• Тұлға
  • 26 Тамыз, 2010

Үлгі-өнегесі мол Мұсекең

Сонау жылдарда баз бір журналист ағайындар: «Біз жұрттың бәрін әспеттеп, дәріптеп, жазып жатамыз, ал біздер жайлы ешкім ауыз ашпайды. Мақтау-марапатты былай қойғанда», – десетін әзіл-шыны аралас. «Ондайға иек қышымайды, дәметпейміз де ғой», – деп қостайтын тағы біреу. Солайы солай-тын. Журналистер туралы ешкім (мүлде десе де болады) ләм демейтін. Жылына бір келетін «Журналистер күні» мерекесінің өзі құлықсыздау өтетін бір жиналыспен тынатын. Бірлі-жарым атақ-марапат, орден, грамота алғандардың аты-жөндері жалпы тізіммен шектелетін. Олардан гөрі қайта аузының салымы барларының мерейтойы жөнінде құлаш-құлаш мақалалар жазылып, шығармалары не мақталып, не датталып жататын ақын-жазушылардың жағдайлары көш ілгері-тін. Оны елеп, еңсесі түсіп жүретін журналистер тағы болмайтын. Нақ бір солай болуы тиістей, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Сондықтан ба екен, қазақ журналистикасының іргетасын қалап, биікке көтерілуіне, өркендеп-дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан аға буын әріптестерді бүгінде бірлі-жарым адамдар болмаса, көп қауым біле бермейтіні. Көп қауымыңыз не, олар тұрмақ, кейінгі буын – журналистер өкілдері хабардар ма десеңізші. Тіпті, мейлі, сан жағынан саусақпен санарлық болса да, Кеңес өкіметі тұсында пайда болған қазақ басылымдарының әрқайсысының көшбасында болып, қазығын қаққан, қалыптасуына орасан тер төккен белгілі қайраткерлер қандай құрметке де лайық емес пе? Қазақ журналистикасының мерейін асырып, қаншама ізбасар-шәкірттер тәрбиелеген сол алыптар (иә, алыптар) туралы олардың көздері тіріде азын-аулақ жылы лебіз айтылды ма? Өз басым білмеймін.

Сөзді неліктен бұлай баста­уы­мыздың себеп-салдарын тү­сініп отырған шығарсыздар деп ойлаймыз, әрине. Бір сәт өткенге көз жіберіңізші. Жоғарыда айтылғандардың рас-өтірігін сонда білесіз. Айтыңызшы, қазір (бәрі де ұзақ жылдар бас редактор боп, басқа да жауапты қызметтер атқарған) Ақшалов, Балиманов, Бәйішев, Алтайбаев, Ақшолақов, Қарағұлов, Байсақалов, Шәріпов, Үсебаев, Бейсембаев, Байжанов, Дінішев, Қазыбаев сынды есімдер таныс па? Екінің бірі біле ме? Суалдыра бермейік, бірлі-жарым білетіндер білер, бірақ болар-болмас, толар-толмастың ар жақ, бер жағы (екені күмәнсіз). Бұл жолы сол іспеттес олқылықтардың орнын толтыра қояйық демесек те, заманында мамандығының майын ішіп, аса сындарлы ғұмыр кешкен, мейлінше қарапайым, зипа, кімге болмасын, қам­қорлығы шексіз, шарапаты, үлгі-өнегесі мол (болған), жоғарыда аталған аға буын өкілдерінің бірі, майдангер журналист, аяулы азамат Мұсекең, Мұса Бөкенбайұлы Дінішев хақында (тағы да) шама-шар­қымызша сөз қозғауға ниет еткен жай бар. Әлбетте, бұрынғыларды қайталау емес, ке­рі­сінше, айтса жараса беретін, көкейге қона беретін, ұзақ жылдар санада сақталып келе жатқан (бұлармен де бітпеуі мүмкін) жай-түйлердің бір парасы. (Ащы-тұщысы араластау). Өткен ғасырдағы Одақ тараудан екі-үш жыл бұрын болған мына бір оқиға еске түседі. «Мәдениет және тұрмыс» журналын он екі жыл басқарған бас редактордың орнына басқа басшы келді. Бұған дейін он жеті жыл бас редактордың орынбасары (жауапты хатшы) боп істеп келе жатқан маған ертеден таныс, жаны жайсаң, ақжарқын адам. Әне, сол азамат келген бойда бұған дейінгі редколлегия құрамын түгелге жуық өзгертіп, жаңа мүшелер енгізді. Ұзамай жаңа редактор жаңа алқа мүшелерінің басын қосып, мәжіліс өткізді. Бұл журнал таралымы барынша шарықтап өскен кез болатын (жоғары билік басындағылар бұрынғы редакторды орнынан аларда оған пысқырған жоқ). (Көп өтпестен журналдың аты «Парасат» деп өзгертілді де, 180 мыңнан бір-ақ айырылып, суалуға көшкені басқа әңгіме). Әне, сол жаңа редактор жаңа алқа мүшелерімен өткізген алғашқы отырыста орнынан буырқана көтерілген су жаңа мүшелердің бірі, әй-шәй жоқ, салған жерден: – Журналдың таралымы көп деп мәз болмаңдар. Қалай көбейетінін білеміз. Аңқау жұрт бірінен-бірі көріп жазыла береді де. Сапа нашар, соны ойлау керек. Сен енді сапасын көтер, мазмұнын жақсарт. Ол қолыңнан келеді! – десін жаңа редакторға бұйрық бергендей өктем сөйлеп. Бұл сөз, басқаларды білмеймін, өз басыма оқтай тиді. Бұрқ еткен ашу-ызадан жан дүние бұлқан-талқан болды. Бірақ шыдау керек. Әйтсе де, өз-өзіме келе алмай: «Сабазың қалай-қалай сайрайды? Бұлай деуге қандай хақы бар, – деп ширығамын іштей. – Журналда ала алмай жүрген өші бардай неге өршеленеді сонша?» Бұдан әрі жаңа алқа мүшелерінің не айтып, не қойғанымен ісім болмай, өз ойыммен болып кеттім. Арғы-бергі бастан өткен, көрген-білгендер еске түседі. Журнал таралымының бүгінгі таңда еселеп көбейгені, негізінен, бұған дейін әрқайсысы он екі жылдан жиырма төрт жыл басқарған екі бас редактор – Мұса Дінішев пен Бақытжан Жиенғалиевтің тұсы. Оған дейін де жаман емес-ті. Журнал ашылған мезгілден бастап орынбасар, бас редактор болған Сапар Байжанов пен Абай Бейсембаевтың тұсында да жыл сайын молайып отырған. Дінішевті Жиенғалиевке дейін он екі жыл басқарды деп, Мұсекеңнің 1965 жылы мұнда екінші рет оралған кезінен бастап айтып отырмыз. Шын мәнінде, 1958 жылы журналды өз қолымен ашқан ол 1962 жылы Мәдениет министріне орынбасар боп ауысқан-ды. Сонда ол, барлығын қосқанда, мұнда он алты жыл редактор болды. Журнал алғаш шыққан кездің өзінде таралымы он мың еді. Ал мына (жаңа алқа мүшесі) кеудемсоқ па­қырдың журнал та­ра­лымының санаулы жылдар ішінде жар­ты миллионға жуықтағанын көпе-кө­рі­неу жоққа шығарып, төрт бірдей бас ре­дактордың еңбегін елемей тұрғаны, сыпайылап айтқанда, бетпақтық еді. Мақсат не? Ау, журналдың мазмұны да, көркемделуі де жылдан-жылға жақсарып, аймақтық, одақтық байқауларда кіл мақтау-марапатқа ие болатынын, директивалық (партияның Орталық Комитеті) органдардың оң қа­бақпен қарайтынын жоғарыда аталған екі бірдей (М.Дінішев, Б.Жиенғалиев) бас редактордың күні бүгінге шекті оң қол – орынбасары – мен білмегенде, кім біледі? «Мәдениет және тұрмысты» қамқорлыққа алған «Огонек», «Советский союз» журналдарымен – келетін өкілдерін күтіп алып, шығарып салып – қарым-қатынас жасаушы, оларға баратын да, келетін де мен емес пе едім? Жоқ, жаңа алқа мүшесі, сен оңбай қателесіп не әдейі «қателесіп» тұрсың!.. Осылайша жаңа бас редактордың жаңа алқа мүшелерімен жасаған алғашқы жиынында өзімше бір ысып, бір суып, әрең сабаға түстім. Мұса Дінішев, Сапар Байжанов, Абай Бейсембаев, Бақытжан Жиенғалиевтер кімнің егінін орып еді?! Қайталап айтайық, журналдың бү­кіл­халықтық сипатқа ие болғаны ең алдымен солардың арқасы болатын. Оны ешкім мансұқтай алмайды, олай ету мүмкін емес. Сөз арасында айта кетейік, біз журналды бұдан да зор табысқа жеткізе ме деп дәмеленген (бәрін жоққа шығарып, лепіре сөйлеген) жаңа алқа мүшесінен пәлендей қайыр болмады, әлде қолы тимеді ме, кім білсін, содан қайтып оның алқа жиынына қатысқанын да көрмедік. Бірер жылға жетер-жетпесте табанын жалтыратып тынды. Бұл жайларға жаңа келген бас ре­дактордың қатысы жоқ-тын. Айтсақ, ойланбай көкіген бір мүміннің көпке топырақ шашпақ болған пенделігін айттық. Керек десеңіз, әлдеқашан бақилық болған төрт бірдей бас редактордың аруағын тірілтіп, тіпті беделді басылымды шаң-тозаңнан тазарту үшін десек те (онда төрт редактордың да көздері тірі болатын). Енді Мұсекеңе келейік. «Жақ­сының ақылы таңер­тең кіреді» (әлде басқа­ша ма) дегендей, оның адами қа­сиеті, кісілік келбеті, таби­ғи қарапайымдылық, шарапат-шафхат, рия­сыз жақсылықтары, әсіресе, кейінгі жыл­­дарда жиі еске түсе бе­ретін боп жүр. Қызмет бабында зипалық, тектілік, әділдік, қамқорлық, ұжымды басқару тәсілі де өзгеше еді-ау жарықтықтың. (Бүгінгі жас пері – әріптестерге де үлгі-өнеге болуға жарайтындай). Еңбек жолын «Мәдениет және тұрмыстан» бастаған қазіргі көрнекті жазушы Марат Мәжитовтің сөзімен айтқанда (белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова да қосылар деп ойлаймыз), жұртты қыжырта сөйлеп, күнұзақ жиналыс жасап, уақыт алмайтын Мұсекеңнің тұсында журнал қалай шығады деп ешкім уайымдамай, қызметкерлер еркін жүріп, еркін тұратын. Өйткені Мұсекеңе сенетін. Ол барлығын алдын ала кесіп-пішіп, әркімге нақты тапсырма береді. Қай санға қандай материал қажет, макет, фотосурет, көркемдеу – барлығын жаңғақтай шағады. Ілуде болмаса, қызметкерлер жазған мақаланы кері қайтармайтын. Жоспарлау, лездеме, арнайы тақырып талқылау (бұл тек осы редакцияда болған), партия, кәсіподақ, саяси оқу, алқа мүшелерінің жиынын көпке созбайды. Ұжым мүшелерінің қуаныш-қызығы (қоныс той, шілдехана) болса, бірінші құттықтап, мерейін өсіретін де – Мұсекең. Ресми мерекелерді де міндетті түрде ұжым­мен бірге өткізеді. Бұлар, бір қарағанда, жай нәрсе кө­рінгенімен, соларды бастан өткеріп, куә болғандарға тіпті де олай емес. Ол үшін ұзақ жыл Мұсекеңмен бірге жүріп, сырмінез болу керек. Мұсекең парасаттан жаралған пай­ғамбар, кем-кетіксіз періште еді деп отырған біз жоқ. Бірақ өз басым, бәлкім, білгім келмейтіндіктен де шығар, пәлендей бөтен ештеңе білмеймін. Онда не білесің десең, мыналар деп, тағы да бір-екі деректі көлденең тартқан болар едім. «Мәдениет және тұрмыс» журналы ашылған соң, екі-үш ай шамасында «Лениншіл жастың» байырғы фототілшісі Петр Редько сонда ауысты. Онда мен «Лениншіл жаста» істеймін. Газеттің редакторы А.Бейсембаев, орынбасары С.Байжанов, жауапты хатшы К.Қазыбаевтан бастап, П.Редьконы мейрамханада дәм беріп, құрметтеп шығарып салдық. Мен 1964 жылы Сарыағаштан келіп журналға орналасқанда, ол әлі сонда екен. Бір-екі жылдан соң зейнетке шықты. Онда да Мұсекең бастап, «Алматы» мейрамханасында дастарқан жайылды. Фототілші­лік қызметке Ю.Куйдин қабылданды. Көп істеген жоқ, АПН дейтін одақтық мекемеге жоғарылап ол да кетті. Келесі фототілші – осында жиырма бес жыл істеп, Израильге кеткен В.В.Мыльников. Қазақ тілінде сөйлей алатын бұл үшеуінің есімдерін журналдың ыстық-суығына төзіп, іргелі басылым болуына өз тараптарынан қомақты үлес қосқандары үшін атап отырмыз. Алғашқы екеуі бақилық, соңғысы тарихи отанына кеткен. Менің аға әдеби қызметкер кезім. Бірде В.Мыльников екеуміз болмашы бірдеңеге шекістік те, төрелік сұрап Мұсекеңе кірдік. Ол да, мен де бір-бірімізді тіліміз жеткенше кінәладық. Мұсекең екеуміздің де сөзімізді бөлмей, асықпай тыңдады. Айтқанымыз оған қалай әсер етті, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, өң-түсінен ештеңе байқалмайды. Қайсымызды қолдап, қайсымызды жығып береді деп біз отырмыз. Ол бар болғаны, екеумізге кезек-кезек қарады да: «Барып жұмыстарыңды істеңдер», – деді ұрсып-зекімей. Басқа бір бастық болса, Мыльников екеумізді кезек-кезек сілкілеп, жиналыста талқылап, аяқастынан құдайы беріп қалар ма еді, қайтер еді. Ал Мұсекең өйткен жоқ. Біз басымыз салбырап, шықтық та жүре бердік. Енді осыдан кейін пәлен-пыстанға төрелік сұрап, Мұсекеңе барып көр! Қашанда сабырлы, салмақты Мұсекең артық сөзге бармайтын, қарапайым бол­ғансып ойдан-қырдан сөз сапырып, уақыт алмайтын. Жасы қатарлас жолдас-жоралары кімдер екенін де жөнді білмейміз. Бірақ ондайлардың аз емесін шамалайтынбыз. Ол кезде үрдіс солай, кейде мейрам күндерінің алды не соңында көп хаттар ішінен Қарағанды облыстық газетінің редакторы Бейсенғали Тайкіманов, әлдебір жақтан – ол да жауапты қызметкер болу керек – Омарғали Құдышев, Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиевтер жіберетін (көлемі бір жапырақ) құттықтау (открытка) хаттарды іріктеп, апарып беремін. Алады да, тастай салады. Аракідікте әлгі хаттардың кейбіріне көзім түседі. Сонда байқайты­ным: Қарағандыдан құттықтау жолдайтын Б.Тайкіманов Мұсекеңе құрдастарға жарасатын небір қылжақ сөздердің небір кереметтерін жазады, «аузың ырбиып» дегендей. Соларға қарап та Мұсекеңнің қимас достары аз емесін аңғаруға болатын-ды. Енді осы Алматыда жасы Мұсекеңмен қарайлас бірнеше баспа директоры, газет-журналда редактор болған, соғыс ардагері Төлеутай Ақшолақов дейтін зиялы адам болды. Батыр тұлғалы, бетті, айбарлы, бастық болуға жаралғандай білімді, сауатты еді. Сол Төкеңді Мұсекеңнің сексен жылдық мерейтойында көріп, ертеден сыйлас дос-жар екендеріне куә болдық. Төрде қатар отырған қос майдандастың әзіл-қалжыңдары қандай жарасымды еді десейші! Пай-пай-ай! Байырғы журналист, мінезі қатал, кесіп сөйлейтін, белгілі аудармашы Жүсіп Алтайбаевтың көптеген жоғары лауазымды қызметтер атқарып, ҚазТАГ-та директор болғанын еститінбіз. «Ара» журналына ұзақ жыл басшылық еткенде, аз-мұз таныс-біліс те болдық. Онда да көзбе-көз емес, «Араның» жабық конкурсында жүлде алған қысқа сықақ әңгімелер мен жиі жарияланатын фельетондарым арқылы. Бірде Шығыс Қазақстан облысында болғанда «қармаққа» ілінген фельетонды «Араға» лайық болғаны үшін, Жүсекеңнің өз қолына апарып бергенім бар. Ештеңе демей, алған да қалған. Ұзамай басылды. Кейін қорытындысы шықты: білдей мекеменің (Облсельхозтехника) білдей бастығы орнынан алынып, біреулеріне сөгіс берілді деп. Жүсекеңді жақын білуімнің алды-арты осы. Кейінгі бір жылдарда оның газет-журналдар жыпырлап жайғасқан тоғыз қабатты (Горький, 50) үйге жиірек келетінін аңғарып жүрдік. Бетпе-бет жолықса ғана сәлемдесеміз. Қашанда қабағы қату, түсі суық, сұсты, сондықтан қол береміз де, өте шығамыз. Біздің журналға да келеді, бірақ сирек. Бірде сатира мен юморға тиесілі бетте сықақ әңгімесі жарияланды. Ол менің қолыммен әзірленген жоқ, жауапты хатшы ретінде баспаханаға жіберерде бір-ақ көріп, «Араның» карикатурисі Н.Казанцевке сурет салдырғанмын. Журналда шыққан материал­дардың қай­сысына қанша сом қойылу керектігі арнайы кестеде белгіленген. Кейбіріне сәл төмен не сәл көтеріп қоюға болады, бірақ көп асыруға болмайды. Кесте бойынша, Жүсіп Алтайбаевтың сықақ әңгімесіне артық та, кем де емес, 30 сом қойылды. Қаламақы жазылған тізімді қол қойдыру үшін редакторға апардым. Әншейінде қаламақыға өзгеріс жаса­мақ тұрмақ, жөндеп те қарамайтын Мұсе­кең кенет қаламын қолына алып: «Алтай­баев­қа 85 сом қояйық, зейнеткер ғой», – десін де, Жүсекеңнің тұсындағы қаламақы со­масын өз қолымен өзгертсін. Мұнысына іштей риза болдым, құп­тадым. Мұсекеңнің «Алтайбаев зейнеткер ғой» дегені «жауапкершілікті өз мойныма аламын» дегені екенін түсіндім. Кейде ондай болады. Қорқақтай беру ретсіз. Қаламақы тізімі бухгалтерияға берілді. Ол шақта барлық редакцияда қа­ламақы айына екі рет беріледі. Тек белгіленген күндерде. Бір күні ойламаған жерден менің бөлмеме Жүсіп Алтайбаев кіріп келді. Мұнда келеді деп үш ұйықтаса түске кірмейтін адамға сәлем беріп жалпылдап жатырмын. Жүсекең отырды. Онан соң: – Қаламақымды алдым, – деді бірден. – Көтеріп қойыпсың. Соған рахмет айтуға келдім. Алда бұлай етпеңдер. Заң бұзуға болмайды. Құдайға шүкір, жерге қарап отырған жоқпыз, жетеді. Қапелімде абдырап қалған мен: – Жүсеке, рахметіңізді Мұсекеңе айтыңыз, сол кісінің... – деп күмілжідім. – Біз әншейін... Тек... – Білемін, – деді сәл сұстанып. – Біз де редактор болғанбыз, білемін. Мұсаға өзің айт. Қазір оған да кіремін. Бірақ ештеңе демеймін. Сен жауапты хатшысың, қаламақы – сенің жұмысың. Мұса ескі досым ғой, соны ескерген шығар. Бірдеңе десем, ілінісіп қалуымыз мүмкін. Мен мінезі шарт адаммын. Сенің жөнің басқа. Өзің айта бер және бұдан былай мен емес, қанша жерден зейнеткер болса да, басқаларға да олай етпе. Тиісті мөлшер бар, соған қанағат. Ренжіп қалған жоқсың ба? Ренжіме. Білеміз, артық ақша кімге керек емес?! Қош!.. Орнынан тұрды да, шығып жүре берді. Сол жолы Мұсекеңе кірді ме, жоқ па, білмеймін. Мұсекеңе кейін осы жайлы айтқанымда: «Ол сондай адам, айтқаны дұрыс», – деп күлді. Қайран, ағалар! Ала жіптен аттамаған, достығын бұлдамаған тектілер. Екеуі де қазымыр емес, қазына еді-ау. Ұмытып барады екенмін, бір жолы Жүсекең мен Мұсекеңнің әлдебір оңаша кафеде екеуден-екеу шай ішіп, шүйіркелесіп отырғандарының үстінен түскенім бар. Жалғыз емес едім, тез кетіп қалдық... Ұжым мүшелерін Мұсекең түсінгені­мен, олар оны үнемі түсіне бермейтін. Бір жолы бөлім меңгерушісі Бекен Әбдіра­зақов фототілші В.Мыльников екеуі Торғай облысының Жангелдин ауданына барып келіп, жеті беттік мақала жазды. Мұсекең оның бес бетін қысқартты да, екі беті басылды. Бекен ал кеп туласын. Бастық қой, ештеңе етпейді дегенге тоқтамайды. Соны мен жасағандай, әлсін-әлсін маған кіріп, ауыр-ауыр сөздер айтады. Мұсекеңе: «Неге өйттіңіз», – десем: «Мақала жамандықтан емес, керегін алдым. Сонау жылы Шымкент облысының Бөген ауданындағы Сыпатаев атындағы совхоздан сен жазған сегіз бет мақаланың алты беті қысқартылып еді ғой, есіңде ме? Сен сонда ренжіген жоқсың», – деді жайбарақат түрде. – Иә, солай, – дедім. – Ренжімегенім, қаламақыны мықтап қойдырғансыз. Әдеттегіден, әлденеше есе артық... – Бекен ренжіп жүр ме, немене? Ренжісе, соны айт. Қаламақыны мол қоямыз де. – Енді былай, ренжиді ғой, әрине. Айтарын маған айтып шер тарқатқан Бекеннің Мұсекеңе ештеңе демегені білгірлік еді. Өйткені сыйлайтын. Бе­кенді «Жұлдыз» журналының жауапты хатшылығынан босаған бойда қызметке қабылдаған Мұсекең де оған бөтен қа­рамайтын. Онша-мұнша еркелігін елемеуге тырысатын... – Сен осы Отан соғысына қатысып па едің? – деді маған бірде күлімсірей қарап. – Жоқ, – дедім соғысқа қатыспағанымды біле-тұра айтқанына түсініңкіремей. – Бәсе, – деді селкілдей күліп (кейде солай күлетіні болатын). – Әлгі анау Сақтаған Бәйішев туралы мақаланы түзегенде рота, взвод, полк дегендерді мидай араластырып жіберіпсің. Оның дұрыс емес. Жазған Жекен ғой (Жұмахановты айтады), өзімен ақылдаспадың ба? Жалпы, бұдан былай Жекеннің мақаласына қол тигізбе, керек болса, өзім түзеймін. – Құп болады, Мұсеке. Жекен аға демалыста болған соң... – Демалыста болса, шығады. Сонда не дейсің? Ол сені солай етті деп маған келеді. Мен не айтамын? Ендігәрі олай етпе, – деді мен «қидалаған» мақаланы тартпасына сала беріп. Мұса Дінішев 1976 жылы шілде айының басында «Мәдениет және тұрмыс» журналынан босап, шетелдік қазақтарға арнап айына бір рет шығатын жаңа газетке («Отан») редакторлыққа ауысты. Оны Орталық партия комитетіндегілер «қажет болған соң солай еттік» десті. Мұсекеңнің орнына бас редакторлыққа Бақытжан Жиенғалиев тағайындалып, 1988 жылдың соңына дейін істеді. Бізден ауысардан екі ай бұрын түсірілген (4 мамыр, 1976 жыл) мына суретте Мұсекеңнің соңғы рет алқа мәжілісін өткізіп отырған сәті бейнеленген. Оңнан солға қарай: Мұса Дінішев, осы жолдар авторы, профессор Бақия Атшабаров, журналдың бөлім меңгерушісі Шәрбану Бейсенова, профессор Рәбиға Сыздықова, профессор Райхан Ержанова. Зәкір АСАБАЕВ

3399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы