• Тіл
  • 25 Ақпан, 2021

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МӘН БЕРІЛДІ

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Мақұлданған Заң бойынша, бұдан былай Қазақстанда ілінген жарна­маларда мемлекеттік тілдегі мәтін міндетті, яғни  баннерлер, маңдай­шалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштеріне қатысты осындай талап енгізіледі. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова көрнекі ақпарат құралдары (баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б.) елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар екенін атап өтті.

«Құжатты бекітуден күтілетін нәтижеге тоқталсақ, мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолда­нылуын қамтамасыз ету, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуды қамтамасыз ету, мәтіндердің екі тілде теңтүпнұсқалылығын сақтап жазуды қамтамасыз ету.Заң жобасын қабылдау еліміздегі тіл саясатын тиімді іске асыруға ықпал ететін болады, теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық сал­дарға әкеп соқтырмайды. Мем­лекеттік органдарға азаматтардан көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде Тіл туралы заңнама талап­тарының бұзылуына байланысты ша­ғымдардың көптеп түсуі орын алуда. Осы орайда мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың болмауын аза­маттар Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында бекітілген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды» деді А.Райымқұлова.

Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған.

Индира СӘТІМ

 

2281 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы