• Әдебиет
  • 07 Қазан, 2021

ТҰЛҒАЛАР ЖАЙЫНДАҒЫ ТҰЩЫМДЫ ЕҢБЕК

Газетімізде «Тіл тарландары» атты айдармен жарық көріп келе жатқан, Ұлттық ғылым академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы мәреге жетті. Олай дейтініміз, жақында басылымда аталмыш айдармен жарияланып келген мақалалардан құралған, Кәрімбек Құрманәлиевтің «Тіл және тұлға» атты кітабы баспадан шықты. Соған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада кітаптың тұсаукесері өткізілді. 

Шараға тілші ғалымдар, журналистер қатысты. Тұсаукесерді ­Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан жүргізіп отырды. Институт директоры кіріспе сөзінде «Бұл саладағы іс көзге көріне қоймайды. Бірақ қоғамның бірегейленуіне өлшеусіз үлес қосады. Біз бір сәтке де қоғамды тілсіз елестете алмаймыз. Сондықтан кез келген тіл зерттеушінің еңбегі құнды. Математика, физика, химия секілді салалардың ғалымдары тек сол сала мамандарына түсінікті тілде жазса, лингвист ғалымдардың еңбегі қалың қауымға да ұғынықты болуы тиіс», – деп саланың ерекшеліктеріне тоқталды. Анар  Фазылжан ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың құттықтау сөзін оқыды. «Қазіргі кезде нақты ғылымдармен бірге қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар да ұдайы өркендеп келеді. Сала мамандары тілімізді, әдебиетімізді, тарихымызды, өнерімізді зерделеп, сол арқылы қазақтың ұлттық мәдениеті мен рухани деңгейін көтеруге елеулі еңбек сіңіріп, тиісті жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық тарихында тіл білімі бойынша жиырма шақты ғалым мүшелікке сайланған. Өз саласында әрқайсысы бір-бір өнегелі мектеп қалыптастырған І.Кеңесбаев, Н.Сауран-баев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, тағы басқа айтулы академиктер туралы тағылымдық мақалалар топтамасында тарихы бай, дәстүрі берік әйгілі ғылым ордасының өнегелі шежіресі мен берекелі белестері мейлінше қамтылған» делінген құттықтауда.

Академик Кәрімбек Құрманәлиев «Қазақ тілін нақты мемлекеттік мәртебе деңгейіне жеткізу үшін заңды орындататын өзіндік тетіктермен толықтыру күн тәртібіне көтерілуге тиіс. Атап айтқанда, барлық мемлекеттік қызметкер, министр мен депутат мемлекеттік тілді меңгеру керектігі заңмен белгіленуі керек. Сонда ғана қажеттілік туып, қазақ тілінде сөйлеп, жазуға машықтанатын болады», – деген пікірін білдірді.

Ғылым докторы, белгілі ғалым Мүсілім Базарбаевтың қызы Зейнеп Мүсілімқызы ата-анасымен аралас-құралас болған Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Шора Сарыбаев, Әбдуәли Қайдаров, Рәбиға Сыздықовалар жайлы қызықты естеліктер айтты. Латын негізді қазақ әліпбиі мәселесін бірінші көтерген және өз нұсқасын ұсынған Әбдуәли Қайдаров, алғаш сол нұсқасын француздарға таныстырғанда, олар Қазақстан ертесінде-ақ сол әліпбиге көшіп кетердей қуанғанын, бірақ біз оны талқылаудың өзін отыз жылға созып келе жатқанымызды тілге тиек етті. Филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкеева: «Тарихтың қай кезеңінде де қазақ тілі ерекше мәнге ие болған. Мемлекеттік мәртебеге ие бола отырып, өзегі айқындалып, әлеуеті артып, рухымызды оятатын үлкен күшке айналды. Дегенмен де әлі де тіл мәртебесін арттыруда көптеген мәселенің күрмеуі шешілмей келеді. Ал оған қатысты қоғамдық пікірталастардың орын алуы да заңды», – деп атап өтті.

«Ана тілі» басылымының бас редакторы Қали Сәрсенбай: «Тіл сардарларының рухы жебеген шығар. Бұл сәтті жоба болды. Кейбір жобалар соңына дейін жетпей жатады. Ғылым, өнер дейсіз бе, барлығының дамуы тілден басталады. Тарихты тұлғалар арқылы зерттеу кенжелеп келді. Бұл кітап тұлғатануға қосылған зор үлес. Газетте осы кітапқа енбеген, жуықта ғана қайтыс болған Әлімхан Жүнісбеков және Телғожа Жанұзақов жайлы мақалалар жарияланды. Демек, жоба жалғаса түседі», – деді.

Анар Салқынбай Мемлекеттік тіл өзіне лайық мәртебеге көтеріле алмай отырғаны секілді, бұл саланың ғалымдарына да насихат жетіспейтіндігіне, тұлғатануды марқұм академик Өмірзақ ­Айтбаев бастағанына, қолымыздағы кітап сол істі толықтыра түскеніне тоқталды. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымының ­докторы Жаңалық ­Балтабаева жаңа еңбекті қуана қабылдаған студенттер қауымының тілегін жеткізе отырып, кітап  кейіпкерлерінің спортқа, өнерге  жақын болғанын, тұлғалық қасиеттері, отбасындағы рөлі, бос уақытын қалай өткізгені туралы деректердің аса қызықты екенін атап өтті. Әңгімесін «Тұлғатану» ғылымының өзге салалардан айырмашылығымен байланыстыра жалғаған Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Тыныштық Ермекова жеке тұлғаны зерттеу, даралық қасиеттеріне мән берумен қатар, әрбір ғалымның ғылымдағы ұстаханасы туралы деректердің маңызды екендігі жайлы ойымен бөлісті. «Тіл және тұлға» еңбегінің ғылыми көпшілік бағытына көңіл бөлген  педагогика ғылымының докторы, профессор Жарқынбике Сүлейменова «Өскелең ұрпақ ұлы тұлғаларды тану арқылы ғылымға көңіл бөледі. Сондықтан да бұл кітапты түркітілдес қауымға қолжетімді етіп, өзге тілдерге аударып, жоғары оқу орындары мен арнайы мамандандырылған мектептерде жеке пән ретінде оқыту қажет», – деген ұсынысын білдірді. Ал әңгімесін Әлихан Бөкейхановтың  «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өзінің бәйгесін алар» деген сөзімен бастаған «Қайнар» университетінің  проректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Әбдіжапар Сапарбаев ғалымдарды насихаттау мен зерттеудің бүгінгі жаһандану заманында маңызды қадам екеніне көпшіліктің назарын аударды. Тұлғалар жайындағы еңбектің тұщымды тұстарын сөзіне арқау еткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Бижомарт Қапалбек бұл еңбектің жалғасы болса деген ұсыныс айтты.

Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Қалымбет: «Тіліміздің мерейін асқақтатқан ардагер-академик тұлғалардың еңбегін таныту дәл қазіргі кезеңде маңызды, – деді.  – Бүгінде тілдің жоғын жоқтап, шындықты айтатын тұлғалар жағы кемшін. Тіл саясатын жүргізуде тілші ғалымдардың зерттеулеріне арқа сүйеу, күрмелген мәселені соған арқа сүйей отырып шешу заңды мәселе десек, тілді дамытуды жүзеге асыруда тілші ғалымдар еңбегінің орны айрықша. Осы орайда ғалымдардың тұлғалық тағылымы, ұстаздық ұлағаты, қазақ тілінің аясын кеңейтудегі ұстанымдары, қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін барынша ашып көрсету, насихаттау уақыт талабынан ­туындап отыр», – деді.

Кітап Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың алғысөзімен басталған. Еңбекте  І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, К.Аханов, К.Мұсаев, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев ­туралы, өмірден өткен тілтану тұлғалары және олардың ісін жалғастырып жүрген бүгінгі көзі тірі ғалымдар жайлы мақалалар топтастырылған.

Д.КӘМЕЛХАНҰЛЫ

 

1705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы