• Қоғам
  • 20 Мамыр, 2010

Дәрігерлердің «диагнозын» кім қояды?

1-d0b1d0b5d1828

Ауырған адам бірінші Алладан амандық тілесе, екінші ақ халатты абзал жандарға үміт артатыны айдан анық. Ал егер шыбын жаныңыз мұрныңыздың ұшына келіп шырылдап барған кезіңізде «шипалы қолдар» шарасыз болса, қайтер едіңіз?! Өкініштісі де сол. Ондай сәттерде жалпы үшін жанталасып жатқан жалғыз дәрігердің Сізге кезегі жеткенше аурухана дәлізінде я кереуетінде ажалмен арпалысып, аласұра тұруыңызға тура келеді. Бүгінгі күннің ащы да болса шындығы осы: елімізде дәрігерлер жетіспейді. Қазақстанда дәрігер мамандар тапшы. Алайда айтудайын айтылып келе жатқанымен, осынау түйткілді мәселенің түйіні шешілер күн көрінбейді. Бұл жайт тек облыс орталықтарынан шалғайда жатқан елдімекендерге ғана емес, Алматы сынды ірі мегаполистерге де тән қалыпты құбылысқа айналып отыр. Бақсақ, бүгінде еліміздің әр облысы орта есеппен 500-ге жуық дәрігер мамандарға мұқтаж екен. Бұл дегеніміз еліміз 7 мыңдай дәрігердің көмегіне зәру екенін аңғартады. Әйтсе де, бұл цифр депутат Тито Сыздықов мырзаның былтырғы айтқан дерегінен екі есе көптігін көрсетеді. Депутат Т.Сыздықов бюджет қызметкерлерінің жалақысы мәселесінің тиісті деңгейде дәйектелуі жөнінде айтқанында: «Бүгінде республикада 2400 дәрігер жетіспейді екен. Ауылдағы жағдай мүлде қиын. Мұғалімдер мен дәрігерлердің қатары сиреп, қартайып барады.

Динара

Біз шын мәнінде еліміздегі тұ­рақ­тылықтың кепілі болып отырғандар осы мұғалімдер мен дәрігерлер екенін ұмытпауға тиіспіз. Біз оларды ренжітпеуге тиіспіз. Қазір мұнайдың бағасы артып келеді. Осының есебінен Ұлттық қордан қаржы алып, бюджет қызметкерлеріне демеу жасау қажет» деген болатын. Айтты. Бірақ әлі күнге 2 миллионға жуық халқы бар Алматы қаласының өзінде екі жүздей дәрігер маман жетіспейді. Шығыс Қазақстан облысына 500-ден аса дәрігер маман қажет. 700 мыңнан аса адамы бар Сыр өңірінде де сол жай. Қостанай облысында, әсіресе, шалғайдағы кейбір аудандарда емханалардың жетіспеушілігі мен кадрлар тапшылығы қатты байқа­лып отыр. Бар дәрігердің сапасы сын көтермейді. Сонда онсыз да дәрігерлердің көмегіне мұқтаж аймақтардың тосын­нан келген табиғи апаттарда (Тарбағатай­дағы, Қызылағаштағы тасқындар) алдымен ақ халатты жандардың алақанына қаншалықты зәру болғанын елестете беріңіз. Ал бүтіндей бір облыстарда дәрі­герлердің кей түрінің мүлде жоқтың қасы екенін білесіз бе? Мәселен, Орал қаласында білікті невропатолог қала емханаларының бәрінде бірдей жоқ. Сондықтан дәрігердің қабылдауына тұру үшін алдын ала жазылуыңыз керек. Күніне небары 20 шақты азаматты ғана тексеретін дәрігер күллі облыс тұрғындарын түгел қалай қамтып үлгерер екен?! Одан бөлек, әсіресе, алыстағы ауыл­дарда терапевт, балалар дәрігері, акушерлер жетіспейді. Бұдан кейін ана мен бала өлімінен еліміздің көрсеткіші неге жоғары деп сауал қоюдың өзі біртүрлі.

«Ақ халатты айырбастаймын...»

Айлық аз. Сонда ақ халатын ақшаға айырбастаудан басқа амалы қалмаған дәрігерлер қайтпек? Кейінгі кездері кей жерлерде дәрігерлердің жекеменшік кли­никалық ауруханаларға жұмыс ауыс­тыруы көптеп көрініс тапты. Ал қа­рапайым халықтың қалталылар баратын мұндай емханалардың қызметін қалтасы көтермейтіні анық. Әрине, айлығы шайлығына жетпей жүрген дәрігерді «Гиппократ антына адал емес» деп айыптауға болмас. Мемлекеттік мекемелерге жататын аурухана бас дәрігерлерінің өздері 30-50 мың теңге ғана аралығында жалақы алатынын есіңізге алсаңыз-ақ жетіп жатыр. Ал бас дәрігер болсаңыз да, жұмысқа енді ғана орналассаңыз, 25 мың теңгені місе тұта тұруыңызға тура келеді. Бұл – бүгінгі күннің боямасыз шындығы. Қала берді, білдей медициналық уни­верситеттері бар облыстар мен қа­лалардың өзінде кадр тапшылығының се­зілуін немен түсіндіреміз? Мәселен, Алматыда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, басқа да осы салаға бейімдейтін оқу орындары бар. Солай бола тұра былтыр оқу бітірген 800-дей болашақ дәрігерлердің 50-і ғана Алматы ауруханаларына жұмысқа тұр­ған екен. Ақтөбе облысында да аталған жай. Парадокс. Түлек бар. Маман жоқ. Алматыға аялдамағандардың ауылға аттап баспасы және анық. Өйткені көп­теген ауыл­дарда дәрігер тұрмақ, амбу­латорияның өзі жабылып қалған. Былтырдан бері мемлекет бюджеті­нен арнайы қаржы бөлініп, жүргізіліп жатқан «100 аурухана мен 100 мектеп» бағдарламасы нәтижелі болса, «Дип­лом­мен – ауылға» бағдарламасының бюд­жетінің біраз бөлігін медицина саласына бұрсақ, қордаланған қыруар жұмыс атқарылар ма еді. Биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде ауыл мәдениетін көтеруге аттанған 4 мың маманға 500 млн. теңге көтерме ақы төлеу және мамандардың үй сатып алуы үшін 3,5 млрд. теңге бюджеттік несие бөлу көзделіп отыр. Осы ретте жас мамандарды бір реттік шағын көлемдегі несие я қаржымен ауылға қайтара алмасымыз анық. Сондықтан да оларды аяққа тұрып, өз ісін дөңгелетіп әкетер­лік мүмкіндіктермен қызықтырып, ауылға тартқан абзал. Сондай-ақ осы мақсатта дәрігерлер дайындайтын жоғары оқу орны өз түлектерін жолдамамен жан-жаққа бағыттаса жақсы-ақ болар еді. «Қай аймақта қандай ауру кеңірек жайылған, қай өңір қандай дәрігерге зәру?» деген сауалдармен зерттеу жүргізе отырып (мысалы, Шығыс Қазақстанда онкологиялық аурулар белең алса, Атырауда жүрек-қан тамырлары аурулары көп...), осыған байланысты аймақтарға болашақ дәрігерлерді де бөлген дұрыс.

Дабыл! Дәрігерлер «қартайып» барады...

Кейінгі жылдары сарапшы мамандар «еліміздегі дәрігерлер «қартайып» барады» деп дабыл қағуда. Қағарлықтай-ақ. Тәжірибелі әрі білікті деген дәрігерлердің басым бөлігі зейнет жасында болса, енді біразы зейнетке шыққалы отыр. Бұны қазіргі отандық медицина ғылымының тағы бір олқылығы демеске лаж жоқ. Бұл кадрлық әлеуеттегі алаңдатарлық жайт болып тұр. Медицина мамандары­ның қартаюы олардың ізін басушылар қа­тарының сиреуінен. Бүгінгі таңда ғылым кандидаттарының орташа жасы – 47-ден, ал ғылым докторларынікі 58-ден асып кеткені осыны көрсетпей ме? Сондықтан меди­циналық ғылым мен инновацияны бас­қарудың тиімді жаңа әдісін іздеп табу керек. Ғылымымыз технологиялық жа­ғы­нан артта қалып қойған. Ауруханаларда қаңтарылып бос тұрған қымбат меди­циналық құрылғылардың тілін біл­мейтін дәрігерлердің алдына ауру келген­де аңтарылып қалатыны содан. Ал шетел­ден қыруар қаржыға әкелінген бұл аппа­раттар мен құрылғылардың әзірге ау­­рухананың сәнді жиһазына айналып тұр­ға­ны қынжылтады. Бұл жайды Үкімет бас­шы­сының өзі де жақында сынға алған еді. Одан бөлек біздің елімізде медицина саласында ғылым бір бөлек, білім өз алдына бір бөлек, тәжірибе тіптен олардан алшақтап өмір сүруде. Осыны айтқан С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақановтың сөзінен аңғаратынымыз, аталған үш таған бірле­сіп бір теріні илемейінше, бұл саладағы жай оңала қоймайтыны байқалады. А.Ақанов өз сұхбатында: «Студенттерді тәжірибеден өту үшін ауруханаларға жібереміз. Онда олар не дәрігерлермен табыса алмай, не операцияларға дұрыс қатыса алмай, салы суға кетіп жүреді. Дәрігерлерге біздің студенттеріміз кедергі келтіретіндей көреді. Оларға аурулармен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Әрқашан да бас дәрігердің қабағына қараймыз. Ал тәжірибе көрмеген студенттен ертең қандай жақсы маман шығады? Тек студенттер емес, бізде бір саланың мамандары да өзара тіл табыса алмай жатады. Мәселен, сабақ беретін ғалымдар мен дәрігерлердің арасында ешқандай байланыс жоқ. Былайша айтқанда, денсаулық сақтау саласында «дубль жүйе» қалыптасқан», – дейді. Бұған қоса Қазақстанда болашақ дәрігерлер бакалавр, одан кейін субординатура, интернатурада, барлығын қосқанда, жеті жыл оқиды. Батыстықтар бұл жүйеден баяғыда кетіп қалған. Қазіргі уақытта әлемде білім беру жүйесінің англо-саксондық моделі алда келе жатыр. Аталған жүйе бойынша студент алдымен бакалавр, осыдан барып магистратура, докторантурада білім алады. А.Ақановтың айтуын­ша, бұл жүйенің тек атында ғана емес, білім беру принципінде де көп өзгеріс бар. Жас маманның мүмкіндіктері молынан сыналады, бағаланады, яғни жас­тарды тәжірибе жүзінде мықты дайындайды. Маманның сөзінен шығаратын қорытындымыз – болашақ дәрігер өз ма­мандығына деген махаббатын жо­ғалтуы мүмкін әрі ерте ме, кеш пе, бұл саладан қол үзеді – бір, ғылым мен тәжірибе ұштаспаған соң жемісті нәтиже тағы жоқ – екі. Бұл себептер жалпы қоғамдағы дәрігер мамандығына деген жастар­дың қызығушылығын төмендетеді деуге толық негіз бар. Осыдан кейін дәрігерлер жасының «қартаюының» әлі біраз уа­қытқа созылуы мүмкіндігін байқатады.

Медбике көбейеді, дәрігер ше?

Елімізде биыл бірінші қаңтардан бастап, медициналық көмек көрсетудің Бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілгені бел­гілі. Жаңа бағдарлама бойынша әр азамат қаралатын дәрігерді де, емделетін аурухананы да өзі таңдай алады. Десек те, жаңа жүйенің өзі жаңа проблемалар тудырып отыр. Осындай жүйе енгізілісімен-ақ қала емханалары үшін қаралғысы келген қа­лың нөпірді қанағаттандыру қиынға соғуда. Мәселен, қаладағы бір ауруханаға науқастар қаптап, келесі бір ауруханадағы ақ халаттылар алақан жайып қарап отыр. Қала берді, ауылдан келген, қаладағы емханаға қаралғысы келетін аурулардың да алдынан кедергі шығады. Бұдан бөлек жаңа жүйе бойынша басқа ауруханаға тіркелсеңіз, өз ауданыңыздағы учаскелік дәрігер басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, үйіңізге келмейтінін ескеріңіз. Алыс аудандағы учаскелік дәрігердің келе алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұған қоса, емделгіңіз келген ауруханаңызда орын болмаса, кезек күтуге тағы мәжбүр боласыз. Жаңа жүйенің дәрігер қызметі сапасын, жалпы, медициналық көмектің сапасын арттырудағы игі мақсатын жоққа шығарғымыз жоқ. Жаңа жүйеде тағы дәрігерлердің жалақысы жайында жақ ашылмайды деуге болмас. Алайда «жақсы жұмыс істесең, жақсы төлеймін» деу әзірге жылы сөзбен жан жылыта тұруға ғана жарап тұр. Жалақыға жарымаған дә­рігердің алдына он я жүз науқас келсін, немқұрайды әрі ықылассыз қарайтыны айдан анық. Жуырда Қазақстан Республикасы­ның Денсаулық сақтау министрі Жақсы­лық Досқалиев 2011 жылдан бастап жер­гілікті жерлердегі учаскелік әрбір дәрігердің қасында кемінде үш медбикеден жұмыс істейтін болады деп мәлімдеді. Бұл – дәрігерлердің және медбикелердің жұмыс сапасын арттырып, тұрғындарға қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік беретін көрінеді. Яғни оның біреуі дәрігермен бірге болатын болса, қалған екеуі учаске бойынша, патронажды түрде жұмыс істейді екен. Кеңес үкіметі кезінде аудан-аудан, ауыл-ауылды аралап, бас дәрігердің қасында еріп жүретін медбикелердің білім-білігі, жиған тәжірибесі сол кездегі дәрігерлермен деңгейлесіп қалатын. Ауылдың бас дәрігері болмай қалғанда, аймақтағы ағайын медбикелердің көмегіне жүгіне беретін. Кейінгі жылдары бұл үрдіс жалғаспай қалды. Министр бүгінгі күні медбикелердің мәртебесін көтеріп, олар­ға барынша қолдау көрсету қажетті­гін соған қарап айтса керек. Сондай-ақ министр бүгінгі күні тек медициналық емес, медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстарының да жолға қо­йылатынын жеткізді. Дегенмен медбикелер саны артқанмен, ол дәрігерлер санын өсірмейтіні тағы анық. «Бүгінгі күні жалпы еліміз бойынша 120 мыңнан астам орта медициналық білімі бар маман бар. Олардың дені қалалық жерлерде жұмыс істейді. Дегенмен біз қалалық жерлер мен ауылдық жерлердегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруымыз керек» деген министр елдегі өмір сүру жасының ұзақтығына дәрігерлердің де үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін айтады. Ал адам өмірінің ұзаруына жауап­ты дәрігерлер «дертінің» диагнозын ешкім қойғысы келмейді. Оны «емдеуге» ешкім құлықты емес һәм жауапты болғысы жоқ.

P.S. Бюджет қызметкерлерінің зейнетақылары мен еңбекақыларына 25 пайыз қосылғандығы да ақ халаттылар үшін ақ түйенің қарны жарылардай қуаныш емес. «Өйткені пайыз қосылды дегенше өмір сүруің де қымбаттады дей бер» дейді дәрігерлер мұңын шағып. Кейбірі «Қазақстандағы орташа еңбекақы мөлшері – 60 мың теңге» дегенді кім шығарған, әлде ол тізімге мұғалімдер мен дәрігерлер енбей қалған ба?» деп таңғалады. Адам – елдің басты байлығы десек те, санап бермесең саусағын қимылдатпайтын заманда адам өмірінің сақшысына айналған дәрігерлердің еңбегіне салғырт қарау – соңында сан соқтыруы мүмкін құбылыс. Елді емдеп, қоғамда халық үшін қалтқысыз қызмет қылып жүрген дәрігерлер еңбегі ерлікке баланып, еленуі тиіс-ті. Бірақ... Ал біз дәрігерлер аз дейміз.

Динара ІЗТІЛЕУ

8161 рет

көрсетілді

60

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8168

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6722

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4469

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3852

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3819

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3779

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3509

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3504

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы