• Тұлға
  • 25 Қараша, 2021

НАҒЫЗ ҚАЙРАТКЕР

Біздің қоғам зиялы, білікті, батыл азаматтарға зәру. Бар биязы зиялы емес, әр оқыған білікті емес, кіл кеудемсоқ батыл емес. Ескі ата сөздерге құлақ түрелік: 
Жүйрік аттан не пайда,
Шаршы топта шаппаса.
Шешен тілден не пайда,
Майданда сөз таппаса.
Сол айтқандай, қазір де, бұрын да ұлт зиялылары мен біліктілерін сынайтын кезең көп болған. Әріге бармай, Тәуелсіздіктің бастауында тұрған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін алайық. Алаш тұлғаларының бірқатары ақталатын 1988 жылдың алдында не болмады? Біреулер тізесі дірілдеп, «ұлт» сөзін аузына алғандарды тізімдеп, көгендей бастады. Біреулер «қазақ ұлтшылдығы» дегенді ойлап тауып, кінәны «өлмеген Алаш рухына» қарай аударды. Үшіншілері біртұтас қазақты қасақана ата-руға жіктеп, қолдан «жау іздеуді» жандандырды.

Бірақ осы саяси декорация мен конъюнктураға қарамай, қазақ қоғамы іштей бұрқ-сарқ қайнап жатты. Оны қайнатқан – сөзі мен ісі қиғаш, іргетасы әбден мортыққан Кеңес өкіметінің дел-сал ахуалы еді. Осы жылдары КСРО Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы болып жүрген 35 жастағы Сабыр Қасымов саяси егемендікке қатысты Балтық бойы мен Кремльдің текетіресін тым жақын жерден көріп, тәуелсіз байлам жасай алды. Сонымен бірге жас, өткір, табанды қайраткер 1988–1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті идеология бөлімінің ұлттар қарым-қатынасы бойынша нұсқаушысы бола жүріп, «Алмас қылышты жұмсақ қайраққа қайрайды» даналығын меңгерді. Бұл Алаш зиялыларының есімі мен мұрасы қайта жаңғырып, Желтоқсан құрбандары ақталуына заңдық алғышарттар жасалған кез еді. Аталарымыз «Ұзынсыз қысқа болмайды, үлгісіз нұсқа болмайды» деген. Кімнің кім екені сол кезде аңғарылды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында 40-тың қырқасындағы Сабыр Ахметжанұлы Орталық комитет пен ғылым, соның ішінде заңгерлер қауымдастығы түгел танитын азаматқа айналды.

Бір жағынан Мәскеу, екінші жағынан респуб­лика ішіндегі таптаурын коммунистік көзқарас егемендіктің іргетасын қалыптастыратын заңдық негіздерге мүмкіндік бермей жатқанда білікті заңгер, саясаттанушы Сабыр Қасымов сындарлы (конструктивті) басшыларға, түрлі елдік комиссия төрағаларына табан тірейтін, жігерлендіретін жазбаша ұсыныстар берді. Алқалы жиындарда әлем тәжірибесін алға тартып, пәтуалы ой айтты.

Қайраткер Сабыр Ахметжанұлының осы сапасы 1990–1992 жылдары демократияға бет түзеген Қазақстан Президенті кеңесінің кеңесшісі, Жоғары кеңес төрағасының кеңесшісі қызметіне алып келді. Бұл уақыт, «Күлтегін» ескерткішінде жазылғандай, нағыз «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадымның» кезі еді. Мына ағайын ел Түркияда кеңесшіні «данышпан» деп бекер атамайды. Мысалы, Сәкеңнің демократиялық-либералдық құндылықтарға, әлеуметтік-мәдени саланы әсіре нарық тегеурінінен сақтап қалуға, заң істеріне байланысты қадау-қадау ұсыныстары өзекті болды деп есептейміз.

1990 жылы заңгер С.А.Қасымов елеулі асуды бағындырды. Ол – Мәскеуде қорғаған «Ұлттар теңдігі: саяси-құқықтық проблемалар» атты кандидаттық диссертациясы еді. Жалпы Сабыр Ахметжанұлы ұстанымында ұлт ұғымы – мән-мазмұны биік құндылық. Мемлекет пен ұлт мәселесінің саяси және құқықтық бағамы зерттеушіден терең білімділік пен біліктілікті талап етеді. Ел сыйлайтын Сәкең осы өлшемнен табылып, қырыққа толмай ғылымның қамалын бағындырды.

Халқымыз: «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» деп бекер айтпайды. Сабыр Ахметжанұлы кеңестік қайта құру мен жариялылыққа дейін Алматының бірнеше ауданында сот пен прокуратура саласының қызмет сатыларынан өтіп, тәжірибе жинаса, 1992–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы болып, заң олимпіне көтерілді. Бұдан кейінгі ҚР Парламенті Сенаты І шақырылымының депутаты, Елбасының Парламент Мәжілісіндегі өкілі, 12 жылдай Парламенттегі өкілдік жетекшісінің орынбасары, сектор меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты жетекшісінің орынбасары сынды жауапты қызметтерінде де сөз бастаған шешен, топ бастаған көсем бола білді.

Әлі есімде, 2010 жылдың қоңыр күзі еді. Содан екі жыл бұрын ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөліміне жауапты қызметке келген елшіл жас қайраткер (қазір Мәжіліс депутаты) Берік Әбдіғалиұлымен Алаш тарихы мен тағдыры туралы кеңесіп қалдық. Оған Мәскеудің Дон зиратханасы қабырғасында қалған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі туралы әңгімем ерекше әсер етті. Қайда, қалай тұрғанын тәптіштеп сұрап алғаннан кейін, сүйекті елге жеткізуге атсалысатынын айтты. Мәскеуге іссапарлап барып, көршілердің тамырын да басып қайтты. Бірақ мәселе қозғалатын түрі жоқ. 2010 жылдың ортасында осы жайтты Елбасының Парламенттегі өкілдік жетекшісінің орынбасары, экс-сенатор С.А.Қасымовқа өтініш жасап айтқанын хабарлады. Сәкеңді бұрын сырттай білетінмін. Күзгі Мәскеу сапарының алды-артында бірнеше мәрте жолықтық, кеңестік. Алла сәтін салып, Сабыр Ахметжанұлы мәселені кешіктірмей шешті. Ол кісі Мәскеудің бірсыпыра демократ, либерал қайраткерлерін, адами қасиеттен айнымайтын заңгерлерін танитын болып шықты. Оның ішінде бізбен шектес Сібір өңірінен, тіпті Сәкең туған Түменнен түлеп ұшқандары да баршылық.

Ақыры заңдық кілтипанның жөнін тауып, артында ұрпағы қалмаған Смағұлдың туыс­тары атынан сүйекті Қазақстанға жеткізудің мүмкіндігі туды... Басында Сәкең: «2010 жылдың желтоқсанында алып келейік», – деді. Мен: «Бұл – Алаш сүйегін шеттен елге тұңғыш жеткізу тәжірибесі. Елді, халықты даярлайық», – деп ой тастадым. Сөйтіп, депутаттарды, ­зиялыларды қатыстырып, үлкен конференция өткіздік. Арнайы қарар қабылдадық. Бірақ түсінбеушіліктен алдында да, соңында да біраз кедергі шықты... Соған қарамай 2011 жылы 21 қаңтарда Смағұл сүйегінің күлін астанаға жеткіздік. Соңынан оны арулап, Кенесары хан сарбаздары қорымына жерледік.

Шындықты айтайық, осы иманды іс оп-оңай біте салмады. Ескі көзқарас аяқ-қолымызды талай шідерледі. Сабыр Ахметжанұлы екеуміз қиналып, намыстан көңіліміз босаған кез де болды... Сол кездегі ауыр көңіл күйді, таптаурын танымды әлі жарияланбаған «Смағұлдың сүйегі» атты еңбегімізде хаттап қойдық. Біз осы елдік жұмыста Сәкеңнің адамшылығын, табандылығын, ақылын тереңінен сезіндік.

Сабыр Ахметжанұлы – мемлекетшіл тұлға. Ол арғы-бергі тарихымызға әрі сауатты заңгердің, әрі білікті шенеуніктің көзімен қарай алады. Саясат тамырын да дөп баса алады.

Ойлана қарасақ, Алаш автономиясы да, Түркістан мұхтарияты да (ресми тарих халықты да, өзін де әбден шатастырып «Қоқан автономиясы» дейді), Желтоқсан көтерілісі де – қай уақытта болсын Қазақ елі абыройын көтеретін құбылыстар. Бұл ретте Сәкеңді – білікті желтоқсантанушы деп атасақ та жарасады. Естеріңізде болса, Қазақстанның егемендік декларация жариялаған күні – 2016 жылы 25 қазанда Астанада «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Әлемнің 10 елінен ғалымдар, қайраткерлер қатысып, Желтоқсанның жай «оқиға» емес, демократиялық дамуға бағытталған қозғалыс, көтеріліс екенін дәлелдеп шықты. Бұл баға – елдің абыройы емес пе? Өкінішке қарай, осы конференцияны өткіздірмеуге барын салғандар кездесті. Қазір айта аламыз, Желтоқсан құрбандарының аруағы атты ма, сол конференцияға кедергі жасаған адам кейін «­Отанын сатты» деген ауыр айыппен істі ­болды...

Тарихи конференцияны өткізуге Сабыр Қасымов – интеллектуалдық ақыл-ойын, Желтоқсан қаһармандары Нұрлан Есқалиев, Құрманғазы Айтмырза – қаржы-қаражатын аямады. Сәкеңнің конференцияға даярлану мен өткізуі – өзіндік бір шеберлік мектебі. Ол кісі тезистер мен баяндамаларда ой, ұсыныс қайталамауды да алдын ала сараптан өткізеді. Ортақ нәтижеге жетудің әдіснамалық негіздерін табады.

Қоғамтану мен саясаттануда белгілі бір құбы­лысқа баға беру салиқалылық пен нақтылықты талап етеді. Бұл баға жан-жақты салмақталып айтылса, кейін көрегенділікке баланып жатады. Сабыр Ахметжанұлы Жел­тоқсан­ның 15 жылдығында: «Қазақстандағы Желтоқсан Кеңес империясының соңғы жарты ғасырындағы алғашқы бұқаралық ұлт-азаттық көтеріліс ретінде әлем тарихына енеді. Ол қоғам дамуын бағалаған кеңестік ғылымның канон­дарын жоққа шығарды. Бұл құбылысты – Қазақстанның азаттығы жолында ұлт құқының ұзақ уақыт және түбегейлі тапталуына қарсы ха­лықтың бұқаралық, демократиялық, ұлт-азат­тық саяси көтерілісі деуге негіз бар» деген еді.

Отанымыздың солтүстігі – аяусыз отар­ланған өңір. Қазақ елі мен жеріне тұтас қарайтын Сабыр Ахметжанұлы заңгер, қайраткер ретінде 30 жылдан бері отарсыздандыру ісімен айналысып келе жатыр. «Безопасность Казахстана – это безопасность каждого его гражданина», «Декабрь открыл дорогу национально-освободительному движению народов СССР», «Алашордалықтар тәуелсіздікке алғашқы болып жол салды», «Желтоқсан көтерілісі: не тындырып, нені ұмыт қалдырдық?», «Азаттық азапкерлері мемлекеттік тұрғыда ақталуға тиіс» т.б. сүбелі еңбектерінің де идеясы – осы. Сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тәуелсіздік үшін күрес тарихы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізуге мұрындық болуының да себебі – осы. Ол кісі ұзақ жыл сарапқа сала отырып, 2016 жылы «Қаһармандар» қоғамдық қорын құрды. Бұл бастама қоғамда да, Сәкеңнің санасы мен жүрегінде де әбден піскен, ең бастысы, ел жаңғыруының жаңашыл форматы сынды ғылыми-танымдық, ағартушылық жол еді. Сондықтан «қаһарман» атауы – тұлғаларды әрі ақтау, әрі елге лайықты таныстырып, мұрасы мен аманатын зерттеу аясындағы сауапты іс болатын.

Өзекті мәселеге ғылым және әлемдік тәжірибе тұрғысынан келу – өскендіктің белгісі. Біз осы қасиетті С.А.Қасымов танымы мен ұстанымынан жиі байқаймыз. Қуғын-сүргін жайын кешенді қарастыруға байланыс­ты заңгер-ғалым былай дейді: «Біз 90-жылдары ақтау жұмыстарына барынша белсене кірістік. Сталиндік қуғын-сүргін кезіндегі мыңдаған қыл­мыстық істерді қайта көтердік, ондаған мың жа­зықсыз атылғандарды, сотталғандарды ақтау жөнінде Жоғарғы кеңес­тің, Қазақстан Пре­зидентінің заң актілері қабылданды. Ғылыми конференциялар өткізіліп, мақалалар жазылды. Жазықсыз құрбан болған арыстардың аты мекемелерге, көшелерге берілді. Жоғарғы кеңес Төралқасының комиссиясы Желтоқсан көтерілісіне кеңейтілген құқықтық баға берді. Осының бәрі – үлкен істер, мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ енді өткенге тоқмейілсінгеннен гөрі әлі күнге шешімін таппай келе жатқан бүгінгі проблемаларды айту керек. Негізгі проблема – құқықтық актілерімізде Қазақстанға қуғын-сүргіннің қандай санаты тән екенін анықтау және сараптау жоқ. Бұл істе біржақты тәсілге жол берілген. Ол уақытпен шектеліп, тек 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргінді ғана зерттеп, 20-жылдарға үстірт қараған. Ал кеңестік кезеңнен бұрынғы шақ мүлде ауызға алынбаған. Яғни оған дейін қазақ халқы өз бостандығы мен жері үшін күреспегендей, әлеуметтік, ұлттық ерекшелікке байланысты қуғын-сүргін жасалмағандай, ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұмтылыстарда ең ардақты ерлеріміз қанға бөкпегендей, жазалау акцияларына ұшырамағандай.

Біз 37-жылмен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Иә, бұл – ұлтымызды сорлатқан қасіреттің бірі. Алайда қазақ халқына қатысты мұндай жантүршігерлік қырғындар үнемі болып тұрды. Осыған заңдық, ғылыми кешенді баға беріп, ұрпаққа айқын өнеге қалдыруымыз керек».

Бір ерекшелігі, Сәкең мұндай ойларды дәлел-дерексіз айтпайды. Заң саласындағы Литваның, Грузияның, тіпті Ресей Федерация­сының ізденістерін, жетістіктерін алға тартады. Қайраткердің мына тезисіне ­назар аударыңызшы: «Біз Қазақстанға жер аударылған чешен, ингуш, корей секілді этнос­тарды ақтадық. Ал өзімізден күшпен жер ауған қандастарымызды ақтаған бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылдаған емеспіз».

Сабыр Ахметжанұлы 40-70 жылдар ара­лығында Қазақ елі тәуелсіздігі үшін саналы түрде құрбандыққа барған, сол демократиялық идеясы үшін атылып кеткен студент Ғұбайдолла Әнесұлы секілді тұлғалардың ақталмай жатқанына да қам жейді. «Осы арыстарды кім ақтауы керек, олар кім үшін және не үшін басын бәйгеге тіккен? Олар біздің бүгінгі өмірімізді аңсады, соны тезірек тудырғысы келді емес пе? Ендеше, олардың жарқын есімдерін ақтамасақ, біздің бүгін кім болғанымыз?» деп дабыл қағады.

Ащы шындық па? Иә, аса өзекті мәселе!

Осы тұжырымдамадан-ақ «Қаһарман­дардың» миссиясы анық көрінеді. Әрине, мұндай елдіктің жүгін арқалаған қорлар зор ғылыми әлеуетке сүйенеді. Сонымен бірге қомақты қаржы да керек. Сабыр Ахметжанұлы Алаш зиялыларындай, «бізге жайқалып отыратын алты қанат отау емес, абылайша (жорықта қолданатын шағын баспана) да жетеді» деп, бірден ұшы-қиыры жоқ жұмысқа кірісіп кетті. Бірнеше рет ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеудің әдістемесі мен әдіснамасын талқылады. Осы мәселе бойынша өңірлердегі танымал тұлғалармен кеңесті. Қазақта «Таң атпайын демейді, күн қоймайды, сыр шықпайын демейді, шын қоймайды» деген тамаша сөз бар. Сәкең көреген бе, әлде азаматтық рухы сезді ме, Қазақстанда 2017 жылы 12 сәуірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталды. 2019 жылы 19 наурыздан Елбасы пәтуасымен жоғары биліктің трансформациясы жүрді. Зиялылар мен әлемдік қауымдастықтың, халықтың қолдауына ие болған жаңа Президент Қ.К.Тоқаев сабақтастық пен әділеттілік ұстанымын басшылыққа алды. Осы өзгерістер, әсіресе өткенге әділ байыппен қарау «Қаһармандардың» бойына қан жүгіртті. 2020 жылы 24 қарашада жарияланған Қасым-Жомарт Кемелұлының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы аталған қоғамдық қордың тынысын ашты. Кез келген тарихи құжаттың алғышарты мен орындалу жүйесі деген ұғым болады. Соның жуан ортасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі заңгер Сабыр Ахметжанұлы жүрді деп сеніммен айтуға болады. Бұл Мемлекеттік комиссия аса ауқымды елдік жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Жарты жылдың ішінде қаншама ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Сәкең – денсаулығына қарамай, күн-түн демей осы мемлекеттік жобаның жауапты үйлестірушісі. Президент, Парламент, Мемлекеттік хатшы деңгейіндегі жиындарда, неше түрлі алқалы топтарда баяндама жасап, ортақ істің әдіснама­сын ұсынып, тәжірибелік кезеңдерін айқын­дап отырады. Сәтін салса, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бастамасы, нәтижесі ұлт тарихында елеулі орын алады деп сенеміз.

Бірауыз сөз Сәкеңнің әулеті мен отбасы туралы. Ұлы атасы Құртай Қартамбайұлын Қызылжар өңірінің халқы «парасатты би, әділ адам» атаған. Қазір бір ауылдық округ сол кісінің есімімен аталады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы репрессия бұл шаңырақты да аямаған. Алаш қозғалысына атсалысқан бір атасы Мұқыш Құртайұлы да большевизмнің неше түрлі құқайын көрген. Қасым атасы Астраханда айдауда болған. Қиын жылдардың тауқыметін тартқан әжесі Мағрипа Омарқызы немерелеріне аталар шеккен азапты там-тұмдап қана айтып отырады екен. «Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең, Сонда да үміт үзбе бір Алладан!..» деген қара өлеңмен де ойын сабақтапты, жарықтық. Айдау мен қорлаудың кесірінен Қасым мен Мағрипаның 11 перзентінен 2-еуі ғана тірі қалыпты...

Аумалы-төкпелі жылдары Ресейдің Түменіне амалсыз қоныс аударған Қасым шаңырағы ұрпағын ағартуға және білікті етуге жұмылған. Осы игілікті істі әкесі ­Ахметжан Қасымұлы мен анасы Күләндам Ысқаққызы лайықты жалғастырса керек. Әйтпесе бір әулеттен Сабыр Ахметжанұлы, Ақылтай Ахметжанұлын секілді мемлекетімізге, ТМД-ға танымал заңгерлер, елдің батасын алған Ақжандай зоотехник, Бексұлтандай техниканың құлағында ойнаған маман шығар ма еді? Бұған ел мен ағайынға қамқор Аймандай қарындасты, Асқар мен Ержандай спорт кәсібін меңгерген інілерді қосыңыз. Әулет тұтқасының қаншама немерелері заң, әділет саласында жүруі де біраз жайды аңғартпай ма? Бұлардың бәрі – Отанымыздың жауапты да кәсіби мамандары.

Өз отбасына келсек, зайыбы Тұрсын Қамзақызын Алматы қаласы білім жүйесінде білмейтін жан кемде-кем шығар. Қазақ мектебін ашу қозғалысының қайраткері, математика пәнінің шебер мұғалімі. Сәкең мен Тұрсын апай әлемдік деңгейдегі университеттерде оқып, бүгінде білім-ғылым саласында абыройлы қызмет істеп жүрген Әлен, Аян сынды екі ұлды тәрбиелеп өсірді.

Биыл Сабыр Ахметжанұлы жетпіс деген мерейлі жасқа көтерілді. Ешкімді, бірде-бір мекемені «мерейтойым» деп әуреге салмады. Тіпті бас көтермей құрбандарды ақтау комиссиясының жұмысымен айналысты. Өңірлерде, елордада келелі жиындар, маңызды талқылаулар өткізді.

Дәл қазір Отанымыздың солтүстік өңірі ел мен жер тұтастығының өлшеміне, бүгіні мен ертеңіне айналғаны айдай ақиқат. Бұл ақиқат Сабыр Ахметжанұлын күндіз-түні мазалайтынын сеземіз. Қайраткер өткен қазан айында жергілікті атқарушы билік пен университетке қозғау сала отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және шет ел ғалымдарының басын қосқан «Солтүстік Қазақстан және Алаш» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуге мұрындық болды.

Тарихтан белгілі, 1918 жылы Міржақып Дулатұлы бастаған белді тұлғалар Орынбор мен солтүстік өңірдегі Алаш партиясының 100-ден аса қайраткері мен ниеттестерін Әлти қажы қыстауында жинап, құрылтай өткізген. Сол жиында жергілікті халық атынан Сабыр Ахметжанұлының үлкен атасы Мұқыш Құртайұлы сөйлеген. Бұл туралы С.Мұқановтың «Өмір мектебінде» кеңестік идеологияға сай дерек берілген... Конференцияда осы тарихи құрылтайдың мәні мен мәртебесі туралы тұжырымды ой тұңғыш рет айтылды. Қызылжарлық татар ауқаттыларының Исмаил Ғаспыралы идеясына адалдығы мен Алашқа қаржылай көмегі де сөз етілді...

Сабыр Ахметжанұлының ендігі ­арманы – стратегиялық маңызды өңірден басталған алаштанудың жаңашыл ізденістерін аймақтарда салаландыру. Соның айғағындай таяуда Қазығұртта Алаш тұлғаларына ескерткіш тұрғызылып, Шымкенттегі М.Әуезов универси­тетінде ғылыми конференция өткізілді. Ел азаматтары елдіктің абыройын көтерді.

Біз әділдік пен имандылықты аңсаған қалың жұртпен бірге ұлт қаһармандарын жоқтаушы табанды да сындарлы қайраткерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,

ҚР ҰҒА академигі

1268 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы