• Тұлға
  • 09 Қыркүйек, 2021

ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ӨМІР

Қалыптасқан азаматтық тұлғасымен өз ортасында шуақ шаша жүретін, бүгінде Атырау облыстық сотын абыроймен басқарып, заң алдында мамандық міндеті мен ар алдындағы адамдық борышын қатар ұстап, елдің сүйіспеншілігіне бөленген Бауыржан Жұмағұлов қай қызметте жүрсе де алдымен саладағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен іс-қағаздарының ана тілімізде жүргізілу барысына баса мән беретін ұлтжанды қайраткер.   
Өмірдің бастапқы бағдарын ауылдағы ата-әже тәрбиесінен алған Бауыржан Тұрсынұлының бала кезден зерек болып өсуіне ­ата-анасы Тұрсын Жабықбайұлы мен Кенжетай Батырбекқызының ықпалы ерекше болды.  Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен баланың кітапты жанындай жақсы көріп, көп оқуына кітапхана меңгерушісі болып еңбек еткен анамыз Кенжетай Батырбекқызының тәрбиесі айрықша әсер еткені анық. Қатталып, сонадайдан көз тартатын кітаппен қатар, ақылы дарқан да дария данагөй қариялардан зердесіне  таным түйген ол «Батырлар ­жырын» іздеп жүріп оқитын. Соның арқасында кітап әлеміне терең бойлап, тарихтан тағылым ­жинады.

Саналы ғұмырын еліміздің заң саласы мен руханиятын дамытуға арнаған, қандай қызметтің де күрмеуін таба білетін Бауыржан Тұрсынұлы мемлекетшілдік сананы үнемі жоғары қояды. Ақ жарқын мінезінде өрлік, ал ісінде тереңдік бар.  Қандай істе де осалдық танытпайтын ол, үнемі алға ұмтылып,  еліне, халқына адал қызмет етіп келеді. Осы іскерлігімен көпшіліктің ілтипатына бөлінді. Алайда қызметті де, атақты да іздеген емес. Керісінше, еңбекқор жанға абырой да, мансап та, билік баспалдағы да басын иді.

Бауыржан Тұрсынұлы жер жаннаты Жетісу өңірі – Алматы облысы Қапал ауылында дүниеге келген. Қапал орта мектебін бітірген соң сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі.

Туған елінің ертеңін ойлаған адам тұлғалық келбетін өзі жасайды. Бауыржан Жұмағұлов та  өзіне тән азаматтық болмысты жас кезінен-ақ өзі қалауға көп күш-жігер жұмсады. Студент кезінде таңдап алған саласына сай сапалы білім алумен қатар, университеттің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Факультеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланғанда өзін әділ әрі білікті жетекші ретінде көрсетті. Жазда студенттік құрылыс отрядтарын басқарғанда да болашақ заңгерлерді еңбекке жұмылдыра білді. Сонымен қатар комсомол комитетінің ерікті хатшысы болып тағайындалғанда шебер ұйымдастырушылық қабілетімен көрінді. Бұл жігерлі жастың келешек биік өмір баспалдағы алдындағы өзін дайындау, шыңдау, қайрау жылдары іспетті. 

Қандай қызметте болсын, Бауыржан Тұрсынұлы қарапайымдылық қалыбынан танбаған жан. 1985 жылы университетті бітірген соң КСРО Бас прокуратурасының жолдамасымен Алматы қаласының прокуратура органдарында еңбек жолын бастаған ол сонда тергеуші, Фрунзе аудандық прокурорының көмекшісі, Алматы қаласы прокуратурасының жалпы қадағалау бөлімінің басшысы болып қызмет етті. Содан кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасының аға прокуроры, Алматы қаласы Совет және Бостандық аудандары прокурорының орынбасары, Алматы қаласының Ақсай ауданының прокуроры, «Қазақстан темір жолы» РМК-ның Бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Әділет Министрі мен Астана қаласы мен Ақмола облысы Әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

Бауыржан Тұрсынұлының қызмет жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Алайда осы көзқарас қайшылығы, түрлі деңгейдегі тартыстар мен текетірестерді салқын қандылық пен сабырмен шешті. Сол салмақтылығы оны тек алға жетеледі. 1999 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қалалық сотының судьясы болып тағайындалды. Кәсіби және ұйымдастырушылық қасиеттері ескеріліп, 2002 жылдың ақпанында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы лауазымына ұсынылып, қызмет етті. Баукеңмен біздің танысып, білістігіміз достыққа ұласқаны осы тұс. Иә, туған-туыс, дос-жаран және отбасының ортасында қарапайым мінезімен сыйлы – Баукең бауырмал, ақкөңіл, досқа адал жан.

2006 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қалалық сотының  азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы болып тағайындалды. 2010 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарағанды облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалып, үздік  жұмысы үшін жылдың үздік судьясы атанды.

Ат жалын тартып мінгеннен бері Бауыржан Тұрсынұлы білімпаздығын, парасаттылығын, рухани биіктігін байқатқан, өмірлік қағидасы, өз ұстанымы бар азамат. Демек, арғы-бергі ата-бабасы ұлттық салт-дәстүрден нәр алған тектіліктен жаралған. Әрдайым осы бойтұмар болып, бойына сіңген болмысын қызмет барысында да бір мезет жоғалтқан емес.

2011 жылдың мамырында  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Аппараты)  басшысы қызметіне шақырту алды. Ал Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының 2012 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып сайланды.

Маңдай тер, елеулі еңбек ескерусіз қалған емес. Қызмет барысында бірнеше рет Қазақстан ­Республикасы Президентінің алғыс хаттарымен, «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Үш би» Құрмет белгісімен марапатталды. Сот жүйесінің, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ведомстволық марапаттарына ие болды.

Қолы қалт етсе, толғақты мәселелер турасында ойын қағазға түсіріп, қаттайтыны бар. Ол әдет кезінде ғылымға да біраз бет бұрып, өз қолтаңбасын қалдыруға тырысқан еңбекқорлығынан қалған қасиет болса керек. Сол сүрлеумен жүріп, заң ғылымынан кандидаттық қорғап, доценттік ғылыми дәрежесін алған. Заң саласындағы түрен түспеген тақырыптар бойынша отыздан аса ғылыми жарияланымдар жазған.

Бауыржан Тұрсынұлы 2020 жылдың көктемінен бастап Атырау облыстық сотын басқарады. Өңір тынысы таңсық емес. Бұған дейін де еліміздің мұнайлы астанасында қызмет етіп, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы ретінде құрылымның негізін қалап, шаңырағын тіктеген. Ендеше, бұл аймақтағы кейіпкеріміздің сайрап жатқан игілікті істерінің ізі одан сайын айшықтала түсетіні анық.

Жоғарыда айтылғандай, Бауыржан Тұрсынұлы әке-шешесі Тұрсын Жабықбайұлы мен Кенжетай Батырбекқызынан тараған жеті баланың кенжесі. Құт қонған шаңырақтың шуағы, есті еркесі. Олай дейтініміз, қаншама бала-шаға өсіп-өнген, орманға ұласатындай тал еккен, бірнеше үй тұрғызған бұл отбасы қазіргі таңда еліміздегі үлкен әулетке айналды.

Тұрсын Жабықбайұлы мен Кенжетай Батырбек­қызының кіндігінен тараған ұрпақ бүгінде елге белгілі, тәуелсіздігімізді нығайтуға ат салысып келе жатқан азаматтар. Айталық, қоғам қайраткері, қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, техника ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі, кезінде жоғары билікте бірқатар лауа­зымды қызметтер атқарған Бақытжан Жұмағұловтың өзі бір төбе.

Ал Бауыржан Тұрсынұлының ұлдары Шыңғыс пен Жәңгір бүгінде өз саласының білікті мамандары. Қызы Жанел Ұлыбританиядағы жоғары оқу орнының үздік студенті. Кенже ұлы Әділжанның атын абыз ақсақал ағамыз Жекен Қалиұлы «әділеттің ақ жолымен жүріңдер» деп ырымдап қойған болатын. Тәрбиені сол тектіліктен іздеген перзенттің ұрпағы да тегіне тартып тамыр жаяры анық. Балалары әкеге қарап бой түзеді. Отбасы-отанның кішкене мекені деген ұғымды үнемі жадыларында ұстайды. Бұл, әрине, Бәкеңнің ұрпағына, отбасылық өміріне берген өнегесінің жемісі.

Қысқа қайырғанда, Атырау облыстық сотының төрағасы, білікті заңгер, заң ғылымының кандидаты Бауыржан Тұрсынұлының өмір жолы осындай.

Нұрлан ТӨРЕМҰРАТ,

экономика ғылымының кандидаты

1637 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы