүріп, газет қағазы бар-ау деген мекеме, қоймалардың бәріне сұрау салуға кірістік. Ақыры бір жабдықтау мекемесінен екі-үш айға жететін қажетті қағаз мөлшері табылып, оны «Қазақ тілі» қоғамынан алынған қарыз ақшаға сатып алып, баспаханаға әкеп түсіріп, әуелден өзіміз көздеген уақыт – Наурыз мейрамы күні алғашқы нөмірді шығарып үлгердік. Бірден оқырманға қажетті ділгір тақырыптарды таба білген газетке жазылудың қарқынды жүргені сонша, бір-екі айдың ішінде-ақ өз жалақымызды өзіміз тауып, баспахана, қағаз, тасымал шығынын да қиналмай жаба алатын жағдайға қол жеткіздік. – Бір кездері ұлт газетінің тиражы 100 мыңнан асты. Мұның себебі неде: сол кездегі шығармашылық ұжымның арқасы ма, әлде халық ұлттық құндылықтарға сусап отырғандықтан ба? – Дәлірек айтсақ, «Ана тілінің» келесі, 1991 жылғы алғашқы саны 110 163 дана боп тарады. Мұның себебін, тіл проблемаларын тереңнен қаузап, оқырман діттеген тақырыптар мен ұлттық болмысымызға, халықтық бітімімізге, тарихымызға қатысты мәселелерді батыл қозғаумен қатар, «Ана тілінің» қазақ баспасөзіне таптаурын қалыптан бөлектеу жұрналшылық машықтарды ала келгендігімен де байланыстыруға болады. Осы орайда «Жас Алаш» газетінде жүрген жылдарымызда тәлімін көп көрген, қазақтың ұлы редакторларының бірі Сейдахмет Бердіқұлұлы еске түседі. Ол кісі бірде жастар редакциясының дәлізінде бір топ жұрналшылармен шүйіркелесіп тұрған кезде: «Шіркін, бізде де «Огонек» сяқты бір жұрнал ашылып, мені соған бас редактор етіп қойса, қалай құлпыртар едім»,– деп қалды. Керемет иландық. Ол кісінің дәл сондай өредегі басшы екендігіне сенгендіктен, кеңес саясаты осындай ірі тұлғаның зор мүмкіндіктерін матап, құлашын кеңге серметкізбей, партияның идеологиясын жүргізуге мәжбүрлеп отырғанын көзбен көріп, өзіміз де ол кепті күнделікті бастан кешіп жүргендіктен, сол тұмша заман тымырсығынан саңылау іздеген аңсарлы бір талпынысты сезінгендей хал кешкен едік. «Ана тілі» қазақ тілінде шығатын, партия дүрбісінен тыс алғашқы тәуелсіз газет болғандықтан да, біз сол Сейдағаңдай ағаларымыз іштей армандаған үдеден шыға білуге, жабық боп келген тақырыптарға қаймықпай баруға, мүмкін-қадерімізше құнарлы қазақ тілін орнымен түрлентіп қолдана білуге, мақалаларды оқуға жеңіл, жатық публицистикалық мәнерде құруға ұмтылдық. Ол одан әрі, 1994 жылдан бастап редакцияда жұмыс істей бастаған әйгілі көсемсөзші Марат Қабанбай мен ақмолалық тілші Жұматай Сабыржанұлының қолтаңбаларында айрықша көрініс берді. «Ана тілінде» сол алғашқы кезеңде Байбота Серікбайұлы, Мақсат Тәж-Мұрат, Сағатбек Медеубек, Диқан Қамзабекұлы, Амантай Шәріп, Раушан Төленқызы, Болат Шарахымбай, Бақтияр Тайжан, Абай Мауқараұлы, Сәкен Сыбанбай, Мақсот Ізім сияқты жастар жұмыс істеп, өз қолтаңбаларын шыңдады, соны сипатты жазу өрнектерімен танылды. Олардың бәрі бүгіндері әйгілі қаламгерлер мен жұрналшыларға, шүйгін зерттеушілерге айналды. – Редакторлық тәжірибеңіздегі есте қалған айтулы күнді атап бере аласыз ба? – «Ана тілінің» 1990 жылғы шілденің 19-ы күнгі санында, соған дейінгі бірер жыл бойы компартия қаһарынан ығатын баспасөз құралдары үшін жабық тақырыпқа айналып, еш елеусіз күй кешкен Дінмұхамед Қонаев ақсақалмен күллі республикалық газеттер арасында бірінші боп біз сұхбат жарияладық. «Дінмұхамед Қонаев: Мен халқыма қызмет еттім...» деген тақырыппен дайындалған көлемді интервью жарық көрген (авторлары Бақыт Сарбалаұлы мен Бақтияр Тайжан) сол күнгі «Ана тілін» жұрт қолдан-қолға тигізбей оқыды. «Қонаев туралы мақала шығыпты» деп бір-біріне сыбырлай айтып жатқан елді көз көрді. Сәскеге қарай ақсақалдың үйіне телефон шалдық. Ол кісі рахметін айтты. Біз де: «Қолыңызды алып қайтсақ...» деп өз бұйымтайымызды білдірдік. «Келіңдер» деді ақсақал. Редакциядағы тоғыз жігіт түгел бардық. Қонақ күтетін бөлмесін көрсетті, кабинетімен, кітаптарымен таныстырды. Бірге суретке түспек боп, жігіттер орындықтарды ретке келтіріп жатқан кезде, есімімді сұрады. Айттым. «Ата-анаң атыңды дұрыс қойған екен. Жұртты жарылқасын дегені ғой» деп арқамнан қақты. Осы мезет фотоаппаратқа түсіп қалыпты. Сол суретті қасиеттеп, сақтап келемін... Редакторлық тәжірибемде бұдан өзге де көңіл өсіретін талай оқиғалар кездесті ғой. Бірақ Димекең ақсақалдың «Ана тілі» қызметкерлеріне мейірі төгілген сол күн, ерекше есімде қалып қойыпты.

18125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы