• Тіл
  • 19 Мамыр, 2022

ҚАЗАҚ ТІЛТАНЫМЫНЫҢ БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ

Биыл көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының және қазақ журналистикасының негізін салушы, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, қазақ ғылымын ұйымдастырушы, қазақтың алғашқы білім министрі, ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы UNESCO деңгейінде тойланып жатыр. Елімізде жыл басынан бері қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлғаның мерейтойына арналған түрлі деңгейде 15 шақты іс-шара ұйымдастырылған. 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да офлайн және онлайн форматта «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілтанымының болашақ бағдары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Жиынға қатысқан ғалымдардың бәрі Байтұрсынұлының артына қалдырған мол мұрасын кешенді түрде зерттеудің енді басталып жатқанын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда филология ғылымының докторы, профессор Бағдан Момынованың: «Осы уақытқа дейін XX ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясын тәрбиелеген ағартушы ғалымның мұрасы жинастырылып келді, қазір солар жарық көріп жатыр. Ал 150 жылдық мерейтойы ғалым мұрасын тереңдете зерттеуге серпін берді. Зерттеулер осыған дейін жинастыру, теру және іздестіру бағытында жүрсе, енді соны пайдалану арқылы үлкен еңбектер, ғылыми зерттеулер жарық көреді деп үміттенемін», – дегені сөзімізге тұздық болмақ.

Айта кетейік, іс-шараға тілтанушылар ғана емес, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, ЖОО оқытушылары мен студенттер де қатысты. Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлының немере інісі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Ибрагим Ағытай «Ахметті қудалау бабасынан басталған» атты баяндамасында «65 жылдық ғұмырының тең жартысынан астамын еш рахатсыз, айдауыл мен түрмеде, аңду мен қарауыл ұшында өткізген қазақ ұлтының тұңғыш көсемі – Ахмет Байтұрсынұлы басындағы зобалаң – ұлы бабасы, кезіндегі шақшақ Жәнібек қолының шабуыл тушысы, батыр Үмбетей Бәйсейітұлынан басталған» дей келе, басқа да тың деректерді ғылыми қауымдастық назарына ұсынды. Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және тағы басқа ғалымдар мен тіл мамандары баяндама жасады.

Конференцияның пленарлық мәжілісі аяқтала салысымен, тілтанушы ғалымдардың пікірін білмекке ұмтылдық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы Анар Салқынбай: «Ұйымдастырушылар Байтұрсынұлының тілтанымдық теориясының болашағы жөніндегі мәжілісті халықаралық деңгейде, үлкен дайындықпен өткізді. Бұл конфе­ренцияның ерекшелігі, Ахмет Байтұрсынұлы жазған қағидалар, ілім, кешегі қазақ тілі үшін емес, қазақ тілінің бүгіні мен болашағы үшін екені нақты ғылыми зерттеулердің негізінде ай­тылды. Бұл қоғам үшін маңызды. Өйткені ғалым жасаған жазу ілімі, граммотология дейсіз бе, Ахмет жасаған метатіл дейсіз бе, көрнекті лингвист-ғалымның тілге, мәдениетке, қоғамға, тарихқа, әдебиетке қатысты ғылыми мазмұндағы, қоғамдық маңыздағы, әлеуметтік негіздегі пікірлері – бұл бүгінгі қоғамға қажет, яғни Алаш зиялылары көтерген қағидалар үлкен идеялар бүгінгі қазақ қоғамына, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып жүрген Жаңа Қазақстанға керек ілімдер мен білімдер. Біз осы көзқараста, Ахмет көзқарасында ғана Қазақстанның, соның ішінде қазақ тілі мен мәдениетінің сапасын көтере аламыз. Бүгінгі ғылыми конференцияның маған ең бір ұнаған тұсы – Ахмет сынды Алаш азаматтарының ­идеяларын бүгінгі қазақтың жастарына, қазақтың зиялыларына жаңақазақстандық деңгейде таныс­тыру болды ғой деп ойладым. Екінші айтатыным, конференцияға қатысушылар өте ұнады. Өйткені ZOOM қосымшасы арқылы мектептер мен колледждер, ЖОО студенттері қатысты. ­Жастар бүгінгі зиялылардың не айтатыны, ғылыми ортада не айтылатынын естіді, тыңдады» деп, ризашылығын білдірді. Ал ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев: «Ұлт ұстазы туралы, ол негізін қалаған қазақ тілі туралы орыс тілінде, шет тілдерінде (әсіресе ағылшын тілінде) ақпараттық- танымдық жұмыстарды жүйеге түсіруіміз керек.

Мемлекеттік тапсырыспен қаржылан­дыры­латын орыстілді БАҚ-тарға мемлекеттік тіл туралы елдің толғаныстарын толыққанды мақалалар ретінде жариялап, Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында, үзбей жұмыс жүргізуді жүктеу керек. Мемлекеттен қаржы алып отырып, мемлекеттік тілдің проблемасын жазайық десең, мақала ақысын төлеңіз дейтіндеріне қайтерсіз?!

Сонымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш білім министрі болғанын да біреу білсе, біреу білмейді. Ендеше, Ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуде орыстілді контенттерді де қаперде ұстағанымыз жөн болар» деген пікірді ортаға тастады.

 Халықаралық конференцияның сессиялық мәжілісінде Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын зерттеуші ғалымдар – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, филология ғылымының кандидаты Райхан Имаханбет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева және Ш.Шаяхметов атындағы Тіл-Қазына ғылыми-практикалық орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Ербол Тлешовтер баяндама жасап қана қоймай, ашық пікір таластырып, жиынға қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Секция мәжілісінің модераторы Бағдан Момынова мұндай пікірталастың пайдалы екенін, Ахметтану ғылымының жаңа көкжиекке көтерілгенін, Байтұрсынұлы үлкен теңіз, мұхит десек, біз сол мұхитқа енді бас қойдық деген пікірін алға тартты. Айта кету керек, конференцияда Бағдан апайдың «Қазақ газеті (1913-1918): әліпби, емле ерекшеліктері және лексика-грамматикасы» атты монографиясы жарық көрді.

Кітапта адамзат тарихындағы жазу, жазу түрлері, қазақтың мәдениеті мен тарихындағы жазулар (әліпби), әсіресе ХХ ғасыр басындағы төте жазу, емле ерекшеліктері, сонымен бірге әдеби тіл тарихында, әдеби тілдің функционалдық стильдері мен нормаларының қалыптануында ерекше орны болуына қарамастан, ұзақ жылдар сыңаржақ саяси себептермен зерттеу нысанына айналмаған Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы алғаш сыналған бірегей жалпыұлттық мерзімді басылым «Қазақ» газетінің (1913-1918 жж.) лексикалық-грамматикалық, емле сипаты ғылыми тұрғыда сипатталады. Ғылыми еңбек қазақ әдеби тіл тарихын зерттеушілерге, алаштанушылар мен тілші мамандарға, филология мен журналистика факультеттерінің студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға және тілге жанашыр қауымға арналып отыр.

 Алты сағатқа созылған ғылыми-теориялық конференция жоғары деңгейде өтті. Баяндама жасаған және мақала өткізген қауымға арнайы жинақ пен сертификаттар табысталды.

Мадияр АРЫСТАНБАЕВ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

қоғаммен байланыс жөніндегі маманы

2234 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы