• Тұлға
  • 19 Тамыз, 2021

ӨЗАҒАҢНЫҢ ЕСКЕРТКІШ-БЮСТІ ҚОЙЫЛСА, ӘДІЛДІК СОЛ БОЛАР ЕДІ

Бұрын, тарих қойнауына кеткен Совет кезеңінде, Қазақстанға сырттан келген қонақтар мен турис­тер ­арнайы соғатын бір мәдени орын болды. Ол – Алматыдағы Ұлттық музыка аспаптарының музейі еді. Оның тарихы да қызық. Мәдениет министрі Ж.Еркімбеков пен оның орынбасары Ө.Жәнібеков ерекше музей ұйымдастыру жөнінде көп ойласады, ізденеді. Іздегенге сұраған жолықса, қанеки?! Өзекең жақсы ­идеяны жүзеге асыру үшін экспонат жинауды, көне аспаптарды қалпына келтіру мен қайта жасатуды өз мойнына алады. Игі істі жұрт аяғы үзілмейтін ыңғайлы жерден лайықты жай қарастырудан бастайды. 

Парктің қақ ортасында, ағаштан тұр­ғызылған ­Офицерлер үйі бірден көзіне түседі. Онда отырғандардың жаңа қонысқа көшетінін білген соң, ескі ғимаратты жөндетіп, музейге айналдыру жөнінде тездетіп шешім қабылдатады.

Ұлтымыздың бет-бейнесін, қадір-қасиетін, ең бастысы, рухани тарихын танытатын мәдени ошақтың жоғары деңгейде болуы үшін бар білімін, ұйымдастырушылық қабілетін жұмсауға тырысады. Оны жасақтауға, безендіруге, экспозициясын құруға нағыз мамандарды, асқан шеберлерді тартады. Алайда ұлт құндылығына келгенде қырсығатындар кесірінен бастапқы көп жоспарының іске асуы созылып, кешеуілдей береді. Сөйтіп жүргенде жаңа нысанның, оның үстіне елімізде бұрын-соңды болмаған музейдің құрылысы барысын, оның жабдықталуын көруге сол кездегі Орталық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Н.Назарбаев келеді. Бәрін көріп, істің мән-жайына қаныққан соң, көзқарас та өзгереді, жетпей жатқан қаржы да табыла бастайды. Арада жылдар өткен соң музей қайта жөнделді, жәдігерлермен толықты, заманауи технологиялар енгізілді. Бүгінде мұнда өз ісіне берілген музей майталмандары қызмет етеді. Ұлттық музыка аспаптарынан өзге, әлемнің 50-ден аса елінің мәдениетін көрсететін 9 зал жұмыс істейді. Ал, енді мұндағы жәдігерліктердің төресі – Абайдың 3 ішекті домбырасы, ­Жамбыл Жабаев, Махамбет Өтемісұлы, Дина Нұрпейісова сияқты атақты әншілер мен күйшілердің жанынан тастамаған аспаптары. Мұнда келушілер де көп, таңғалып, тамсанушылар да жетерлік. Әлі күнге дейін әйгілі музей тартымдылығын бәсеңдеткен емес. Өйткені әу бастағы жақсы ой, ұлттық тұжырымдама шын жанашырлықпен, шынайы шығармашылықпен жүзеге асқан еді. Ал Тәуелсіздік қарсаңында, яғни 1990 жылы музыкалық аспаптар музейіне қазақ халқының атақты күйші-композиторы, қобызшы Ықылас Дүкенұлының (1843-1916) аты берілді.

Жалпы әлем бойынша музыкалық аспаптарға арналған бірегей музейлер көп емес. Сондықтан Қазақ елі сазды аспаптарын асқақтатып, арнайы музейдің негізін қалаған тұлғаның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында халқының асыл азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібекұлының ескерткіш-бюсті сол музейдің алдына қойылса, тарихи әділеттілік болар еді. Бұл – ер қадірін білетін еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды. Ал қазіргі жас­тарды нағыз рухани жаңғыртатын осы мәдени орынды тамашалауға жиі және жүйелі түрде апарып тұру – тек Алматы оқу орындарының ғана емес, еліміздегі барша оқу орындарының борышы болса дейміз. Тәлім де, тағылым да осылай жүзеге асады.

2915 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы