• Әдебиет
  • 21 Шілде, 2022

ШӘЙГӨЗДЕ ҚҰЛЫН КІСІНЕЙДІ

Реквием-эссе

Шәйгөз – үйірлі жылқы ғана сыйса сыйды, сыймаса қалғаны Қарой мен Қызылқорғанның жусанды даласына қарай жайылып кететін шағын құм төбелі ойпаң. Өткен ғасырдың алпыс бірінші жылының күзінде сол ойпаңда той болды. Той деймін-ау, қайдағы той ...

Сол күн қандай ыстық еді?!

Сол түн қандай мөлдір еді?!

Сол күнгі дастарқан қамымен күні бойы жүгіріп, тыным таппаған жеңешемнің жүзіндегі қуанышты жүрегіме жиып алып, еміренумен келе жатқанымды өмірі жасыра алмаспын, сірә! «Құрттайым оқуға түсіп келді» деп, қуанышы қойнына сыймай, ойпаңдағы оншақты киіз үйді түгел аралап, сүйіншілеген жеңешемнің мамықтай қалқыған бейнесі бүгінге дейін көз алдымда.

«Құрттай!»

Ол жеңешемнің маған келін болып түскенде қойған аты. Әлі бір гүлі ашылмаған қыздың ағамның соңына ерген төрт інісін азан шақырып қойған атымен емес, Шырақ, Ортаншым, Төрежан, Құрттай деп бірден еркелете бауырына тартып, солай атағанда жүзінде ойнап шыға келетін нұр неткен ғажап еді?! Мұндайда махаббат жайын қозғап жатудың қажеті жоқ, ағама деген құрметінің тілінде емес, жүрегінде жүретінін сезіну жетіп жатыр.

Ағам Жоныс та, жеңешем Қымбат та өрімдей, он жетінің балауса беліне енді ғана бет алған шағы. Ұшқыннан жалын ататын, жас отауда өмір шаттығы шалықтайтын-ақ кез еді. Сұрапыл соғыс келді де, бұзды. Ағам майданға аттанды. Іле-шала ауылдағы ауыртпалықты онан сайын удай зәрмен бүктіріп қара қағаздар келе бастады. Сол бір зұлмат күндерде үй ішінде ұршықтай иірілген қаршадай қыздың отбасындағы зілді жеңілдетіп, ынтымақ ұйтқысына айналғанын іште бүгудің өзі қиын. Әке-шеше бауырында бүршік жарып, өзге отауда соның бақытын таратқан нәзік жаратылысқа қандай көзбен қарауға болады?! Қандай көзбен?! Сұраудың өзі артық-ау, әйтпесе қазір осылай тебіренер ме едім. Жә...

Менен үлкендерді Шырақ, Ортаншым, Төрежан деп әуелей, әуезді есімдермен атағанда, жеңгем маған келгенде «тарылды» да қалды. Әуелі: «Кенжем» деп ат қойған екен, анамның қатарлары әзілдеп: «Немене, қырық бірге келді, енді енем бала таппайды деп тұрмысың, ол әлі талайын дүниеге әкеледі» дей берген соң, «Құрттай» деп атап, құнжитты да қойды. Кейін есейіп, бала-шағалы болып, жігіт ағасы атанған кезде: «Қымбат-ау, әлі құрттаймын ба, мына жолдастарымнан ұят болды ғой, басқа ат қойсайшы» деймін жеңгемді әдейі сөйлеткім келіп. «Құрттай-ау, сен мен үшін әлі құрттайсың ғой» деп еркелете күлімсірейтін.Сол бір ауыз сөздің астарында әйел затының мәуелі бәйтеректің көлеңкесіндей жайлы, ерлердің бойында кездеспейтін мүлдем нәзік, мүлдем құпия таңғажайып сыр жатқанын, мен кейін, есейгенде, әсіресе жеңешем қайтыс болып, сағындыра бастаған шақта толқып еске алатын болдым. Жә, бірді айтып, бірге кетіп қалдым, Шәйгөздегі той ...

Сол күн қандай ыстық еді?!

Иә, «Құрттайым оқуға түсіп келді» деп, қуанышы қойнына сыймай, ойпаңдағы оншақты киіз үйді түгел аралап, сүйіншілеген жеңешемнің мамықтай қалқыған бейнесі көз алдымда көлбең қағады. Күн жанып тұр. Көлеңкедегі бұзаудың самарқау мекіренгені, күн астында, кермеде ұмыт қалған құлынның тыпырши кісінегені, құдық басындағы астауға бастары симай тіскескен, тебіскен жылқылардың тұяқ сартылы естіледі. Құдықтан су тартып үлгере алмай жанталасқан, орамалының астынан дудырай қашқан шашында шаруасы жоқ, қауғаға жанталаса ұмтылған талдырмаш бойжеткеннің жүзінен ащы тер сорғалайды. Оншақты үйдің мұндайға еті үйреніп кеткен отызшақты әйел-еркегі жеңешемнің дастарқаны айналасында у да ду, бірінің қуанышын екінші біреу іліп алып, баяғы аңқылдақ көңілмен ақтарыла әзілдесуге ­сылтау табылғанына мәз.

Киіміне де, үй жиһаздарына да, дастарқан бұйымдарына да кір ­жолатпайтын... апырай, қабағын шытып, біреуге бір ғайбат сөз айтқанын естімеппін, жеңешемнің дайындаған тағамдары, қалай түсінсеңіз, олай түсініңіз, ерекше дәмді болатын, ал қазы сақтауының аңыздай айтылатынына куә іздеудің өзі артық.

Мына жаһанданудың «қара жаңбырынан» кейін жауыннан соң қаптап шығатын саңырауқұлақ сияқты жасанды зиялылық темір шілтердей тоқыла жайылған заманда жеңешемнің жаңағы өмірі өзгермей өткен, сарыла іздеп, сағына жүрек шымырлататын кәдімгі қарапайым, бірақ таң шығындай мөлдір мінезі сол туған жердің ауасында, Шәйгөз аспанында қазір де қалықтап тұрған сияқты. Көңілім сол жаққа алып ұшады. Елге барсам, Шәйгөздің ыстық топырағына табанымды күйдірмей көңілім басылмайды, Шөйгөздің қара жолы ата-баба қорымына жетелей жөнеледі.

Өмір – ертегі, тыңдай бергің келеді. Ертегі кейіпкерсіз бола ма, сол кейіпкерлердің бірі жеңешем сияқты адами уыз сезімді нәзік бойына жинай алған адамдарсыз таңғажайып тартылыс қасиетінен жұрдай болар еді. Қазір ойлап отырсам, бетімнен отым шығады. Жеті жасар кезім-ау деймін, есімде жоқ, жеңешемнің бір сөзі жаныма ауыр тиді де, жұмыста отырған ағама ботадай боздап жетіп, шағымдандым. Ағам ауылдық кеңестің хатшысы болатын, жұмысын тастай салып, қолымнан жетелеп үйге келді де, әй-жоқ, шәй-жоқ, «балаға неге тіл тигізесің» деп бөлме сыпырып жүрген жеңешемнің бетінен шапалақпен тартып жібергені. Сол сәтте, неге екені қайдам, бойымды рахаттану сезімі емес, алғаш рет тәніме тікендей қадалған жайсыз күй билеп, тітіркеніп кеттім. Сүйек туберкулезіне шалдыққан әкем, іргедегі көлеңкеге төсек салдырып, демалып жатқан-ды: «Әй, бала, кел мында» деді. Даусындағы ызғардан, жәй шақыру емес, шолжаң қылығымның сыбағасын алатынымды сезіп, жолай қоймадым. Әлі күнге таңғалам, әкем ісік кеулеп, иліктірмейтін оң аяғын сүйретіп, белдеуде байлаулы тұрған атқа мініп алыпты. Қолында шыбыртқы, қабақтары түйіліп кеткен. Ендігісі белгілі. Бұлталақтап, қалай қашсам да, құтқармайды. Шыбыртқысын аяусыз-ақ сілтеді. Шынында да, аяудың қажеті жоқ еді.

Құрметті еңбек демалысына Парламент Мәжілісі Аппаратынан шықтым. Ұжым шағын мәжіліс залында еңбек демалысына құрметпен шығарып салды. Қоштасу соңында маған сөз берді. Парламенттің еліміздегі ең жоғары үш билік органының бірі екені белгілі. Тиісінше, талап та, қолдау да түсінген адамға сол деңгейде, менің де аппаратқа реніш білдіруімнің еш жөні жоқ. Бірақ сөзімді: «Өмірімде қызметіме сөгіс ең алғаш және соңғы рет Парламент қабырғасында берілді» деп бастадым. Жиналған қырық шақты адам тына қалды, кім біледі: «Мына кісі кетерінде өкпесін айтпақшы ма?» деген ой келді ме?! Аппараттың Редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі болып істейтінмін. Үкіметтің салалық ­ведомстволарында талай қолдан өтіп, сүзгіде сүзілген заң жобалары депутаттардың талқылауына қабылдану үшін алдымен Парламент Мәжілісінің тиісті бөлімдерінде тағы да қаралатын. Қатесі болса, түзету үшін кері қайтарылатын. Заң жобаларының мемлекеттік тілдегі нұсқасының аудармасы мен басқаратын секторда тіркеліп, аударма сапасы тексерілетін, содан кейін редакция меңгерушісінің қарауына берілетін. Сондай тәртіппен Сыртқы істер министрлігінен келген бір халықаралық келісімшарттың мемлекеттік тілдегі нұсқасын оқу кезінде «депортация» (елден қуу, жер аудару) мен «денонсация» (келісімді бұзу, күшін жою) деген сөздердің орындары ауыстырыла аударылғанын байқамаппын. Құдайдың көзі оң екен, оны Сенаттағы жігіттер байқап қалды. Ал мен Аппарат басшысы И.Қасымовтың қабылдауында сілкілеуден өтіп, ауызша сөгіс алғанмын. Мен үшін, басқалар үшін де солай болар деп ойлаймын, өйткені Парламент қасиетті шаңырақ, тек сол қасиетті танып, мойындай білу керек. Сол қоштасу сәтінде әкемнің жон етімді тілгілеген шыбыртқысы есіме түсіп, «Мен сол шыбыртқыны әлі күнге дейін сағынамын. Сол сияқты Парламент қабырғасында алған сол сөгісті де кейін сағынатыныма кәміл сенімдімін» дедім. Біреуге жағынып, біреудің жасанды ықыласына бөлену кімге керек, бұл – имандай шыным. Әке шыбыртқысы біреуге жалған жала жабудың рухани кесел екендігін алғаш рет өмірі ұмытпастай етіп осылай есімде қалдырып еді, жеңешемнің сондағы үнсіз төккен көз жасы оған деген махаббатымның ең алғашқы сәтіндей әлі күнге жанымды елжіретеді.

Әкемнен он бір жасымда, анамнан жиырма бір жасымда қалған, жастық шағымның ең алаулы күндерін ағаларым мен жеңгелерімнің құшағында өткізген маған, әсіресе жеңгелерімнің орны бөлек. Ағаларым өткір пышақтың жүзіндей де, жеңгелерім сол пышақтың сабындай, кесіп түсер кезде қорғап қалатын қалқандай еді. «Өмір – туралған ай». Аталарымыз қалай тауып айтқан! Әсіресе жақсы көретін адамыңнан аяқ астынан ­айрылып қалсаң, ай ғана туралмайды түнекке жүзін бұрған күн де қараң қалғандай түнеріп кетеді екен. Қымбат аяқ астынан өкпе ауруы­мен ­ауырып, облыс орталығына әкелгенде, бес қабатты үйдің төртінші қабатында тұрамын, қарсылығына қарамай, қос қолыма жатқызып, көтеріп шығардым. Тоқтының салмағындай ғана салмақ қалыпты, аз уақытта дерт әбден меңдеп алған. Денесін таза ұстап, таза тамақтанатын жеңешемнің дерті қабырғамызды қайыстырып жіберді. Әрине, тезірек жазылса екен дейміз, қасында жиірек болып, көмегімізді көбірек тигізуге тырысамыз. Құдай қарасып, дерттің беті бері қарай бастады. Жеңешемнің жүзіне кәдімгідей қан жүгіріп, оңалып қалды. Оңала бастағаны бар болсын, ол енді біз күтпеген мінез шығарды. «Құрттай, жазылдым ғой, үйге барайын, ағаң жалғыз, ер адам тамағын да дұрыс пісіріп іше алмайды ғой» деп қарап тұр. Өкпе ауруының созылмалы ауру екенін және алғашқы ауырғанда ұзақ емделу қажеттігін білмейді емес, өзі де жақсы біледі. Бізді қойшы, дәрігер де күн сайын құлағына құярдай-ақ құйып келеді.

Әйел затын түсіну қиын. Әсіресе отбасының қызығы үшін өз басының қызығын құрбан ете салатын нәзік жаратылыстың осы қасиетін қалай бағалау керек?! Былайша, отбасының бақыты осы қасиеттен тұтанып, өмір ғажайыбына айналатын сияқты көрінеді. Оны «әйел – отбасының ұйтқысы» деп онан сайын қыздыра түсеміз. Бәрі де дұрыс. ­Алайда «көзсіз махаббаттың» рауани құдіреті мен трагедиясы қатар жүретінін, әсіресе нәзік жүректілер ескере бермейді. Өкіндік, өтіндік, амал не, жеңешем де осы аурудан сау емес екен, «ағаң жалғыз, ер адам тамағын дұрыс пісіріп іше алмайды ғой» деген сарыннан таймай қойды. Ағамның да, біздің де, дәрігердің де айтқан ақыл-кеңесі құлағына кірмеді. Шынында да, ол кәдімгідей өңі кіріп, ширағандай еді. Бірақ аурудың табиғатын түсінген адамға көңіл жұбатуға әлі ерте болатын. Ақыры, үш айдай емделген жеңешем, «көрдің ғой, құлантаза айыққанымды, енді мені көп мазалама» деп біз оны емес, ол бізді жұбатқандай, бунақ-түйнегін ағыл-ғұпыл жинастырып, ауылға тайып тұрды. Біраз жыл көңіл орнына түскендей болғанмен, жалған дүние – алдамшы, ақыры сол ауру жеңешемді алып тынды.

1978 жылдың 8 сәуірі. Елден қаралы хабар жетті. Ұлы Болат пен келіні Айжамал Ақтөбе педагогикалық институтында, ­физика-математика факультетінің төртінші курсында оқитын. Тез жиналып жолға шықтық.

Сәуірдің қабағы ашылмай, қар аралас жаңбыры бүркіп жауып, жердің миын шығарып жіберген. Қарға адым жер мұң. «Қайғыға қайғы қосылып, жақын адамымызбен қоштаса алмай қаламыз ба» деген ой миымызға шегедей қадалады. Бар болғаны 300 шақырым жердей қашықтықтамыз. Төрткүл дүниені билеген кеңестік құдіреттің сол құдыреті бізге келгенде жарылған шардың ауасындай ұшады да кетеді, әуе қатынасынан да, теміржол қатынасынан да кесіліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда соның қызығын еркін көре алмай, өзімен-өзі томаға-тұйық жатқан туған жеріміздің проблемасын бұрын қақсап айтқанымыз түк емес екен, қақсаудың көкесін тап сол екі көзіміз төрт болып, жолға қараған сағаттарда көрдік. Іргеде тұрып, ең жақын адамыңа топырақ сала алмау не деген сұмдық?! Ақтөбеден Ойылға тура шығу мүлдем мүмкін емес, не болғанмен Шұбарқұдық арқылы айналып, бірдеңе қылу керек. Шұбарқұдыққа жеттік, енді Ойылға дейін әлі жүз елу шақырым, оның әржағындағы тоқсан шақырымды ойлап та тұрған жоқпыз.

Қазір мен сол азаматты ерекше құрметпен жиі-жиі есіме аламын. Ол –Нұрқожа Орынбасаров, Темір аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Не туыстығымыз, не басқалай жақындығымыз жоқ, бірақ тұйыққа тірелген соң аудан басшысы ғой, «бір көмегі болар» деп Нұрекеңнің қабылдауына кіргенмін. Алды суық сияқты көрінгенмен, жүрегі жылы адам екен, ойланып қалды, «жер мүлдем езіліп кетті ғой, дегенмен абыржымаңыздар, бірдеңе қылармыз» деп жұбатты. Содан соң, ­телефон тұтқасын көтеріп, әлдебіреумен сөйлесті: «Ауданда сенің «Уазигіңнен» сенімді көлік жоқ, алдымда бір азамат отыр. Сенің жерлесің, Ойылға жеткізу керек» деді. Әр жақтан, шамасы, онша қанағаттанардай жауап болмады-ау деймін, хатшы трубканы орнына көңілсіздеу қойып:

– Тұрарды, Тұрар Шерияздановты танитын ба едіңіз?– деп сұрады.

–Танимын, қазір Сіздерде ауданның бас дәрігері болып істейтін болуы керек, –дедім.

–Иә, бас дәрігер болып істейді. Сіз қазір Тұрарға барыңыз, сәлден соң мен де сонда барамын, – деді.

Тұрекең жылы қабылдағанмен, бірден көмектесуден ат-тонын ала қашты. Сол арада, бірінші хатшы да кірді бөлмеге.

– Тұрар, ақырзаманды төндіре берме, сенің «Уазигің» жаңа, сенімді. Шөпірің шаршаса шаршар, мынадай жағдайда жасамаған азаматтығын қай кезде жасайды. Сөзді қой, машинаңды әзірлет, – деп хатшы бұйыра сөйлеп еді, Тұрар:

– Ойбай-ау, Нұреке-ау, мынадай ылайсаңда, ылайсаң емес-ау, тоң жібіп, үстінен жаңбыр құйып, белден батпақ болып жатқанда, төрт доңғалағы бірдей тартады дегенмен, біздің кішкентай машина жаңағы батпаққа батып, жер бауырлап қалады ғой, – деп азар да безер болды.

Нұрекеңнің қабағы түйіліп кетті. Ойланып, біраз үнсіз тұрды да, мойнын бұрып:

– Көлік ұйымдастырамыз, қайда боласыздар, арттарыңнан жіберттіремін, – деді. Адресімізді естіді де, сол түйілген күйі, үндеместен шығып кетті. Тұрардың «азар-безер» болуының да жөні бар, әрине, дегенмен проблема шешудің жолын іздеген өтінуші жақтың «тәуекелі» өкінішті аяқталуы мүмкін екендігін тыңдаушы жақ та, өтінуші жақ та сезеді. Сондықтан әңгіме ұзаққа бармады.

Хабар келді. Көлік бөлініпті. Көлік болғанда қандай, әр доңғалағы адамның бойындай алты доңғалақты алып жүк машинасы және біреу емес, екеу. Бірінші хатшы оған тиелетін жүкті де таптыртқан, «арба да сынбай, өгіз де өлмей», қиын істің қиюын тапқан хатшыға «рақметімізді» жаудырып, жолға шықтық.

Екінші проблемаға Ойылға жеткенде тап болдық. Әдетте, мінезі жуас, көктемнің өзінде кемерінен асып таси қоймайтын өзен бұл жолы кәдімгідей көпіршіп, жағалауға кең жайылмаса да, арнасында алқына ағып жатыр екен. Ескі ағаш көпір су астында, әр жер әр жерден тірегі состиып көрінеді. Ескегі келіскен қайық та жоқ, өйткені момақан өзенге оның қажеті де шамалы. Тек осындайда болмаса… әйтеуір ескі қайық табылып, бірен-саран жанкешті жолаушылар сонымен арғы бетке өтіп жатыр екен, соларға ілесіп біз де, аяғымызды арғы жағалауға іліктірдік-ау.

Уақыт өтіп, ұрпақ жаңаруда. Өмір заңдылығы. Уақыт өткен сайын, артыңа көбірек қарап, көзден кеткенмен, көңілден кетпейтін аяулы адамдарыңды сағынып, іштей іздейді екенсің, ол да өмір заңдылығы. Шәйгөзге апаратын қара жол сол сағынышты сезімді іліп алып, ­санамда әкем, анам, ағаларым мен жеңешем жатқан құмтөбеге қарай ирелеңдей, созылып ­барады. Өшпейді. Өшіргім келмейді. Өйткені сол сәттерде, өзімді мына дүниенің ешқашан қартаймайтын сәбиі сияқты сезінемін. Сол сезіммен ұйқылы ояу, есеңгіреген күйде жүре бергім келеді де тұрады. Ол, сірә, жастық шақтың ешқашан ұмытылмайтын құдіретінен шығар. «Құрттайым оқуға түсіп келді» деп, қуанышы қойнына сыймай, ойпаңдағы оншақты киіз үйді түгел аралап, сүйіншілеген жеңешемнің мамықтай қалқыған бейнесі бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Желіде ұмыт қалып, енесін іздеген, ешқашан бесті шықпайтын, санамда сол құлдырыңдаған күйінде мәңгіге таңбаланып қалған құлынның сағыныш сезімімен ойнап кісінегенін қазір де естіп тұрмын. Құлынның кісінеуі жастық сезімімді оятқан қоңыраудай бойымды балқытып барады, шамасы сол үн арқылы қарттықтан алыстай түскен тәріздімін.

Сырым  БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

 

1544 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы