• Тұлға
  • 09 Маусым, 2022

БАРДЫ БАҒАЛАҒАНҒА БАҚ ҚОНАР

Ғылымның асқар шыңына шыққан ғалым, ректор Тілектес Исабайұлы ­Есполов өзінің алғашқы ғылыми-педагогикалық қызметін 1975 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты кафедрасының ассистенті болып бастады. 
Бұдан кейін өз жолын дәл айқындаған Тілектес Исабайұлы 1977 жылы Мәскеу қаласындағы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық ­Гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, үлкен ғылыми мектептен өтіп, нағыз ғалым болып қалыптасты. Осы ­орайда, әлемдік ғылыми ортаға танымал ғалымдар – техника ғылымының ­докторы, профессор Давид Меламут, Леонид Бадаев, сондай-ақ Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, ­профессор Лашкар  Тәжібаев сынды тұлғалардан тәлім алды. Аспирантураны аяқтағаннан кейін ол өзі білім алған Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оралды. Оның ғылыми әлеуетін ескере отырып, Қазақстан су шаруашылығы министрлігінің 1980 жылғы 23 қарашадағы­ №0-79 бұйрығымен ЖОО-да Ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау және суландыру бойынша маңызы бар проблемалық зертхана ашылып, оның меңгерушісі болып тағайындалды. 

Тілектес Исабайұлы ­Есполов ­География ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен ­Гидрогеология және ­геоэкология институтындағы әріптестерімен бірлесіп, жер үсті суларын ұтымды пайдалану тәсілдерін зерттеп, Қазақстанның экономика салаларында су ресурстарын ұтымды пайдалану жолдарын әзірлеп, ұсынды.

1993 жылға дейін оның ғылыми зерттеулері негізінен Қазақстандағы ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру мәселелерін зерттеуге бағытталды. Әрі қарай ол бұл мәселелерді неғұрлым кеңірек және жоғары деңгейде қарастырды. Көп жылдық ғылыми зерттеулердің нәтижесінде ол «Қазақстанның шөлді-шөлейтті аумағының ресурстық әлеуетін бағалау және өсімін молайтуды басқару мәселелері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

География ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, Сырдария өзенінің суын реттегіш Көксарай су қоймасын салудың тиімділігі мен қажеттілігіне ғылыми-техникалық негіздеме берілді. Тілектес Исабайұлы Есполовтың көп жылғы ғылыми зерттеулерінің қорытындылары География ғылыми-зерттеу институты мен Гидрогеология және геоэкология институты ғалымдарының «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжам, басқару» атты 30 томдық бірегей ғылыми еңбектеріне еніп, ол Қазақстан тарихында алғаш рет жарық көрді. «Қазақстан Республикасының табиғи-шаруашылық жүйелерін Ұлттық қауіпсіздік контексінде тұрақты ­сумен қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклі» атты 5 монографиядан тұратын ғылыми еңбек Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, Тілектес Исабайұлы Есполов ­әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы Қазақстан ­Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Оның ұсынысымен және тікелей қатысуымен 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.

Жалпы университет өзінің тарихи жолында 1929 жылы шаңырақ көтерген Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты мен 1930 жылы ашылған Қазақ ауыл шаруашылық институтын біріктіру негізінде 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып құрылды. 2001 жылы 5 шілдеде оқу орнына Ұлттық мәртебе беріліп, Қазақ ұлттық аграрлық университеті атанды.

Тілектес Исабайұлы 2001 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне ректор болып тағайындалғанда университет іргесін бекемдеу, әрі факультеттерді жаңа бағыттарға бағыштау, әсіресе жаңа оқу-бағдарламалар жүйесін жасау, ұстаз-оқытушылар құрамын жақсарту шараларын іске асыру оның қажыр-қайратына және бұрынғы мол тәжірибесіне көп байланысты болды.

2001 жылдан бастап университетте білім, ғылым және өндірісті интег­рациялау, ал 2010 жылдан бастап университет үздік шетелдік ғылыми орталықтар мен университеттердің 13 сарапшысының қолдауымен ­жобаларды басқарудың халықаралық стандарттарына негізделген ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үдерісін бастады, нәтижесінде 2020 жылы 23 қазанда Қазақстан ­Республикасы Үкіметінің Қаулысымен университет «зерттеу» мәртебесіне ие болды. Оның ұсынысымен 2015 жылы 14 сәуірде – Қазақ ұлттық аграрлық университеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына беріліп, 2016 жылы Үкімет қаулысымен «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды.

Оның ұсынысымен әрі тікелей қатысуымен университетте 2016 жылы Халықаралық ­агротехнологиялық хаб – Агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық технологиялардың халықаралық ғылыми-зерттеу институты құрылды. Агрохаб құрамына 11 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу лабораториялары, нақты ғылыми жобалар аясында құрылған 18 халықаралық зерттеу орталығы кіреді.

Агрохабта, сонымен қатар ­идеядан бастап коммерцияландыруға дейін ­стартап-жобаларды акселерациялау жеделдету жұмыстары жүргізіледі. Ең сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «UAV GROUP». Жас ға­лым­дар ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың көмегімен жерді қа­шықтықтан зондтаумен айналысады. Зерттеу нәтижесінде алқаптардың интерактивті карталары жасалынады.

Университет білім алушыларға сапалы білім беру үшін заманауи зертханалар ашуда. Соңғы үш жылда 3 инновациялық орталық, 2 заманауи зертхана ашылды. Нәтижесінде, университетте құрылған Халықаралық вакцинология орталығында жас ғалымдар тобы шетелдік Огайо штаты университетінің (АҚШ) және Vaxine Pty Ltd биотех­нологиялық компаниясындағы (Австралия) серіктестерінің қолдауымен коронавирусқа қарсы қауіпсіз нановакцина әзірленіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцинаға үміткерлер тізіміне енгізілді. Орталықта сонымен қатар маусымдық өсімдік тозаңына аллергияға қарсы вакцинаны, қылшықты жануарларға арналған коронавирусқа қарсы Naruvax-C19 (үй жануарлары) суббірлік вакцинасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

«Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы базасында Агротехнопаркті дамыту жұмыстары жалғасуда. Мал шаруашылығы мамандарын оқытатын көрсеткіштік Smart-ферма құрылуда. Нидерландтық Dutch Fruit Solutions Kazakhstan (DFSK) компаниясымен «Қарқынды бақ» зерттеу орталығы құрылды, онда жеміс-жидек дақылдарының өнімділігі жергілікті өнімнен 4-5 есе жоғары. Орталық Қазақстан фермерлеріне нидерландтық технология бойынша бау-бақша отырғызу және күтуде нақты көмек көрсетеді.

Халықаралық Қазақстан-Корея зерттеу орталығында университеттің оқу шаруашылығының базасында сыйымдылығы 450 тонна көкөніске арналған «ақылды» жылыжай ашылды. Бұл жылыжайды салуға ­инвестиция Корея Республикасының қорынан тартылды. Инновациялық жылыжайдың жұмыс жасауы ҚазҰАЗУ студенттеріне, магистранттарына және докторанттарына көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын тәжірибеде меңгеруге, ауыл кәсіпкерлеріне «жылыжай шаруашылығының смарт-технологиялары» бойынша түрлі семинарлар, тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Агротехнопаркте ауыл шаруашылығы дақылдарының 15 түрі бойынша шетелдік және отандық селекцияның 100-ден астам жоғары өнімді сорты зерттеліп, заманауи технологиялардың техникалық мүмкіндіктері әзірленуде.

Университет әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтасады, АҚШ, Еуропа және Тынық мұхи­ты аймағы елдерінің жетекші серіктес университеттерімен бірге 11 қос дип­ломдық бағдарлама жүзеге асырылуда.

ҚазҰАЗУ өзінің инновациялық ­дамуында аграрлық мамандықтар бойынша QS әлемдік рейтингінде жоғары оқу орны болып ­табылатын Вагенинген (Нидерланды) зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алады. 2019 жылы ҚазҰАЗУ-да Вагенинген университетімен бірлесе жұмыс істеу институты ашылды, онда 2020–2021 оқу жылында пилоттық режимде студенттерді «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым», «Ветеринариялық-тамақ қауіп­сіздігі және технологиялар» атты екі инновациялық білім беру бағдар­ламалары бойынша даярлау ­басталды.

Вагенинген университетінің филиалын ашу үшін ҚазҰАЗУ базасында барлық қажетті ғылыми-білім беру инфрақұрылым жүйесі іске қосылған. Осындай дамығын инфрақұрылымның арқасында университет ғалымдары соңғы бес жылда ауыл шаруашылығының дақылдары мен өсімдіктердің 47 сортын, жануарлардың 15 жаңа тұқымын, вакциналардың, тағамдық және емдік өнімдердің 30 түрін шығарды, 100-ден астам докторлық диссертациялар қорғалып, 200 авторлық патент пен куәлік алынды, 800-ден астам өндірістік ұсыныс жасалды, 10 мыңнан астам ғылыми еңбек жарияланған. Университет 30-дан астам таяу және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зертханалық институттарымен тығыз байланыс орнатқан, 200 аграрлық жоғары оқу орнын біріктіретін Әлемдік Консорциумға мүше.

Тек 2021 жылы Web of Science халықаралық ақпараттық-сараптамалық платформасының мәліметі бойынша Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті екінші рет қатарынан «Web of Science Core Collection Q1 және Q2 квартилді журналдарындағы жарияланымдар саны бойынша ТМД елдерінің аграрлық университеттері арасында көшбасшы» тәуелсіз жүлдесін жеңіп алды. Web of Science немесе Scopus базалары бойынша профессор-оқытушылар құрамы 47 пайызының Хирш индексі бар. Ғалымдар 46 патент алды. Өсімдік және мал шаруашылығы ғылымы, ветеринария, жерге орналастыру және т.б. 15 мамандық бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін беру бойынша диссертация қорғау үшін 9 диссертациялық кеңес жұмыс істейді.

Технология және биоресурс­тар факуль­тетінің базасында «Мал шаруашылығы, Генетика, Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу» ғылымдар тобының ғылыми білім беру кластері құрылған. Фермерлердің жоғары мектебі Қазақстанның 9 облысы мен 88 ауданындағы ауыл кәсіпкерлеріне кеңес беру қызметін көрсетеді. Қазақстандағы 22 мыңнан астам агроқұрылымдардың деректері негізінде ақпараттық статистикалық база құрылды.

Оның жетекшілігімен жүргізіліп жатқан көпжылдық жүйелі жұмыс университетке 9 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орын алуға мүмкіндік берді. Жоғары оқу орны академиялық ранжирлеу және артықшылық ­бойынша обсерваторияның (IREG) топ-500 университеттерінің, Өмір ­туралы Еуропалық ­университеттер Қауымдастығының (ICA) топ-200 құрамына кіреді және UI GreenMetric әлемдік университеттер рейтингінде 454-ші орынға ие.

2018 және 2019 жылдары QS әлемнің үздік университеттері рейтингінде ЖОО 651 орынды, 2020 жылы – 591 орынды және 2021 жылы – 551 орынды иеленді. Мақсат – QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет болу.

Тілектес Исабайұлының басшы­лығымен университетте бакалавр – ­магистр – PhD докторы мамандықтары бойынша үш деңгейлі даярлауға көшуді жүзеге асырылды, оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді, білім берудің әлемдік деңгейіне қол жеткізу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде, университет Еуропалық білім беру кеңістігіне кірді. Нәтижесінде, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы бойынша білім беру бағдарламасына сәйкес бакалаврды, магистрлерді, РhD-докторантарды даярлауды жүзеге асырылуда.

Ол ТМД мемлекеттерінің аграр­лық университеттері ректорлары кеңесінің төрағасы ретінде, ауыл шаруа­шылығы салаларына болашақ жас мамандар дайындау бағытындағы бірлескен оқу бағдарламаларын жасауда, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізуді ұйымдастыруда өзіне тән үлкен парасаттылықпен білімділікпен елеулі еңбек етіп келеді.

Тілектес Исабайұлы 500-ден астам ғылыми – оқу-әдістемелік жұ­мыстардың, соның ішінде 30-дан астам монографиялардың, оқулықтардың, оқу құралдарының авторы. 40-тан астам патенттер мен өнертабыстардың иегері.Оның ғылыми жетекшілігімен 66 кандидат, 25 ғылым докторы және 7 PhD докторы дайындалды.

Аграрлық ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін ол отандық және шетелдік академиялардың: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Ресей Ғылым академиясының, Украина ұлттық аграрлық ғылым академиясының мүшесі.

Ол жақын және алыс шетелдің 14 жетекші жоғары оқу орындарының, оның ішінде Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясы, Украинаның биоресурс­тар және табиғатты пайдалану ұлттық университеті, Беларус мемлекеттік ауылшаруашылық академиясы, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті, Әзербайжан ауыл шаруашылығы академиясы, Молдова мемлекеттік аграрлық университеті, Александрас Стулгинскис атындағы Литва, Армения ұлттық аграрлық университеті, Конкук университеті (Оңтүстік Корея) т.б. жоғары оқу орындарының құрметті докторы және профессоры атанып, ел абыройын да асқақтатып жүр.

Оның Қазақстанның ғылымы мен біліміне сіңіріп келе жатқан ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып Парасат (2005 ж.), II дәрежелі Барыс (2010 ж.), Қазақстан даңқы (2013 ж.), I дәрежелі Барыс (2021 ж.) ордендерімен, көптеген медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды.

Ғылым мен білім салаларындағы бүкіл ғұмыр жолына, көп жылдар бойы атқарған ерен еңбегіне ғылымдағы әріптесі ретінде зер сала отырып, академик Тілектес Исабайұлы Есполовтың өмірдегі азаматтық биігіндегі 70 жылдық мерейтойы қарсаңында абыройы асқақтай берсін демекпін.

Әбдірахман ОМБАЕВ,

 Қазақстан Республикасы

Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ғылым,

техника және білім

саласындағы мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты,

ауыл шаруашылығы ғылымының

докторы, профессор

1216 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы