• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

БАЙ-ҚУАТТЫ БАЙҚАДАМ

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – дейді дара да дана Абай. Рас сөз! Осы адами құндылықтарды бойына сіңірген адамдардың арамызда жүргені – көңіл қуантады. Ол қысылған кезіңде қашанда қасыңнан табылады. Қуанышың мен қайғыңа ортақтасады. Бар болсаң – көре алады. Жоқ болсаң – бере алады. Солардың бірі де бірегейі – Байқадам Абласан. 

«Ауылын көріп, азаматын таны» демекші, Байқадам Аманұлы 1961 жылы 23 қыркүйекте Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүние есігін ашады. 1968-1978 жылдары Түгіскен ауылындағы №209 орта мектепте оқиды. Оның сынып жетекшісі – Амангелді Құрбанұлы Саданов. Ол – елімізге белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, биология ғылымының докторы, профессор. Микробиология және вирусология ғылыми институтының бас директоры. Мемлекеттік сыйлықтың иегері. «Болмасаң да ұқсап бақ бір ғалымды көрсеңіз», – деп хакім Абай айтпақшы, Байқадам осы ұлы ұстазына еліктеп өсті. Соған қарап ой мен бой түзеді. Әлі күнге дейін өзін өмірге әкелген Аман мен Есенкүл ата-анасын және білім көкжиегіне сүйреген ұстазын құрмет тұтады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген – осы!

Байқадам Абласан 1988-1993 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде білім нәрімен сусындап, үздік оқитын студенттердің сапынан көрінеді. Сол жылдары қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қатар-құрбыларының алды болады. Осы сөзіміздің айғағындай, Студенттер кеңесін басқарады. Сондай-ақ Университет партия бюросының мүшесі болады. Ол кезде мұндай жетістіктерге жету – кез келген адамның басына қона бермейтін бақ болатын. Байқадам сол бақты көтере білді.

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлының бірі боласың», – дейді дала данышпаны Абай. Сол айтқандай, біздің кейіпкеріміз оқу ордасынан алған білімі мен білігін еңбекпен ұштастырып, 1994-1998 жылдары «Байтолқын» ЖШС ашып, өз кәсібінің көрігін қыздырады. 1998-2011 жылдары «Егіс жер» атты ұн шығаратын комбинат ашып, өндірісінің өрісін кеңейтеді. Ал 2011-2015 жылдары «Құмкөл Транссервис» ЖШС Алматы филиалының директоры әрі «EQUUS» АҚ Бас директоры болады. 2015-тен бүгінгі күнге дейін «Құмкөл Транссервис» мұнай компаниясының бас директоры қызметін абыройлы атқарып келеді.

2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ашылғанына 85 жыл толды. Осы мерейлі мерекеге орай білім ошағы өзінің түлектерінің лебізінен тұратын арнайы жинақ шығарды. Сол кітапқа енген «Білімі – терең, болашағы – жарқын» деген мақаласында Байқадам Аманұлы: «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі», – деген екен ұлы ұстаз әл-Фараби бабамыз. Сол айтпақшы, осы ғұлама ғалым бабамыздың атындағы университет ғұмыры ғибратқа толы ұлағатты ұстаздарға кенде емес. Осындай мерейлі мереке кезінде сондай алғыр да аңғарымпаз ұстаздарымыздың атын атап өткеніміз абзал болар. Олар – партия жетекшісі болған Сүлеймен Тұрғанбаев, Амангелді Құсайынов, тарих ғылымының докторлары, профессор, академик Қалқаман Жұмағұлов, Нұртаза Алдабергенов, саяси ғылымдар докторы, профессор Шәріпбек Әмірбек. Мен өзім осы жерде оқығанымды әлі күнге дейін мақтан тұтамын. Осы оқу ордасында көп дос таптым. Олардың бәрі егемен еліміздің өсіп-өркендеу жолында ерен еңбек етіп жүр. Атап айтар болсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев, өзіммен бірге қызмет етіп жүрген мұнай саласының майталманы Мұрат Иманқұлов, өмірлері қысқа боп, құйрықты жұлдыздай ағып өткен талантты ақындар Бауыржан Үсенов пен Мұхтар Бөпетаев, «Қазығұрт» баспасының директоры, филология ғылымының кандидаты, белгілі ақын Темірғали Көпбаев, тарих ғылымының докторлары, профессор Берекет Кәрібаев, Арман Жұмаділов, филология ғылымының докторы, профессор Алмас Мәулен, белгілі тележурналист, продюсер Шоқан Шөжеев. Ең бастысы, Толқын атты өмірлік жарымды осы қара шаңырақтан таптым. Ол да – тарих факультетінің түлегі. Қазір екеуміз Құдай берген перзенттерімізді бағып-қағып отырмыз. Сондықтан да мен осы оқу ордасына келген сайын басымды иіп, тағзым етемін. Ал оның болашағы жарқын боларына кәміл сенемін», – деп ағынан жарылыпты. Жоғарыда хакім Абай айтқан «жақсы құрбылардың» сапында жүргенімізге бәріміз бек ризамыз. «Өзіңнен жолдасың мықты болсын» деген – осы!

«Жылы киім тән жылытар, жылы сөз жан жылытар» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, осы жазбам арқылы алты асуды бағындырған Байқадамдай аға-досқа жан жылытар сөз арнағым келеді. Өйткені оның өзі де ылғи жұрттың жанын жадыратып жүреді. Бар болса да, бай болса да өзін өзгеден биік санамайды. Жанында жүрген жора-жолдастары мен жақын да жақсы адамдарын аш пен көштен қалмауын тілейді. Жамағаттың жыртығын жамағысы кеп тұрады. Біреу жыласа, соның көз жасын сүрткісі келеді. Біреу жығылса, соған тіреу болуға тырысады. «Менде ғана емес, елде де болса екен» деген ниеті басым. «Байқадам ана ақын мен мына жазушының кітабын шығарып беріпті, пәленшенің қарызын кешіріпті» деген сөздерді естіп те, көріп те жүрміз. Менің де бір кітабымның жарық көруіне демеушілік қызмет көрсетіп, шағын кәсібімнің аяқтан тұрып кетуіне жәрдемдесті. Бірақ ол жақсылығын жасырады, жұртқа жария болмағанын қалайды. Бұл оң қолың бергенді сол қолың көрмесін деген мұсылманның шынайы қағидасы. Қысқасы, ол ылғи да айналасына шуақ шашып жүреді. Ал мұндай қасиет жүрегі мен пейілі кең һәм таза, ақ та адал адамда ғана болады. Құдайға шүкір, дәл осы қасиет Байқадамда бар. Бұл қасиет тек жақсы адамның бойына дариды. Жақсы адам дегеніміз кім? Оған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың мына хадисі толық жауап береді. «Тәкаппарлығы жоқ, адал кәсіппен шұғылданатын, ниеті таза, ешкімге жамандық жасамайтындар нағыз жақсы адамдар. Ілімге бой ұрған, артық дүниесінен қайыр-садақа беретін, бей-берекет сөйлемейтіндер де нағыз жақсы адамдар». Байқадам – осы санаттың сапындағы адам. Менің бұл сөзімді белгілі ақын һәм баспагер Темірғали Көпбаев өзінің «Жасай бер, досым!» деген өлеңімен қолдап, куаттап һәм одан әрі толықтыра түседі:

Достықтың күйі – көңілде тұнған келісім,

Сен өскен сайын кеңейді менің өрісім.

Өзегі – жалын, өткелі – сынақ өмірде,

Жан досым, сенің орның бөлек мен үшін.

 

Дауасыз күнде біткен бе мұңы пенденің,

Дауылдар соқса өзіңсің шексіз сенгенім.

Тірліктің түмен тауқыметіне тірелсем,

Туыстан артық тірегім болдың сен менің.

 

Сапарда жүрсем, түсіме бейнең жиі енген,

Сын сағаттарда сертіңе сенің сүйенгем.

Сен барда досым, еркелеп жүрем тағдырға,

Өзің тұрғанда өмірді мынау сүйем мен.

 

Достықты жырлап, ұрпақтар әлі айтады ән,

Достықтан қымбат дүние жоғын байқағам.

Жыр құсы биік самғауы үшін досыңның,

Жылдармен бірге жасай бер, жаса Байқадам!

«Уа, Расулалла! Жолдастардың ең жақ­сысы қандай?» деп сұрағанда, Мұхаммед (с.ғ.с) пай­ғамбарымыз: «Ең жақсысы – егер атың аталса, саған болысып, ал егер ұмытылсаң – есіне алатыны», – деген екен. Сол айтқандай, 2019 жылы белгілі тележурналист, продюсер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шоқан Шөжеевтің «Болмысы бөлек Бөпетаев» атты кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа орда бұзар отызында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өмірден озған дара да дарынды айтыскер ақын әрі әнші-термеші Мұхтар Бөпетаев туралы ата-аналары мен туған-туыстарының және курс­тастары мен құрбы-құрдастарының естеліктері топтастырылған болатын. Сол кітаптың тасқа басылуына да Байқадам ерен еңбек сіңіріп, қаржылай қолғабыс жасады. Сол кезде әлеуметтік желідегі жазбамда: «Бұл дүниенің күллі сый-құрметі жалғыз жақсы досқа татымайды» дейді Ұлы дала даналығы. Сол айтқандай, Мұхтардай арда туған асыл досына кітап арқылы ескерткіш орнатқан Шоқан Шөжеевке, сондай-ақ осы кітаптың жарық көруіне демеушілік қызмет көрсеткені үшін «Құмкөл Транссервис» мұнай компаниясының бас директоры, кәсіпкер, меценат Байқадам Абласан мырзаға мың да бір алғыс айтамыз. Оларға Алла разы болсын!», – деп шынайы ризашылығымды білдіріп едім. Сол сөзді алпысқа ­толып, алты асуды алған Алты Алаштың атпал азаматы Байқадам бауырыма тағы да қайталап айтқым келеді. Бар да нар бол! Ұрпағыңмен мың жаса!

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

 

1224 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы