• Әдебиет
  • 09 Қаңтар, 2022

Пандемия (поэма)

Баянғали Әлімжанов

ПАНДЕМИЯ

 

Дүңк еткізді дүниені дүлей сөз:

Коронавирус!

Пандемия! Пандемия!

Даңғырлап, гулеп,

Жәһәннам зәрін жанға құя.

Сасқанда жаман,

Сан-саққа кеткен сансырап,

Пенденің миын

Дуалап алды зәндемі қиял.

Жоба мен жөннің,

Жоспардың бәрі күл болып,

Алыстап кетті

Бір сәтте арман, алдағы қия.

Маңдайдан бағы,

Таңдайдан әні тайғанда,

Зарлады халық,

Талқан боп тыныш таңдағы ұя!

Үрейлі қаңқу шырмады күллі ғаламды:

Коронавирус!

Пандемия! Пандемия!

 

ҚАПЫДА СОҚҚАН ТАЖАЛ

 

Қаптады тажал,

Басталды майдан алапат.

Ар-ұят қайда,

Ақыл мен білім, парасат?

Залымдар бастап,

Қостаған ғылым зұлымдық,

Ғаламға салды,

Жазылмас ауыр жарақат.

 

Уханьнан ұшқан

Улы ажал кетті жайылып.

Жасытып жігер,

Сындырып бәрін, майырып,

Қапыда соққан

Қатерлі індет, зұлматқа,

Жүзінде жердің

Жоқ еді ешбір дайын ұлт!

 

Бүйірден келіп

Бүйідей тиген тосыннан,

Тажалдан тәжді

Тіршілік түгел шошынған.

Жаһанның жұрты

Саудалап жүрген бар-жоғын,

Дүниеге сыймай,

Сауғалап жанын жосылған!

 

ҚИНАЛҒАН ҒАЛАМ

 

Тына қалып ессіздік даңғырлағы,

Басталды зауал шақта тағдыр әні.

Ормандай орыс елі ойға батып,

Алпауыт Америка абдырады.

 

Өркенді елдер батты қызыл қанға,

Жер таппады жан сақтап, тығыларға.

Иісі адамзат есінен танып қалды,

Испан мен итальян қырылғанда.

 

Тұншықтырды төрт бірдей тарабыңды,

Түңілді түрік, иран, араб, үнді.

Адамзаттың өкпесі саналатын,

Алқынтты Амазонка алабыңды.

 

АҚШ-тың ақша тапқыш даналары,

Сарғайды, сараптады, саралады.

Ғажайып ғылымы да, қаруы да,

Вирусты тоқтатуға жарамады.

 

Адамзат миллиондап қаза болды.

Батырды ауыр ойға саналы ерді.

«Жаңылған тәубасынан жер жүзіне,

Біреулер: «Көктен келген жаза!» – деді.

 

Қаңқуды, қан бұзатын, шындық көрді:

«Ханзулар ойлап тапқан сұмдық! – деді.

Зауыттан байқаусызда шығып кеткен,

Зұлматтан қапыда біз тындық!» – деді.

 

Адамзат бірін-бірі кінәлады.

Есіктен ажал-елес сығалады.

Ковидты кім шығарды?

Неге? Не үшін?...

Жауапсыз салбырап тұр сұрақ әлі?!

 

ДАҒДАРҒАН ДАЛА

 

Кең дала...

Кеңпейіл жұрт...

Аңғал-саңғал...

Аңғалдық жақсы емес-ау,

Аңғарсаңдар.

Сақтанбай,

Ашық-шашық жатқан елге,

Анталап бәле-бәтер, еркін самғар!

 

Күйзелді ел, күрсіне алмай,

Күңіренді,

Кеселдің көрінбейтін түрін көрді,

Түгелдей дүниені түнек басып,

Түңіліп тіршіліктен дірілдеді.

 

Сабылды,

Сең соққандай сансырады,

Қара жер қайғы басып, қансырады.

Алдынан адамзаттың шыға келді,

Аман-сау құтылудың сан сұрағы.

 

Түнімен тарттырды азап тән сынағы,

Таңға жету мұң болып, тұншығады.

Тұнжырап таң атқанда, а, дариға,

Талайдың сөнді үміті, шам шырағы.

 

Ес кетіп елдің бәрі үрейленген,

Айрылып арыстардан, сүлейлерден,

Білмейді қалай, қайтіп күресерін,

Көрмеген бұрын-соңды дүлейменен.

  Жандары саруайымнан сығылысқан,

Сабылып, қалтарысқа тығылысқан.

Көрвирус көрінбейтін көрқап сынды,

Жаралған жер-жаһандық ыбылыстан.

 

Жанталас...

Танымайды адамды адам.

Жалынып, қу жан үшін амалдаған.

Аңғалдың алаңдаулы бар білгені,

Зар жылап, зұлымдарды жамандаған!

 

Көшеде ел сенделіп егіледі,

Бауыры бауыр үшін езіледі.

Бұл бәле қайдан шықты, кім жіберді,

Төбеден кім әкеліп төгіп еді?

 

Әр ненің еріп жүрген әсеріне,

Кірмейтін қауіп-қатер қаперіне,

Аңғал ел жанын қояр жер таба алмай,

Қамалды төрт қабырға пәтеріне.

 

Қонақпен бұрын үйге құт келетін,

Ал қазір болды үрей мен құрт келетін...

Келешектен керемет күтіп жүрген,

Көрешек көп екен ғой жұрт көретін.

 

Ауырды патшалар да пәрмені көп,

Әлеуметтің сөзі көп, әлдері жоқ.

Көпшілік әрі-сәрі, есі шыққан,

Көрінбейтін кеселге дәрмені жоқ.

 

Арыс жатыр, аузымен ауа қармап,

Судан шыққан балықтай, жағада аунап,

Арыстандай жалынан айбын кеткен,

Далада тұр ағайын, ана зарлап.

 

Даланың ұлысы да, ұрысы да,

Уханьның айла таппай вирусына.

Жүздерін төмен салды, дем бере алмай,

Тарылған туған елдің тынысына.

 

ОЙ - ТОЛҒАҚ

 

Кім тапты?

Кім таратты?

Қауіп қайдан?

Ғаламға ашқандар кім жабық майдан?

Кім, қане, қорған болмақ ел мен жерге,

Ерлерің жүрсе қуып сауық, сайран?!

 

Не таптың арыстандай ақырғаннан,

Ерте-кеш қызыл сөзді сапырғаннан?

Бәлеге қарсы тұрар білгірің жоқ,

Не пайда ай кезетін ақылманнан?

 

Жүрміз деп дүниені дүрілдетіп,

Жым болды дүрдигендер бүгін нетіп?

Көкірек кергендерді қас-қағымда,

Көрвирус қойған жоқ па дірілдетіп!

 

Көкжалсып, кеуде соққан батыр қайда?

Тәңірсіп, тіл безеген ақын қайда?

Қарсылық көрвирусқа көрсете алмай,

Қор болды ғылым, білім, ақыл, айла.

 

Шыдамай көр-кеселдің салмағына,

Қайысты елдің не бір ардағы да.

Алшайып атқа мінген азаматтар,

Жарамай дәнемеге қалғаны ма?

 

Таяныш көрсе халық үкіметті,

Жөн таппай үкіметтің есі кетті,

Арыстай азаматтар қаза болса,

Табытты тас бекітіп, бесік етті.

Жат жұртқа жаның қалмай жайраңдадың,

Қай бетіңмен тайраңдап, сайрандадың ?

Жұқпалы дерт қаптаса қайтеміз деп,

Қорғауды елді неге ойланбадың?

 

Оп-оңай ойы бұзық өте алады,

Ашып неге тастадық шекараны?!

Далаға қаптап кіріп жатқан жоқ па,

Жұқпалы ауру, індет, топалаңы!

 

Жан-жақтан жаһандық дерт торлағанын,

Неліктен ой жүгіртіп, аңдамадың?

Өзін қорғай алмайтын байғұс халық,

Кімге керек құр бекер зарлағаның?!

 

Сақтанам десең жақсы, жаманды ойла,

Белгісіз бұрылары заман қайда.

Тағы да бәле келсе, ел қорғайтын,

Білетін іс тетігін маман қайда?

 

Еліңді қойса жатқа ойраңдатып,

Уайымсыз ішесің бе айран, қатық?

Зұлым заман өкпеңнен қысып тұрған,

Қойса жақсы сайратып, сайрандатып!

 

Жұлдыздар елдің ие, тірегі деп,

Білегі, ақыл-ойы, жүрегі деп,

Елірді, еліктеді үлкен-кіші,

Экран – өмір өзек, тілегі боп!

 

Бәрінен артық көріп жалтылдақты,

Жезді де, ездерін де алтындапты,

Сарп етіп күш-қайратын, ақыл-ойын,

Жалтылдау үшін босқа салпылдапты.

 

Дүрсінген, дүрілдеген дүйім жұртты,

Бір уыс қылған жоқ па түйір құрты?

Кемелдер, кемеңгерлер көк тіреген,

Қайрансыз салбырады үйде мұрты!

 

МЕМЛЕКЕТ ШЕШІМІ

 

«Қиын сәтте күллі халық біргеміз,

Бірге болсақ, сөгілмейді іргеміз!

Түңілмейміз қара түнек басқанда,

Үмітпенен ұмтыламыз күнге біз!

 

Қапияда қаптап келген бәлекет,

Елден алас, жер бетінен мүлдем кет!»

Президенттің өзі бастап, ел қостап,

Көрвируспен шықты айқасқа мемлекет!

 

Шамырқанып, азаматтар бар күшін,

Халық үшін бұл майданға салды шын.

Карантиннің – қара түннің кезінде,

Аямады елден көмек, қаржысын.

 

Аруақтанып, көтеріп көк туыңды,

Қайратты ерлер бір кісідей жұмылды.

Көрінбейтін тажал, бірақ оңай ма,

Жалмай берді талай қымбат ғұмырды.

 

АУРУХАНАДАҒЫ АРПАЛЫС

 

Аурудан алыс та өлді, жақын да өлді,

Ғұлама, батыр, бағлан, ақын да өлді.

Көрвирус құрбандығын таңдамайды,

Бірталай басшы, қосшы, әкім де өлді!

 

Тарылып, таусыларда алар демі,

Науқастың аурухана барар жері.

Көрмеген көрвирусты дәрігерлер,

Дауасын сұмдық дерттің табар ма енді?

 

Алқымнан алғанда елді ажал мерген,

Сауал тұрды, кім емдеп жазар деген?

Инфекционист Исабек Қозыбаев,

Шайқасты көрінбейтін тажалменен.

 Ұшына саусағының құт дарыған,

Қасиет үзілмеген түп-тамырдан.

Дәрігер дара мінез бір тынбайды,

Ажалдан адамдарды құтқарудан.

 

Жағдайды, жұртты жинап, ұғындырды:

«Шамамыз жоқ па біздің шыбын құрлы?

Қалайық адал болып антымызға!»

Деп күреске ұжымды жұмылдырды.

 

«Тар кезең...

Тәртіпке сый!

Мейлің сыйма!

Өмір үшін көңілдің күйін сыйла.

Аққа құдай жақ болып, қуат берсін,

Бізбен бірге Гиппократ, Ибн Сина!»

 

МАЙДАНДАҒЫ ДӘРІГЕРЛЕР

 

Дәрігерлер еңсені езген зілді ұқты.

Кілең мықты жігер қайрап, ширықты.

Орындауға бел байлады бұлжытпай,

Маңдайына

Тағдыр жазған бұйрықты!

«Айнымаймыз

Адамшылық міндеттен,

Айқасамыз

Елге келген індетпен.

Амал қанша,

Білмей тұрмыз біз бірақ,

Қалай, қайтіп күресуді бұл дертпен?!

 

Анталаған алды-артыңды аңдатпай,

Тажалменен шайқасамыз шаң қаппай.

Қан майданда Отан үшін қылышпен,

Танкке де қарсы шапқан солдаттай!»

 

Көрвируспен күреске,

Дәрігерлер кірісті,

Бір құдайға сиынып.

Аранына ажалдың,

Тастама деп адамды

Ар-намысы бұйырып.

Үсті-басын тұмшалап,

Тұншықса да сабыр ғып,

Төбесінен аққан тер,

Табанына құйылып.

Жер-жаһанның жел құрты,

Қаптағандай жиылып.

Қылшылдаған қыз, жігіт,

Құрбан болды ел үшін

Қыршынынан қиылып!

 

ҮРЕЙ МЕН ҮМІТ. АЙҚАЙ

 

Жанталас...

Аурухана,

Көңіл күпті...

«Жаратқан!

Үзе көрме өмір жіпті!»

Құдайды қиналғанда еске алған ел

Күбірлеп, тілейді іштей жеңілдікті,

Бетпе-бет дертпен жатыр арпалысып

Көтеріп келген жандар небір жүкті...

 

Ажалдың амалы жоқ,

Себебі көп,

Сырқат пен шипаны хақ береді деп,

Аулада сең соққандай сенделген жұрт,

Арасын үміт, үрей кезеді кеп.

Қалтаңдап дәрігерге жүгіреді,

Жаутаңдап, дәтке қуат, демеу іздеп.

 

Әуелде жылышырай, жұмсақ бәрі,

Тәп-тәтті, сыпайылап тіл қатқаны.

Қабағы қарс жабылды дәрігердің,

Сыйғыза алмай қаптаған сырқаттарды.

Қабарған көпшіліктің қаны қайнап,

Аузынан ашу-ыза бұрқақтады:

 

– Менсінбей бізді жүре тыңдайсыңдар,

Басыңды кімге, неге бұлдайсыңдар?

Күттіріп күні бойы зарықтырып,

Неліктен жұртты сонша қинайсыңдар?

Бір қағазды толтырып пәлен сағат.

Дәлізге топырлатып жинайсыңдар!

 

Қойқаңдап әрлі-берлі жүресіңдер,

Елді емес, өздеріңді сүйесіңдер!

Дәріден дәрмен болмай, дерт меңдесе,

Кінәні өзімізге ілесіңдер.

Кісіні емдеуден де артығырақ,

Үндемей өлтіруді білесіңдер!

 

Ойыңды жамандыққа жани көрме,

Ем қылсаң, шипалы боп, дари көр де!

Жанына батқан дертке дауа тілеп,

Шырылдайды кәрі де, сәбилер де.

Көзіңмен көріп тұрып қиналғанын,

Қалайша жатқызасың кәридөрге!?

 

Жақынның жайын ойлап, мазамыз жоқ,

Ажалдан қайтсек алып қаламыз деп!

Бірдеме болып кетсе, көрсетеміз,

Табамыз сендерге де жазаны іздеп!

Көп қорқытты: «Көріңді қазамыз!» – деп.

«Иттей ғып интернетке жазамыз!» – деп.

 

Ел ішінде қит етсе жылайтын бар,

Сәл сүрінсе, жалп етіп құлайтын бар.

Міндетсіп күллі жұртқа, масылдықпен,

Қажетін қиқулатып сұрайтын бар.

Жамандап, жалпақ елдің түгін қоймай,

Сапырып оңды-солды сынайтын бар.

 

ДӘРІГЕР ҚАТИРАНЫҢ

ЖАУАБЫ:

 

Қатира қайсар еді қарағаштай,

Қитұрқы қулықтарға араласпай,

Күреске кірген құртпен көрінбейтін,

Қорғалап, қара басын ала қашпай.

 

Ақ бата, алғыс алған аталардан.

Қазақтар жақын тартып, апалаған.

Ардақтап орысы бар, немісі бар,

Өзге ұлттар Катерина – Катялаған!

 

Жұмысын өте жақсы білетұғын,

Әдеппен әдептіге күлетұғын,

Текті еді, тепсінгенге тіке қарап,

Бетпақтың бетін сөзбен тілетұғын:

 

– Тоқтаңдар!

Неге сонша тулайсыңдар?

Жағдай осы...

Орын жоқ... сыймайсыңдар!

Жан-жақтан жала жапқан жаман сөзге,

Елігіп, ғайбат сөйлеп, шулайсыңдар!

 

Неғыл дейсің?

Орын жоқ палатада!

Босайды...

Күте тұрсаң...

Таң атарда...

Кәридөр түгіл тіпті көрге тығар,

Көрвирус алды-артыңа қарата ма?

 

Даттауға неткен жүйрік шеберсіңдер,

Тағдырдың жазғанына көнерсіңдер!

Шипа берсе, жазылып біздің қолдан,

Ажал жетсе, бізсіз де өлерсіңдер!

 

Бұл сұмдық ойда-жоқта елге төнді,

Ғажайып шипа қолдан келмес енді.

Бар емі дәрігердің қона берсе,

Еш адам дүниеде өлмес еді.

 

Қара бұлт торлағанын ұғын анық,

Қайғыдан қан жұтып тұр бүгін халық!

Жоқ болса немді берем, немді салам?

Салмасам өз өкпемді жұлып алып!

 

Шулатып анда-мында жаздырасың,

Қайдағы шайтан ойды қоздырасың.

Жазғаны ажал болса пешенеге,

Несіне оған бізді жазғырасың?!

 

Мен тұрмын қырық тоғыз мүшелімде,

Жұрт үшін жанған отқа түсемін бе?

Көрвирус көрінбейтін дауасыз дерт,

Көнбейді тістенуге, күшенуге.

 

Байым бар, менің де үйде балдарым бар,

Немере сүйсем деген арманым бар.

Адам ғой сен сияқты дәрігер де,

Оның да жан-жүрегін аңғарыңдар!

 

Жалаға жауап қатпай, көнемін бе?

Баламды көрмеймін бе, көремін бе,

Емдеймін деп жүргенде өзгелерді,

Олардан бұрын өзім өлемін бе?

 

Еңбегім – өмірім бе, өлімім бе?

Кигенім кебенек пе, кебінім бе?

Тағдырдың тезі қиын, жолы жұмбақ,

Бұйырар төрін кімге, көрін кімге?

 

Науқасы меңдеу тартқан жан өле ме,

Жоқ әлде емдеп жүрген мен өлем бе?

Шалықтап, сал-сері боп жүрген елді,

Салды ғой бір-ақ сәтте сергелдеңге.

 

Бауырмыз , бір-ақ елміз мен де, сен де,

Мейлің сен, сөзім шындық, мейлің сенбе.

Қайран жоқ қолдан келер бұдан басқа,

Тірідей қазір мені жерлесең де!»

 

Қаһармен Қатираға қайрат бітті.

«Науқастар өмір жайын ойлап күпті.

Бұл жерде топырлауға болмайды!» – деп,

Бәрін де бет қаратпай айдап шықты!

 

Киініп қабат-қабат тұмшаланып.

Айқасып, алғы шепте тұрса да анық.

Ем түгіл , есі де ауып қалады екен,

Зар илеп қаптағанда мұнша халық!

 

Уайымдап, балдарына алаңдайды,

Уағымен өз үйіне бара алмайды.

Мекендеп бір бөлмені тұрып жатты,

Бір сәт те емін-еркін дем алмайды.

 

Қауіпті ішкен суы, тамағы да,

Көрвирус жайлап алған ауаны да.

Әйтеуір, алданышы уатсап қана,

Көреді содан байды, баланы да!

 

АЛҒЫС ПЕН ҚАРҒЫС

 

Дәм-тұзы таусылмаса тағдырдағы,

Себепсіз үзіле ме жанның әні?

Жазылып ауруынан шыққан жандар,

Ақ бата, ақ алғысын жаудырады.

 

Ал енді қаза болса, зарлайды кеп,

Дәрігер, мемлекетті қарғайды кеп.

Мәңгілік өмір сүрер адам жоғын,

Ашумен ойына да алмайды тек!

 

Бауырдың амандығын зарлап тілеп,

Тұтасты туысқандар, қармап білек.

Аман-сау шықса айығып, алғыс айтып,

Опат болса, түк қоймай қарғап-сілеп.

 

Ел бұрын: «Көп көңілі – көлдей!» десті.

Ал бүгін ылайланған селдей көшті.

Гулеген, дүрілдеген қаңқу, ғайбат,

Әлеуметтік желіде желдей есті.

 

Тілдеді...

Барды боқтық, балағатқа,

Қалдырып бар жақсыны жаман атқа.

Қит етсе ғаламторға жүгіретін ,

Не дерсің, бәрі де адам, жамағатқа?!

 

ҚАРАЛЫ ЖАННЫҢ ҚАРҒЫСЫ:

 

Көк ит жарсын өтіңді,

Көп ит жесін етіңді,

Ковид жесін өкпеңді,

Түгіңді қоймай тілдеп жұрт,

Қап-қара қылсын бетіңді!

 

Тынысың бітіп, тарылып,

Тамырың түгел жарылып,

Бір-ақ жұтым ауаға,

Бауырым қалай қиналса,

Сен де қал солай зарығып!

 

Өкпең түгел тесілсін,

Өмірің ерте кесілсін.

Санатынан жақсының,

Атыңды мүлде өшірсін!

 

АМАН ҚАЛҒАН ЖАННЫҢ АЛҒЫСЫ:

 

Тарылмасын тынысың,

Табысты болсын жұмысың.

Алғысы елдің қалқан боп,

Қайтарсын қарғыс қылышын!

 

Көркейіп өссін өркенің,

Өмірдің кешіп көркемін,

Армандай аппақ айдында,

Керіліп еркін желкенің,

Биік болсын мерейлі,

Бүгіннен де ертеңің.

Айналсын шынға, аяулы,

Бала күнгі ертегің!

 

Ақ халатты абзал жан,

Бақыт жолың ашылсын,

Алғысымен халықтың,

Алланың нұры шашылсын!

331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы