• Тіл
  • 01 Сәуір, 2010

Көп тіл білгенің өзіңе жақсы

Көп тіл білгенің өзіңе жақсыТәуелсіз ел болған соң әлемнің барша жұртымен қарым-қатынас жасай бастадық. Сөйтіп, енді қазақ баласы үшін шет жұрттардың тілін меңгеру де талапқа айналды. Енді біз тек орыс тілін ғана емес, қытай тілін де, араб, түрік, ағылшын, француз және басқа ұлттардың тілін біліп, олармен қатынас жасауға тиістіміз. Әрине, бір адамның көптеген тілдерді үйренуі мүмкін емес. Ал осы тілдердің ішінде біз үшін үйренуге аса қажет қандай тіл? Әрине, бұрынғыдай орыс тілін оқып үйрене береміз. Алайда орыс тілімен алысқа ұзай алмаймыз. Ал әлемде ең басты тіл ағылшын тілі екені дау туғызбастай ақиқат. Ағылшын тілін білсеңіз, бүкіл Еуропа, Америка, Африка елдерін еркін аралайсыз. Тіпті Азияда көптеген елдерде ағылшын тілінде түсініседі. Осындай жайтты зерделей келе, Елбасымыз ағылшын тілін үйренуді нақты міндет етіп қойды емес пе? Мұның мәнісі – мемлекеттік тіліміз қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілін оқып-үйрену нақты талапқа айналды деген сөз. Сөйтіп, мектеп бағдарламасында ағылшын тілін кеңінен оқыту берік орын алды. Сондықтан оқу орындарында ағылшын тілі пәнінің оқытушылары көптеп қажет болды. Сонымен қатар ағылшын тілін оқытып үйретудің ұлттық ерекшеліктерімізге сай әдіс-тәсілдері мен оқулықтары, бағдарламалары жасалуда. Алматы шет тілдері педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетін 1979 жылы бітіргеннен бері ағылшын тілі пәнінің оқытушысы болып келемін. Қазір біздің мектепте екі мың бала оқыса, солардың көбі ағылшын тілін оқып-үйреніп жүр. Нақты айтсам, орыс тілінде 14 мұғалім сабақ берсе, неміс тілінде бір, француз тілінде бір мұғалім болса, ағылшын тілінде 8 оқытушы бар. Мектептегі 71 сыныптың 34 сыныбында, яғни 880 бала ағылшын тілін оқып-үйренуде. Ағылшын тілін оқытуға аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығы да барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық жасауға бейімделгенін айтпай кетуге болмас. Бұрын біз Ресей оқулықтарын пайдаланып келсек, қазір Қазақстанның төл оқулығымен сабақ беретін болдық. Мұнда, әсіресе, ағылшын тілі мен қазақ тілінің ұқсас тұстарын тауып, оны салыстыра, ерекшелеп оқытуға күш салатын болдық. Орыс тілінен ағылшын тілінің бір жағымды ерекшелігі, орыс тілінде жоқ, қазақ тілінде жиі кезесетін «ң,ө,ә» секілді дыбыстардың болуы тілді үйренуді, ағылшынша сөйлей білуді жеңілдеткенін айта кеткен жөн. Сабақта мұңдай ерекшелікті ағылшын сөзі дыбыстары мен қазақ тілі дыбыстарын салыстыра отырып нақты мысалдар келтіріп оқыту өте тиімді болады екен. Сондай-ақ бұрын сабақтарда оқушыларға тек ағылшынның мәдениеті мен әдебиетінен хабардар етуге мән берсек, соңғы кездері ұлтымыздың әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын ағылшын тілінде оқытудың тиімді тәсілдерін қолдана бастадық. Оқу жылының бас кезінде «Тіл айлығы» кезінде ағылшын тілінде «Қазақстан – менің Отаным» деген тақырыпта екі бөлімнен тұра¬тын кеш өткіздік. Оның бірінші бөлімінде Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, астанасы, қалалары, мереке-мейрамдары туралы мағлұмат берілсе, екінші бөлімінде қазақ мәдениеті мен өнеріне, әдебиетіне ерекше үлес қосқан ұлы адамдардың еңбектерін, шығармаларын оқушылардың өздеріне жатқа айтқыздық. Жалпы, қазір ағылшын тілі пәнінің оқытушысына қойылатын талап зор. Нақты айтсақ, мұндай талап үдесінен шығу үшін мұғалім, біріншіден, өз пәнін терең білуі тиіс. Мұның мәнісі – ағылшынша сөйлеу, оқу, жазу, тыңдау талаптарын еркін меңгеру деген сөз. Оқытушы оқытудың әдіс-тәсілдерін шығармашылықпен қолдана білуі керек. Мұғалімнің ақыл-ойы, білімі терең болуы тиіс. Сондай-ақ мұғалім өз білімін оқушыға жан-тәнімен беріле бере білуі керек. Екіншіден, мұғалім оқушыларды пәнге қызықтыра білуі тиіс. Ол үшін са¬бақта оқытылатын материал оқушыларды зе¬ріктірмейтіндей қызғылықты болуы керек. Үшіншіден, мұғалім оқушының психологиясын ұлттық ерекшелігіне орай сезіне білгені жөн. Төртіншіден, сабақта «вальдорфтық» педагогикалық элементтерді қолдана білуі керек. Мұны қазақша айтсақ, адамның өсіп-жетілу заңдылығын басшылыққа ала жұмыс істеу деген сөз. Мұны біз «Бас-жүрек-қол» дейміз. Яғни баспен ойлап, жүрекпен қабылдап, қолмен істей білуге тырыс. Міне, «вальдорфтық» педагогика¬лық элементтер деген осы. Бесіншіден, сабаққа «Өзін-өзі тану» бағдарламасының элементтерін пайдалануға болады. Ол үшін бағдарламаның әдіс-тәсілін білу: сәлемдесу, қоштасу әдептерін меңгерту. Сондай-ақ музыка тыңдату, әдеби шығармаларды талдату, оқушылардың шығармаларының көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналуы тиіс. Алтыншыдан, ағылшын тілін оқытудың жаңа тәсілдерін қолдануға, табуға мән беріп, оқытушы ізденісте болуы тиіс. Интерактив­тік сабақтар өткізу, пікірлесу, жұмбақтар шешу, мақал-мәтелдер айту, іскерлік ойындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, жыл көшбасшысы ойындарын жүйелі өткізген жөн. Жетіншіден, сабаққа жаксы ахуал жасау да, мұғалім мен оқушының өзара түсінісіп, бір-бірін құрметтеуі де пәнге деген сүйіспеншілікті арттырады. Біздің мектепте ағылшын тілін оқыту­дың жетістіктері де баршылық. Көптеген оқушыларымыз аудандық, облыстық, рес­публикалық олимпиадалардан жүлдемен оралып жүр. Ой-өресі биік, сауатты жеке тұлғаны қалыптастыру – бүгінгі заман талабы. Мұндай азаматтардың қалыптасуына мұға­лімнің орны ерекше деуге болады. Орынқыз АНЫҚБАЕВА, Тұздыбастау ауылы №31 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы

Алматы облысы, Талғар ауданы

4281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы