• Тұлға
  • 07 Қазан, 2021

ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚАРАТАУЫ

Қазақ сөз ұстаған жанды қадір тұтқаны анық. Өлең-жырды төріне шығарған ұлт. Ал сол өлеңді әлемдік поэзияның биігіне шығарып кеткендерге деген құрмет тіптен ерек. Сондай қадірліміздің бірі Қасым жыры туған өлкесін әлдилеп тұр. Дәлірек айтсақ, Қарағандыда Қасым апталығы өтіп жатыр. Ақынның туғанына 110 жыл толу мерейтойы құрметіне Қарағанды өлкесі Қасым ­жырын, Қасым рухын, Қасым сөзін қайта еске салмақ. Жыр оқыған әр қазақтың жүрегінде Қасым өлеңі бүр жаратыны рас. 

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен – қазақтың баласы!..

«Тағы» емеспін, тағы айтам,

Адаммын – деп бұрыннан.

Адаммын деп жылағам,

Адаммын деп қырылғам.

Тәкаппар, ұлы дүние!

Қазақ деген – мен деймін.

Мылтығыңды ұсынба,

Қолыңды ұсын, кел деймін!

Қасымның осы өлеңі күллі ­қа­зақтың сөзі іспетті. Қасым жүріп өткен жол, жүректен өткерген дүние – оның жырлары болып төгілді. Сол жыр жолдарымен асықпай аяңдасақ, Қасымның ғана емес, сол дәуірдегі қазақтың да жай-күйін ұққандай боламыз. Қасым жыры – қазақ жыры дейтініміз де сондықтан ғой. Қасыммен бірге қазақ даласын шарлап өте аламыз, о шеті мен бұ шетіне жүгірсек те туған жердің көз тоймас табиғатына бас иеміз, Орал даласынан мұңдана өтіп, күркіреп өткен сұрапыл соғысқа қойып кетеміз. Бір өзінде екі әйелдің аты бар Сақыпжамалдың сұлулығына тәнті боламыз. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп тамсанған ұрпақ біз болармыз ба деп ойланамыз. Қасым жырымен біз де келер ұрпақтың жап-жарық болашағына тамсанып қараймыз.

«Бір күй бар домбырамда иесі – Қасым...».

Біздің де жүрек күйіміздің бір иесі Қасым жыры, Қасым сөзі, Қасым сыры емес пе?!

 

Серік Ақсұңқарұлы

Нөсер боп құйып өтермін

Дүниені менен көп шалдың,

Арқаңда сенің – алты ай қыс.

Шағанның бойы – көк шалғын,

Шалқаңнан жаттың шаңқай түс.

 

Туған жұрт, туған тал бесік,

Бұлдырап соноу жотада;

Қаршадайыңнан қан кешіп,

Жүргенсің Еуропада.

 

Кім жүрді сонда қасыңда,

Өліара шақта өтпелі?

Ақынның алтын басы да,

Алланың добы, өйткені.

 

Ап шықты, тәуба, жоқ қылмай,

Аллаға үнің жетті енді.

Қарқаралыға да соқтырмай,

Қақпайлап алып кеткен-ді.

 

...Бір рух жетті шалғайдан,

Қашуға одан қақым жоқ;

Сағынышыңа сарғайған, –

Кенеліп!

Кеттім ақын боп.

 

Нөсер боп құйып өтермін,

Найзағай соққан селменен.

Келмеске кеткен көкемнің,

Кермек көз жасы мен деген...

1914 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы