• Тіл
  • 05 Қараша, 2020

Өз тілімізді өгейсітпейік

Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның ажыра­ғысыз белгісі. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен өлшенеді. Еліміз егемендік алғаннан кейін ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс аясы кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы – күрделі шаруа. Яғни ол өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, т.б. салаларда қоғамның қажетті құралына айналуы қажет.
Мемлекеттік тілдің маңызы азаматтық, патриот­тық, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Түптеп келгенде ол – өңірдің, елдің ұлттық қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылығы мен интеллектуалды даму мәселесі. Сонымен бірге мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет-бейнесі, Туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты қастерлі рәмізі. Ол – азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, бүкіл халықты біріктіретін күш. Тіл – елдің мәдениетін қалыптастыратын ұйытқы, ұлттық бірліктің негізі, адамның рухани және имандылық қасиеттерінің басты факторы. Тіл білу халықты, оның тарихын, тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт- дәстүрлерін терең тануға жол ашады. Басқаларға ұлттық мемлекет ретінде танылғымыз келсе, біз, ең алдымен, қасиетті ана тілімізді сақтауымыз керек. Тілі жоғалған күні ұлттың өзі де жоғалатыны белгілі. Тілін жоғалтып, артынан өздері ұлт ретінде құрып кеткен халықтар қаншама. Бұрынғы Кеңестер Одағы шеңберінде ондай халықтар ондап саналады. Біздің тіліміздің тамыры тереңде. Мыңдаған жылдық тарихы бар асыл мұрамызды қайта жаңарту, оның қолдану аясын кеңейту, отбасы-ошақ қасынан төрге шығару, ең алдымен, жоғары және орта білім беру мекемелеріндегі қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің абыройлы борышы.
Мемлекеттік тіл – сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп сезіне де алмайды. Тарихтан белгілі, қандай ел болмасын тәуелсіздік жарияланғаннан кейін ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Сөйтсе де, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге қандастарымыз ынта-жігерімен үлес қосқанын қалаймыз.

Сәуле МЕҢДІБАЕВА,
полиция майоры, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев
атындағы Ақтөбе заң институтының
оқытушы-әдіскері

1359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы