• Әдебиет
  • 11 Қараша, 2021

Бағалай білгенге бақ қонады

Осынау бір сәттік өмірден жалт етіп өткен жандар аз ба? «Қайран дүние!» деп, мүмкін, осындайда айтуға болатын шығар. Адамның уақыты келгенде бәріміз де дәрменсізбіз. Міне, кеше ғана халқының қызы, шәкірттерінің сүйікті ұстазы, бір әулеттің әжесі, анасы, құт-берекесі, қазығындай болып отырған Ләйлә Сопбекқызы Әділбаеваның «Өмір – өткінші», «Дүние жалған» деген сөздерді тағы да бір дәлелдеп, арамыздан кеткеніне 14 қарашада қырық күн болады.

Ақжарқын, ақ пейілмен, ақ көңіл­ділігімен, адамға жұ­ғымдылығымен барша ел – жұртты баураған әріптесіміздің өмірі мәңгілікке қиылады деп ойлаппыз ба? Әрбір адам өзінің ғұмыр жолында тіршілік тұрмысында атқарған еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биігіне қарай із қалдырады. Десе де, бұралаңы мен бұлтарысы көп тірлікте тура жол тауып, жол тапқанда да көптің құрметіне, алғыс ризашылығына бөленіп, белді азаматша атқару кез келген пенденің маңдайына бұйыра бермесі анық. Фәниден бақиға өту өмірдің бұлжымас қағидасы десек те, адамгершілігі жоғары, жан дүниесі терең «өлді деуге қимайтын» асыл жандардың бірі Ләйлә Сопбекқызы Әділбаева еді.

Өмірде бәрі өтеді, кетеді. Қалатыны өмірлік өнеге, өшпес із, ұлағатты үлгі. Ол 1971 жылы 15 тамызда Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қолы қойылған қаулысы бойынша ашылған Республикалық Олимпиада резервтерін даярлайтын мектеп-интернатына жұмысқа орналасып, қазақ бөлімінің оқу ісіндегі директордың орынбасары қызметін атқарып, қазақ бөлімін құруда үлкен еңбек етті. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі алыс аймақтардан спортқа бейімі бар балаларды іздестіріп, оларды қабылдап, ұйымдастыру жұмыстарына басшылық етті. Республикалық мектеп-интернатта, кейіннен Республикалық спорт колледжі аталған оқу орнында 35 жылдан астам еңбек етті. Оның ұйымдастыру, іскерлік қабілетіне кісі сүйсінетін. Ләйлә Сопбекқызы жаны сергек, әділетсіздікке жаны төзбейтін, қашанда азаматтық ұстанымымен де ерекшеленетін.

Ләйлә Сопбекқызының қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық мамандықты таңдап, білім көшін алға жылжытуда ерен еңбегі орасан зор. «Ұстазы талантты болса, шәкірті дана болады» – деген сөзді үнемі айтып біздерден үлкен жауапкершілікті талап ететін. Оның өмірдегі ұстанымы – ерінбей еңбек ету болды. Ұстаз атаулының ұлы міндеті – әуелі шәкіртін бақытты ету. Осы арқылы ұлтына бақыт сыйлау, одан асса, күллі адамзат баласын бақытқа кеңелту жолында тер төгу деп түсінді. Ол ұлтжанды рухы биік, өрісі кең шәкірт тәрбиеледі. Қазақ халқының салт-санасын, дәстүрін бала тәрбиесінде басшылыққа ала отырып, олардың рухани жетілуіне көп күш салды. Оның білімділігі, ұстамдылығы әріптестеріне, біздерге үлкен мектеп болды.

Ол сегіз қырлы, бір сырлы еді. Жұмыста қатал тәртіп, ал ­демалыста  – еркіндік. Отырыстың гүлі еді. Құйқылжытып ән айтатын, мың бұралып би билейтін. Біз басшымызға ұқсағымыз келетін, одан көп үлгі-өнеге алатынбыз

Ләйлә Сопбекқызы «жастардың ­бойында ұлтқа, Отанға, тілге сүйіспеншілік болсын», – деп ­талап ететін. Қазақтың көк туын желбіреткен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, спорт саңлақтары Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибрагимов, Мәулен Мамыров, Әсет Мәмбетов, Нұрболат Теңізбаев, Айдын Сәрсекеев, Әсет Иманбаев сынды шәкірттерін мақтан ететін.

Ләйлә Сопбекқызы тәлімді ұрпақ өсіріп, өнегелі ұл-қыз тәрбиеледі. ­Аидасы мен Ерланы атпал азамат болып өсті. Екеуі де медицина саласының білікті қызметкерлері. Әйел үйдің киесі болса, еркек үйдің иесі ғой. Жақсы болса қосағың, маздап жанар ошағың. Мейірхан аға мен Ләкеннің адамдармен ерекше қарым-қатынасы, қонақжайлылығы, тату-тәтті тұрмысы баршамызға үлгі болды. Екі текті қосылып, шат-шадыман өмір сүрді. «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деген нақыл сөз осы кісілерге айтылғандай. Бүкіл өмірін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған ұстазымыздың бейнесі әрдайым жанымызда, жүрегімізде болары анық.

Райхан СҰЛТАНБЕКОВА

1064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы