• Әдебиет
  • 30 Маусым, 2022

ӘДЕБИЕТТЕ ӘРБІРІНІҢ ОРНЫ БАР

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас жағында Алматы қаласы көшелерінің бірінде түсірілген мына суретте ұлтымыздың үлкен ақыны, керемет лирикалық өрт сезімді өлеңдерді дүниеге келтірген Қуандық Шаңғытбаев (солдан оңға қарай), халық батыры Бауыржан Момышұлымен дос, жолдас болып, оның қаһармандығы мен ерен ерлігін өмір бойы ерекше бағалап өткен Дмитрий Снегин көптеген ойлы очерктердің,талай тағылымы мол тамаша роман, повестердің авторы Сәуірбек Бақбергенов, жыр алыбы – ұлы Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейін ұзақ уақыт байыпты басқарған, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхаметжан Етекбаев бейнеленген.

Бұл кісілердің ішінен өз ­ба­сым Қуандық Шаңғытбаевты, ­жазушы-майдангер Дмитрий Снегинді студент кезімде бір-екі ­кездесуде көргенім бар.

Үндемей жүріп шығармашылық тұрғыда да, Жәкеңнің мұражайына келушілер санын арттыруда да, оны күрделі жөндеуден өткізуде де көп іс тындырған Мұхаметжан ­Етекбаевпен туғанына 80 жыл ­толуына байланысты «таныс» ­болып, өмірі мен шығармашылығы ­жайында біраз басылымға жазғанбыз. Ал «Қарға тамған қан» шығармасымен қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алған соғыс ардагері Сәуірбек атамыздың біз үшін орны тіпті бөлек дер едік. Өйткені 1980 жылы Қазақ университеті журналистика факуль­тетін бітіргендегі дипломдық жұмы­сымыздың тақырыбы «Сәуір­бек Бақбергеновтың очерктері» деп аталған-ды, оны беске қорғағанбыз.

Реті келіп қалғаннан кейін мына жайды да жаза кетейік. Диплом же­тек­шіміз қазақ журналис­ти­касының көрнекті өкілінің бірі (о тұста «Қазақ­стан коммунисі» журналының жауап­ты хатшысы) Төлеубай Ыдырысов, ал пікірін ­(рецензия) білдірген уни­верситеттегі ұлағатты ұстазымыз, әйгілі жорналшы Әбілфайыз Ыдырысов болды. Сонда біз журналистиканың қара қазанында қайнауымыздың ілкі алдында, яғни бас жағында өздерінше жөн сілтеп, жоба көрсеткен екі мықты Ыдырысовтан бата алған бала болып шықпаймыз ба!

Диплом жазу барысында Сәукең атамен бірнеше рет кездесіп кеңес­кенбіз, айтқандарын ақ қағазға тиянақты түртіп алып асықпай әңгімелескенбіз. Сол кездері екі-үш кітабына ақ тілегімен қолтаңба ­жазып та берген, содан бері 42 жылға жуық уақыт өтсе де, олар жеке кітапханамызда сақтаулы тұр.

Міне, бұл сурет туралы азды-көпті айтпағымыз осы еді.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

Қазақстанның Құрметті

журналисі

Алматы облысы

Қарасай ауданы

1602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы