• Тұлға
  • 09 Маусым, 2016

«Бізге кәсіби тарихшылар керек»

Бейімбет Ермұқанов – белгілі тарихшы. Тарих ғылымының докторы, профессор. Жалпы тарих және Қазақстан тарихы бойынша білікті ғалым. Жуырда мерейлі 80 жасқа толғалы отырған тарихшымен әңгімелесудің сәті түсті. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Бейімбет Бәйектіұлы, әңгімеміздің басында өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, сонымен қатар тарих ғылымына келуіңіз, тәлім, үлгі-өнеге алған ұстаз­дарыңыз туралы айтып берсеңіз... – Мен Астрахань облысы, Володаровка аудан орталығында 1936 жылы 10 маусымда дүниеге келдім. Орта мектептен кейін педагогикалық училищеде оқып, оны бітіргеннен кейін әскерде борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін мұғалім болдым. Бірақ сол кездегі бар ойым – оқуымды жалғастыру еді. Мәскеу мемлекеттік университетіне түскім келді. Ниетімді білдіріп хат жазып едім, олардан жатақханамен қамтамасыз ете алмаймыз деген жауап алдым. Ал жатақхана берілмесе, оқуға баруға менің жағдайым жоқ еді. Әкем соғыста қаза тапты. Одан кейін Саратов қаласындағы Н.Г.Чернышевский атындағы институт­тың тарих факуль­тетіне барғым келді. Бірақ оның да сәті келмеді. Содан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Емтиханды атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов қабылдады. 2 курста мамандандыру деген болады. Бір бағытқа мамандануың керек. Мен жалпы тарихты таңдадым. «Көне германдықтар» деген тақырыпта профессор Яков Серовайскийдің жетекшілігімен курстық жұмыс жаздым. Ғылыммен шұғылданамын деген ой болды. 5 курста МГУ-ға жолдама алдым. 3 жылда кандидаттық диссертациямды қорғадым. – Еңбек жолыңызды қайда бас­тадыңыз? – Алматыдағы Жоғарғы партия мек­тебіне орналастым. Ректоры Құрман Оспанов деген қазақтың бір жақсы азаматы екен. Қолдау көрсетіп, жарты жылдан кейін баспана бергізді. Жоғарғы партия мектебінде табан аудармастан 20 жылдай еңбек еттім. 1983 жылы Мәскеуде докторлық диссертациямды қорғадым. 1987-1992 жылдар аралығында Шет тілдері институтының ректоры болып қызмет еттім. Ал 1992 жылдан 2012 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде каферда меңгерушісі, профессор болдым. Тарихтағы негізгі зерттеген тақыры­бым Франциямен байланысты болды. Кандидаттығымды да, докторлық жұмысымды да Франция тарихынан қорғадым. Бізде ол кезде жалпы тарихтан қорғаған қазақтар жоқ еді. Бір жағы сол маған үлкен түрткі болды. Неге қазақтан жалпы тарихты зерттеген ғалым шықпауы керек деген ой жетеледі. Қазақстан тарихымен шұғылданбағаныммен, кейін осы салаға бетбұрдым. Француз, ағылшын, испан тілдерінен аздап хабарым бар еді. Жалпы тарихта жинаған білімімді өз елімнің тарихын зерттеуге қолдандым. – Сіздің Қазақстан тарихына байланысты білдірген көзқарасыңыз кезінде көлемді мақала болып жарық көргенін білеміз. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз. – Иә, 1993-94 жылы бұл тақырыпқа екі үлкен бағдарламалық мақала жаздым. Мақаланың тақырыбы «Мое видение истории Казахстана» деп аталды. Бұл орайда айтайын дегенім, тарих ғылымында ресми тарих бар, содан кейін ауызекі айтылып жүрген тарих бар. Мұны ажырата білуіміз керек. Бұл мақаламда Қазақстан тарихындағы күрделі, қиын мәселелерді көтеруге тырыстым. «Өтірікті шындай» етіп көрсетуге тырысатындар аз емес. Тарихты бұрмалайтын жазушыларымыз да бар. Жазушыларға тарихты жазу оңай. Өйткені олар сөздің мамандары ғой. Келістіріп жазады да, сосын ойлайды: мен тарихты білемін дейді. Ал шын мәнінде тарихты білу оңай емес. Тарихқа кәсіби тұрғыдан қарап үйренуіміз керек. Әйтпесе, оны жөнсіз бұрмалау белең алып барады. Тарихты әркім өзіне тартып жұлмалап жүр. Мысалы, Кеңес Одағын сықпырта жамандайтындар шықты. Әрине, Кеңес Одағының да кемшін тұстары болды. Оны мен де мойындаймын, бірақ бәрі бірдей жаман болды деп бір­жақты сөйлеуге болмайды ғой. Өзіңе белгілі, осыдан үш-төрт жыл бұрын тарихқа байланысты ұлттық кеңес өтті. Сол кеңеске 600 тарихшы қатысты деп айтылды. Сол 600 тарихшының ішінен шын мәнінде 6 тарихшы шықса, қуануымыз керек. Бізде қазір жөнсіз мақтау үрдіске айналып барады. Ол расымен де мықты тарихшы ма, жақсы жазушы ма, бұл жағына мән бермей мақтай беру белең алып кетті. Бұл дұрыс емес. – Сонда не істеуміз керек деп ойлайсыз? – Менің ойымша, тарих мәдениет­тің ең бір негізгі көрінісі, ал тарихты бұрмалайтын көргенсіздер, мәде­ниеттер хабары жоқ адамдар. Тарих ғылым ретінде өз тәуелсіздігін сақтау қажет. Әйтпесе, ол тарих болмайды. Кез келгеннің қанжығасына ілініп кететін олжа болады. Біздің тарих өз сорпасына өзі қайнаған, шынына келгенде, халықаралық сатыға көтерілмеген тарих, зерттеулеріміз – өз аймағымыздың мәселесі, үлкен философиялық ой-пікір зерттеулер де сирек кездеседі. Тарихшыларымыздың көбі, әсіресе, жасы келгендер шет тілін білмейді, тіпті білгісі де келмейді. Оның орнына шолақ белсенділік, пысықтық қасиетімен шенеуніктерге жағынып, тарихты бұрмалап, діні үшін емес, күні үшін қызмет жасап жүргендер де бар. Елімізді де, мемлекетімізді де, тарихымызды да нығайтып, дамытатын өзіміз, сондықтан да қажырлы еңбек, білім, кәсіпқойлық сана – осының өзі әлемдік деңгейге апаратын бір-ақ шарт. – Өзіңіз зерттеген тарихтағы тың та­қырып – хазарлар туралы айтып берсеңіз. – Бірінші кітабым – «Қазақстан: та­рихи-публицистикалық көзқарас» деп аталды. Соның ішінде хазарлар туралы айтылады. Хазарлар туралы, олардың төрт ғасыр бойы Еділден Арал теңізіне дейінгі жерлерге иелік еткенін айтып, атақты түркітанушы Питер Бенжамин Голденге хат жаздым. Голден өзінің жауап хатында бұл тақырыпты қолдайтынын жеткізіпті. «Алған бағытыңыз дұрыс. Әлі де көп жұмыс жасау керек» деп ойын білдіріпті. Менің әрі қарай осы тақырыпты зерттеуіме Голденнің лебізі әжептәуір түрткі болды. Сонымен Қазақстан тарихына арналған 1996 жылы бір кітабым жарық көрді, одан кейін 1998 жылы 3 кітабым шықты. Туындыларыма арқау болған өзге де тақырыптар – Қазақстанның этникалық тарихы, Қазақстанның көне тарихы, жазба деректердегі Қазақстанның тарихы. Мен бұл мәселелерге атүсті қараған жоқпын. V-XV ғасыр аралығындағы деректерді пайымдадым. Маман ретінде қарайтын болдым. Тарихтың ең бір күрделі жері – мұны жалғыз адам жасай алмайды. Мысалы, талантты ақын заманынан озып кетуі мүмкін. Математикада, физикада да солай. Ал тарихта бұл мүмкін емес. Бұрынғы тарихи еңбектерді дұрыс білмей ештеңе істей алмайсың. Әуесқойлар көп. Құлшыну – жақсы іс. Жалпы, адам тарихқа қызығады. Ол табиғи сүйіспеншілік. Бірақ қызығушылықпен қарау бар да, білу бар. Ертеден бастау керек, бұл мәселені сенен бұрын кімдер зерттеді. Оларға дұрыс баға бере білу керек. Қателескен жері болса оны дәлеледеп айтуың керек. Бізде көбінесе тарихшылардың саны көп те, сапасы жоқ. Мен тарих ғылымында өзім құрметпен қарайтын есімдер бар. Жеке субъективті пікірім. Мысалы, Санжар Асфендияров, Ермұқан Бекмаханов, Сапар Ибрагимов, Сержан Ақынжанов, Әбу Тәкенов, Жанұзақ Қасымбаев, Нұрболат Масанов, Рамазан Сүлейменов, Виниамин Юдиннің еңбектерін ерекше атап өтер едім. Бұл азаматтар қазір арамызда жоқ. Олардың өмірден өткені Қазақстан тарихы үшін орны толмас жағдай, әрине. Бүгінгі тарихшыларға келетін болсам, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Меруерт Әбусейітова, Жұлдызбек Әбілғожин, Ирина Ярофееваларды ерекше атар едім. – Бүгінгі өзекті деген мәселелердің ішінде қайсысын бірінші кезекте айтар едіңіз? – Менің ойымша, қазіргі заманда ең қауіптісі – жемқорлық емес. Ұрлықтың түбі қорлықпен аяқталатыны белгілі. Ең қауіптісі – бұл адамгершіліктің азаюы. Адамгершілік азайған жерде құндылықтардың да бағасы төмендейді. Екінші мәселе – ғылымымыздың жағдайы мәз болмай тұр. 25 жыл ішінде біраз жұмыстар атқарылған сияқты. «Мәдени мұра» бағдарламасымен де бірқатар жобалар орындалды. Бірақ сол жасалған дүниелерді пайдаланып, белгілі бір бағытқа түсіріп, пайымдайтын тарихшылар керек. Үшіншіден, қазір ғылымға деген көзқарас өзгерді. Тарихқа келіп жатқан жастар жоқ. Ғылымға келгенше әкімдікте нұсқаушы болғанды дұрыс көреді. Өйткені жағдайы тәуір болады. Діні үшін емес, күні үшін жүргендер көп. Тарихшыларымыз үлкен конференцияларға бармайды. Шет тілін білмейді. 25 жылда осының бәрін дайындауымызға болар еді ғой. Демек, бізге кәсіби тарихшылар керек. Ақиқатына келгенде, нақ осы тарихтай отаншылдық пен ұлтжандылыққа тәрбиелейтін басқа ғылым саласы жоқ болар-ау. Тарих туралықты, әділдікті ғана мойындайды. Жалған, жасанды тарих ғұмырсыз. Алла Тағала жерімізді байлықтан кемсітпеді, халқымызды құр алақан қалдырған жоқ. Біздің тарихымыз да жеріміз сияқты өте бай. Бір қызығы, сол жердегі байлығымызға өзімізден гөрі басқалардың қолы жеткендей, тарихқа да өзімізден бұрын басқалар жетті. А.И.Левшиннің халқымыздың Геродоты болуы да сондықтан. Тағы бір жағы, байлықты әлемдік нарыққа жеткізе алмағандай, бай тарихымызды да дұрыс бабына келтіре алмай жүрміз, тарихты, жалпы ғылымды бағалайтын, түсінетін бастық керек. Мол тарихнама – ұлттық байлық. Біздің шикізатпен бірге жетілген ғылымымыз, тарихымыз қатар болу керек. Сонда бізді әлем таниды, мойын­дайды. Біздің тарихымыз әлі жас тарих. Жалпы тарихты зерттеу ісі кенже қалып қойды. Кезінде академия жанынан «Жалпы тарих» институтын құру жөнінде ұсыныс айтып едім, ол сол күйі жүзеге аспады. Тарихты оқытуда мәселелер аз емес. Тарихты оқытуға байланысты бүгінгі реформалар қисынсыз дер едім. Үш тұғырлы тілге байланысты да соны айтар едім. Оны мен шет тілдер институтының бұрынғы ректоры ретінде де айта аламын. Бұл баланың психикасына артық жүк түсіретін мәселе. Ешбір елде үш тілді қатар оқытпайды. Белгілі бір сыныпқа дейін өз ана тілінде ғана оқытады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәуіржан Төлебаев

43106 рет

көрсетілді

22373

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы