• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

ОСЫЛАЙ БІР ДЕДІМ

Қали СӘРСЕНБАЙ 
«Ana tili»

28 қыркүйек – ұлт ұстазы, ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің, «баспасөздің Бауыржаны» Шерхан Мұртазаның, әдебиетке романтикалық сарын, жылы лиризм алып келген Оралхан Бөкейдің туған күні. Біз Әуезовті көрген жоқпыз. Бірақ Қабдоловтай дара шәкірттерінің арқасында терең біліп өстік, қайталанбас, байтақ болмысы жадымызда жатталып қалды. Шерағаңды, Орағаңды көрдік. Қызметтес те болдық. Бақыттымыз. Әлі де сол бақыттың құшағындамыз. Шерағаң кейінгі буын үшін  бір өзі бір мектеп болды десек, артық айтпаспыз.

Шерағаңның шертпелері жүректегі иманға ұйып шығып, ұлт рухына қызмет етті. «Шын журналист жазбай тұра алмайды, шын шахтер қазбай тұра алмайды». Бұл кісі өзі басшымын деп, тек тапсырма берумен шектелмей, өзі үлгі көрсетіп, қаламымызды қайрап беретін. Қайрақ еді. Жас неме, бір идея келіп, оған тісіміз батпай, ойымызды бүгежектеп алдына бөлісуге барғанда одан сайын иін қандырып, арқаландырып жіберетін.

Біз мінез мектебінен өттік. Қазіргі ақпараттағы азусыздық сол мінезді еске түсіреді. Онда көп әріптесінде жоқ, жағдайға қарай құбылмайтын мінез бар еді. Буырқанған бураның көз жасын көрген баяғының батырларындай еді.

«Егемен Қазақстан» АҚ тө­ра­ғасы, танымал түрколог ғалым Дархан Қыдырәлі «Бүгінде Шерхан Мұртазаның редакторлардың редакторы деп аталуы өте әділ баға деп ойлаймын», – депті. Расында «арлан біреу, қасқыр көп». Ақ­параттың арда туған арланы, ұлт баспасөзінің бірнеше буы­нына ұстаз болған Шерағаң­ның мектебінен әлі де оқып, үйренеріміз көп.  

Жұрт ертеде пайғамбарларға, әу­лиелерге сенген, табынған. Қазір пайғамбар да, әулие де жоқ. Бірақ тұлға бар. Тұлға – бағыт-бағдар беруші адам. Әр саланың да темірқазығы іспеттес көшбасшылары болады. Әрине тұлғаның да тұлғасы бар. Халық оған пайғамбардай, әулиедей табынбайды, бірақ құрмет­тейді. Ұлт журналистикасындағы сондай тұлғаның бірі – Шерхан Мұртаза. Сондықтан мерейтой, басқа жағдайды күтіп жатпай, тұлғаға оралып отыру, оның өмірінен тағылым түю бізге парыз, міндет саналуы керек. Демек, осы пікірді жүзеге асырудың жолдарын ойластырған жөн. Менің бір ойым айтады.

«Редакторлардың редак­торының» туған күнінде Бас редак­торлардың республикалық кеңесі өтсе. Кезінде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазып едік. Бұл Бас редак­торлардың бір шер тарқататын, ой, пікір, ұсыныстар ортаға салынатын мінбері болса қанеки!? Шерағаңның Та­раздағы Баласағұн Мәдениет сарайындағы 80 жылдығына арналған салтанатта осы ұсыныс айтылып, зиялы қауымның бірсыпыра танымал өкілдері қолдағанымен, аяқсыз қалып қойды. Құлақ салатын пенде болса, бұл ұлт журналистикасының жүнін жықпай жалын биіктете түсетін, ұлт рухын ­оятып, тарихи жадымызды жаңғыртатын алқалы жиын боларына сеніміміз кәміл. Бұл бүгінгі бүркеншік жамылған жасанды патриотизмнің бетпердесін сыпыратын, ұлт журналистикасын жағымпаздық пен жалтақтықтан құтқаратын құрылтай ­болар еді.

Осылай бір дедім.

«Егемен Қазақстанға» Шерағаң басшылық жасаған тұста атақты ойшыл, танымдық прозаның перiсi Асқар Сүлейменовтiң «Шашылып түскен тiркестерi» жарияланып, қоғамның ой-санасында дүмпу туғызған едi. Содан берi осы тiркес сөз айналымына енiп, арагiдiк баспасөзде қолданылып келедi. Бiз де сол үздiк үрдiстiң үзiгiн үзiп алмау мақсатында оны жаңғырта отырып, Шерағаңның әр жылдардағы ой-толғаныс, көзқарастарының ықшамдалған түрiн жинақтап, оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдiк. 

ШЫНДЫҚ ШЕРТПЕЛЕРІ

Шерхан МҰРТАЗА

 

***
Өзiң өлме, өзгенi де өлтiрме. Мiне, шын демократия. Мiне, шын адамгершiлiк, имандылық! Ал бұл қасиет, Құдайға шүкiр, қазақта бар.
***
...Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда.
«Коммерсанттар үшiн өз туған елi болмайды», – деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметiп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесiне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.
***
...Көздерi көрiп отыр, үлкен-үлкен мiнберлердегi кiм орысша сөйлесе – сол лауазымды. Көңiлдерi сезiп отыр: орысшаң келiспесе, басың алтын, артың күмiс болса да дәреже, мәртебеге жете алмайсың. Ал тiлi бар халық – халық, тiлi жоқ – балық.
***
Академия көп, академиктер көп. Ғылым... шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтiн сиыр сияқты.
***
Пифагор деген әулие: «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын», – деген екен.
Бiзде не көп, заң көп. Бiрақ соның қайсысы орындалып жатыр? Ал әдет-ғұрып, салт-сана, мiне, замандар легiнен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда, бiз содан айырылдық қой.
***
Қазiр жоғарыдан төменге дейiн, өрден ылдиға дейiн жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуiрi.
Қайда барып оңамыз!
«Жетiм мен жесiрдiң ақысын жеме!», – дедi салтымыз.
Әсiресе әлсiздердi, жетiм мен жесiрлердi жегiштер көбейдi.
***
Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай Қорқыт ата қобызын күндiз-түнi тебiрентiп-ақ келiп едi... Әттең-ай, бiр сәтке қалғып кетiп, қобыздың үнi өшiп қалғанда, қасиеттi бабаны жылан шағып өлтiрдi.
Сол қобыздың шын аты – Руханият.
***
Газет жұмысы – бiр жағынан, жазушының досы. Ел көресiң, жер көресiң, сан-түрлi адамдармен кездесесiң. Шығармаға жем табылады.
Газет – бiр жағынан, жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкiрегiңдi кернеген дүниенi алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың iшiнде жүресiң. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бiр тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тiрiл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпiрме сөздерi таңертең газеттiң бетiнде болуы керек. Әйтпесе, басың кетедi. Сөйтiп жүрiп мен бастап қойған повесiмдi аяқтай алмадым.
Ал Оралхан сол сапардан бiраз жыл кейiн «Құм мiнезi» деген повесть жазды. Мiне, жазу! Жазсаң – осылай жаз...
***
Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар едi.
Өнер дүлдүлдерi болмаса, мына күйбең тiршiлiкте адамдардың көңiлiн кiр басар едi.
Адамдардың жанын ыстанған кiрден тазалап жүрген Ұлы Ұста – Нұрғиса – таң алдында жұлдыздармен бiрге сөндi.
Ендi бiз Нұрғисаны ылғи да аспанда Таңшол­панның жанынан көретiн боламыз.
***
Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкiм, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйiн әлi шешiлген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейдi. Айтайын десе, қорқады. Бiрақ Құдайды қайтедi? Құдай бәрiн көрiп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйрендi.
***
Қалтай айтады:
– Өркениеттi елдерде адамның басы менен iсiне қарайды. Бiздiң елде адамның шашы менен тiсiне қарайды, – дейдi. – Шашың ағарып кетiптi, тiсiң түсiп қалыпты, айда, кет, дейдi. Ал басы, ақылы, iсi қандай – бағаламайды.
Осы сотанаққа соққы бергендей, Қалтай қазiр газет басқарып отыр. Онысы орынды...
***
Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүние­қоңызбен, ақшамен өлшейдi. Көлдiң тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о бастан пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.
Талант пен дарын тана сүтiнен емес, Ана сүтiмен дариды.
***
Құдай берген ғой. Қазақстанға байлықты аямай-ақ. Бiрақ алуын айт. Бұйыруын айт.
***
...Бәрiнен де қорлығы: сол кездегi жүйе оның ғаламат талантын (Өзбекәлi Жәнiбековтi айтып отыр – ред.) облисполкомның жай орынбасарлығына ғана пайдаланды-ау. Соның өзiнде ол Мәдениет министрлiгi iстей алмаған тамаша табыстарға жеттi.

***
...Бiрақ Қыдыр да талғампаз. Әкiмi әкiреңбай болса, Қыдыр ол жерден безiп кетедi.

2287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы