• Әдебиет
  • 28 Сәуір, 2022

ОҚЫРМАНЫНА «РАУШАНГҮЛ» ҰСЫНДЫ

Жақында Алматы қаласы орта­лық­­тандырылған кітап­ханалар жүйесіне қарасты Жамбыл атын­дағы жасөспірімдер кітап­ха­на­­сында жазушы Гүлжан ­Амангел­ді­қызының  «Рау­шан­гүл» про­залық кітабының таныстырылымы өтті.

Руханияттың қара шаңырағы – ­Жамбыл атындағы кітапханада бас қосқан оқырман танысты­рылым барысында Гүлжан Аман­гелдіқызының «Раушангүл» әңгі­месінен аудиоүзінді тыңдады. Оны «Жетісу» радиосының ­редакторы ­Салтанат Жексембек дыбыстаған екен. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының сту­денттері де жазушының әңгіме­лерінен үзінді оқып, сахналық қойылым көрсетті. Ал автордың өзі күйсандықта класси­калық шығарма ойнады. Ол фортепианода  орыс композиторы Евгений Доганың «Менің аяулы да қатыгез ­махаббаттым» фильмі үшін жазған ­музы­касын нақышына келтіріп орындап берді.

«Раушангүлдің» әдебиет әлеміне басқан қадамына белгілі балалар жазушысы Ділдар Мамырбай, белгілі қаламгер Сәуле Досжан, ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Нұржан Қуантайұлы, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітап­ханасының директоры Ғалия Сләм­бай­қызы және Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек сәттілік тілеп, салтанатты шараны атқарды.

– Былтыр Алматы қаласы әкімінің қолдауымен біраз ақын-жазушының кітаптары жарық көрген болатын. Гүлжан Амангелдіқызының «Раушангүл» жинағы сол қолдаудың аясында тұң­ғыш рет басылды. Бұл жинаққа бұған дейін республикалық баспасөзде басылып, ұжымдық жинақтарға енген әңгімелерімен қатар, сиясы кеппеген туындылары топтастырылды. Гүлжанның шығармаларында ауыл өмірі, балалық шақтағы мөлдір махаббат, ­жастар арасындағы сезім және ел ішіндегі әлеуметтік көңіл-күй қырлары баяндалып, суреттеледі. Қазақ оқырманының қолында жүріп тозатын бір тамаша кітап әдебиет әлеміне жол тартты деуге толық негіз бар, авторға сәттілік тілейміз, – деді Ақберен Елгезек. Сондай-ақ шығармашылық кеш барысында Жамбыл атындағы жасөс­пірімдер кітапханасының басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы жаңа кітапқа библиографиялық шолу жасады. Ал қазақ эстрадасындағы жарасымды жұп – Әліби мен Гүлнұр әдемі шараның ізін  әсем әнмен жалғады.

Алмас АСҚАРҰЛЫ

2073 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы