• Қоғам
  • 20 Мамыр, 2010

Былық һәм байбалам

Адам психологиясы – өте қызық дүние. Қазақ ондайды «кедей – бай болсам, бай – Құдай болсам дейді» деген бір ауыз сөзбен атам заманда айтып кеткен. Расында да, бүгін бар дүниесін бүтіндей алмай отырған адам бір күнде байып кетуді армандайды. Ал байлыққа қолы жеткеннен соң шексіз билікті аңсайды. Әйтеуір, «бірі кем дүние». Тағы да біздің аталарымыз «адамның көзі бір уыс топыраққа ғана тояды» деген үлкен тәмсіл қалдырған. Қарап тұрсаңыз, ақиқат сөз. Тірі күнінде дүниенің байлығына ашкөзденіп қараған кейбір тоғышарлар да, бар байлықты жамбасына басқан ашқарақ жемқор да тек бір уыс топыраққа ғана тояды. Бір күннің ішінде байып кетуге бола ма? Кейбір кер жалқаулар «Құдай беремін десе, желдетпеден де береді» деп шырт түкіріп жатады. Әзіл-әжуа сөз болғанымен, бойында шындық жоқ дей алмайсыз. Мәселен, бүгінде байлығымен көк тіреп жүрген көп адам тәуелсіздікке дейін тиын санап жүрген. Егемендіктің елең-алаңында саудаға ебі бар талай жігіт байлыққа кенелді. Дегенмен солардың арасында көзбояушылықпен теңге тапқандар да жоқ емес. Солардың бірі – Мұхтар Әбілязов. Жалпы, Әбілязовтің өмір жолын қарап отырсаңыз, күн­гейінен күңгірті басым. Қаржыны да халал жолмен таппағаны айдан анық көрінетіндей. Рас, ол 90-жылдардың басында бизнеспен шұғылданған. Шетелден автокөліктер әкеліп сатқан. Күнделікті шаруада қажетті заттарды сөреге шығарған. Дегенмен сол тұста атағы дардай болған «Астана-холдингке» (оның Әбілязовтің меншігі екені айтпаса да түсінікті) бірнеше автосалон мен дүкендер ғана қараған. Айтайын дегеніміз, сол холдингтің арқасында шылқып ба­йып кететіндей мүмкіндік болмаған. Оның ен байлыққа қолы жетуі мемлекеттік қызметке аяқ іліндіруінен басталған. 1998-1999 жылдар аралығында ол Энергетика, индустрия және сауда министрі қызметін атқарды. Осы бір жылдың ішінде ол елдегі пайда әкелетін барлық экономикалық ресурстарды өзінің иелігіне алды. Соның салдарынан «Астана-холдинг» шынында да нағыз пайданың көзіне айналды. Сол жылдардың өзінде-ақ Әбілязовке қарсы қызмет бабын асыра пайдаланғаны, кең көлемде қаржы қымқырғаны, таза пайдасын жасырғаны және қылмыстық топ құрғаны үшін қылмыстық іс қозғалады. Десек те, белгісіз бір себептермен қылмыстық іс тоқтап қалады. Әбілязов министр қызметінен кетеді. Ал 2001 жылы ол «Kazakhstan Airlines» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болады. Сол жылы құқық қорғау органдары оны сыбайлас жемқорлыққа және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін құрықтайды. Құрықтағаннан не пайда, ол босап шығады. 2001 жылы қараша айында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылып, Әбілязов қозғалыстың басты демеушісі атанады. Солайша ол өзінің экономикалық қылмыстарын жабу үшін, өзін судан ақ, сүттен таза көрсету мақсатында қозғалысты қаржыландырып, өз айналасындағы істі саясиландырып жібереді. Ал қылмыстық іс ол саясатпен айналыс­пай тұрғанда ашылып қойған. 2002 жылдың наурыз айында құқық қорғау органдары Әбілязовке қарсы істе барлық деректерді жинап, дайын қылады. Сөйтіп, ол ұсталып, артынан 6 жылға бас бостандығынан айырылады. Еліміздегі көптеген биз­несмендердің өтініші бойынша оған кешірім жарияланып, 2003 жылы бостандыққа шығады. Екі жыл бойына оның бар-жоғы білінбеді. «Қайда жүр? Немен айналысып жатыр?» деген адам да болмады. 2005 жылы еліміздегі ең беделді банктердің бірі «БТА»-ның басшысы Ержан Тәтішев аса қайғылы жағдайда қайтыс болды. Сол тұста Мұхтар Әбілязовтің сұлбасы біздің аренада қайта көрінді. Ол «БТА банкті» 4 жыл басқарды. Миллиондаған қар­жының үстінде отырды. Бірақ сол аралықта қазақ қоғамына пайда әкелді дей алмайсың. Қайта сол 4 жылдың ішінде ол банктің түте-түтесін шығарып тонап, бар байлықты шетелге асырумен болды. Әрі-беріден соң ол банктің де жекеменшігі емес, халықтың ақшасы еді ғой. Қарапайым жұрттың маңдай ақы, табан терімен тапқан әрбір теңгесі оның қалтасын толтырумен болды. Бәрі кейіннен анықталды ғой. Ол 10 миллиард долларды сыртқа асырып, өзінің еншісіне байлап кете барған. Бірде-бір адам 4 жылдың ішінде 10 миллиард долларға байып кете алмайды. Қанша жерден басы алтын болса да мынадай аз уақыт аралығында көк қағазды мил­лиардтап табуға шамасы жетпейді. Қысқасы, мұның барлығы жұртты тонап, олардың адал ақшасын арам ниетпен өз қалтасына басу болатын. Ең қиыны мынау: ол өзінің айналасындағы эконо­ми­калық қылмыстарға тағы да саяси реңк беріп отыр. Тап бір 2001 жылғы әрекетін айнытпай қайталауға бел буғандай. Қазір өзі көп дүние сатылады ғой. Атақ пен данқ та, абырой да саудаға түскен заман болып тұр емес пе?! Ол өзінің саяси жағдайдың құрбаны екенін дәлелдеу үшін арнайы лондондық бір фирманы жалдап, қазір әлекке түсіп жатыр. Нақты айтқанда, биліктің биік баспалдағында жүрген адамдарға күйе жағып, жалған деректерді жариялаумен айналысып жүр. Сондай-ақ елде адал бизнеспен айналысып жүрген кәсіпкерлерді қорқытып, шетелге көшуге үгіттеп жатыр. «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етіп көрсетіп, ерсілі-қарсылы өтірік ақпараттармен атқылауын бір қояр емес. Тіпті Қазақстанда сыйбайласпаған, жең ұшынан жалғаспаған адам қалдырмай, тек өзін ғана адал еңбек иесі ретінде көрсеткісі келеді. Бұл енді «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегеннің кері. Басқа түк те емес. Әбілязов кеткеннен кейін «БТА банкті» мемлекет қо­лына алып, ондағы тұралаған жағдайды түзету үшін бар күшін жұмсап жатыр. Ал шетелде шалқасынан жатқан Әбілязов банктің батпаққа батқанын қалайды. Оның мемлекет пен қарапайым халыққа залалды екенін біле тұра, сондай пиғылда. Неге? Өйткені банкке дефолт жарияланса, қаржылық жағдайы тіпті төмендеп, ол нарықта білініп жатса, жағдай басқаша өң алып шыға келмек. Әбілязов ол кезде таза байбаламға салады. Оның күткені де сол. Дәл қазір оның тіліне «банкті менен әдейі тартып алды. Енді, міне, оны банкротқа ұшыратты» деген сөз байланып тұр. Себебі мынадай былыққа толған қылмыстан таза шығудың бірден-бір жолы – осы. Ал оны «шахматист» біледі... Ақтамақ АЙЫМБЕТ

2917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8364

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6832

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4581

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3962

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3929

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3888

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3618

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3616

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы