• Тұлға
  • 19 Қаңтар, 2011

Мейірім шәрбаты

d181-d0b0d0bad182d0b0d0b5d0b2-1Олар алтау еді. Өздерін «алматылық алтау» атайтын. Елуінші жылдардың орта шенінде Қазақ мемлекеттік университетін бірге бітіріп, жолдамамен жан-жаққа кетіп, жетпісінші жылдары қызмет бабымен Алматыға оралып, қайта қауышқан ұлытаулық Камал Смайылов, қаратаулық Кенжебек Есімов, жетісулық Мұғалімбай Жылқайдаров, атыраулық Өтеміс Қонашев, ақтөбелік Сұлтанғали Қадыров, көкшетаулық Сүлеймен Ақтаев қаламы қарымды дарынды журналистер болатын. Ұдайы жұбын жазбай, той-томалақ, қызық-қуаныштың бәрінде бірге жүретін, осы алтауының арасынан қыл өтпейтін татулығына, бірінсіз-бірі шай ішпей, мидай араласып, отбасымен бірінің үйіне бірі көшіп жүретін меймандостығына таныстарының барлығы таңғалатын.Кейде қатарына мен де кіріп кетіп, қолдарына су құйып, сүлгі ұсынып дегендей, әзіл-қалжыңы жарасқан думанды ортада жүретінмін. Қазір көзі тірі болса, сол абзал ағалар сексеннің сеңгіріне шыққанын кезек-мезек атап, дүркіретіп той жасап жатар шағы ғой. Бірақ қаскөй тағдыр олардың бірін де бұл мәреге жеткізбеді. Үстіміздегі айда солардың бірі, қаламдас-қадамдас ағамыз Сүлеймен Ақтаев сексен жасқа толар еді, алайда алпыс бір мүшелін де көрмей, өмірден ерте озды. Шаңырағын ұстар немересі Темірланы мен шөбересі Әлиханды да көре алған жоқ. Әйткенмен «орнында бар оңалар» деген ғой, бүгінде тұңғышы Ләззат – Орталық мемлекеттік мұрағаттың бас директоры, Бекзаты – белді есеп қызметкері, ал Ақылзаты – білікті кәсіпкер. Сүлекеңнің өзі көрмеген қызығын жары Әмина көріп, шаңырағын шайқалтпай, бала-шағасының ортасында алтын діңгек болып отыр. Сыйлас, сырлас ағаның сексен жылдығына орай, кезінде жазылған эссені жұрт назарына ұсынғанды жөн көрдім. Автор Қазақ тілінен емтиханда маз­мұндама жазудың енгізілуі менің бесінші класс бітіруіме тұспа-тұс келді. Күні бүгінге дейін есімнен кетпейтіні – кластағы жиырма жеті баланың арасында Мұхтар Әуезовтің «Бүркітші» әңгімесі бойынша мазмұндаманы мен ғана «беске» жазып шыққаным... Жақсылық жата ма, бұл болмашы оқиға келесі күні-ақ бүкіл мектепке жайылып кетіпті. Ертеңгісін жетінші класты бітіргелі жүрген жалпақ бас, бадана көз, бидай өңді, томпақ бет бір ересек бала көрген бойда бауырына басып, арқамнан қақты. – Жарайсың, інішек, жарайсың! Бәсе, Ақтаевтар осылай оқыса керек еді ғой, – деп аппақ тістерін түгел көрсетіп жарқылдай күлді. Бұрын үзіліс кезінде жиі ұшырасып жүретін тығыршықтай кеспелтек балаға бұл жолы мен де көз тоқтата қарадым. Үстіндегі кішірейтіп тігілген, оңа бастаған темекі түстес әскери жейде, шалбар өзіне құйып қойғандай. Белін қайыс белбеумен қынай буып тастаған. Аяғында былғары етік. Кәдімгі тымпылдаған полк баласының кейпі. Сонау соғыстан соңғы жоқшылық пен таршылық тұсаған тар заманның, зар заманның сәні осы. Мұндай киімнің өзі ол кезде барда ғана бар. Бақсам, бұл баланың фамилиясы да Ақтаев екен. Аты – Сүлеймен. Бесіншіні бітірер-бітірместен соғыс басталып кетіп, төрт жыл бойы табан аудармастан ауылда жұмыс істепті. Одан алтыншы класты аттап кетіп, осы Көкшетау қазақ орта мектебіне келіп, жетінші класқа түсіпті. Негізі, алтыншыда қаланатын алгебрадан алғаш біраз қиналып, қатарға оқу жылының екінші жартысында әрең қосылып, қазір кеуде шәкірттердің легінде жүрсе керек. – Әдебиет пен тіл жөнінен топ жарар түрің бар, ал арифметикаң қалай? – деп сұрады ол сәлден соң. Мұғалімдердің «әсіресе, мәселелі есепке мығымсың» деп мақтайтынын айттым. – О, ойлауға кабілетің мықты болды ғой онда. Осы бетіңнен танба, балақан! – деп ол басымнан сипады. – Ата-анаң атыңды да тауып қойған екен. Балауыздай жұмсақ бала-жүрекке бірауыз жылы сөз жетіп жатыр емес пе. Сол күннен бастап Сүлекең мектептегі ең жақын адамдарымның бірі болып кетті. Үзіліс кезінде кездесе қалғанда кідіртіп: «Балақан, оқуың қалай?» – деп сұрауының өзі сырттай көз болып қамқорлығына алып жүретінін аңғартқандай да. Содан мен басқа мектепке ауысып кетіп, сегізіншіні бітірген жылы облыстық газеттің қаладағы қазақ орта мектебін тәмамдаушыларға арнап берген бетін оқымаймын ба! Бар-жоғы он бес мектеп бітірушінің төртеуі медаль алыпты. Солардың ішінде өзіме ішіктің ішкі бауындай жақын болып кеткен Сүлеймен Ақтаев та жүр. Медальға бітіргендерге бөлек-бөлек сөз берілген екен, бәрі де инженер боламын депті. «Арманым – журналист болу» деп дара шыққан тек Сүлекең ғана. Екі-үш жылдан кейін көбіне-көп жаз айларында облыстық газеттен «С.Ақтаев» деп қол қойылған суреттемелер мен мақалаларды жиі оқи бастадық. «Біздің календарь» деген айдармен әлем ойы мен өнерінің көрнекті өкілдерінің мүшел күні жиі аталатын кез. Әсіресе, орыс әдебиеті мен мәдениетінің кайраткерлері хақында мақалалар көп шығады. Бір есептен белгілі, бір қайраткер жайында қыруар мағлұмат беретін облыстық газеттің ағартушылық мәні бар сол үрдісі дұрыс та еді, бертін соны бекер сиретіп алған секілді. Сондай мақалалардың біразын тәжірибеде жүрген студент жазғанын білгенде оның тынбай ізденіп, үзбей үйреніп, ұдайы оқитын еңбеккерлігіне қайран қалатынбыз. О тұста аудандық газетке табанымыз іліккен біз де бұл қарекеттен азын-аулақ бірдеңе түсініп қалғанбыз. Өнікті жазу бар да, білікті жазу бар. Екеуін ұштастыра біліп, делбедей тең ұстаған журналистің ғана айы оңынан туады. Алайда жазғандарым ара-тұра облыстық газетте жарияланып, аты-жөніміз ұқсас болғандықтан, жұрт Сүлейменмен шатастырып алса да, тәжірибе тапшы, қалам қарымсыз, қадам батымсыз кез еді ол. Қанат ұшса қатаяды, қалам жазса жетіледі деп, өзіңді өзің қанша алдарқатқаныңмен, журналистикада білімсіз бел аса алмайсың, соны сезіп, мен де ұзамай оқуға аттандым. Институт бітірерден бір жыл бұрын Сүлекеңді мен өз ауылымның көшесінде кезіктірдім. Қасында – осы өңірде орманшы болып істейтін Қайырлы деген әнші азамат. Көре сала шұрқыраса кеттік. – Қарағандының газеттерінде өлеңде­рің жиі жарияланады. Оқып тұрамын. Бірақ басқа жанрға бармай жүрсің. Бәрібір сенің айналып табар қазығың түбі газет болады. Ал журналистика дегенің тәжірибені талап етеді. Сондықтан ерінбей-жалықпай бар жанрда жаза беру керек, – деп, Қа­йырлы басқа біреулермен өз шаруасын тындырғанша, ол маған азды-көпті ақыл айтып та үлгерді. «Үйге кіріп, қымыз ауыз тиіңіздер» дегенге қарамай, көрші ауылда тығыз шаруамыз бар еді деп делбе кақты. Тоқжарау қаракөк ат олар отырған жеңіл тарантасты ала жөнелді. Арты­нан ес­туім­ше, Сүлейменнің Ақан ауылын­дағы Әмина­мен сөзі бар екен. Ол менің туған жең­гем­нің жалғыз сіңлісі, құдашам еді. Ашық әдемі дауысы бар, әнді жап-жақсы салатын. Үй шаруасына шалым­ды. Табанынан от шық­қан пысық әрі ісмер. Тек отбасының шаруасымен ше­шесіне қарайлап, орта мектептен әрі оқи алмаған. Қазақ университетін ай­рық­ша дипломмен бітіріп, облыстық газетте белді қызметкер болып жүрген Сүле­кеңнің өз әріптестеріндей қалалықтарға көз тоқ­татпай, қарапайым ауыл қызын таң­дауы әрқилы пікір де туғызды. Бірақ оның жүрек қалауы жаңсақ баспай, кісі тануы дұрыс болғанын отыз алты жылғы ың-шың­сыз, тату-тәтті тұрмыс құрған жұбайлық өмірі айқын ашып берді. Ағаның айтқанындай-ақ, институттан кейін қала түбіндегі бір мектепте орыс әдебиеті мен тілінен жылға жуық дәріс беріп, айналып, үйіріліп жүріп, ақыры түп қазық газетті таптым. Ол кезде жауапты хатшының орынбасары болып үлгерген Сүлекеңнің ұжымда әжептәуір беделі бар екен. Орталық пен Алматыдан түсетін ма­те­риалдарды іріктеп, сұрыптап, кезекті санға салып, тасқаяқтай қағыстырады. Саяси немесе сыни мақалалардан басқасын өзі оқып, жоғарыларға жалтақтамай, теруге жі­беріп жатады. Беттердің макетін сызып, кезекшілер тағайындау да соның қолында. Қызмет бабымен болмаса жеке шаруаңмен бір жаққа бару қажет болса, сонан сұранып кетесің. Кейде өзі тапсырма беріп, бір жерден материал жазып келуге жібереді. Жұмысы осылай бастан асып жат­қанына қарамастан, өзі де қаптатып жазып, төртінші бетті хабар-ошарға толтырып қояды. Оның үстіне қолы қалт етсе, машинкаға айта отырып аударып, «Пресс-бюроның» материалынан белдеу мақала­лар әзірлейді. Сондай шалымдылығымен, сондай қарымдылығымен біздей әдеби қызметкерлердің бәріне өнеге болды. Көп ұзамай ол алқа мүшесі болып насихат бөлімін басқарса, бұл оны баз біреудің сүйемелдеуі емес, еңбеккерлігі мен іс­керлігіне берілген орынды баға еді. Ол қарауыңдағы әдеби қызметкерлерді қашанда қолдап, қанаттандырып отыратын. Кейбір кексе журналистердей «қажет» дегенді «керек» деп түзетіп, бәрін де өз қорасына айдап тықпай, мақаланың мұртын ғана басып, автордың да, оны қорытқан кызметкердің де стилін бұзбай сақтайтын. – Жазуды өнер тұтқан адам тіл ұстарту үшін бәрібір ізденбей тұра алмайды. Ондайларды шаужайлай берсең шатастырасың, тізгіндей берсең тапырақтатасың, өзіне, өз күшіне деген сенімнен айырып, өркені өсер болашағына балта шабуың мүмкін. Сондықтан олардың жазғанын, тақа ретке келмей бара жатпаса, көп сызып түзетудің қажеті жоқ. Бір мұқалған соң қалпына келуі қиын болат сияқты бұл да, – дейтін ол лездемелерде жас қаламгерлерді ұдайы қолдап. – Қазір қазақ баспасөзі хабар-ошарға жүрдім-бардым қарайтын сияқты. Сол себепті де қазақша ұшқыр хабарлар аз. Біздің әріптестер хабарға мұрын шүйіре қарап, оны жазуды босқа тер төгіп, қызылмай болу деп түсінеді. Соның салқыны жергілікті жерден жазатын тілшілерге де тиіп жүр. Жалпы, газет деген хабаршы екенін ұмытпау керек қой, ұмытпау керек. Қашанғы біз хабар керек деп КазТАГ-қа қол жайып отыра береміз, – дегені және бар бірде. Сүлекеңнің сол пікірлері күні бүгінге дейін де құндылығы мен көкейтестілігін жойған жоқ. Сөйтіп, сөз бәйгесінде құлашты қатар сілтеп, үзеңгі қағыстырып келе жатқан Еркеш, Жанәбіл, Нөгербек, Сүлеймен сияқты қуатты толқыны бар іскер де тату ұжымның тағдыры алпыс үшінші жылдың көкте­мінде аяқастынан «шешілді». Біреулерге жылымық, біреулерге жымысқылық жылдары болған Хрущевтің хатшылығы тұсында Арқадағы алты облыстың қазақ газеттері бір-ақ күнде жабылды да қалды. Көкшетаудың басынан көш келеді, Сан журналист соңынан бос келеді. Газетіңнен айырылған жаман екен, Екі көзден мөлдіреп жас келеді, – деп кезінде «Елім-айдың» сарынымен суырып салып әзіл үшін айтылған жолдар сол сәттегі көңіл-күйімізден сыр шерткендей еді. Сонымен, не керек, бас редакторымыз болып, қалам қарымымыз кәдеге жарар жер іздеп, тұрымтай тұсына тарадық та кеттік. Тек Сүлеймен Ақтаев пен редактордың орынбасары Уәп Рахымжанов қана он төрт ауданның ішінде екеуінде-ақ қазақша шығатын екі газетке басшы болып қалды. Қонар бақыттың, толар ақылдың айдауы ма екен, тағдыр мені Алматыдан бір-ақ шығарды. Сүлекең сол бетпен туған топырақтан табан аудармай, облыстық қазақ газеті қайта ашылғанда бәрін тастап, бұрынғы орнына қайтып келді. Одан редакцияның жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болып біраз отырды. Кенет болмашы бір жайт оны сүйікті газетімен қош айтысуға мәжбүр етті. Ұдайы ізденіс үстінде жүретін қаламгердің назарына не ілініп, қаламына не оралмайды дейсің! Кезінде сол өлкеде Кеңес өкіметін орнатуға көп еңбек сіңірген бір орыс азаматы туралы архивтен тың деректер тауып, газетке жазып жібермей ме. Бақса, ол бір кезде ақтарға да қызмет еткен адам боп шығады. Қауіпсіздік мекемесінде ол туралы да құпия дерек бар екен. Қазір болса ғой, ол кісіні сол бұлыңғыр кезеңнің өзінде-ақ болашақты болжай біліп, әліптің артын баққан ақылды азамат деп мақтар едік. Ал ол кезде бәріне өлшем біреу, пікір жалғыз, кәдімгі партиялық көзқарас. Қылдан тайып кетсең, қағып түсіреді. Сүлекең, сөйтіп, шәлкем шешімнің, қатаң тәртіптің құрбаны болып, аяқастынан орнынан босатылды. Ұша білген қанатқа аспан кең, жаза білген қаламға басылым көп емес пе. С.Ақтаевты Алматыда күткен газет-жур­налдар да бар еді. Бірақ Сүлекең жалт бұрылып, радиожурналистикаға тартты. Тым ұзақ істесең бірсарындылыққа бой алдырып, газет талабыңды тұсап, қаламыңды мұқап тастайтын тәрізді. Сондықтан оның соныдан сүрлеу салып, қабілетінің жаңа бір қырын ашуға бел буғаны орынды болды. Ұдайы іздену мен үнемі еңбектену Сү­лекеңді бұл салада да көп ұзамай бір биікке көтеріп тастады. Хабар алудың көзін жақсы білетін ол эфирді ең соңғы соны жаңалықтармен толтырды. Радиоочерк жанрын және жылдам меңгеріп, әнші Мұса Асайынов, ақын Кәкімбек Салықов, диктор Әнуарбек Байжанбаев, шопан Мариям Аябаева, диқан Майра Қасенова туралы тамаша туындылар берді. Олар Қазақ радиосының алтын қорына қосылып, бертін кейбіреуі жеке кітап болып шықты. Олардың ішіндегі «Дауылпаз дауыс» хикаяты дауыл үнді жезтаңдай диктор Ә.Байжанбаевтың атағын жалпақ жұртқа бұрынғыдан да кеңірек таратып қоймай, автордың журналистикадан жазушылықка ойысып бара жатқан жолын да танытып еді. Сүлекең радиода табиғат қорғау тақырыбын түбегейлі қозғаған жур­налистердің бірі болды. Көбіне-көп «Кызыл кітапқа» кірген аң-құстарды сақтау жөнінде жалықпай ізденіп, келелі мәселелер көтерді. Оның ұлар, қоқиқаз, тырна турасында жазғандары – танымдық тұрғыдан мол мағлұмат беретін дүниелер. Біз ғой, әдетте, «тырнадай тыриған» деп тырнаны біреуді кемсіту үшін қолдануға бейімбіз. Ал біздің түркітектес бір бауырымыз – сахалар, тырнаны, әсіресе, ақ тырнаны бақыт құсы санайды екен. Бірақ сол ақ тырна әлемде өте аз көрінеді. Қазір жер шарында олардың ұзын саны төрт жүздей ғана. Себебі ақ тырнаның аналығы бүкіл жаз бойы екі-ақ жұмыртқа салып, соны басады екен де, одан шыққан екі балапанының біреуі біреуін шұқып өлтіріп тастайтын көрінеді. Демек, оның санын арттыру үшін адамның қамқорлығы қажет. Ондай құс Қазақстанда Есіл мен Тобыл өзендерінің түйісер тұсы – терістік өңірінде жүреді. Табиғат туралы жазғандарының тілі де сол сұлу табиғаттың өзіндей тамылжып тұрушы еді. «Күннің көзі жерден көтерілген буды көк әлеміне қарай тартып әкетіп, ауа дәмі саумал татып тұр. Көкірек кере жұта бергің келеді. Айнала буалдыр көкпеңбек. Сол көгілдір дүниеге сүңгідік те кеттік», – дейді. Осы жолдарды жазғанда араға сегіз жыл салып өзі де сол туған табиғатының қойнына мәңгі сүңгіп, буалдыр бұлдыр, көгілдір күлгін бір тылсым дүниеге көзімізді сүзгізіп кетерін ойлады ма екен?! Жоқ, ойламаған-ақ шығар. Өйткені ол өмірге ынтық еді, қоғамға қайым, заманға бейім еді. Қайта құру қолға алынып, кәсіпкерлік қылтиып бүр жара бастаған кезде: «Шіркін-ай, мына заман, тым құрыса, он жыл бұрын да келмеді-ау» деп күрсінгені бар. Кім білсін, онда ата-бабасының қонысы Қарақалпақ тауын, оның етегіндегі «Қазақстан» ауылын жекеменшігіне алып, жерлестерінің көсегесін көгертіп отырар ма еді, қайтер еді. Аруағын қастерлеп, қазір де өзі оқыған мектебіне атын беріп отырған ауылдастары онда тіпті аспандатып, оны төбесіне хан көтерер еді ғой. Ол алпыс жасқа толғанын тойлаған жылдың жазында қыстың күні қайтыс болған әкемнің басын бекітіп, асын бергелі ауылға кеттім. Жабдықты ойдағыдай өткізген соң Көкшетауда Абылай ханның, Ақмолада Бөгенбай батырдың мерейтойларын қызықтап, Алматыға бір-ақ орал­ғанбыз. Телефон шылдыр етті – Сүлекең екен. – Ат-көлік аман келдіңдер ме?! Біз де сәрсенбінің сәтіне билет алып қойдық, ауыл жаққа жүргелі жатырмыз. Әтәйдің (әкемді мен құсап ол да осылай айтатын) жылына бара алмадық. Амандық болса, осы жолы басына барып, дұға оқып қайтамыз ғой, – деді. Бұл сенбі күні еді. Дүйсенбі күні ол күтпеген жерден ауруханаға түсті. Көңілін білуге барғанымызда: – Алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ. Бірақ дәрігерлердің даурықтырып жүрмесе ішкені ас бола ма?! Жолға шығуға болмайды деп жатқызып тастады. Енді, амал жоқ, айтқан емін алуға тура келеді, – деді ойында қауіп-қатерден түк нышан жоқ. Көңілі де кәдімгідей тетік. Одан өзім бір топ жазушылармен Түркияға іссапармен кетіп қалып, қа­рашаның басында келсем, Сүлекең дәрі-дәрмектен аз күн тыным алайын деп үйіне шыққан екен. Сапарда суықтап қап, сәл сырқаттанып келіп, оның бірден барып көңілін біле алмай, бір аптадай жүріп қалдым. Кенет ертеңгілік телефон... Арғы жақтан әйел дауысы: – Аға жүріп кетті. – Неғып?! – деп отыра кетіппін. Марқұм мені күтіп, келсе ашамыз деп тігін машинасының тартпасына тығып қойған шампан шарабы ішілмей қалды. Ол шампан емес, асыл ағаның асып-таскан көңілінің, ініге деген мол мейірімінің шәрбаты екен ғой. Сарбас Ақтаев, жазушы

4487 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы