- Тіл
- 14 Қаңтар, 2021
ТАРИХИ АТАУЛАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕЙІК
Мұрат Бақтиярұлы,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Президент Қ.Тоқаевтың мақаласын саяси сипаты, бағыт-бағдары басым мақала деп есептеймін. Мақалада мемлекеттің, оның ішінде ұлттық мүддені алдыңғы орынға қоятын көптеген пікірлер айтылды.
Балаларды ұлттық құндылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуде әдебиеттің, әсіресе балалар әдебиетінің орны ерекше. Мұны Парламентте де біздің әріптестеріміз жиі көтеріп жүр.
Аумақ мәселесіне келсек, соңғы кезде Ресей азаматтары, оның ішінде Ресей думасының депутаттары, комитет төрағалары Қазақстанның жеріне байланысты ақылға сыймайтын пікір айтып жатыр. Оқып та жүрміз. Өзіміздің пікірімізді де білдірдік. Қазақстан атом қару-жарағынан бас тартқан кезде бізге ірі ядролық державалар кепілдік берген болатын. Ол кепілдікте бірінші кезекте Қазақстанның аумағына, екінші кезекте қауіпсіздігіне ешқандай ел қол сұға алмайтыны тайға таңба басқандай айтылды. Олардың қатарында Америка Құрама Штаттары, Франция, Англия, Қытай, Ресей секілді мемлекеттер бар. Бұл жайында Президент те өз мақаласында Қазақстанның аумағы көптеген халықаралық шарттармен шегеленіп қойылғанын, ол бойынша әңгімені доғару керегін алға тартты. Өз басым мұны толық қолдаймын.
Қазақстанның ішкі шекараларына байланысты айтылатын Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан деген атаулар әртүрлі пікірлер тудыратын сияқты. «Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар» дегенімізбен, меніңше, осы сәтті пайдалана отырып, көптеген аудан мен елді мекендерді бабаларымыз қойып кеткен байырғы, тарихи атауларына көшіруді тез арада қолға алу керек.
Көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің бірі – тіл. Тіл мәселесінің қоғамдағы рөлі де, алар орны да ерекше. Мен өзім де бұл мәселені талай рет көтеріп келе жатырмын. Біз Конституциямыздағы және «Тілдер туралы» заңдағы баптарды өзгертуіміз керек. «Тіл туралы» заң қабылдауымыз қажет. Әрі ол мемлекеттік тіл туралы заң болуы тиіс. Ол заңды қабылдай отырып, халыққа қызмет ететін азаматтардың барлығы мемлекеттік тіл – қазақ тілін білетін жағдай жасауымыз керек. Ол үшін, ең алдымен, мектептің бағдарламасын өзгерткен дұрыс. Орыс тілінде оқытатын мектептің санын қысқартып, балабақша, бастауыш сыныпты толыққанды мемлекеттік тілге көшірген жөн. Білім ордаларындағы орыс тілінің сағатын қысқартып, керісінше, ағылшын тіліне көбірек көңіл бөлген жөн. Балаларымыз екі жүз миллион халықтың тілінен гөрі, миллиардтаған халық сөйлейтін тілді үйрену үшін жағдай жасауымыз керек. Бізде мектепте орыс әдебиеті деген сабақ бар. Ресей біз үшін шетел. Шет мемлекет. Біз Тәуелсіз мемлекетпіз. Неге біз тек қана Ресей әдебиетін оқуымыз керек? Ол орыс әдебиеті емес, әлем әдебиеті болуы керек. Әлем әдебиеті, оның ішінде ағылшын, француз, неміс, соның бір бөлігі ғана Ресей әдебиетіне арналғаны дұрыс.
Президенттің мақаласынан түйгеніміз, отаршылдық сананың қалдықтарынан арылып, санамызды жаңғыртқанымыз жөн.
1611 рет
көрсетілді3
пікір