• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2010

“Той басталды Отырарда, Сырдың сұлу бойында...”

Отырар ауданы әкімінің орынбасары Жақсыбек Асылбековпен сұхбат – Аға, Отырарда, Сырдың сұлу бо­йында тағы да той басталғалы жатыр екен. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» емес пе? Болғалы жатқан думан туралы айта кетсеңіз?– Адам баласы болып дүниеге келгеннен кейін алғыс арқалап кеткен абзал. Бұл фәниден жақсы да, жаман да өтеді. Ал Отырар өңірінде, өздеріңіз білесіздер, жарқылды сөздің толық үдесінен шыққан, Аристотельден ке­йін дүниежүзі білімі мен мәдениеті­нің екінші ұстазы атанған данышпан, ғалым Әбу-Насыр Фараби өткен. Сол бабамыздың туғанына – биыл1140 жыл. Оның әлемдік деңгейде қызмет жасаған адам екені белгілі. Сонымен қатар киелі де шежірелі бүгінгі Отырар ауданының құрылғанына – 75, оның халық арасындағы айнасы, тікелей байланысшысы «Отырар алқабы» газетінің жарық көре бастағанына – 75, сондай-ақ осы өлкеден қанат қаққан қазақ вальсінің падишасы Ш.Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толып отыр. Одан бөлек, Отырар тумасы, белгілі сатирик Көпен Әмірбек те 60 жасқа келді. Міне, осы айтулы мерейтойларды бір арнада тоғыстырып, атап өтуді ел-жұрт болып, қолға алған едік. – Мақсатсыз-мұратсыз еш­теңе жасалмайды. Игілікті бұл бастамаға кім түрткі болды және де іс барысы қалай жүріп жатыр? – Ұрпақ тәрбиесі деп жатамыз ғой. Ал оларды өнегеге баулу осындай істермен жүзеге асады емес пе? Жас жеткіншектер ата-бабасының кім болғанын білсін, ой түйсін, мақтаныш сезімін тапсын деген ізгі бір ниет бар. Ал ауқымы зор шараны жасау бұрыннан бар идея болатын. Осы орайда аудан әкімі Бейбіт Сыздықовтың арнайы қаулысымен мерейтойларды атап өту үшін ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Сол жауапты топқа мен төраға болып сайландым. Әрине, атап өту деген ауызға ғана жеңіл. Мұның артында үлкен істер жатыр. Қазір соның қамындамыз. Тап қазір ауданға барсаңыз, дайындық жұмыстарының үстінен түсуге болады. – Той-тойымен. Бұл қазаққа тосаң жағдай емес. Сіздер аталмыш шараны негізді ете түсу үшін қандай ерекше жоба әзірлеудесіздер? Бір сөзбен айтқанда, Отырардағы тойдың бұл жолғы жаңалығы не болмақшы? – Дұрыс айтасыз. От жанған жерде шоқ қалуға тиіс. Біз бұл жағын да ойлас­тырып қойдық. Алдағы өтпек мерейтоймен қоса-қабат «Әл-Фараби және Отырар өркениеті» деген ғылыми конференция өтпек. Бұған алыс-жақын шетелдерден және өз елімізден нешеме атақты ғалымдар мен фарабитанушылар шақырылды. Бас-аяғы 50 шақты кісі келеді деп күтілуде. Онда данышпан бабамыздың мұрасы мен мирасын екшемекпіз. – Мұның беретіні не? Айтылған сөз сол мінберлерде қалып қоймай ма? – Біріншіден, ғылымдағы Фараби жолын зерттеп білу. Осы істің қо­рытындысы ретінде Фарабитану орталығын ашу да көзделуде. Осының ішіне Отырар ауданындағы әл-Фа­раби мұражайына республикалық мәртебе беру де кіреді. Сонымен бірге ғалым мұрасын қазақ тіліне аудару басты назарда. Соңғы есептеулер бойынша, әл-Фарабидің ғылыми еңбектері 200-ден асады. Қазақстанда тек өткен ғасырдың 60-шы жылдары ғана баба мұрасын түбегейлі зерттеу ғалым Ақжан Машанидің бастамашылығымен қолға алынған-ды. Қазір Ғылым академиясының кі­тапханасында бабамыздың елу шақты еңбегі бар. Бұның ішінде басқа тілге аударылмаған, ғылым саласына осы күнге дейін белгісіз болып келген аса ірі туындылар да жетерлік. Өкінішке қарай, осындай ұшан-теңіз еңбектері бар бабамыздың туындыларының 20 шақтысы ғана қазақ тіліне аударылған. «Темірді қызған кезінде соқ» демек­ші, осындай олқылықтардың орнын толтырсақ па дейміз. – «Жақсыдан – шарапат» деген. Жалпы, игі жақсының кейінгіге жақ­сылығы о дүние мен бұ дүниелік өлшемнен асып келіп отырады. Жалпыласақ, Фараби тойы аясы аудандағы маңызды мәдени нысандарға әсер беріп жатыр ма? Айталық, олардың күрделі жөнделуі мен жаңғыртуларына... – Біздің ауданда Жұмаш Әбділда деген жігіт басқаратын Руханият мұражайы бар. Онда мәдени-тарихи құндылығы жоғары экспонаттар мен жәдігерлер көп-ақ. Айтулы шара шымылдығын ашқанша, оны бұрын кинотеатр болып келген екі қабаттық ғимаратқа көшіргелі жатырмыз. Бұйыртса, көшіріп үлгереміз де. Оның ішінде қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұны «бір» деп қойыңыз. Екіншіден, Отырар рухани кітапханасын ашу да жоспарда бар. Оны ауданның қазіргі орталығы Шәуілдір ауылында орналасқан, бұ­рын үлкен сауда орталығы болған ғи­марат негізіне негіздемекпіз. Әзірше кітап жиыстыру мен материалдық базасын қалыптастыру жүріп жатыр. Оны, амандық болса, жыл аяғында толығымен пайдалануға береміз. Әрі қарай әл-Фараби атамыздың атынан жастарға демеушілік стипендиялар ұйымдастыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мұны аудан әкімінің жеке өзі алға міндет етті. – Тойдың өзіне келсек, тағы қандай нақты іс-шаралар бар. Мысалы, эс­тетикалық тұрғыдан аудан болмысын көрсететін акциялар бар ма? – Жалпы, бұл сауалыңызға да Фараби бабамыз тұрғысынан келуге тура келеді. Көпшілікке мәлім, Фарабидің мұрасын біржақты дей алмаймыз. Ол сан салалы ғой. Бір ғана мысал, өткен жылдары Сириядан бір ғалым келді. Ол бізге бабамыздың 200-ге жуық әні бар екенін хабарлады. Тіптен өзі аудандық мәдениет үйінің сахнасына шығып, бірнешеуін әуелете шырқап берді. Сондағы төбеміздің көкке жеткенін көрсеңіз?! Бәрін айт та, бірін айт, бүгінгі ғылым заманауи ноталардың әу баста Фарабиден өрістегенін айтып жүр емес пе? Музыка саласында да бабамыздың атқарған еңбегі орасан. Біз бұл жағын ескеріп отырмыз. Және де ол кісі көркемсуретші де болған деген дерек бар. Мұны да жад етіп, тойда ауданның шеберлері туындатқан 80-дей көркемөнер туындысын көрсетпекпіз. Ертеңгі думанда оларды тамашалауға толықтай мүмкіндік аласыздар. – Сөзіңіздің майы тамып тұр. Әбден қызықтырдыңыз. Думан қай күндері өтеді? – Осы жылы, қыркүйек айының 24-25-і аралығы Отырарға барыңыз. Шара екі күндік, яғни қыркүйектің 24-інде ғылыми конференция, ал 25-інде «ән-күйімен» дегендей, нағыз той­дың өзі өтеді. Рас, бұл шаралар жай ғана еріккеннің ермегі емес. Біз осының алдында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес 4 тақырып бойынша үлкен байқау жариялаған болатынбыз. Бұрын-соңды бұл тақырыптарда көлемді-көлемсіз, ірілі-ұсақты дү­ниелер баспасөз беттерінде ретіне, кезегіне қарай жарияланып келді. Дегенмен бұл еңбектерде ауданның өткені мен кешегісі, бүгіні толық қамтылды дей алмаймыз. Сондықтан жоғарыдағы тақырыптарға түрен сал­ғандай жаңа қырынан, әсіресе, тә­уел­сіздіктің таңы атқаннан соң қолға алынып жатқан заманауи жұмыстар туралы кеңінен баяндалған еңбектер жоғары бағаланады. Байқауға болса да жүлделер тағайындалады. Бас жүлдеге – 300 мың теңге. Екінші орынға – 100 мың, үшінші орынға – 50 мың теңге. Мұнда, жаңа айтып өткендей, аудан мерейтойы, аудандық газет пен Шәмшінің, Фараби бабамыздың мерейтойына арналған тақырыптар қозғалады. Той күні жеңімпаздар арнайы марапатпен марапатталмақшы. – Енді сөз аяғын Отырар ауда­ны­ның экономикалық-әлеуметтік ахуалына аздап бұр­сақ. Нан болмаса, ән қайдан болсын? – Иә, «Нан болса, ән болады» дегендей, әл-ауқатымыз артып келеді. Ауданның экономикалық жағдайына қатысты біз де биыл 6 айға есеп бердік. Облыс әкімі атқарылған жұмыстар жөніндегі есептерді тыңдады, саралады. Әділін айту керек, «барлық салада ілгерілеу бар» деген оңды баға да алдық. Содан келіп, биылғы жыл­ғы пилоттық жобаны жеңіп алдық. Сөйтіп, 1 млрд. теңге көлеміндегі қар­жы аудандық есепшотымызға аударылды. Біз бұған қатты қуаныштымыз. Біріне бірі себепші. Аудан әкімі Бейбіт Шалдарұлының өзі басшылыққа келген уақыт аралығында 97 істі атқарғанын көзбен көрдік. Идеология саласының басшысы ретінде әрбір атқарылған жұмыстарды саралап көрдім. Осыншама істер тындырылған. Бұл деген – жақсы көрсеткіш. Бірнеше емхана жөнделімі, мәдени орындар ашылуы, каналдар тазалығын реттеу, су жүргізу жұмыстары, т.б. көкейкесті мәселелер бірте-бірте шешімін табуда. Мәселен, Темір ауылына ағын су келтіруде ол кісі шапшаңдықпен іске кірісіп, игілігін ел көріп отыр. Ауданда үлкен жұмыстар атқарылды. 98 мың түп ағаш отырғызылды. Мұның бәрін баяндай берсе, тағы бір сұхбат беруге тура келеді. – Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан Абылайхан ҚАЛНАЗАР

3593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы