• Тұлға
  • 10 Ақпан, 2011

Ислам елдері бүкіл әлемнен бөлек өмір сүрмейді

d0b0d0b1d0b1d0b0d0b1d0b1d0b0d0b1d0b0Жақыпбек Алтаев, философия ғылым­дарының докторы, профессор, ҚазҰУ жанындағы әл-Фараби орталығының директоры

– Жақыпбек Алтайұлы, еліміз алдағы кезде Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Бұл ұйымның негізгі міндеттерінің бірі – Ислам діні, Ислам мәдениетіне қатысы бар мемлекеттердің сыртқы байланыстарын үйлестіру болып табылады. Жалпы алғанда, Ислам әлемінде түбегейлі шешімін таппаған түйткілдер баршылық. Осы орайда әңгімемізді алдағы төрағалықтың салмағынан бастасақ... – Алдымен, мынаны айтқан жөн: Қазақстан өткен жылы сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жетті. Оған Астанада өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Саммиті нақты дәлел. Еліміздің дипломатиясы биыл да белсенді қызмет етпек. Алдағы кезде Қазақстан төрағалық етпекші болып отырған Ислам Конферен­ция­сы Ұйымы ауқымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Яғни бұл құрылым – Азия, Африка, Еуропа және Оң­түстік Аме­рика құрлық­та­рының үлкен жағрапиялық аймақтарындағы 57 мем­лекеттің басын бірік­тіріп отыр. Қазақстан, міне, осындай беделді халықаралық институтты өз басқаруына алады. Оның сыр­тын­да бес ба­қылаушы ел мен бес ха­лық­аралық ұйым бар. Өз басым оның ең жоғарғы деңгейде өтетініне сенімім мол. Бұл елімізге кезекті рет үлкен жауапкершілік артылып отырғанын білдіреді. Рас, Ислам әлемінде болып жатқан мәселелер бізді алаңдатпай қоймайды. Қазіргі таңдағы Мысыр елінде болып жатқан оқиғалардың да қауіп ойлатып отырғаны жасырын емес. Себебі Мысыр – 80 миллион халқы бар Ислам әлеміндегі ең ірі мемлекеттердің бірі. Бұл елдегі саяси жағдайлар Ислам дүниесімен қатар еуропалықтарды да қатты үрейлендіруде. Оның себептерін анықтау, саяси баға беру саясаткерлердің еншісінде. Кейбір әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында оның себептерін исламдық діни негізге байланыстыруда. Жеке пікірім, мұның бәрі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өте төмендеп кетуінен туындап отырған жағдай болса керек. Оны өзгелер менсіз-ақ айта жатар. – Еліміз сол төрағалық барысында қандай исламдық тарихи негіздерге һәм тұлғаларға иек артады? Өзінің ондағы бет-бейнесін қандай ел ретінде қалыптастырады? – Қазақстан Республикасы Пар-ламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім осы мәселеге қатысты бір сұхбатында «Ислам деген дүниежүзі-нен бөлек өмір сүретін дін емес, Ислам елдері бүкіл әлемнен бөлек өмір сүрмейді. Ислам елдері бір-бірімен өте тығыз қарым-қатынаста. Осы қарым-қатынас кезінде дінаралық татулық, дінаралық келісімде Қазақстанның жинақтаған тәжірибесі бар» дейді. Екінші жағынан, бізді Ислам әлемінен бөлек қарау мүмкін емес. Себебі ерте орта ғасырлардан бері Ислам руханиятын дамытқан тұлғалар қазақ сахарасында жетіп-артылады. Сондай-ақ ел тарихының мұ­сылман әлемімен ғасырлар бойы са­бақтас және халқы­мыздың руха­ни мә­дениетінің Ислам өркениеті­мен ежел­ден тамырлас екені ешбір дау туғыз­байды. Ал қазіргі таңда Қазақстан – зайырлы мемлекет ретінде Ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі. Ендеше, Қазақстандағы дінаралық келісім мен сұхбаттастықтағы Исламның орны мен рөлінің артып отырғаны анық. Қоғамымыздағы болып жатқан ислами өрлеу мен діни құндылықтардың қайта жаңғыруы, олардың қоғам мен адам өміріне елеулі ықпал етіп жатқаны көңілге сәуле ұялатады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы да осы Ислам құндылықтарымен тығыз байланысты. Адамзат бойындағы бар руханилық дүниетаным, ғылым мен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз де ұлт болғалы Ислам мәдениетімен біте қайнасып келеді. Оны халқымыздың бо-йынан, ойынан бөліп алып тастау мүмкін емес. Ислам дінінің өмірге келуі Ислам ілімі мен өркениетінің өркендеуіне үлкен жол ашты. Ислам діні мен оның рухани байлықтарын бойына сіңірген араб және түркі әлемі Ислам мәдениеті мен ғылымын, әдебиеті мен философиясын әлемге әйгілі етті. Мұсылман әлемінде ренессанстық құбылыс – орта ғасырлық мұсылмандық өрлеу дәуірі басталды. Бұл «мұсылмандық алтын ғасыр» деген атауға ие болды. Осы тұста Ислам дүниесі қаншама ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Әл-Кинди, Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн-Рушд, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи сынды ұлылар Алла қалау түскен өркениетті әлемге танытты. Осылардың арасында туған топырағымызбен байланысты қаншама бабаларымыз бар десеңізші! – Ал сіз осы ұлылардың ішінен қайсысын атап көрсетер едіңіз? – Бұлардың бәрі де құрмет пен атаққа теңдей лайық. Тіпті олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, бітімі бөлек сұхбат беруге болар еді. Әйтсе де, осынау ұлылардың ішінде өзім тереңірек таныған, басқаларға қарағанда жіті зерттеген адамым – Отырар қаласында дүниеге келген, бар түркі халқына ортақ, қазақ жерінің ұлы перзенті, Ислам әлемінің ең биік шоқжұлдызы, ұлы ғұлама, философ Әбу Насыр әл-Фараби. Жалпы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы әл-Фараби орталығын басқара отырып, осы тұлғаның қазақ халқы үшін орны бөлек екендігіне көз жеткіздім. Менің мұндағы айтарым, қазақ топырағына кіндік қаны тамған Ислам өркениеті мен философиясын, ғылымын әлемге әйгілі еткен жаһан ғалымдарының, оның ішінде еуропалық белгілі ғалымдардың екінші ұстазға деген үлкен құрмет көрсетуі – біздер үшін мақтаныш, ұлы мәртебе. Иә, шындығында, әл-Фараби мұралары өз дәуірінен озып, бүгінгі күнде де адамзаттың игілігі үшін қызмет етуде. Әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы өзін мақтан тұтуы керек. Ол өзінің керемет философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным мүмкіндігінің қаншалықты жоғары екендігін Еуропаға паш етті. – Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің Еуроатлантикалық өркениетке қосқан үлесі, ықпалы турасында айта кетсеңіз? – Әл-Фарабидің Еуропа ғылымына жа­саған ықпалы Еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына алып келді. Әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері өркендеу дәуірінің бетін ашты. Мұны ортағасырлық және ХХ-ХХІ ғасырлардағы Еуропа ға­лым­дарының да өз еңбектерінде зерттеп, қолдап отырғандарының куәсі болып отырмыз. Осының дәлелі ретінде 2010 жылдың соңында Францияда әл-Фараби мұраларының Еуропа мәдениеті мен өркениетінің дамуына қосқан үлесі жайлы халықаралық жиын өткенін атап өтуге болады. Сол жылдың 18 қарашасында Париж қаласындағы ЮНЕСКО Штаб-пәтерінде «әл-Фараби және Еуропалық ренессанс дәуірі» атты Бүкіләлемдік философия күні аясында халықаралық дөңгелек үстел болып өтті. Бұл жиында Франция, Италия, Испания, Швейцария, Сирия, Иран, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан, Қазақстан елдерінен келген фарабитанушы ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Сондағы бәрінің тоқтаған түйіні: әл-Фараби – еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына ықпал жасаған ірі ғұламалардың бірі. – Олай болса, Әбу Насыр әл-Фарабиді біз бірінші кезекте кім деп танимыз? – Әл-Фараби, біріншіден, араб тілді философ. Ол Аристотель, Платон кітаптарын араб тіліне аударды. Өзінің көптеген еңбектерінде олардың идеяларын әрі қарай дамытты. Аристотельді «әлемнің ұстазы» деп атаса, X-XI ғасыр­ларда мұсылмандық Шығыста әл-Фараби «екінші ұстаз» деген атаққа ие болды. – Сонымен әл-Фарабидің жалпы әлем­дік өркениет алдындағы басты еңбегі не? – Нақты ғылыми мәліметтерге сүйенсек, әл-Фарабидің аудармалары арқылы ғана араб әлемі Ұлы Эллиндердің шығармаларын сақтап қалды. Айталық, әуелгі христиандар ежелгі грек мәдениетін құдайсыздар мәдениеті ретінде мойындағысы келмеді. Осыдан келіп, Еуропада біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың соңында ежелгі гректердің бірде-бір әдебиеті мен ғылыми еңбектері сақталмады. Сол шақта қанат жайған жаңа діндер де өз кезегінде өзге тілдерді үйренуге қарсы болды. Осы сүргіннің ішінде VII-VIII ғасырларда мұсылмандар да ежелгі парсылардың – авесталық, пехлевилік, соғдылық жазбаларын және де ежелгі түріктердің барлық жазба ескерткіштерін жойып жіберді. Бұл жазба ескерткіштер тек Ислам ықпалы жетпеген Моңғолия және Алтай аймақтарында ғана сақталып қалды. Осынау әрекеттер сол уақыт үшін жемісті болғанымен, мұражайлық тарих үшін аса залалды болғанын және айта кету керек. Бірақ Ислам әлемі Батыс әлемімен салыстырғанда, әлгіндегі сүргіншіліктердің есесіне бұрынғыдан да сапалы, жаңаша сипаттағы әмбебап жаңа мәдени қалып жасап шықты. Міне, осы серпілістен кейін ғана христиандар ояна бастады. – Ал қазіргі таңда еуропалық бұқаралық санада Ислам дініне, жалпы мәдениетіне қатысты жаңсақ пікірлер белең алып отыр. Бұған не дейсіз? – Иә, бұл орайда Ислам әлемінің әл-Фараби сынды ірі тұлғаларының Еуропа ғылымы мен өркениетіне қаншалықты ықпал еткенін қашанда еске салып отырғанымыз маңызды. Мәселен, мұсылман ойшылдығына жақын ойшылдар және әл-Ғазали, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн-Рушдтардың зияткерлік ілімін жалғастырушы еуропалықтар – Спиноза, Жильсон, Маритен, Харт­ман сияқты философтарды айтсақ та жеткілікті. Меніңше, мұндай деректер тарих оқулықтарында өз орнын табуға тиіс. Жалпы, мұның бәрі де жаңағы Ислам Конферен­ция­сы Ұйымына төрағалық­қа қатысты мәселеден шығып отыр ғой. Сондықтан да форум басқаруына әл-Фараби сынды ірі тұлғаларды бетке ұстап барған ләзім. Яғни төрағалық аясында өзіміздің Фараби ұрпақтары екенімізді үнемі тұғырлап отыру. Осының өзі мұсылман жұртшылығына біздің қаншалықты әлеуетті екенімізді көрсететін болады. – Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан Ерболат Мамырайхан

2599 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы