• Тұлға
  • 29 Желтоқсан, 2010

«Ісімізде ақау болмайды»

d0bad0b5d0bdd188d0b8Жерінің асты қазына, үсті ырысты қазақ жерінде тағы бір жас, жаңа алып өндіріс орны ашылды. Арқа мен Алтайдың арасын алтынды жолмен жалғастыруды мақсат еткен «Алтай полиметалдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алға қойған мақсаты биік. Ол туралы әзірге толық мағлұмат болмаса да, Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз орталығының мәліметінде серіктестіктің серпінді істері туралы қысқаша айтылыпты. Әрине, алғашқы қадамын әлеуметтік мәселені көтеру бағытына арнаған өндіріс орнының бүгіні мен ертеңі кім-кімді болса да елең еткізері анық. Осыған орай жаңа өндіріс орнының жай-жапсарымен танысу мақсатында «Алтай полиметалдары» ЖШС-ның бас директоры, елімізге белгілі, танымал кен маманы, кезінде әйгілі «Қазақмыс» сынды алып корпорацияның басшылық буынында болған Махмұт Қасланұлы Әліпбергеновпен әңгімелесудің сәті түсті.

– Құрметті Махмұт Қасланұлы, алдымен осы аталып отырған «Алтай полиметалдары» ЖШС жайлы қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қашан, қалай, қайда құрылған дегендей. – Әрине, атауға әбден болады. Алдымен, заңды тұлғаның атауына келсек, ол – «Алтай полиметалдары» деп аталады. Мемлекеттік тіркеуден 2007 жылдың 3 қазанында өткен. «Алтай полиметалдары» ЖШС жер қойнауын пайдаланушы болып табылады. Қазіргі кезде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Хантау алаңшасында алтын, мыс және ілеспе металдарды барлау бойын­ша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудеміз. Аталған аймақтың барлауға алынған көлемі 276 шаршы шақырымды құрайды. Осы жерлерде жұмыс атқару үшін қомақты көлемде инвестиция құйылды. Қазір мұнда жалпы көлемі 38 000,000 қума метр­ден артық 71 ұңғыма қазылды. Бүгінгі күні Қарағанды об­лы­сындағы «Көктасжал» мыс кен орнында барлау жұмыстары мен басқа да өндірістік жұмыстарды бастап кеттік. Осы ретте айта кететін бір жайт, біз осы кен орнын игеру мақсатында атқарар істеріміздің ең бастысы сол, ол – жергілікті жердегі елді мекенді абаттандыруды, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуді алғашқы кезекте қойып отырғанымыз. Бұған қомақты қаржы да бөлінді. Бұл ретте Қарағанды облысы әкімдігімен атқарар істеріміздің көлемін көздеген арнайы меморандумға қол қойылды. – Ендігі әңгімені осы «Көктасжал» кен орны жайлы және әлгінде ай­тылған меморандум бағытына бұрып айтсаңыз. – Әңгіменің желісі де осыған келе жатқан жоқ па? Жалпы, «Көктасжал» кен орны Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарайды. Қарағанды облысының әкімі Серік Нығметұлы Ахметов пен осы «Алтай полиметалдары» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Борисович Юн қол қойылып қабылданған меморандумда екі жақтың да мақсаттары мен міндеттері нақтыланды. Мәселен, бұл меморандумда Қарағанды об­лысының Қарқаралы ауданының, сонымен қатар Егіндібұлақ және Теректі ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2010-2013 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру міндеттері айқындалды. Осының негізінде автокөлік жолдарын, су жүйелерін, су ағарларды және электр жүйелерін жақсартып, дамыту қолға алын­бақ. Әлеуметтік сала нысандарының материалдық-техникалық базасы ны­ғайтылмақ. Сондай-ақ тұрғын үйлердің, басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынады. Ауыл­ды арзан электр энергиясымен қамтамасыз етуді біздің серіктес­тік жүзеге асырмақ. Транзиттік энергетикалық әлеует құру арқылы өңірдің өнеркәсібі дамитын болады. Бүгінгі күнде ең өзекті болып отырған жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа құрылыстар­ға, өндіріс орындарына жергілік­ті тұрғындардың есебінен еңбек ететіндердің санын алғашқы кезекте жүзге, кейін 300-ге дейін жеткізу көзделуде. Өңірдің әлеуметтік дамуын көтеру мақсатында 10 млн. доллар көле­мінде қаржылай көмек көрсетіл­мек. Теректі ауылында жүз коттедж үй құрылысы басталмақ. Осында спорттық сауықтыру кешені, балалар бақшасы бой көтеретін болады. Кенттегі көшелерді жарықтандыруды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Бүгінде қай мәселе болса да жол қатынасына тәуелді екені анық, әсіресе, өңірдегі автожолдардың жағдайы сын көтермейтіні белгілі. Бұл жағдай Егіндібұлақ пен Теректі ауылдарының арасында да байқалады. Алғашқы кезекте осы екі ауылдың арасындағы жолды жақсарту үшін 32 шақырым автожолын өз қамқорлығымызға алмақпыз. Ауызсу мәселесі де меморандумда айқындалды. Бұл жұмыстардың бәрі де белгіленген уақытта басталып, көзделген уақытта пайдалануға беріледі. Себебі біздің әр атқаратын ісіміз нақты есептермен айқында­лып, жоспарланып, жобаланған. Әр күннің өз несібесі бар десек те, жос­парлы жұмыстарымыздың жүйелі атқарылуын ұдайы назарда ұстап отырмыз. Кейінге қалдыру, жоспарлы жұмысты кешіктіру дегендей жағдайларға орын берілмейді. Бұлай батыл айтуымның себебі, бізде қазір­гі кезде жұмысқа қабылданғандар кезінде ірі-ірі өндіріс орындарында еңбек етіп, өзіндік бай тәжірибе жинаған өз істерінің шеберлері. Кен өндіру ісінің нағыз мықтылары бізде жиналған. Демек, бастаған ісімізден ақау кетпейді деп сенімді түрде айта аламыз. – Мына бір мәселеге назар аудара кетсек. Осы аталған жобаны жүзеге асыруға қанша уақыт кетеді деп ойлайсыз және негізгі шығарылатын өнім жайлы білуге бола ма? – Айтайық, осы әңгімеге өзек болып отырған «Көктасжал» жобасын жүзеге асыру үшін оның дайындық кезеңінің өзі бір жылға дейін жоспарланған. Жалпы, кешенді пайдалану мерзімі 22 жылға көзделген. Жоба бойынша осы «Көктасжал» кен орнынан жылына 3 миллион тонна кен өндіру жоспарланды. Болжалды негізгі өнім – ұнтақ мыс түріндегі мыс концентраты және оған қосымша алтын, күміс өндіріледі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Батырбек Мырзабеков Қарағанды облысы

1678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы