• Тіл
  • 05 Тамыз, 2021

ТҮРКОЛОГИЯДА ТҮРЕН САЛҒАН

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Қазақ тіл білімі мен түркологияда өзіндік орны бар көрнекті тілші-ғалымдардың қатарында ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессоры Ерден Задаұлы Қажыбектің есімі ерекше құрметпен аталады.

Ғылыми ортада Ерден Задаұлы туралы ­айтыла қалғанда, оның түркология мен қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан академик Әбдуәлі Қайдаровтың шәкірті екенін еске алады. Қазіргі академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, Тіл білімі институтының аспирантурасына қабылданған Ерден Задаұлының бағына орай жетекшілікке есімі тек қана елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге танымал, түрколог-ғалым ­академик Ә.Қайдаровтың өзі тағайындалады. ­Академик ұстазы күткендей ол бүгінгі күні қазақ тілімен бірге орыс, ағылшын, түрік тілдерінде елеулі еңбек жазып, ұстаз ­аманатына адал болып, түркологияда түрен салған ғалым атанып отырғанының өзі – Әбдуәлі Туғанбайұлының да көрегендігін көрсетсе керек.

Ғалымның 500-ден аса ғылыми еңбегі, монографиялық зерттеулері, оқулықтар мен оқу құралдары қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихына, лексикология, лексикография, грамматика, этимология және т.б. проблемаларға арналған. Сондай-ақ түркі тілдерінің синкретизм құбылысы мен тарихи лексикологиясын түркі тілдерімен салыстыра-салғастыра зерттеуі оны әлемдік деңгейде танылуына жол ашты.

«Түркі тілдеріндегі бір түбірлі негіздердің лексикограмматикалық синкретизмі» деген диссертациялық тақырыпты зерделеу үшін қазақ тілін ғана емес, түркі тілдес халықтардың тілін меңгеріп және сонау Орхон-Енесей сияқты көне жазба ескерткіштерінен хабардар болу міндетті  еді. Міне, осы жерде Ерден Задаұлының ғылымға деген икемділігі, студент кезден түрколог-ғалым боламын деп, түркология іліміне қызығушылығы мен құштарлығы оның асқақ арманды еңсеруге сеп болғаны рас. Әйтпесе, тіпті кеңестік түркологияда әлі зерттелмеген тың тақырыпқа тереңдеу, «суға қарсы жүзгенмен бірдей» еді.

Жалпы әрбір тілдің сөздік қоры мен сөздік құрамында әртүрлі сөз болатыны, олардың ­жасалу жолдары, мағыналық сипаты да әрқалай екендігі де белгілі. Осылардың ішінде сырын ішіне бүккен, шығу тегі көмескі сөздер тобы жиі ұшырайтыны тағы бар. Солардың бір тобы синкретизмге байланысты кездесіп отырады, яғни әрі есім, әрі етістік мағынасын білдіретін сөздер. Міне, ғалым олар неліктен әрі есім, әрі етістік түрінде жарыса жұмсалатындығына көңіл аударып, қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы түркологияда түрен салып қарастырғанын байқаймыз. Жазба ескерткіштерімен туыстас түркітілдерінің деректеріне сүйене отырып, әрі заттық, әрі қимылдық мәнде жұмсалатын омоним сөздердің сонау көне дәуірдің өзінде қолданыс тапқаны, терең зерттеу арқылы ондай сөздердің саны молайып, қатары арта түсетіндігін зерделеген ғалым «егер туыстас тілдердің материалдары мен көне заманғы тіл деректерін салыстыра түссек, қазіргі уақытта көмескі тартып, мағыналы күңгірттенген немесе мүлдем ұмыт болған көптеген сөздердің сыры ашылып, бір сөздің бойынан әрі етістік, әрі есім мағынасы бірден табылып отыратындығын» айта келе, көне түркі жазба ескерткіштеріндегі кездесетін сөздерді мол тілдік материал негізінде  дәйектейді. Түркі халықтарының тілінде бүгінде мыңдап кездесетін синкретизмнің сырларына терең үңіліп, олардың құпиясын ашуға талпынғанын байқатады.

Оның еліміздің ғылымы мен білімін әлемдік кеңістікте ықпалдастыруда түрколог-ғалым ретінде атқарып келе жатқан еңбегі ерекше. ­Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркология (ТЮРКСОЙ) кафедрасының меңгерушісі, Халықаралық түркология орталығының президенті (2008 жылдан) ретінде, түркі елдері арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы қызметі өз алдына бір әңгіме. Сонау, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында өткізілген жас түркологтардың республикаралық бірінші ғылыми теориялық конференциясының өткізілуіне атсалысқан Ерден Задаұлы бүгінгі күні әлемдік деңгейде түркологиялық форумдар, симпозиумдар мен халықаралық конференциялар өткізуге бастамашылдық танытып, бірнеше халықаралық ғылыми жиындарда модераторлық еткенін айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар кеше ғана жас ғалым ретінде «Советская тюркология» журналында ғылыми мақалалары жарық көріп жүрген ол, бүгінгі кезде сол «Түркология» (Баку) журналының редакция алқасының мүшесі болып, түркологияда өзі түрен салған синкретизм туралы талас мәселелер жайында тұңғыш тың ойлармен бөлісіп, терең зерттеулерімен танылған тұлғаға айналып отыр.

1989 жылы тіл тағдыры елді елеңдетіп, мемлекеттік тіл мәртебесін беру және қазақ тілін дамыту бойынша келелі ой қозғап, қоғамдық пікір қалыптастыруға ерекше әсер еткен, академиктер Әбдуәлі Қайдаров пен Өмірзақ ­Айтбаевтар бас болып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылған тұста, олардың әрбір өңірде ашылған филиалдары мен бастаушы ұйымдары осынау мемлекеттік маңызы мол мәселеде белсенділік танытқан еді. Сол кезде ғалым – Ғылым академиясының «Қазақ тілі» қоғамын басқарған болатын. «Тіл майданы» аталып кеткен қозғалысқа қозғаушы күш – жастар қанатын жұмылдыруда еңбегін естен шығармағанымыз жөн.

Жастайынан ақындықты серік еткен ғалым бірнеше жыр жинақтардың авторы екенін айта кетсек артық болмас. Оның сөзіне жазылған бірнеше әндер көпшілік көңілінен орын алып, теле-радиолардан беріліп жүргені белгілі.

Ақын дегеннен шығады, реті келгенде айта кетейік, студенттік дипломдық жұмысының жетекшісі, көрнекті ғалым, академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов болғанын біреу білсе, біреу білмес. Жастайынан Олжас Сүлейменовтың өлеңдерін жаттап өскен, ақиық ақынға еліктеп, оның отты  жырларындағы ой өрнектері үлкен әсер етіп, оны терең зерттеуге шешім қабылдайды. Сондықтан да болар, дипломдық жұмысын «Олжас Сүлейменовтың бір өлеңі туралы. Тарихи-филологиялық комментарийлер» деген атпен қорғайды. Міне, ақын шығармашылығына тереңдеу арқылы өзінің де жыр шығару қабілеті қатая түскенін байқамай да қалған сияқты. Студенттер арасында Олжас өлеңдерін жатқа оқып, оған еліктеп, бірнеше жыр жолдарын табан астында шығарып, жұрттың сүйіспеншілігіне айналғанын көз көргендер аңыз етіп әлі күнге дейін айтып келеді. Шығармашылығы, студенттік өмірі мен ғылымдағы алғашқы қадамдары жайлы белгілі ғалым Алмасбек  Белботаевтың «Ғылымның қия жолында» мақаласынан кеңірек танысу мүмкіндігі мол екендігін оқырманның қаперіне сала кеткіміз келеді.

Ғалымның тағы бір көпшілік біле бермейтін қыры – оның аудармашы екендігі. Қазақ жазушыларының көркем шығармаларын, атап айтсақ, Оралхан Бөкеевтің «Ауыл хикаялары» повесін, Ақселеу Сейдімбековтың «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабын орыс тіліне тәржімелеу арқылы әдебиетшілер арасында бедел биігіне көтерілгенін тілге тиек етсек те жеткілікті болар.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

академик,  филология ғылымының

докторы, профессор

 

 

2661 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы