• Тұлға
  • 22 Желтоқсан, 2010

Менің мәңгілік старостам

d0b1d0b0d0b9d181d0b0d0bad0b0d0bbd0bed0b2d0b0Осы қыздан кәдімгідей аяқ тартып жүретінмін. Әлі де солай, ай... Бас-көзіңе қарамай, мініңді бетіңе айтып тастайтыны бар. Ондайды кім жақсы көреді дейсің. Бір қызығы – неғұрлым одан бойымды аулақ ұстауға талпынсам, соғұрлым жақын жүретін болып алдым. Екеуміз алты жыл бірге оқыдық. Одан кейін ана жақта төрт-бес жыл, мына жақта төрт-бес жыл дегендей, бір газетте жүрдік. Әлі де бірге жұмыс істеп келеміз – барлығы он бес жылдай уақыт бойы бірге келе жатырмыз. Сонда да түсініп болмайсың. Адам жаны жұмбақ болатыны рас-ау. Ал әйел адамның тылсым құпияларын сұрамай-ақ қойсаңыз да болады. Нұржамалды осы күнге дейін толық тани алмай келе жатқаныма сондықтан өзім де таңғалмаймын.

Ол менің маңдайыма жазылған мәң­гілік старостам сияқты. Айтпақшы, ол біздің курстың старостасы-тұғын. Сол әдеті әлі қалмайды, оны біз де әліге дейін старос­тамыздай көреміз. Адам өзін басында қалай танытса, сол қалпында көңілде мәңгі қалып қалатын сияқты. Біз 1980 жылы оқуға бірге қабылдан­дық. Қазақ мемлекеттік университетінің да­йын­дық бөлімі ол кезде өте маңызды буын саналатын. Еңбек стажы бар жастар­ға арналған оқу бөлімі бір жыл бойы мек­тептің жоғары сыныбының кеңейтіл­ген бағ­дарламаларын оқытып шығаратын. Өзің қалаған мамандықтың бірінші курсына түсерде, кәдімгідей білімің толығып, қа­лалық қалыпқа келіп, студенттік өмірдің қыр-сырын жап-жақсы үйреніп қаласың. Ауылдан мектеп бітіріп келетін сарыауыз балапандардың қасында өзіңді емін-еркін ұстап, оларға мұрын шүйіре қарайсың. Дайындық бөлімінен келгендердің бө­лектеніңкіреп, бір үйдің балаларындай болып тұратыны да бар еді. Бір-бірімізге бауыр басып кеткендіктен бе, барлық факультеттегі дайындық бөлімінің қыз-жігіттері тіпті осы күнге дейін бірін-бірі қадірлеп тұрады. Алматыдағы алғашқы жылдың қызықтары көңілде мәңгі қалады емес пе, бәрі соның әсері болар. Қайран, Алматы кімдерді табыстырып, кімдерді дос­тастырмады дейсіз. Осылайша бір-бірімізді өзімсінген­діктен шығар, дайындық курсынан түс­кендер старостамыз Нұржамал болған соң, сабаққа да «еркін қатысып», келіп-кетіп жүретінбіз. Бір күні СОКП тарихы пәнінен емтихан тапсыратын болдық. Баяғы Нұржамал гүлге, үстелге қоятын сусынға ақша жинап жатыр екен. Біз – Ескендір Ертаев екеумізге Мұқағали Мақатаевтың жаңа шығып жатқан екі томдық кітабын әкелуді табыстады. Біздер ол кезде әрі оқып, әрі жұмыс істеп, жақсы тұратынбыз. Содан екеуміз кітапты сатып алдық та, екі томына бірдей қолтаңба жазып қойдық. «Нұржамал! Студенттік шақтардың қызықты жылдарынан естелік болсын» деген мағынада болатын. Ертеңіне рахметтің орнына ұрыс естімесіміз бар ма. Біз өп-өтірік түсінбеген сыңай танытып, «Кітап сатып алып бер» деген өзің емес пе деп қоямыз. Емтихан тапсырғанда, кітап сыйлағанды кім көрген, Нұржамалдың өзі де тым асыра сілтеп жіберетін еді. Қанша дегенмен, коммунист еді ғой. 1960 жылы 28 желтоқсанда дүние есігін ашқан Нұржамал Байсақалова еңбек жолын бұрынғы Талдықорған облысындағы Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылында («Октябрь» қой совхозы) бастады. Тағдыр-талайы ауырлау болған Нұржа­мал кiшкентай кезiнен әке-шешесiнен жетiм қалып, өмiрдiң ауыртпалығын кө­рiп өскен. Оқушы кезiнен бастап-ақ ша­руашылықтың барлық саласына емiн-еркiн араласа бастаған ол өзiнiң туған ауылында механизатор болып, трактор тiзгiнiн ұстады. Қайсар қыз ешқандай қиындық­қа мойыған жоқ. Соның арқасында еңбегi еленiп, ауылдық кеңестiң депутаты да болды, партия қатарына да өттi. Қоғамдық жұмыстардың ешбiрiнен шет қалып көрмедi. Жерлестерi мен әрiптестерi оны сол үшiн де мақтан тұтты, басқаға үлгi-өнеге етiп көрсеттi. Жоғары оқу орнын бiтiрiп, өзi қалаған мамандықтың бесаспап майталманы болып шыққан Нұржамал – бүгiнде елiмiзге танымал, белгiлi журналист. Журналистика саласында 25 жыл, ширек ғасырдан берi, қажымай-талмай еңбектенiп келе жатқан ол – қазақтың өжет те қайсар қыздары­ның бiрi. «Алматы Ақшамы» газетiнде 19 жылдан астам уақыттан берi тапжылмай еңбек етiп келедi. Алматы қаласының даму бағдарламасын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп, өз үлесiн қосып келе жатқан Нұржамал Байсақалова Алматы қаласындағы бес бiрдей қала әкiмiнiң Құрмет грамотасының иегерi, мәслихаттың Құрмет грамотасын 2 рет алған, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Құрмет грамотасының иегерi. Қаладағы жаңа аудан – Алатау ауданы ашылғалы берi осы ауданның тыныс-тiршiлiгiн көрсетуде де ерекше көзге түсiп келеді. Медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттауда да алдына жан салған емес. Әйелдер iсi және демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның мүшесi. Ердiң iсiн атқарып келе жатқан мұндай қайсар қыздарымыз, шындығында, саусақпен санарлықтай ғана. Ақты – ақ, қараны – қара деп айтуды ғана білетін Нұржамал университетте жүргенде, біз үшін «Раушан-коммунист» болатын. Ал коммунистерден біз кәдімгідей қорқатынбыз. Кейінірек, оқу бітіріп, бірге қызмет істей бастаған кезде ғана старостамызбен жақсы араласып кеттім. Тіпті өмір жайында, болашақ туралы ұзақсонар әңгіме тиегін ағытатынбыз. Екеуміз кей уақтарда бір мезгіл сырлас та болып кететінбіз. Қыз бала ретінде жігіттермен сөйлесудің айла-тәсілдерін біле бермейтін Нұржамал­ға мен кәдімгідей «сабақ беріп» жүрдім. Қыз бала өзін қалай ұстау керектігін, оты­рыстарға, тойға барғанда қалай сөйлеп, қалай қою керек екендігін, көз тастаудың да сан түрлі мағынасы болатынын – бәрін-бәрін жалықпай айтып, үйрете бастайтынмын. Мен әзіл-шыны аралас ойнап айтсам, ол соған кәдімгідей көңіл бөліп, ұйып тыңдап қалатын. Біз болсақ, өмір бойы әзіл-қалжыңмен өскен ортада жүрдік қой, ал ол көп нәрсені тіке, өз мағынасында түсініп жүретін. Көпке дейін оған әзіл айту жараспай да жүрді. Тік жүріп, тік тұрып қалған адамға ондайды бірден үйрену де оңай нәрсе емес болса керек. Кейін әбден үйреніп, меңгеріп алды да, өзімізді сан соқтырып кететін болды ол. Баяғыда Нұржамалдан мықты қай­раткер шықса шығар, жақсы журналист, мықты қаламгер шыға қоймас-ау деп жүретінмін. Сөйтсек, ол бар сырын ішіне бүгіп жүріпті ғой. «Жас Алашта» («Лениншіл жаста») жүргенде-ақ қаламы күн санап ұшқырлана түсіп, оқырмандарға ой саларлық талай дүниені жайып салды. Өзі қатарлас қаламдастардың алды болып жүрді. Сол жазуының арқасында елге танылып, беделді қаламгер қатарына қосылды. Шынын айтсам, басқа достарымыздың ауылдарының аты қалай аталатынын да білмей жатамыз ғой, ал Нұржамалдың ауылының аты Қоңырөлең екенін елдің бәрі білетін. Мұның өзі оның қаламының қуатын көрсететін болса керек. Ол бізге әлі де ұрысып қояды. Оған әбден үйреніп те алғанбыз. Курстасымыз емес, бірер жас үлкен болған соң, әпкемізге айналып кеткен сияқты. Біз де кінәлі адамдай бүгежектеп, оның алдында кішірейеміз де қаламыз. Өйткені ол бәріміздің басымызды қосып, ұйымдастырып, зыр жүгіріп жүретін де, біз оған бағынышты болып жүретінбіз. «Қызметтестер хикаясы» деген комедияда туған күнге, қайтыс болған кісіге орай ақша жинай беретін деталь бар емес пе еді. Біздің Нұржамалдікі де айна-қатесіз сол. Баяғыдан сондай еді өзі. Ақша жинайтын жерін айтпаймын, телефон құлағын көтеріп алып, елдің бәрін ұйымдастырып, жұрттың бәрін құлақтандырып, үнемі тыным таппай жүретін. Бұл жағы көбімізге ұнай қоймайтынын жасырғым да келіп тұрған жоқ, бірақ кейіннен осыған да зар болып қалдық. Ол тұрмысқа шығып кеткен соң, көп іске қолы тие бермейтін болды. Үйде күйеуі, бала-шағасы бар адамға қоғамдық жұмыстар үшін уақыт қалушы ма еді, тәйірі. «Әй, са­уап болды!» деп қалжыңдап қойғанымызбен, қазір бір нәрсе бола қалса, курстастарды ұйымдастырып, басын қосып жүретін адам қалмады. «Мені жек көретін едіңдер, енді көріңдер өздерің ұйымдастырып. Елдің басын қосу оңай ма екен, байқайсыңдар» деп қояды арасында өзі. Әй, өмір-ай десейші! Сөйтіп жүрген біздер де біраз жерге келіп қалыппыз. Міне, Нұржамалымыз елудің есігін ашып, артына қарайлап қояды. «Несіне қарайлайсың, ау! Бас алға!» дегіміз келеді. Шынында, артыңда курстастар – біз келе жатырмыз, қорықпай алға баса бер, Нұржамал! Саған жүзге жеткен жарасады. Сен соған лайықсың. Қоңырөлеңің қоңыр кешіңді өткізе жатар, біз өмір өлеңін айтып жүре берейік. Мәңгілік старостамыздың, шынында да, мәңгілік болғаны жақсы. Әнуарбек ӘУЕЛБЕК, ҚР мәдениет қайраткері, ақын

3774 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы