- Тіл
- 11 Ақпан, 2021
ХАЛЫҚТЫ ҰЙЫСТЫРУ ҚҰРАЛЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы тіл мәселесіне қатысты идеяларына орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбы бойынша алқалы онлайн отырыс өткізді.
Отырыстың мақсаты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген латын графикасындағы қазақ әліпбиі мен емле ережелерін қоғамда кеңінен насихаттау және жаһандану кезеңіндегі қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылау.
Онлайн басқосуға Қазақстан Республикасы Парламенті қос Палатасының депутаттары, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографикалық жұмыс тобының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарының тіл басқармаларының басшылары, тіл оқыту өңірлік орталықтарының директорлары, ұлттық компаниялардың тіл бөлімдері басшылары мен мамандары, әлеуметтік лингвистика саласы ғалымдары және т.б. тіл мамандары мен жанашырлары қатысты.
Отырыс екі үлкен тақырыпты қозғады. Біріншісі – «Латын әліпбиіне көшу: ұлттық бірегейлік және тілдік реформа» деп аталады. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру мәселелері» атты баяндама жасаса, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, белгілі ғалым Анар Фазылжан «Жетілдірілген әліпби жобасы мен емле ережелері ерекшеліктері жөнінде» айтып берді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшу – тілдік реформаның бастауы» туралы сөз қозғады.
«Мемлекеттік тіл: мәселелер және мүмкіндіктер» атты тақырып онлайн отырыстың екінші маңызды мәселелерін талқылады. «Жаһандану кезеңінде мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері» хақында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба талдау жасады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Мемлекеттік тілді көрнекі ақпараттарда қолданудың заңнамалық мәселелері» туралы ой тербесе, «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова «Көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілді қолдану проблемаларын анықтау, тіл қолданысын жүйелеуге әсері» жайлы әңгіме өрістетті. «Тіл-Қазына» орталығы директорының орынбасары Айдос Абдыхалық «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері. Азаматтардың қазақ тілін меңгеру талаптарын жүйелеу мәселесін» талқыға ұсынды.
Іс-шара соңында арнайы қарар қабылданып, мамандар алдағы уақытта да латын әліпбиіне байланысты өзекті мәселелер талқылана түсетінін айтты.
Қ.ЕСЕНТАЕВ
2510 рет
көрсетілді5
пікір