• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2021

ӘДЕБИЕТТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН СҮБЕЛІ ЕҢБЕК

(Әдебиетші-ғалым С. Қалқабаеваның «Көркем шығарма 
поэтикасы» атты монографиясы хақында)

Қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген зерттеушілеріміздің бірі – әдебиетші-ғалым Сәлима Қалқабаева. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде ұстаздық қызмет атқаратын ол негізінен қазақ әдебиетіндегі поэтикалық ізденістерді, көркемдік жүйені саралаумен, қазақ ғалымдарының әдебиет поэтикасы саласындағы жаңаша зерделеулерін талдаумен айналысады. Ғалымның «Көркем шығарма поэтикасы» атты монографиясында осы айтылған мәселелер жан-жақты қарастырылған.

«Әдебиетші – тасадағы психолог болуы, құбылыстың қайнарын білуі және аңғаруы керек», – деп Тургенев айтқандай, монография авторы да өз зерттеулерін психологиялық тұрғыдан барынша зерделеген. Көркем шығарма поэтикасын айқындауға үлгі боларлық зерттеулерінде шығармашылық тұлға болмысының маңыздылығына ерекше екпін түсірген. Негізгі үш бөлімнен тұратын бұл монографияның кіріспесінде ғалым әдебиеттің ең көне саласы – ­поэтика ғылымына біршама сипаттама береді. ­Аристотель мен Платонның эстетикасынан бастау алатын антикалық поэтика поэзиялық шығармаларды талдау бағытында дамығанын, ал кейін әмбебап сипатқа ие болғанын және ХХ ғасырда бұл термин басқа мағынаны да білдіре бастағанын нақты дәлелдермен айқындайды. Қазіргі қазақ әдебиеттануында поэтика саласында жазылған зерттеулердің біршама екенін айта келіп, ол зерттеулердің қатарында Б.Майтанов, Б.Кәрібаева, А.Исмақова, А.Темірболат сияқты әдебиетшілердің еңбектерін атап өткен.

Монографияның бірінші бөлімінде Қазақстанның халық жазушысы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов прозасының поэтикасы жан-жақты талданады. Туындыгер мұраты, жанрлық-стильдік даралығы, образдар жүйесі және адамгершілік мәсе­лелері қарастырылады. Ал екінші бөлімінде Қазақстанның халық жазушысы, Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Зейнолла Қабдоловтың ғылыми-әдеби шығармашылығы, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі поэзиясындағы ұлттық нақыштар және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы шығармашылық тұлғалар ғалым зерттеуінің нысанына айналған болса, монографияның үшінші бөлімінде тұтастай поэтика саласындағы жалпы зерттеулерге мән берілген.

Әдебиетші-ғалым С.Қалқабаева өз зерттеуінің объектісі етіп алған шығармашылық тұлға болмысы туралы барынша шынайы, барынша әділ, барынша терең талдауға тырысады. Монография авторының зерттеулерінде тереңдік те, көркемдік те, биіктікке ұмтылған өре де бар. Атап айтар болсақ, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының бас кейіпкері – халқымыздың аты аңызға айналған қаһарманы, майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының отаншылдығын, өрлігі мен ерлігін, рухани әлемін жария етіп берген жазушының тереңдігі мен стиль ерекшелігі шынайылықпен талданған. «Кітаптың сұхбат түрінде жазылуы авторға талай мүмкіндіктер берді. Біріншіден, қаһарманын шығарма мақсатына қарай бағыттауға әрі оны әр қырынан танытуға жол ашса; екіншіден, шығарманың тарихи шыншылдығын арттырды; ал үшіншіден, автордың оқиғаны өз тарапынан да ­баяндауына, өз сезімдерін еркін білдіруіне мүмкіндіктер жасады. Қалай дегенмен де, халыққа еткен еңбегімен ел арасында аты аңызға айналған батыр туралы жазу үшін автор ғалымдық, жазушылық, журналистік ізденістер танытып, кейіпкер мінезінің сан алуан жақтарын әр қырынан шынайы бейнелеп, үлкен білімділік көрсетті», – дейді зерттеуші.

Сәлима Қалқабаеваның әдебиеттану ғылымына, оның ең күрделі саласы – әдебиет теориясына зор үлес қосқан ғалым, Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Зейнолла Қабдоловтың ғылыми-әдеби шығармашылығына жасаған талдауына аз-кем тоқталғым келеді. Халқы­мыздың саңлақ суреткеріне айналған шығармашылық тұлғаның еңбектеріне көңіл аударған С.Қалқабаева алған тақы­рыбының ауқымын ашуға барынша еңбектеніпті. «Қазақ әдебиеттану ғылы­мының аса көрнекті өкілі, үлкен ғалымның «Әдебиет теориясының негіздері» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы студенттерді әдебиет туралы білімінің негізімен сусындатып келеді. Оның айрықша құндылығы көркем әдебиеттің табиғатын, оның өмірмен жалғастығын, қазақ сөз өнерінің ұлттық сипат-ерекшелігін ғылыми тұрғыдан терең ашып беруінде, теориялық қағидаларды, көркем шығармаларды үлкен талғампаздықпен танып, нақтылы талдау жасай білу шеберлігінде болатын», – дей келіп, бұл кітаптың әдебиет әлемінің бар сырын ашып бергенін дәйекті пікірлерімен дәлелдейді. Әдеби туын­дыдағы эстетикалық пайымға да диалек­тиканың жан-жақтылығымен қарайды. Сонымен бірге үлкен ғалымның қаламынан туған «Жанр сыры», «Жебе», «Мұхтар Әуезов және оның әсемдік әлемі», «Арна», «Көзқарас» атты монографияларына да тоқталады. Ал академиктің есімін қалың оқырманға жазушы ретінде кеңінен танытқан «Ұшқын», «Жалын» романдары мен «Менің Әуезовім» роман-эссесі туралы барынша шынайы пікір білдірген. Әсіресе М.Әуезовтің өмір жолы мен шығармашылық өнерін зерттеп, дәріптеуге сан жылғы ғалымдық ізденісі мен жазушылық еңбегін, күллі ұстаздық ғұмырын арнаған жазушы-ғалымның «Менің Әуезовім» роман-эссесі қазақ әдебиетіне қосылған қомақты дүние екенін айта келіп, С.Қалқабаева өз ойын: «Стильдік, жанрлық тұрғыда жаңаша ізденіспен, сыни проза үлгісінде жазылған З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесінің орны дара. Бұған қоса айтарымыз, жазушы қолданған сан алуан көркемдік әдіс-тәсілдердің ішінде деректілік негіздің болуы шығарма шынайылығы мен құнды­лығын арттырып тұрған бірден-бір қасиет», – деп түйіндейді.

«Көркем шығарма поэтикасы» ­монографиясы авторының Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі ­поэзиясына зерттеу жасағаны да өзіндік ізденісімен ерекшеленеді. Автордың ­айтуынша, Қадыр поэзиясы, оның бүкіл шығармашылық ғұмыры «тұтас бір ұлттың тарихы, сол ұлт өмір сүрген қоғам, заман, уақыттың барометрі» екен. Өйткені оның өлеңдерінің поэтикалық қуатын күшейтіп тұратын ерекшелігі ондағы ұлттық ­сипатты танытатын ұлттық мазмұн мен пішіннің бірлігінде, ұлттық дәстүр мен образды ойлаудың жаңашылдығында. Сондықтан болар «Ақын поэзиясындағы дала, домбыра, бесік, тау, тұлпар, киіз үй сияқты ұғымдар символдық мәнге айналған ұлттық көркем дәстүріміз».

«Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау ұлт ақынына тумысынан тән нәрсе. Әрі бұл қасиеттің ақын өлеңдерінен толық көрінуі де заңдылық. Өлеңдерімен ұлтымыздың мінезін, болмысын, табиғатын танытып, қазіргі қазақ лирикасының эстетикалық деңгейін көтерген ақын поэзиясы ұлттық ой-сананы, дүниетанымды сезім шынайы­лығымен, ой тереңдігімен, асқақ та өршіл рухпен береді», – дейді зерттеуші ғалым.

Монографияның «Поэтика саласын­дағы зерттеулер» атты үшінші бөлімінде автор қазақ әдебиетінің әралуан мәселелерін теориялық, сыни, поэтикалық, танымдық жағынан зерттеп, сүбелі еңбектер жазған бірқатар замандастарына деген өзінің шынайы пікірін, олардың талант қырларын тарқата сөз етіп әрі өзіндік жазу шеберліктеріне, зерттеу нысандарына тоқталып, әдебиеттану ғылымына қосқан үлесіне өз тарапынан баға беруге тырысқан екен. Сонымен, монография авторының зерттеу нысанына айналып, шынайы көңілімен жазылған жылы пікіріне ие болған филология ғылымының докторлары, профессорлар Бақытжан Майтанов, Қансейіт Әбдезұлы, Жанғара Дәдебаев, Зұфар Сейітжанұлы, Жұмат Тілепов, Раушан Әбдіқұлова, Абат ­Пангереев және Нариман Нұрпейісов сияқты ғалымдардың бәрі де ұлттық әдебиетімізге жасампаздықпен қызмет сіңірген белгілі тұлғалар.

С.Қалқабаеваның өзі атап-атап көрсеткеніндей, бұл әдебиетшілер бір-бірінен көтерген мәселелерімен, таңдаған жанр ерекшеліктерімен дараланады. Атап айтқанда, Бақытжан Майтанов – ұлттық әдебиеттануда көркем шығар­маны поэтикалық тұрғыдан зерттеудің әдіс­намалық үлгісін қалыптастырған ғалым ретінде танылған болса, Қансейіт Әбдезұлы – ұлттық әдебиеттің тарихы мен қазіргі әдеби үрдіске, ондағы көркемдік дәстүр мен ұлттық ерекшеліктерге ғылыми таным көкжиегінен қарап, әдебиеттану ғылымына сүбелі еңбектер әкелген белгілі тұлға, ал Жанғара Дәдебаев – тәуелсіз кезеңдегі қазақ әдебиеттануы мен руханиятының көрнекті өкілі, Зұфар Сейітжанов – Монғолия мен Қытай қазақтарының әдебиетін қазақ әдебиетінің бір бұтағы ретінде қарастырып жүрген әдебиетші-ғалым, ал Жұмат Тілепов болса, қазақтың ұлт болып қалыптасқаннан бергі бай әдеби мұрасын зерттеуге бар саналы ғұмырын арнаған көрнекті ғалым, Раушан Әбдіқұлова – белгілі әдебиет теоретиктерінің тек ­туралы тұжырымдамаларын көпшілікке ұғындырумен айналысып жүрген ұстаз-ғалым, Абат Пангереев – әдебиеттегі фольклор, мифология, әдебиет тарихы және топономастика мәселелерін зерттеу­мен айналысса, ал Нариман Нұрпейісов – ұлттық әдебиетіміздің әлі зерттелмей жатқан тың тақырыптарға батыл барып, өзінің ғалымдық қарымын таныта білген әдебиетші-ғалымның бірі екен.

Сәлима Қалқабаеваның біз сөз еткен монографиясында айтылған және көтерілген мәселелердің қай-қайсысы да және еңбектеріне азды-көпті сипаттама берілген әдебиетші-ғалымдардың бәрі де қазақтың әдебиет сынына үлес қосып жүрген тұлғалар екенінде дау болмаса керек.

Есенәлі ЕРАЛЫ,

Халықаралық Жамбыл атындағы

сыйлықтың лауреаты   

1672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы