• Тұлға
  • 10 Қараша, 2010

«Қазақтың Геродоты» атанған ғалым

Қай халықтың болмасын өзіне тән тарихы болады. Әр ел өз тарихындағы өсу, өрлеуі жайлы тарихи шежірені білмесе, ол елде даму, келешекті бағдарлау деген болмайды. КСРО-ның кезінде халқымыздың төл тарихын оқуға мүмкіндік берілмеді. КСРО-ның оқулығы Ресей патшаларының тарихын оқытып, еліміздің тарихына ешбір мән берілмеді.

Осындай қиын заманға қа­рамастан өз елінің тарихын зерттеуші азаматтар табылды. Сондай ұлтжанды ұлдардың бірі – зерттеуші тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов. Ол өзінің қазақ тарихы туралы жазған еңбегі үшін жазаланған да. Бірақ ғалым өзінің алған бетінен қайтқан жоқ. ҚазМУ-дің тарих факультетінің қазақ тарихы афедрасының меңгерушісі болып жүрген кезінде «Қазақ елінің тарихын» одан әрі жалғастырған. Міне, осы кезде «өз елінің тарихын оқытудың Геродоты» атанған Тотай Тәжіұлы Тұрлығұ­лов Е.Бекмахановтың аспиранты болып ғылыми жұмысын бастаған. Тотай Тәжіұлы «Мектепте Қазақ КСР тарихын оқытудың проблемасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шыға­ды. Кеңес дәуірінің қаһарына мініп тұрған кездің өзіне қарамай мұндай тақырыпта ғылыми жұмыс қорғауы сөзсіз ерлік еді. Осы үшін жоғарғы жақтан ескертулер де алды. Бірақ Тотай Тәжіұлы тәуекелге бел буып, халқымыздың тарихын мектептерде оқытудың тәсілдері мен әдістерін жазып, оған қосымша 5-6-сыныптарға оқулық та құрастырған. Кеңес дәуірінің кезінде өз елінің тарихын оқыту­дың мәселелерін көтеріп, батыл жолға шығудың өзі ерлікпен бірдей еді. Өйткені мектептерде Қазақстан тарихы бойынша берілетін сағаттың саны өте аз болды. Сол себепті ол өзі басқарып отырған Тарих, қоғамтану және географияны оқыту лабораториясының қызметін пайдаланып, КСРО тарихы құрамында Қазақ КСР тарихын оқытудың тәсілін қосып, сағат санын өсірудің жолын тауып отырған. Осылайша Қазақстан тарихы бойынша оқушыларға ақпарат берудің үлесін тиімді пайдаланған. Болашақ ұрпаққа өз елінің тарихын танытқан. Өлгені мен өшкенін өнеге еткен. Өз елінің тарихын мектептерде жаппай оқытудың тәсілдері мен әдістерін жан-жақты жетілдіруді ғалым алдына мақсат етіп қойған. Ол мақсатына да жетті. Ендеше, «қазақтың Геродоты» атанған ғалымның өнегелі өміріне көз жүгіртіп көрелік. Тотай Тәжіұлы Тұрлығұлов 1930 жылы 23 желтоқсанда Қызылорда облы­сының Сырдария ауданындағы «Каз­рис» (қазір Досан ауылы) колхозында дүниеге келген. Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институ­тының тарих факультетін бітіргеннен кейін Қызылорда қалалық, облыстық комсомол комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Ал 1953-1965 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, оны профессор Ермұхан Бекмахановтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғаумен аяқтайды. 1965-1972 жж. Ы.Алтынсарин атындағы ПҒҒЗ институтының тарих пен географияны оқыту секторының меңгерушісі, ал 1972-1991 жж. КСРО Педагогикалық Ғылымдар академиясының Оқыту мазмұны мен әдістері ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалында тарих, қоғамтану және географияны оқыту зертханасын басқарып, осы пәндерді ұлт мектептерінде оқытудың маңызды проблемаларын зерттеумен айналысады. Осы кезден бастап республикадағы ұлт мектептерінде осы пәндерді оқыту жайы ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерттеліп, оның ерекшеліктері анықталады. Зерттеу негізінде қазақ мектептерінде тарих, қоғамтану және географияны оқытудың өзіндік әдістемесі жасалынады. «Жалпы білім беретін мектептерде тарих, қоғамтану, географияны оқытудың оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету бағдарламасы» жасалып, зерттеледі. Ғалым басқарған лаборатория 1970-1980 жж. жалпы білім беретін мектептер жаңа білім берудің мазмұнына көшкенде қоғамдық пәндер бойынша жаңа бағдарламалар, оқулықтар және басқа да оқу құралдарын жасаумен шұғылданған еді. Әсіресе, Тотай Тәжіұлының шығармашылық ізденістері Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін әлдеқайда кеңейе түсті. Егемендікке байланысты жаңа буын оқулықтарын жазудың жаңа бағдарламаларын жасады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен жасау жөнінде қыруар ғылыми-әдістемелік және ұйымдастыру жұмыс­тарына басшылық етті. Тек қана 2000 жылы Тотай Тәжіұлы басшылық еткен авторлар ұжымы бір тілде екі оқулық, 6 әдістемелік құралды баспадан шығарды. Одақтас республикалар тарихын мектепте оқыту проблемасы жөнінде ол – Кеңес елінде кандидаттық диссертация қорғаған тұңғыш ғалым. Сондықтан да Орта Азия Кеңестік республикаларының осы салада кейін диссертация қорғаған ізденушілердің бәрі де Тотай Тәжіұлынан кеңестер алған. Олар осы кезге дейін оны осы саладағы, осы аймақтағы жетекші маман деп санайды. Тотай Тәжіұлының 1960 жылдың басынан бастап өз елінің тарихын оқытуды жүйелі түрде зерттеуді қолға алды. Осы проблема бойынша 1965 жылы кандидаттық, ал 1998 жылы докторлық диссертация қорғады. Тарихты оқыту теориясы мен әдістемесі мамандығы бойынша 1990 жылға дейін ТМД елдерінде педагогика ғылымдарының докторы гылыми дәрежесін алған ғалым. Қазақстан тарихын мектепте оқыту мәселесі бо­йынша оның 170 ғылыми-әдістемелік еңбегі жарияланды, олардың арасында монография, 8 окулық, 9 бағдарлама (біріккен авторлар), 40-қа тарта оқу-әдістемелік құралдар бар. Ғалымның оқулығы – мектепте 50 жылдай пайдаланып келе жатқан республикамызда сирек кездесетін авторлардың бірі. 4, 5, 6, 11-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтары 1962 жылдан бері қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерін­де басылды. Солардың бірі – 5-сынып оқулығы 1991 жылы республикада тарих оқулықтарына жарияланған конкурста бірінші орын алды. Ол – қазір Анкарада бірінеше тілде басылып жатқан 10-11-сыныптарға арналған «Ортақ түрік тарихы» оқулығы авторларының бірі. «Ұстаздық еткен жалықпас, Үй­ретуден балаға...» дегендей, ғалым шә­кірт тәрбиелеуден де еш жалыққан емес. Осы күнге дейін оның ғылыми жетекшілігімен 10 ізденуші мектепте тарихты оқыту теориясы мен әдістемесі бойынша кандидаттық диссертация қорғады, қазір де 4 ізденуші диссертация дайындау үстінде. Т.Тұрлығұлов республиканың ха­лық ағарту, әдістемелік орындарымен бір­неше ондаған жылдар бойы өзі де, өзі басқарған лабораторияны да тығыз шығармашылық байланыста ұстады. 1965-67 жылдары Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің, 1995-1998 жылдары Абай атындағы АлМУ-дың тарих-пе­да­гогика факультетінде қазақ тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі­нен лекция оқыған. Сонымен ғалым – өзінің ғылыми жетекшісі, академик Е.Бекмаханов бастаған қазақ халқының тарихын мектептерде оқыту мәселесі­нің, теориясы мен әдістемесін ғылыми дәрежеге көтеріп, негізін қалыптастыр­ған ғалымның бірі. Ғалымның еңбек жолымен танысқан әрбір азамат оның өз елінің тарихынан жастарға білім беру жолында аянбай еңбек еткеніне тәнті болады. Ол әлі болса да 2000 жылдан бас­тап Қазақ Мемлекеттік қыздар педа­гогикалық университетінің тарих фа­культеті студенттері алдында тарихты оқыту теориясы мен әдістемесінен лекция оқиды. Оның Алматы қаласы мен облыстық, республикалық педагог кадр­лар білімін жетілдіру институттарында оқыған лекцияларының сағаты бірне­ше мыңға жетеді. Сексеннің сеңгіріне шықса да еңбектенуден, ізденуден, үйретуден жалықпай келеді. Сондықтан оның өнегелі өмірі ғылым жолын қуушы кез келген жасқа үлгі болуы тиіс. Сәйден ЖОЛДАСБАЕВ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

5553 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы