• Әдебиет
  • 20 Мамыр, 2021

КЕНЕУЛІ ОЙДЫҢ КЕНІШІ

Теледидар кезекті соңғы хабарында қазақ тілінің біртуар ғұламасы академик Рәбиға Сыздықтың ғасырға жуық ғұмырының тұйықталғаны туралы қаралы хабарды жеткізді. Ең сүйікті ұстазынан, болмаса екі туып, бір қалған әпкеден айырылғандай жүректі өкініш, кеудені мұң торлады. Құдай біледі деп айтайын, барша қазақ тілінің мамандары ғана емес, бүкіл тіл жанашырлары, әдебиет ауылының ақын-жазушылары да осы күйді бастарынан кешкендеріне де кәмілмін.
Тоқсан жеті дейтін адам баласы үшін аз өлшем емес шығар, ­алайда бар ғұмырын туған халқының тілі мен оның жықпыл-жықпыл қалтарыс-бұлтарыстарын, қазіргі әдебиет атты өлкенің де бүгінгі жетістіктерін үлгі еткен, жетпей жатқан, әттеген-айларын жеріне жеткізе талдап, таразылап айтудан жалықпаған Тау-Тұлға үшін «Әттең-ай, айтарын айтып, жазарын жазып үлгермеді-ау» дейтін пендеауи өкініштің болғаны рас. Адам баласы тал бесігінен шығып, балалық дәуірден өте бере болашағына ой барлатқаннан соң адамдық борыш, азаматтық парыз деген түсініктерді терең ұғынып, адастырмас мақсатқа қателіксіз бет алса, ол қоғамының, ортасының, отбасының қалаулысы болмақ. Қадірлі әпкеміз Рекең отбасы, ортасы ғана емес, барша қауымы – қазақ дейтін елдің, тіпті бүкіл түркі тілі ғылымын зерттеуші ғалымдардың қалаулы азаматы бола білді.

Осынау шағын естелігімді ­жазарда ол кісіге лайықты қандай тақырыпты таңдасам екен ­деген оймен: «Ғылымның абыз анасы», «Ғұлама-ғұмыр», «Ғалымның қос қанаты – тіл мен әдебиет», «Ғылым аспанының ғарышкері», «Тіл тірегі, әдебиет әміршісі» сияқты тақырыптарды барлап көріп, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің 1959 жылы тілге арналған конференцияда: «Рәбиға Сыздықованың тіл мамандары мен әдебиетшілерге айтар орынды, кенеулі ойы бар...» деген сөзіндегі «кенеулі ой» дейтін бағасына «жиендік» жасадым. ­Расында да, оның санасы кені таусылмас кенеулі ой мен пікірдің кеніші болғаны даусыз.

Ол кісімен кездескен сайын жалпылама «апай» деген сөзді айтпай, пейілімді жақынырақ білдіру үшін «Әпке» деп қайрылушы едім. Енді өзі өмірден көшкен соң да осы жоқтау-естелігімде де аты-жөнін көп қайталай бермей, өзі бардағыдай «Әпке» деп жазуды жөн көрдім.

Әпкеміздің тіл ғылымының сан ­саласын, әдебиет мәселелерін тиянақты зерт­теген еңбектерін бұрыннан оқып жүрсем де, өткен ғасырдың 90-жылдары өзімен танысудың сәті түсіпті. ­«Санат» баспасының директоры марқұм Серік Әбдірайым өтініш жасап, тарихшы ғалым М.Қойгелдиевпен бірлесіп жазған «Қадырғали би Қосымұлы және оның жыл­намалар жинағы» кітабын баспадан шығарып беруге келіскен екен. Қол­жазбаны профессор Рәбиға әпкемнің өзі алып келді. Араб жазуынан қазіргі әрпімізге түсіріліп, түсініктемелері жазылып, машинкаға тап-таза ғып басылған кітапты редактор ретінде оқып шығуға өзім кірістім. Бұған дейін де жалайыр тайпасынан шыққан Қадырғали бидің ескерткішке айналған еңбегі туралы бұл ғалымның «Жами’ат-тауарихтің тілі» ­деген еңбегін шолып, онда бұл шығарманың лексикалық құрылымына талдау жасай отырып, оның оғыз, қыпшақ тілдеріне ұқсайтынын саралағанын және соноу ХV–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ жыраулары тіліне тән ортақ белгілерді көрсетіп бергені есімде еді. Ол еңбегімен аздап танысқанымды айтып едім, Әпкем қуанып қалғандай болды. 

– Келіспейтін тұстарың болса, ескертерсің, – деді сыпайы ғана.

Сөйлемнің дұрыс құрылып, тыныс белгі­лерінің қалай, қайда қойыларына дейін көптеген  мақалалар,  кітаптар жазып жүрген профессормен, әрине, «келіспейтін тұстарым» қайдан болсын. Кітаптың сапалылығы жөнінде де ­хабарлап, өндіріске жібергенімізді айттым. Бірер апта өтпей алғашқы тасқа басылған тексеріс данасын (версткасын) тағы да өзі келіп алып кетті. Екі күннің ішінде кей тұстарына ғана өзгертулер енгізіп, қайта әкелгенде:

– Өзіңіз келіп, өзіңіз оқығанша, екінші автор Мәкеңді де жұмсамадыңыз ба? Ол әлі жас жігіт қой, – деймін.

– Е, Мәмбет бауырым машинкадан кейін де әбден оқып берген, тағы да қарайды ғой, – деп әдемі  жымиысына салған. Кітаптың сүйінші данасы келген соң авторды қуантайық деген оймен ­Абылайхан даңғылы бойындағы үйіне баспа ­директоры Серік екеуіміз келдік. Кітаптың сүйінші данасының келгені туралы екінші автор Мәмбет Қойгелдиевке де телефон шалып ескертіп, түстен кейін баспаға келіп кетуіне болатынын айтқанбыз. Профессор Рәбиға әпкеміз тұңғыш кітабын көргендей балаша қуанып, қалбалақтады да қалды. Үйінде жүрген қыздарға дереу шай қойдырып, кітапты «жуудың»  шағын рәсімін жасамай жібермейтінін қатаң ескерткен соң кідіруімізге тура келді.

Шай үстінде біздің қай жақтың азаматтары екенімізді, қазір не жазып жүргенімізді сұраған. Секең көбіне деректі прозамен шұғылданатынын айтып еді, Әпкеміздің қайдан, қалай естігенін қайдам, «Димекеңнің өмірбаяндық кітабын әдеби өңдеп, жөндеп жазып жүрген сіз емессіз бе?» деп сауал қойған. Секең кітапты өңдеп, жөндеу саласындағы барын ­салып жүрген еңбегін көп айта бермеймін әдетімен: «Біздікі ел ағасына қолғабыс көрсету ғана ғой» деген.

– Бәрекелді, айналайын. Қонаев деген ел бағына туған айтулы тұлға ғой. Халқы барда Димекең ұмытылмайды. Игілікті іске кіріскен екенсің, – деген сөзін ерекше толғаныспен айтқан. 

Менің Шығыстың Зайсанынан екенімді, аздап проза жазып жүргенімді естіген соң, бірлі-жарым әңгімелерімді баспасөздерден оқып жүргенін, «беталысың жақсы» деген сияқты арзан мақтауды айтпай-ақ: «Шығыс беттегі Қалихан Ысқақтың, Қабдеш Жұмаділовтің, ­Оралхан Бөкейдің тілдерінде жақсы жағынан үлгі болардай жаңалық, ерекшеліктер байқалады. Арнайы зерттеудің қажет екенін ойластыру керек сияқты» деген пікірдің ұшығын шығарды.

Әпкем өмірден өтерінен бірнеше ай бұрын барғанымда (өкініштісі, бұл ең соңғы жүздесуі екенін білмеппін) қашандағы әдетімен «Е, Кәдірбек, келдің бе?» деп жылы жүзбен қарсы алып еді. Қалай болғанда да мейірімсіз уақыттың өз дегеніне көндіріп, шаршата бастағаны байқалып қалды. Әлде шәкірттері, әлде күтушілері, «апайлап» бірді-екілі қыз-келіншектер жүрді. Үйреншікті сауал – денсаулығы туралы сұрағанымда:

– Бәріне де шыдауға болады ғой, тек мына көзім күн өткен сайын нашарлап барады. Бұрындары спорт атаулыдан «снукер» дейтін бильярдтың бір түрін жұмыстан шаршаған кезімде тамашалайтын едім. Адамның өз кәсібін игерудегі шеберліктің шексіз екенін осы бір ойын түрінен байқаймын. Қазір соны көріп тамашалаулан да қалып барамын. Ғұмырымды арналған шаруам – жазудан, оқудан да қалдым. Үлкейткіш лупаның да пайдасы азайып барады.

«Халқыңызға, ғылымға аз қызмет еткен жоқсыз. Енді еш нәрсе ойламай, дем алғаныңыз жөн ғой, Әпке» дейтін сөз көмейіме кептелді. Бірақ айтпадым.  Олай десем, «кәрілікті мойындаңыз» дегенмен бірдей болар еді. Жасты ­тасытатын шіркін жүрдек уақыт пен жасамысты жасытатын жемір уақыттың пайдасы мен зиянын кім пайымдай алған? Өмір өткелдерінен тезірек өтем, тағы бір биікке жетем деп жүріп, ең соңғы аялдамаға – жар жағасына жетерін қай пенде бағамдай алған?! Сол оралмас жағаға жетіп қалғанын біле тұра өмір үшін күресін ашқарақтықпен жалғастырып, бүкіл ғұмырының мәні болған сүйікті ісінен қол үзе алмайтын біртуарлар болады екен. Оқудан, жазудан қатал тағдыр қалдырса, тіпті шаршаған сәтінде ой сергіту үшін қызықтайтын бильярд ойынын да тамашалаудан қалса, Әпкемнің бұрын мейірім шуағын ­шашып тұратын дидары мен жанарын мұңның торлағанын жан дүниеммен сезіндім. Бірақ қатал табиғаттың пәрменді ғұзырына кім қарсы тұра алар? «Е,  Әпке, біраз тынығып, дем алғанан көз де қалпына келер» деген болдым.

Сонда айтып еді: «Атақтарды да алып­пын, абыройлы да болыппын. Көптеген орден-медальдармен марапатталып­пын. Президентіміз Қасым-Жомарт  Кемелұлының өзі үйге келіп, ең беделді ордендердің бірін кеудеме тағып кетті. Бақытқа қол жеткізу деген осы емес пе?! Бірақ аяқталмай тұрған, ойға алған ­шаруаларымды тамамдау үшін тағы бір 3-4 ай жанарым қайта оралса, бақытты бола түсер едім. Ұстаздарым, ақылдастарым, академик Қажым Жұмалиев, профессорлар – Сәрсен Аманжолов, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаевтарды айтпағанда, ­замандастарым Шора Сарыбаев, Әбдуәлі Қайдарлардың мені қалдырып кеткендері жанымды торықтырса, ізімізді басып келе жатқан шәкірттерім – дарынды топтың қарасының қалыңдығы көңілді марқайтып, «тәуба!» дегізеді. Бәрібір бақытты екенімді сезінемін».

Мен бұл сөзден артық Әпкемнің зерттей беру, зерделей беру, сонан соң оларды ұрпақ үшін қағаз бетіне түсіре беру үшін жаратылған болмыс-бітімі туралы суреттеп, оқырманды мақұлдата айтуға сөз таба алмаспын...

Мен  тіл маманы емеспін, алайда әуезді, күй ырғағындай сыңғырлап тұрған туған тілімді шала сауатты шенеуніктер мен көп нәрсенің парқына бара бермейтін кей жастардың орысша қыстырмаларды орынсыз қосып, қазақша сөзді: «отырық, тұрық», «барады ма, келеді ме», «барат па, келет пе», «туылған», «25 оқушылар», «жынды көйлек» (жақсы дегендері), тағы сол сияқты тілбұзарлық, қалталарында қос-қос дипломдары болса да, өз өмірбаяндарын қатесіз жаза алмайтын сауатсыздық тым асқынып бара жатқан заманда ара-тұра күйіп-пісіп мақала жазатыным болмаса, бұл ғылымға араласқан емеспін. Тек сөйлемдерді дұрыс құрап, тыныс белгілерін жөнімен қоя білу үшін тіл ғылымына арналған оқулық, кітаптарды біраз жинаппын. Осылардың ішінде Рекең Әпкемнің біраз кітаптары тізіліп тұр. Өз қолтаңбасын қалдырған кітаптары да баршылық. Оларды және менің кейбір шығармаларыма арнайы жазған мақалаларын оқығанда «Апыр-ау, мен де қарап жүрмеген екенмін-ау» деп пендеауи масаттанудың да болатынын несіне жасырайын. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1993 ж.) кітабына: «Ана тіліміздің асылын тауып, әсемдігін тани білген суреткер Кәдірбек бауырыма барша игілікке тілеулес көңілмен. Автордан» десе, ­«Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» (2014 ж.) кітабына: «Тоқсан деген асуға жетем-ау деп, өзімді өзім сыйлау үшін 2011-2014 жылдары жазып, жариялаған ­монографиямды сөз қадірін тамаша тани білетін жазушы бауырым Кәдірбекке зор сыйластықпен Рәбиға Сыздықова. 01.10.2015». Басқа да жазған қолтаңбаларында менің елеусіз ғана еңбектеріме зор баға берді. Әрине, Әпкемнің мені қанаттандыра түсу үшін, «сөз қадірін тани түсуім» үшін жазғаны деп білемін. Ал «Қазақ тілінің анықтағышы» (емле, тыныс белгілері, сөз сазы, 2000 ж.) кітабына: «Кәдірбек, күнделікті жұмы­сыңа қажет болар деп, автор Рәбиға ­Сыз­дықова» деп жазған екен, мінеки 20 жылдан астам бұл кітап жазу үстелімнен орнын ауыстырған емес. Ол –  менің тілсіз кеңесшім...

Ғалымның осы кітабы кез келген журналист, ақын-жазушы ғана емес, қазақша жазатын, қазақша сөйлейтіндер үшін де сөйлемді дұрыс құрап, жазатындарға, тіпті орфографиялық, пунктуациялық ережелерді білу үшін де, тыныс белгілерін орнымен қойып, қолдану үшін де жиі парақтап көріп отыру үшін де қолдан түспес құрал дер едім. Басқасын айтпағанда, «ауыл-аулы», «рақат, рақмет» сияқты сөздерді қатесіз жазу үшін осы кітаптағы «орфографиялық сөздікке» жиі үңілуге тура келеді.

Профессордың 1968 жылы жарияла­ған «Абай шығармаларының тілі» атты еңбегінде ұлы ақынның тілін лингвис­тикалық тұрғыдан талдай отырып, Абай заманындағы әдеби тілдің қазіргі тілімізден айырмашылығы мен ерекшеліктерін ай­қындап берді. Одан кейін де «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970 ж.), «Абай­дың сөз өрнегі» (2004 ж.), «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» (2004 ж.) сияқты ұлы ақынның өлеңдерін осы кітап­тарда жүйелі түрде зерттеді. Сондай-ақ тіл  мәдениеті мен лингвистика, тіл нормалары сияқты негізгі мәселелерге арналған тео­риялық еңбектері қаншама. «Тілдік норма және оның қалыптасуы» (2001 ж.) атты кітабы және басқа туған тіліміздің келелі мәселелеріне арналған еңбектері көп-ақ.

Ғалымның зерттеу объектісінің негізгі бір бөлігі – әдеби еңбектердегі ақын-жазушылар тілінің көркемдік қуаты, сол көркемдікті оқырманға көрсете білетін тілдік құралдар мен тәсілдерді зерттеуге арналған. Бір ғана «Сөз құдіреті» (2005 ж.) атты кітабында М.Әуезов, Т.Ақтанов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О.Бөкей, А.Сүлейменов, Қ.Жұмаділов, С.Бердіқұлов сынды айтулы сөз зергерлерін таңдап алып, олардың бірлі-екілі прозалық шығармаларына талдау жасайды. Ғалым Мұхтар Әуезовтің өткен ғасырдың басында, 20-жылдары қаламынан туындаған әңгіме, повестеріндегі автордың тілі мен кейіпкер сөзінің, төл сөз бен төлеу сөзді астастырудағы, автордың өз сөзі мен кейіпкер сөзінің лексикалық жағынан ерекшеленетінін, сөз қолданудағы сөздерді әрлеу, оларды өз орнына дәл қолдану сияқты көркемдік стильдерді оңтайлы пайдаланудағы жазушы шеберлігін мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. М.Әуезовтің бозбала шағында-ақ жазған шығармаларында сөз қадірін ерте меңгеріп, емін-еркін пайдаланғанын бірнеше әңгімелерін мысалға ала отырып дәлелдейді. Ұлы жазушының бүкіл әлемге танымал  «Абай жолы» эпопея­сына осылайша үлкен дайындықпен келгенін тәптіштей көрсетеді. Профессор «Сөз құдіреті» (2005 ж.) кітабында, сондай-ақ жазушылар Ш.Мұртазаевтың «Қызыл жебе», «Жүрекке әжім түспейді»  романдары мен басқа да әңгімелерін, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарын, М.Мағауиннің «Аласапыран» роман-дилогиясын, О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар» повестерін, С.Бердіқұловтың «Үшінші подъезд» повесін, А.Сүлейменовтің «Бесін» повесін, Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романын, Қ.Жұмаділовтің ­«Дарабоз» романын және менің «Біз қалада тұрамыз» повесть-хамсамды әдебиет мәселелеріне арналған көлемді-көлемді мақалаларында жан-жақты талдайды.

Ғалымның іріктеп алған бір топ жазу­шы­лардың талдап отырған шығарма­лары ғана емес, олардың басқа да әңгіме, повесть, романдарын да оқып шық­қанын, бір-бірімен салыстыра отырып, саралағанына қарағанда әр автордың қаламгерлік қарымын тану үшін біраз кітаптарды оқығаны байқалады. Жазушы­ның стильдік, тілдік ерекшелігін, қолданып отырған тілінің көркемдік қуатын, сөз бен сөздің орындарын дәл тауып, бірімен-бірі бірлесе көркемдік қызмет атқарса, шығарманың шырайын келтіре түсерін мысалдармен дәлелдейді. Ең алдымен, жазар оқиғаны таңдап алу, оның сыртқы құрылымы – композициясын дұрыс қалау, сонан соң шығарманың ішкі әрлеу – стильдік, тілдік ерекшеліктерді пайдалану сияқты тәсілдер мен шарттарды әр жазушы қалай орындап шыққанын жеке-жеке талдайды. Қай жазушының шығармасының көркемдік шеберліктері қай тұстан ерекшеленді, тауып кеткен соны сөздер мен ұтқыр тіркестерді тізіп көрсете отырып, кей-кейде түсініксіз тіркестер мен жергілікті диалектіге де келіңкіремейтін мағына-мәнсіз қолданылған «жаңа» сөздерді көрсетіп отырады.

Автор осынау жазушыларды неге іріктеп алғаны туралы былай дейді (жаратылысынан біреудің көңіліне көлеңке түсіре алмайтын жан, басқа қаламгерлер «Мені неге айтпағансыз?»  деген сөзден аулақтанса керек): «...Егер мұнда көркем әдебиеттің тілдік-стильдік қырларын түгел қамтымай, бірқатарына ғана назар аударсақ немесе ана жазушылардың емес, мына жазушылардың туындыларын талдау объектісі еткен болсақ, бұлардың өзгелерден шоқтығы биік не артық-кемдігінде емес, олардың қазақ прозасы тілінің көркемдік дәрежесін көрсету үшін осы ізденісте таңдаған тақырыптарымызды тарқатып әңгімелеуге сай түскен шығармалар мен олардың ­авторлары екендігінде». («Сөз құдіреті», 2005 ж. 4-бет).

Әпкемнің қарапайымдылығы, әлде «мен сөйттім, мен бүйттім» дейтін мақтанышқа ұқсас мінезінің жоқтығынан болса керек, әйтеуір неше дүркін алдына барып, жолығып жүрсем де: «Ана шығармаңды мына кітабыңды оқып едім, ұнады, ұнамады» деген сөзді айтқан емес. Тек бір жолы ғана «қамысек, шилеуіт, ра төмен» деген сияқты біраз сөздердің мәнін сұрағанда ғана «Е, бұл кісі мені де оқиды екен ғой» деп ойлағанмын. Пейіште нұры шалқығыр, Әпкем маған бірнеше кітабына қолтаңбасын жазып бергенде, өзімнің: «Мені де оқып көріңізші» дегендей бірде бір кітабымды сыйламағаным есіме түсті. Сонда бұл кісі кітап дүкендерін жиі-жиі сүзіп шығатынын білдім. Өйткені кітап сөрелерінде жазушылардың соңғы кезде жарық көрген туындылары да тұрды.

«Сөз құдіреті» кітабындағы «Біз қалада тұрамыз»» туралы «Кәдірбек Сегізбайұлының бұл шығармасын «Жазушы–мәтін–оқырман үштігімен қарағанда, оның барлық өлшемдерінің үдесінен шығатын құнды туынды деп бағалауға болады» деп бастап, «осыны айтсам-ау» деген, тіпті өзім де, жол-жөнекей «айтып қалған» ойларымды тамыршыдай тап басып, жағымды лебізін білдіргенде алдымен аталып, қалыптасып қалғандардың тізіміне кейде ғана тіркеліп жүргендіктен, қатты қуанғаным рас. Профессор, тіпті мен бұрын-соңды естіп көрмеген: «Біз қалада тұрамыз» – Адамды тани білу жөнінде жазылған поэма дер едім. Міне, қазақтың көркем сөзі көтерілген, оған алыптардан кейін ұрпақ көтерген биіктерінің бірін осылайша танығымыз келді» деп биікке көтеріпті. Одан кейін қазақ романын індете зерттеп жүрген марқұм Шерияздан Елеукеновтің «Қолдан құдай жасау ұлттық идеяға сия ма?» («Заман Қазақстан». 01.05. 2001 ж.) пікірі мен Рекең  Әпкемнің: «Беласқанды» таң асырмай оқығанда» («Қазақ әдебиеті», 26.06.2002 ж.) атты қос ғалымның 2001 жылы жарық көрген «Беласқан» атты романым туралы жағымды пікірлері жарық көрген соң әдебиетшілердің, оқырман қауымның бұрын-соңды «дұрыс екен» деген пікірлері  баспасөздерде біраз жарияланып жүрсе де, осынау біліктілікпен жазылған пікірлердің мені қанаттандыра түсіргенін несіне жасырайын.

Жерлес те, елдес те емеспіз, тұстас та, тұрғылас та емеспіз, бір-бірімізге ісіміз түскен, ісіміз түсетін де жандар емеспіз. Мәнәйі себеппен танысып, адамгершіліктің, кісіліктің үлгісі, һәм киелі сөздің хас білгірі, әдебиеттің білікті білгірі ретінде «Әпке» деп сыйлағанымнан ба, әлде ол кісінің жатты жақынындай көрер мейірімдігінен бе, әйтеуір тумаған туыстай, әпке-інідей болып кеткен едік. Жоқтаймын деп отырып, бірді айтып, бірге кеткендеймін. Тар жол, тайғақ кешулі өмір жолын әкесі Сәттіғали Құтқожиннің 1937-нің  қанды қақпанына түсіп, қаршадай қызының жетімдікпен балалық шақтың қызығын да көре алмағанын білсем де, ғылымның биігін бағындырған еңбекқорлығына тоқталмадым. Дегенмен, болмысы бөлек адамның кісілік, ғалымдық бейнесінен азғана ақпар бергендеймін.

Барша жұртына жақсылығы өткен жанның мәңгі мекенінің жайлы боларына сенемін.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, ҚР еңбек сіңірген

қайраткері

1642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы