• Тіл
  • 28 Шілде, 2022

АЛА-ҚҰЛА АУДАРМАДАН ҚАШАН АРЫЛАМЫЗ?

«Конституциямызды сауатты редакторлар мен корректорлар түзеу керек» деп жазып жүргенімізге де біраз уақыт болды. Конституция кітабын оқып отырғанда, еріксіз көз сүрінетін қателерді қызыл қаламмен түзеп шықсақ, оқушының диктант дәптерін тексерген мұғалімдей көрінерміз. Бірақ біз үшін Ата Заңымыз қастерлі құндылық болғандықтан, ресми сайттағы электронды нұсқасын ғана пайдаланып, кейбір тұстарына түзетулер жобасын ұсынып келеміз.

Сонымен, Ата Заң мәтініндегі өзіміз қате деп есептеген сөздер мен сөз тіркестерін немесе қосымшаларды жақшамен (), баптар мен тармақтарға сілтемелерді тік жақшамен [], ал өзіміз ұсынатын балама нұсқаларды пішінді жақшамен {} ерекшелеп таңбаладық.
* * *
Ендеше, ең алдымен, ең көп кездесетін сөзден бастайық.
Орыс тіліндегі «является» сөзін «болып табылады» деп аудара салған паразит тіркес 20 рет қолданылған. Бәрін түгел түзеу керек. Оның кейбірін бастауыш пен баяндауыштың ортасына қойылатын сызықша арқылы түсіндіруге болады. Мысалы:
Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы (болып табылады). [2; 3] Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы.
Осы орайда тыныс белгілерді дұрыс қолдануды да қатаң қадағалауымыз керек, өйткені көп жерде сызықшаның орнына дефис қойылған.
* * *
Келесі сөйлемге көшейік: ­Қазақс­тан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ ­Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары (болып табылады). [4; 1] 
* * *
Мына сөйлемде «ОЛ»-дың орны ауысып кеткен: Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады. [4; 2]
Дұрысы: Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
* * *
Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы (болып табылатын) {болатын} халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аума-ғында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады [4; 3].
* * *
Барлық заңдар, Республика қатысушы (сы болып табылатын) {болатын} халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты (болып табылады) {болады} [4; 4].
* * *
Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең (болып табылады) {болады}. [10; 1]
* * *
Жалғауларды да орынды-орынсыз қолдана берудің керегі жоқ. Екі жердегі (15 және 78-баптар) «хақыСЫ жоқ» деген сөзді «хақы жоқ» деп жазуға болады. Сондай-ақ 27 рет кездесетін «құқыҒЫ бар», 5 жерде кездесетін «құқыҒЫ жоқ» дегенді де «құқы» деп қолданса жарайды.
Бір жерде кездесетін «құпиялыЛЫғы» дегенді «құпиялығы» десе де болғандай [18; 2]
* * *
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы (болып табылатын) {болатын} мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді [20; 2].
* * *
Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу {–} әркімнің борышы әрі міндеті (болып табылады). [35]
* * *
Қазақстан Республикасының Президенті болып (тумысынан) ­Республика (азаматы болып табылатын)... [41; 2]
Қазақстан Республикасының Президенті болып {осы} Республика{да туған}...

* * *
Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы (болып табылады) {болады}. [44; 12]
* * *
Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс (стажы) {өтілі} бар... [51; 4]
* * *
Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып (табылады) {есептеледі немесе саналады}. [59; 6]
* * *
Үкімет алқалы орган (болып табылады) және өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты. [64; 2]
Осы сөйлемді «Үкімет – алқалы орган. Ол өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты» деген дұрыс шығар.
* * *
Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері (болып ­табылатын) ­{болатын} жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқы(ғы) жоқ. [68; 2]
* * *
Конституциялық кеңес туралы VI бөлімдегі және одан кейінгі баптардағы барлық «болып ­табылатын» тіркестер жаңа жобаға еніп кетпеуін қадағалау керек. [71; 1, 2] және [74; 3]
* * *
Заңдардағы «азаматша» (гражданка) ­деген ­аудармадан арылуымыз керек. Қазақ тілінде ­женский род, средний род жоқ. «Азаматша» ­деген сөз Конституциямызда жазылғандай, ­«жынысына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге ­болмайды» деген 14-бапқа қарсы.

Конституциялық референдум қарсаңында Ата Заңымыздың сауатты жазылуына ұсынысымызды білдіріп, жоғары билік өкілдеріне арнайы хаттар жолдадық.
ҚР Конституциялық Кеңесі аппаратының басшысы Б.Нұрмұханов: «Сіздің Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттік тілдегі мәтіні бойынша орын алған сәйкессіздіктерді жөндеу ­туралы ұсынысыңыз назарға алынды және құзырлы жұмыс тобының қарауына ұсынылады. Белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деп, шығарыпсалма жауап жазды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл ­саясаты комитеті өз кезегінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми орталығына лингвистикалық сараптама жасатты. Көзқарасымызды қуаттай түскен екі институттың сараптамасын да қатар жариялаймыз.
ҚР Әділет министрлігі Заңнама департамен-тінің директоры Н.Жамаладин біздің ұсынысымызды өз құзыреті шегінде қарастырып, мынадай жауап берді: «Конституцияның 91-бабына сәйкес, ҚР Конституциясына Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық ­референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттің шешімі Конс­титуцияда белгіленген тәртіппен қабылданады. Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда ­Республика Президенті осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі».
Ендігі қадам – Президентте. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан Конституция мәтініндегі қателер мен калька аудармаларды түзеуді Парламенттің қарауына беруін сұраймыз. Билік басындағылар үшін болмашы нәрсе сияқты көрінгенімен, біз үшін бұл – маңызды мәселе.
Осындай және басқа да маңызды мәселелермен айналысу үшін кезінде «Nur Otan» партиясының праймеризіне түсіп, жастар арасында рейтинг бойынша 1-орын алсақ та, партияластарымыз бізді өткізбей, өзімізден кейінгі үміткерді депутат қылды. Егер мүмкіндігімізді пайдаланып, рұқсат берілсе, Конституциямыз бен барлық кодекстердің, заңдардың, енді қаралатын заң жобаларының да қазақ тіліндегі нұсқаларының қателерін түгел түзеп шығар едік. Өйткені грамматикалық, лексикалық, пунктуациялық заңдарға Президент те бағынуы­керек.

Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ, 
PhD докторант,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті,
«Қазақ филологиясы» кафедрасының аға оқытушысы

 

КЕШЕНДІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМА ҚАЖЕТ

Бақтыбай Жайлауовтың ҚР Конституциясының қазақ тіліндегі нұсқасына қатысты берген ұсыныстарына жасалған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лингвистикалық тұжырымы.

1. Орыс тіліндегі «является» сөзін қазақ тіліне «болып табылады» сөз тіркесімен аудару туралы.

Орыс тіліндегі «является» сөзі қазақ тіліне негізінен заңнамалық құжаттарда, ғылыми әдебиетте және т.б. аударма жасаудың калька тәсілі арқылы «болып табылады» сөз тіркесімен аударылады.

Аударма жасаудың «калька» тәсіліне «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Калька (фр. calque – көшірме) – өзге тілдегі сөз тіркесі мен жай сөйлемнің құрылымдық-мағыналық негізділігін ана тіліндегі төл тәсілдер арқылы дәлме-дәл көшіріп алу. Тілдің негізді бірліктеріне туынды сөздер, сөз тіркестері және жай сөйлемнің кейбір түрлері жатады. Әрбір шеттілдік негіздегі бірліктерін аударушы тілдің төл тәсілдерімен көшіріп суреттеу ерекшеліктеріне сәйкес қазіргі қазақ тіліндегі калька негізінен 6 түрлі болады: 1) шеттілдік туынды сөздің сөзжасамдық негізділігін көшіріп алатын сөзжасамдық калькалар (народник – халықшыл, рукопись – қолжазба); 2) өз үлгісіндегі (шеттілдік туынды сөздер, сөз тіркестері) синтаксистік байланыстың типтері мен мағынамен және аударушы тілдің лексикалық-грамматикалық ерекшеліктерімен дәлелденген, сол синтаксистік байланыс типтері негізінде жасалған сөз тіркесі ретінде синтаксистік калька (взаимозависимость – өзара тәуелділік, приходить к выводу – қорытындыға келу); 3) өз үлгісіндегі, яғни шеттілдік тұрлаулы мүшелері қиысып тұратын жай сөйлемнің лексикалық-грамматикалық құрылысын толығымен көшіре алатын сөйлем ретіндегі синтаксистік калька (нельзя дважды войти в одну и ту же реку – бір өзенге екі түсуге болмайды); 4) шеттілдік фразеологиялық бірліктер құрамындағы ең маңызды құрамдас бөліктерінен ­бастап, сол бірліктердің тұтас мағынасын дәлме-дәл көшіре алатын фразеологиялық калькалар ­(зерно истины – ақиқаттың дәні, увидеть свет – жарық көру); 5) өз үлгісіндегі құрамдас бөліктер арқылы берілетін астарлы бейнелеушілік пен әсерлі мәнерлік суреттейтін калькатроп (застой мысли ­(метафора) – ойдың тоқырауы, открытая вражда (эпитет) – ашық дұшпандық); 6) шеттілдік сөздің ауыспалы мағынасына ие болатын семантикалық калька (ключ – кілт, ступень – саты). (Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, «Сөздік-Словарь», 2005).

Берілген анықтамадан көріп отырғанымыздай, «калька» – негізінен заңнамалық құжаттарды, ғылыми шығармаларды аударуда қолданалатын өнімді тәсіл. Алайда калька тәсілін қолдану арқылы жасалған ­аударма мәтінінің мазмұны аударылатын тілдің лингвистикалық нормаларына (мысалы, стилистикалық) толықтай сай келмей жататын тұстары кездеседі. Осы ретте орыс тіліндегі «является» сөзін қазақ тіліне «болып табылады» сөз тіркесімен калька тәсілі аудару қазақ тілінің стилистикалық нормасына толықтай сай деп айта алмаймыз.

Осыған байланысты өтініш иесі көрсеткен және өтініште көрсетілмеген ҚР Конституциясының кейбір баптарындағы сөйлемдерді лингвистикалық нормаларға сәйкес төмендегіше аударуды ұсынамыз:

 

ҚР Конституциясының баптарындағы мәтін

ҚР Конституциясының баптарындағы мәтінді ауыстыру туралы ұсыныс

1

«Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады» (2-баптың 3-тармағы)

Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы.

2

«Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады» (4-баптың 1-тармағы)

«Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық – Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары.

3

«Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады» (4-баптың 3-тармағы)

Қазақстан қатысушысы болатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады.

4

«Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады» (4-баптың 4-тармағы)

Барлық заңдар, Республика қатысушы болатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау – оларды қолданудың міндетті шарты.

5

«Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады» (10-баптың 1-тармағы)

Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болады.

6

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» (20-баптың 2-тармағы)

Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып саналатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.

7

«Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады» (35-бап)

Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу – әркімнің борышы әрі міндеті.

8

«Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады» (41-баптың 2-тармағы)

Қазақстан Республикасының Президенті болып осы Республикада туған, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады.

9

«Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады» (44-баптың 12-тармақшасы)

Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады.

10

«Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады» (59-баптың 6-тармағы)

Палаталардың бірлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып саналады.

11

«Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты» (64-баптың 2-тармағы)

Үкімет алқалы орган. Ол өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты.

12

«Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ» (68-баптың 2-тармағы)

Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.

13

«Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшелері болып табылады» (71-баптың 1-тармағы)

Республиканың экс-Президенттері құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестің мүшелері болып саналады.

14

«Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республиканың Президенті тағайындайды және дауыс тең бөлінген жағдайда оның даусы шешуші болып табылады» (71-баптың 2-тармағы)

Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республиканың Президенті тағайындайды және дауыс тең бөлінген жағдайда оның даусы шешуші болып саналады.

15

«Конституциялық Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды» (74-баптың 3-тармағы)

Конституциялық Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып саналады және шағымдануға жатпайды.

16

«Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады» (75-баптың 3-тармағы)

Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып саналады.

17

«Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады» (77-баптың 4-тармағы)

Конституцияда белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып саналады.

18

«Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беріп отырады» (81-бап)

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық істер, жергілікті және басқа да соттардың соттылығына жататын өзге де істер бойынша жоғары сот органы, ол заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер беріп отырады.

19

«Жергілікті атқарушы органды Республика Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылатын тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімі басқарады» (87-баптың 2-тармағы)

Жергілікті атқарушы органды Республика Президенті мен Үкіметінің өкілі болып саналатын тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімі басқарады.

 

 

2. Сөздердің орын тәртібінің ауысуы туралы.

Өтініш иесінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағындағы «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады» деген сөйлемді лингвистикалық нормаларға сәйкес «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады» деген сөйлеммен өзгерту туралы ұсынысы қисынды.

3. Жалғаулардың қолданылуы туралы.

Өтініш иесінің Қазақстан Республикасы Конституциясының кейбір баптарындағы «хақысы» сөзін лингвистикалық нормаларға сай «хақы» сөзімен ауыстыру туралы ұсынысы орынды.

 

ҚР Конституциясының баптарындағы мәтін

ҚР Конституциясының баптарындағы мәтінді ауыстыру туралы ұсыныс

1

«Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» (15-баптың 2-тармағы)

Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақы жоқ.

2

«Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ» (78-бап)

Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақы жоқ.

 

 

4. «Құқығы» сөзін «құқы» сөзімен, «құпиялылығы» сөзін «құпиялығы» сөзімен ауыстыру туралы.

«Құқық» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Құқық. 1. Зат есім. [араб]. сөйлеу. Қақы. 2. Негіз, себеп. 3. Мемлекет тарапынан, болмаса тиісті қаулы, заңмен әрбір адамға берілген ерік, бостандық. 4. қ ұ қ ы қ. Қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасын реттейтін, мемлекет тарапынан белгіленетін және қорғалатын ережелер мен жиынтығы және соны зерттейтін ғылым саласы.

«Құқық» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Құқы. [иран]. сөйлеу. Қақы»

«Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі» мәліметке сүйенсек, «құқық» сөзінің мағынасы «құқы» сөзінің мәніне қарағанда кең әрі «құқық» сөзінің барлық заңнамалық құжаттарда, публицистикалық және әдеби шығармалардағы қолданыс жиілігі жоғары, ал «құқы» сөзі негізінен ауызекі сөйлеу стилінде қолданылады. Осыған байланысты лингвистикалық нормаларға сәйкес «құқығы» сөзін «құқы» сөзімен ауыстыруды орынсыз деп санаймыз.

«Құпиялық» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Құпиялық. 1. Зат есім. сөйлеу. Құпиялылық»

«Құпиялылық» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама беріледі: «Құпиялылық. 1. Зат есім. Жасырын сыр, ешкім білмейтін астыртын, жұмбақ іс. 2. з а ң. Мәліметтерді авторландырылмаған қатынас құрудан қорғаушылық»

«Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі» мәліметке сүйенсек, «құпиялық» сөзі сөйлеу тілінде жиі қолданылса, «құпиялылық» сөзі ресми және көркем әдебиет стилінде қолданылады. Осыған байланысты «құпиялық» сөзін лингвистикалық нормаларға сәйкес «құпиялылық» сөзімен ауыстыруды орынсыз деп санаймыз.

5. Орыс тіліндегі «стаж» сөзін қазақ тіліне «өтіл» сөзімен аудару туралы.

«Стаж» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Стаж. 1. Зат есім. француз. stage. Өтіл (белгілі бір жұмыс саласында қызмет істеген уақыт мөлшері).

«Өтіл» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Өтіл. 1. Зат есім. Өтініш, тілек, талап. 2. Өте кеткен заты, берген дүниесі. 3. Азаматтың белгілі бір мамандық бойынша жұмыс істеген жылдарының жалпы саны, еңбек еткен мерзімі. 4. Өтіну, тілек ету. 5. Өткізілу, жүргізілу.

«Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі» мәліметке сүйенсек, «стаж» сөзі бір мағына береді және бұл сөзге түсініктеме ретінде «өтіл» сөзі келтірілген, сонымен қатар бұл сөз Кеңес одағы кезіндегі әдеби шығармаларда көп кездессе, «өтіл» сөзінің мағынасы кең әрі Тәуелсіздік алғаннан кейінгі әдеби шығармаларда жиі ұшырасады.

Қазақстан Республикасы Конституциясынан басқа заңнамалық құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасындағы «стаж» сөзі қазақ тіліндегі нұсқаларында «стаж» және «өтіл» сөздерімен беріледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының отырыс­тарында «стаж» сөзінің баламасы ретінде «өтіл» сөзі бекітілген, мысалы, стаж – өтіл (2018 жылғы 6 сәуір), трудовой стаж – еңбек өтілі (2016 жылғы 8 желтоқсан).

Жоғары баяндалғандардың негізінде өтініш иесінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 51-бабы 4-тармағындағы «...Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады...» деген сөйлемді лингвистикалық нормаларға сәйкес «Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады» деген сөйлеммен ауыстыруға қатысты ұсынысы қисынды.

6. Орыс тіліндегі «гражданка» сөзін аудару туралы.

«Азамат» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Азамат. 1. Зат есім. Кәмелетке толып, ер жеткен адам, жігіт. 2. құқық. Белгілі бір мемлекеттің тең құқықты адамы. 3. көнерген сөз. Кәмелетке келіп, еншісін алған, туыстарына тәуелсіз, үйлі-баранды адам. 4. көнерген  сөз. Әскери. Қолына қару ұстап, ел қорғауға, не ел жаулауға аттанатын адам, жасақшы; жауынгер. 5. ауыспалы мағына. Адамгершілігі мол, саналы, құрметті адам. 6. Оқыған, қызметкер. (Аймақтық. Шығыс Қазақстан облысы Ұржар ауданы).
«Азаматша» сөзіне «Қазақ әдеби тілі сөздігінде» мынадай анықтама берілген: «Азаматша. Зат есім. сөйлеу. Әйел адам. 2. Ер азаматқа ұқсап, ерлерше, азаматтай.
«Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі» мәліметке сүйенсек, «азамат» сөзінің мағынасы кең әрі заңнамалық құжаттарда, публицистикалық және әдеби шығармалардағы қолданыс жиілігі жоғары. 
«Азаматша» сөзі негізінен заңнамалық құжаттарда «гражданка» сөзінің аудармасы ретінде қолданылады.
Жоғарыда баяндалғандарды және қазақ тілінде «тек» (род) категориясының жоқ екендігін ескере келе, орыс тіліндегі «гражданка» сөзінің аудармасы ретінде мәнмәтіндік қолданысына байланысты «азамат» сөзін (мысалы, «Қазақстан Республикасының азаматы» деген сөйлем ер азаматқа да, әйел адамға да қатысты) және «әйел азамат» сөз тіркесін қолдануды қолдаймыз.
 Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының орыс тіліндегі мәтінінде «имеет право» сөз тіркесі мемлекеттік тілдегі мәтінінің кейбір баптарында «құқылы» сөзімен (16-баптың 3-тармағы, 77-бап 3-тармағының 4-тармақшасы), кейбір баптарында «хақылы» (13-баптың 1-тармағы, 15-баптың 2-тармағы, 29-баптың 2-тармағы, 32-бап, 56-баптың 2-тармағы, 57-баптың 6-тармақшасы, 58-баптың 2-тармақшасы, 60-баптың 2-тармағы, 61-бап 3-тармағының 11-тармақшасы, 61-баптың 7-тармағы, 70-баптың 2-тармағы, 70-баптың 7-тармағы, 87-баптың 4-тармағы, 87-баптың 5-тармағы, 91-баптың 1-тармағы) сөзімен аударылған. Осыған байланысты терминологиялық бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерін салғастыра отырып, құзырлы органдар кешенді лингвистикалық сараптама жасауы қажет деп санаймыз.

Сәрсенбай ҚҰЛМАНОВ, 
филология ғылымының кандидаты, доцент.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Терминология орталығының жетекшісі

 

ҰСЫНЫСТАР ЕСКЕРІЛГЕНІ ДҰРЫС

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми орталығының лингвистикалық тұжырымы.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының тұрғыны Бақтыбай Жайлауов ҚР ­Конституциясы мәтініне түзетулер енгізу туралы хатында орыс тіліндегі «является» етістігі «болып табылады» деп аударылғанын және оның орынсыз қолданылғанына тоқталған. Өкінішке қарай, елімізде заңнамалық құжаттар алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаға аударылады. Аудармада көп қолданылатын тәсіл – калька тәсілі. Калька – тілдің сөзжасам жүйесін, үлгісін байытудағы, терминдер мен терминдік тіркестерді жасаудағы өнімді тәсілдердің бірі, бірақ бұл тәсілдің тіліміздің табиғи қалпын сақтауға кері ықпал етеді. Жоғарыдағы хатта көрсетілген «болып табылады» да – калька аударманың салдары. Оның орнына автор жазғандай, сөйлемді ықшамдап, қажетті жерінде «болатын» сөзін пайдаланып немесе сызықшаны қызметіне сай орынды қолдану керектігін толық қолдаймыз. Мысалы: «Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы».

Автор хатында заңдардағы азаматша (гражданка) деген аудармадан арылу керектігін атап өткен. Осыған байланысты аталған терминнің қолданысына назар аудардық.

Азамат-гражданин термині ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясында (бұдан ары – Терминком) 2005 жылы бекітілген, гражданка-азаматша нұсқасы бекітілмеген. Ал заңнамалық құжаттарда екі нұсқасы да қолданыста бар. Мысалы: «Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы анықтама

Азамат (ша) _________________________________________________________________

 (атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру мемлекеттік

 тіркелгенге дейінгі аты, әкесінің аты (бар болса) тегі)

____________________________________________________________туған» («Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою тәртібі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Әділет министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №40 бұйрығы).

Ресми ақпаратта, құжаттарда кездесетін азаматша – орыс тіліндегі гражданка сөзіне балама іздеуден туған жасанды сөз. Осыған орай, род категориясына қатысты филология ғылымының докторы Б.Қалиұлының пікіріне сүйенсек: «Төраға» демекші, еркек мұғалім болса – мұғалім, әйел мұғалім болса – мұғалима, еркек кассир болса – кассир, әйел кассир болса – кассирша деп жүргеніміз сияқты кейінгі кезде жиналыстарға басшылық (төрағалық) етуші адам әйел болса, оған төраға сөзін қолданбай, «төрапа», «төрайым» сөздерін қолдана бастадық. Егер қызметкерлердің еркек-әйел екендігіне қарасақ, онда «аға жылқышы» деген әйел үшін «апа жылқышы», «аға шопан» – «апа шопан», «аға ғылыми қызметкер» – «апа ғылыми қызметкер» болып шықпай ма?!» [21 б.] (Байынқол Қалиұлы Қазақ терминтанымының өзекті мәселелері. – Алматы, 2008, 160 бет)

Олай болса, қазақ тілінде тек (род) ­категориясы жоқтығын, калька аударманың сәтсіздігін Б.Жайлауов өте дұрыс көтеріп отыр, сондықтан заңнамалық құжаттарда ер адамға да, әйел затына да қатысты «азамат» сөзін қолдану қажет.

«Құқық», «хақ» сөздеріне байланысты бұған дейін де түрлі пікір айтылып жүр.

Құқық сөзіне қатысты қазақ тілінің әртүрлі сөздіктерінде төмендегідей түсіндірмелер берілген:

1) адамның кұқығы, саяси еркі.

2) азаматтың немесе ұйымның мүддесін қанағаттандыруға байланысты мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған болжамды іс-әрекетінің заңмен қамтамасыз етілген шаралары.

3) ар. зат. Саяси әлеуметтік, қоғамдық ерік; қақы.

4) қоғамдық қатынастардың таптық реттегіші рөліндегі мемлекеттік билік белгілеген және кепілдендірген жалпы міндетті, формальды түрде анықталған нормалар жүйесі.

Хақ сөзіне қатысты келесідей түсіндірмелер беріледі:

1) (араб тілінде) шындық, күмәнсiз ақиқат; Алла Тағаланың 99 есiмiнiң бiрi.

2) Хакк («нағыз», «шынайы» «ақиқат») – айтылған ойға шындықтың сәйкес келуін білдіретін термин. Осымен бір мезгілде шындыққа сәйкестік, ойдың шын мәні терминімен белгіленді. Алайда бұл екі термин де синонимдер ретінде жиі пайдаланылады. Бірақ «ақиқат» бірдей дәрежеде белгіленгенімен, пайдалану саласына қарай ерекшеленіп отырды.

3) Қақы зат. Ерік, құқ.

Хат авторы айтып отырғандай, артикуляцияға жеңіл болу үшін құқығы сөзін құқы деп, хақысы сөзін хақы деп қысқартып қолдану ойға қонымдырақ.

Сондай-ақ автор құпиялылығы терминін құпиялығы түрінде қолдануды ұсынады.

Құпиялық (секретность) сөзіне қатысты:

«Құпиялық дегеніміз – ақпаратты «білудің қажеті жоқ» белгілі бір адамдардан немесе топтардан жасыру тәжірибесі, алайда оны басқа адамдармен бөлісуі де мүмкін» деген түсіндірме берілген (https://en.wikipedia.org/wiki/Secrecy)

Ал құпиялылық сөзіне мынадай анықтама беріледі:

Құпиялылық (конфиденциальность) – з а т. 1. Жасырын сыр, ешкім білмейтін астыртын, жұмбақ іс. 1947 жылы Совет үкіметі атом қаруының ешбір құпиялылығы жоқ деп жариялады (Қ.Аманжолов, Қасиетті борыш) (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 10-т. – Алматы, 2011- 752б).

Анықтамада байқалғандай, құпиялық пен құпиялылық синоним сөздер болғанымен, сәл де болса, мағыналық реңкте айырмашылық байқалады, яғни құпиялы термині туынды түбірге -лық жұрнағы жалғанып, сөзжасамдық тұрғыдан жаңа мән тудырып тұр. Бұған байланысты Қазақ тілінің грамматикасында: «Неологизмдік сипат сондай-ақ еттілік (мясность), жемістілік (плодовитость), жүйелілік (системность), күрделілік (сложность) дериваттарынан да айқын көрінеді» делінген (Қазақ тілінің грамматикасы, 2002 жыл. Астана.). Олай болса, құпиялық пен құпиялылық терминдерін бір мағынаны білдіретін термин деп қарастыра алмаймыз.

Б.Жайлауов хатының негізінде сөздердің жасалуын, аудармасын, сөздіктердегі анықтамасын қарастыра келе, төмендегідей қорытынды ұсынамыз:

1. «Является – болып табылады» калька аударманың орнына сөйлемді ықшамдап, қажетті жерінде «болатын» сөзін пайдаланып немесе сызықшаны қызметіне сай орынды қолдану керектігін толық қолдаймыз.

2. Қазақ тілінде род категориясы жоқтығына байланысты заңнамалық құжаттарда ер адамға да, әйел затына да қатысты Терминкомда бекітілген «азамат» сөзін қолданған дұрыс.

3. Артикуляцияға жеңіл болу үшін, мағынаға әсер етпейтін қосымшаны көбейтпес үшін құқығы сөзін құқы деп, хақысы сөзін хақы деп қысқартып қолдануды қолдаймыз.

4. Құпиялылық термині де калька аудармадан пайда болғанмен, оның құпиялық терминінен мағыналық айырмашылығы бар. Сондықтан бұл терминді контекске қарай қолдану ұсынылады.

5. Конституция мәтінінің стилистикасына байланысты Бақтыбай Жайлауовтың басқа да ұсыныстары Конституцияның жаңа редакциясында ескеріледі деген үміттеміз.

 

Сарапшылар:

Бақытгүл ЫСҚАҚ,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми орталығы Терминология басқармасының басшысы

 

Сая ИТЕҒҰЛОВА,

Терминология басқармасының жетекші ғылыми қызметкері

2622 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Нұрман

30 Шілде, 2022

Ала-құла аударманы жасап келе жатқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының Редакциялық-баспа бөлімі. Ондағылардың бәрі жақсы отыр. Оларды сол орындарға шалдың табынушылары орналастырып қойған. Тау қозғалса, қозғалар, бірақ олар жылы орындарынан қозғалмайды. Сендер оларға не істейсіңдер?

терминдерді калькалаймыз деп жүріп сөйлемдерді де калькалап жіберіпті

03 Тамыз, 2022

терминдерді калькалаймыз деп жүріп сөйлемдерді де калькалап жіберіпті \\Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. [10; 1]\\... Дұрысы: \\Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, қандай негізде берілгеніне қарамастан, олар біркелкі және тең {болады}. [10; 1]\\

терминдерді калькалаймыз деп жүріп

03 Тамыз, 2022

Оқып отырып өзің ұяласың

Бекен Шолан

04 Тамыз, 2022

ӘРБІР ТЕРМИННІҢ КӨТЕРЕТІН ЖҮГІ БАР «Ана тілі» газетінің биылғы 28 шілдедегі санында жарияланған «Ала-құла аудармадан қашан арыламыз?» деген мақаланың тақырыбы елең еткізді. Өйткені, Ата Заңымыздан бастап, заң жобалары мен өзге де заң актілері орыс тілінде әзірленіп, пысықталып, кейіннен қазақ тіліне аударылғаны жасырын емес. Оның үстіне, аударма мәселесі төңірегінде өрбіген пікір-таластың таяу арада толастайтын түрі жоқ, оның да өзіндік себептері бар. Жалпы тіл біліміне, соның ішінде аударма тіліне, терминдерге қатысты алуан түрлі тақырыптағы бас қосулар (конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б.) жиі өткізіліп тұрады. Олардың пайдалы тұстары аз емес, дегенмен, аударма сапасынан туындаған дау-дамай әлі азаймай тұр. Бұл орайда, барлық заң құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу межесіне тезірек жету үшін осы проблемаларды шешуге атсалысып жүргендердің саны көбейп келе жатқаны қуантады. Жоғарыда аталған мақалада 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының аудармасына қатысты ұсыныстар айтылған екен. Әрине, заңдық күші жағынан басқа заң актілерінен жоғары тұрған Ата Заңымыздың мемлекеттік тілдегі мәтінінің аудармасы орнықты, жалпы көпшілікке түсінікті болуы үшін оның әрбір сөзіне (аудармасына) мән бере отырып, талдау, толымды қорытынды жасап, ұсыныс айту өз нәтижесін беретіні анық. Мақаланы білікті тіл мамандарының талқылап, өз пікірлерін баспасөз арқылы ортаға салуы құптарлық жайт. Осыған орай, мен де ойға түйген пікірлерімді білдіре кетейін. 1. Сызықша ( – ) мен дефиске ( - ) қатысты ұсыныс өте орынды деп есептеймін. Осы екі тыныс белгісінің орны ауысып кеткен жағдайлар кездесіп қалады. Бұларға немқұрайды қарауға жол бермеу керек. Конституцияда, заң мәтіндерінде ұсақ-түйек деген болмауға тиіс. Өйткені кез келген тыныс белгісі тікелей нормаға әсер ететін жағдайлар жиі кездеседі. 2. «Азаматша» деген сөз орыс тілінен ауысқан калька» деген пікірге толық қосыламын. Қазақ тілінде «род» деген грамматикалық категория жоқ екені белгілі ғой. Кейбір ерекше жағдайларда, айталық әйел адам Сайлау комиссиясын басқарса, оның лауазымы «төраға (председатель)» емес, «төрайым» деп аталады. Кейбір заңдарда «азаматша» сөзі ұшырасып қалады. Орын алған мұндай ағаттықты сол заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде түзетіп жіберу қажет. 3. Орыс тіліндегі «является» деген етістіктің қазақша аудармасы да дау туғызып келеді. Ол Конституцияда және заңдарда «болып табылады» деп екі сөзбен берілген. Яғни, бұл күрделі етістіктен тұратын, нормативтік құжаттарда қалыптасқан сөз тіркесі (тезаурус). Ал тезаурус – барлық заң актілерінде өзгертпестен бірдей қолдану арқылы қалыптастырылған сөздер мен тұрақты тіркестер. Автор айтқандай, бұл сөз тіркесі «аударма жасаудың калька тәсілі» екені рас. Бірақ, заң нормасы тұрғысынан алғанда, «болып табылады» деген баяндауыш осы шақта тұрғандықтан, «является» сөзінің дәл мағынасын береді. Ал, автор мысал ретінде ұсынып отырған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы (болып табылатын) {болатын} мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді [20; 2]» деген сөйлемдегі «болатын» (кері аударғанда орысша мағынасы – «будет» немесе «будут») сөзі әлі болмаған келер шаққа сілтеме жасап тұр. Яғни, ол мерзім жағынан қолданыстағы нормаға қайшы келеді. Егер «болып келеді», «болып саналады», «болып есептеледі» тіркестерін кезек-кезек қолдана бастасақ, әдеби норма тәсіліне көшу салдарынан заңнан ауытқып, тезаурустың бірізділігін жоққа шығарамыз. Бұл терминді тағы да бір талқыдан өткізіп, дұрыс шешім қабылдау қажет деп есептейміз. 4. «Құқық (ағылш. 1. law (наука); 2. right) – мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелерінің (нормалардың) жиынтығы» (Gooqle). Яғни, «право» терминінің қазақ тіліндегі нақты баламасы – құқық. Барлық заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында осылай аударылған. Ал Конституцияның кейбір баптарында «хақы» болып жүр. Айтуға оңай болғанымен, бұл сөздің мағынасы басқаша. Ата Заңға өзгерістер енгізгенде оларды бір ізге түсіру керек. Себебі, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «хақы – ақы, еңбек». Ол әдеби шығармаларда, тұрмыстық қатынастарда қолданылады (мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Кісі хақын жеу – күнә»). «Құх» деген сөз ауызекі тілде жиі ұшырасады. Бұл терминдердің аражігін ажыратып қолданбаса, заң актілері мәтінінің бірізді сәйкестігіне нұқсан келеді. 5. «Бір жерде кездесетін «құпиялыЛЫғы» дегенді «құпиялығы» десе де болғандай [18; 2]» деген ұсыныспен келіспейміз. Заңдарда, халықаралық шарттарда бұл терминдердің аражігі ажыратылған және былай аударылған: «секрет – құпия»; «секретность – құпиялық»; «конфиденциальность – құпиялыЛЫқ» (Терминком бекіткен). Қорыта айтқанда, бұл мақалада және оған қосылған пікірлерде Ата Заңның аудармасын жетілдіріп, жақсартуға деген шынайы ниет бар. Авторлардың бастамасын, талпынысын құптаймыз. Әркімнің пікір айтуға құқығы бар. Түптеп келгенде, Конституцияның әрбір бабын, сөйлемі мен сөзін халықтың жете түсініп, іс жүзінде бұлжытпай орындауына жағдай жасалуға тиіс. Оның мәтіні жеңіл оқылумен қатар, сөздердің нақтылығы мен дәлдігін талап етеді. Сондықтан қолданылатын әрбір терминнің нормалық тұрғыдан көтеретін жүгі болатынын естен шығармайық. Бекен Шолан, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Бекен Шолан

04 Тамыз, 2022

ӘРБІР ТЕРМИННІҢ КӨТЕРЕТІН ЖҮГІ БАР «Ана тілі» газетінің биылғы 28 шілдедегі санында жарияланған «Ала-құла аудармадан қашан арыламыз?» деген мақаланың тақырыбы елең еткізді. Өйткені, Ата Заңымыздан бастап, заң жобалары мен өзге де заң актілері орыс тілінде әзірленіп, пысықталып, кейіннен қазақ тіліне аударылғаны жасырын емес. Оның үстіне, аударма мәселесі төңірегінде өрбіген пікір-таластың таяу арада толастайтын түрі жоқ, оның да өзіндік себептері бар. Жалпы тіл біліміне, соның ішінде аударма тіліне, терминдерге қатысты алуан түрлі тақырыптағы бас қосулар (конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б.) жиі өткізіліп тұрады. Олардың пайдалы тұстары аз емес, дегенмен, аударма сапасынан туындаған дау-дамай әлі азаймай тұр. Бұл орайда, барлық заң құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу межесіне тезірек жету үшін осы проблемаларды шешуге атсалысып жүргендердің саны көбейп келе жатқаны қуантады. Жоғарыда аталған мақалада 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының аудармасына қатысты ұсыныстар айтылған екен. Әрине, заңдық күші жағынан басқа заң актілерінен жоғары тұрған Ата Заңымыздың мемлекеттік тілдегі мәтінінің аудармасы орнықты, жалпы көпшілікке түсінікті болуы үшін оның әрбір сөзіне (аудармасына) мән бере отырып, талдау, толымды қорытынды жасап, ұсыныс айту өз нәтижесін беретіні анық. Мақаланы білікті тіл мамандарының талқылап, өз пікірлерін баспасөз арқылы ортаға салуы құптарлық жайт. Осыған орай, мен де ойға түйген пікірлерімді білдіре кетейін. 1. Сызықша ( – ) мен дефиске ( - ) қатысты ұсыныс өте орынды деп есептеймін. Осы екі тыныс белгісінің орны ауысып кеткен жағдайлар кездесіп қалады. Бұларға немқұрайды қарауға жол бермеу керек. Конституцияда, заң мәтіндерінде ұсақ-түйек деген болмауға тиіс. Өйткені кез келген тыныс белгісі тікелей нормаға әсер ететін жағдайлар жиі кездеседі. 2. «Азаматша» деген сөз орыс тілінен ауысқан калька» деген пікірге толық қосыламын. Қазақ тілінде «род» деген грамматикалық категория жоқ екені белгілі ғой. Кейбір ерекше жағдайларда, айталық әйел адам Сайлау комиссиясын басқарса, оның лауазымы «төраға (председатель)» емес, «төрайым» деп аталады. Кейбір заңдарда «азаматша» сөзі ұшырасып қалады. Орын алған мұндай ағаттықты сол заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде түзетіп жіберу қажет. 3. Орыс тіліндегі «является» деген етістіктің қазақша аудармасы да дау туғызып келеді. Ол Конституцияда және заңдарда «болып табылады» деп екі сөзбен берілген. Яғни, бұл күрделі етістіктен тұратын, нормативтік құжаттарда қалыптасқан сөз тіркесі (тезаурус). Ал тезаурус – барлық заң актілерінде өзгертпестен бірдей қолдану арқылы қалыптастырылған сөздер мен тұрақты тіркестер. Автор айтқандай, бұл сөз тіркесі «аударма жасаудың калька тәсілі» екені рас. Бірақ, заң нормасы тұрғысынан алғанда, «болып табылады» деген баяндауыш осы шақта тұрғандықтан, «является» сөзінің дәл мағынасын береді. Ал, автор мысал ретінде ұсынып отырған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы (болып табылатын) {болатын} мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді [20; 2]» деген сөйлемдегі «болатын» (кері аударғанда орысша мағынасы – «будет» немесе «будут») сөзі әлі болмаған келер шаққа сілтеме жасап тұр. Яғни, ол мерзім жағынан қолданыстағы нормаға қайшы келеді. Егер «болып келеді», «болып саналады», «болып есептеледі» тіркестерін кезек-кезек қолдана бастасақ, әдеби норма тәсіліне көшу салдарынан заңнан ауытқып, тезаурустың бірізділігін жоққа шығарамыз. Бұл терминді тағы да бір талқыдан өткізіп, дұрыс шешім қабылдау қажет деп есептейміз. 4. «Құқық (ағылш. 1. law (наука); 2. right) – мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелерінің (нормалардың) жиынтығы» (Gooqle). Яғни, «право» терминінің қазақ тіліндегі нақты баламасы – құқық. Барлық заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында осылай аударылған. Ал Конституцияның кейбір баптарында «хақы» болып жүр. Айтуға оңай болғанымен, бұл сөздің мағынасы басқаша. Ата Заңға өзгерістер енгізгенде оларды бір ізге түсіру керек. Себебі, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «хақы – ақы, еңбек». Ол әдеби шығармаларда, тұрмыстық қатынастарда қолданылады (мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Кісі хақын жеу – күнә»). «Құх» деген сөз ауызекі тілде жиі ұшырасады. Бұл терминдердің аражігін ажыратып қолданбаса, заң актілері мәтінінің бірізді сәйкестігіне нұқсан келеді. 5. «Бір жерде кездесетін «құпиялыЛЫғы» дегенді «құпиялығы» десе де болғандай [18; 2]» деген ұсыныспен келіспейміз. Заңдарда, халықаралық шарттарда бұл терминдердің аражігі ажыратылған және былай аударылған: «секрет – құпия»; «секретность – құпиялық»; «конфиденциальность – құпиялыЛЫқ» (Терминком бекіткен). Қорыта айтқанда, бұл мақалада және оған қосылған пікірлерде Ата Заңның аудармасын жетілдіріп, жақсартуға деген шынайы ниет бар. Авторлардың бастамасын, талпынысын құптаймыз. Әркімнің пікір айтуға құқығы бар. Түптеп келгенде, Конституцияның әрбір бабын, сөйлемі мен сөзін халықтың жете түсініп, іс жүзінде бұлжытпай орындауына жағдай жасалуға тиіс. Оның мәтіні жеңіл оқылумен қатар, сөздердің нақтылығы мен дәлдігін талап етеді. Сондықтан қолданылатын әрбір терминнің нормалық тұрғыдан көтеретін жүгі болатынын естен шығармайық. Бекен Шолан, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Есенқұл Сафуани

04 Тамыз, 2022

Заң тек оқу үшін емес, орындалу үшін шығарылады Ана тілі газетінің үстіміздегі жылғы 28 шілдедегі санында жарияланған «Ала-құла аудармадан қашан арыламыз» деген бірнеше автордың пікіріне орай өз ойымызды айтсақ деген ниет пайда болды. Жалпы мұндай пікірлердің баспасөзде жарияланып, әрбір көзі қарақты маман өз ойын ортаға салып, пікірталас туып жатса, заңнаманы ана тілімізде сөйлетуге тигізетін пайдасы мол. Заңнамада термин негізгі рөл атқарады. Ғалымдарымыз айтқандай, терминнің бәрі сөз, сөздің бәрі термин емес. Осы орайда тілімізде термин толық қалыптасып болмағанын жасыруға болмайды. Көптеген көркем әдебиет өкілдері, көпшілік халық жанашырлары заңды қазақша жазу керек, тіліміз бай деген пікірді жиі айтады. Бірақ бай тілмен, көркем әдебиет тілімен заң жазуға болмайтынын заңмен жұмыс істеп көрмеген адам біле бермейді. Бір термин үш, тіпті бес түрлі жазылып жүргенде заң аудармашысы оның қайсысын пайдаланарын білмей дал болады. Ал қазақшалағыштар контекстегі (түпмәтіндегі; мәнмәтіндегі – бұл екеуінің қайсысы дұрыс?) мағынасына қарай ала беру керек, дейді. Ал терминді әртүрлі пайдалану заң нормасының ауытқып кетуіне, соның кесірінен заңның орындалмауына не теріс орындалуына әкеп соғады. Заң аудармашысы тіл білімін жетік меңгерумен қатар заңгерлік дипломы болмаса да, заңнан жеткілікті дәрежеде мағлұматы болуы міндет. Заңның терең иірімдерін түсініп, меңгермеген адам заң аудармашысы бола алмайды. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Пікір айтушылар негізінен «болып табылады», «құқығы бар», «құқылы» деген сөздерді калька деп сынайды. Мысалы: «Орыс тіліндегі «является» сөзін «болып табылады» деп аудара салған паразит тіркес 20 рет қолданылған. Бәрін түгел түзеу керек. Оның кейбірін бастауыш пен баяндауыштың ортасына қойылатын сызықша арқылы түсіндіруге болады дей келіп, «Барлық заңдар, Республика қатысушы (сы болып табылатын) {болатын} халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты (болып табылады) {болады} [4; 4].» деп түзетуді ұсынады. Заңнамада «болып табылады» деген сөздерді қолданудың мынадай мәні бар. Бұл арада сөйлемді «... оларды қолданудың міндетті шарты болады», деп аяқтасақ, «... оларды қолданудың міндетті шарты болатындығы нақтыланбай қалады. «... болады.» деп аяқталу қашан болатыны белгісіз, әйтеуір болашақта «... шарты болады» деп түсінілуге алып келеді. Ал заңнамада нақтылық қажет. Дәл осы норма қабылданған сәттен бастап «... оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.», «қатысушысы болып табылады» деген тіркес те дәл сондай. Мына сөйлемде «ОЛ»-дың орны ауысып кеткен: Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады. [4; 2] Дұрысы: Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Бұл пікір дұрыс, дегенмен заңның орындалуына кесірін тигізетін өрескел қате емес. Бұдан әрі, «Жалғауларды да орынды-орынсыз қолдана берудің керегі жоқ. Екі жердегі (15 және 78-баптар) «хақыСЫ жоқ» деген сөзді «хақы жоқ» деп жазуға болады. Сондай-ақ 27 рет кездесетін «құқыҒЫ бар», 5 жерде кездесетін «құқыҒЫ жоқ» дегенді де «құқы» деп қолданса жарайды.». Заңнамада тұрмыста әртүрлі қолданыла беретін жай сөздерді іс қаралып жатқан кезде прокурор, адвокат, судья өздерінше түсіндіріп, ортақ пікірге келе алады. Ал терминге қатысты дау туса, тек қана сөздікке, түсіндірме сөздікке, энциклопедиялық сөздікке жүгініп, ортақ пікірге келуге болады. Өкінішке орай бізде энциклопедиялық сөздік жоқ, терминдердің біразы әртүрлі жазылады. Сондықтан судьялар өте күрделі дау туған кезде заңның орысша мәтініне жүгінеді. Біз «құқығы бар», «құқылы», «хақылы» деген терминнің қайсысы дұрыс екендігін анықтау үшін сөздікке жүгініп көрейік. «Құқы» көне – Адамның қақы, еркі», «Құқық Мемлекет тарапынан, болмаса тиісті қаулы, заңмен әрбір адамға берілген ерік, бостандық.», «Хақы Ақы, еңбек .». (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы «Дайк-Пресс» - 2008, 536, 885-беттер. Бұған қоса тіліміздегі сөз қорының 15-20 проценті араб, парсыдан келгенін ескерсек, құқық пен хақыны шатастыруға болмайды. Сызықша мен дефистің шатастырылуы техникалық қате болғанымен Конституцияда түзетпесе болмайтын жағдай. Бұдан басқа «азамат», «азаматша» деген сөздер жөнінде айтылған пікірлерді дұрыс деп есептейміз. Есенқұл Сафуани Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері

қателік шаш етектен, шаршап кетесің

04 Тамыз, 2022

«Барлық заңдар, Республика қатысушы (сы болып табылатын) {болатын} халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты (болып табылады) {болады} [4; 4].» ұсыныс: «Барлық заңдар, Республика қатысқан халықаралық шарттар жария етіледі. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативті құқықтық актілерді ресми жария ету --оларды қолданудың міндетті шарты [4; 4].»

қателік шаш етектен, шаршап кетесің

04 Тамыз, 2022

«Барлық заңдар, Республика қатысушы (сы болып табылатын) {болатын} халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты (болып табылады) {болады} [4; 4].» ұсыныс: «Барлық заңдар, Республика қатысқан халықаралық шарттар жария етіледі. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативті құқықтық актілерді ресми жария ету -- бұларды қолданудың міндетті шарты [4; 4].»

Обал - сауапты ұқпаса әліде отыз жыл былығып жүре береді

06 Тамыз, 2022

терминдерді калькалаймыз деп жүріп сөйлемдерді де калькалап жіберіпті \\Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. [10; 1]\\... Дұрысы: \\Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, қандай негізде берілгеніне қарамастан, олар біркелкі әрі тең {болады}. [10; 1]\\

Акерке

04 Қыркүйек, 2022

Аударма мәселесіне қатысты жіберіліп жатқан олқылықтарды түзету үшін, ең алдымен, сол аударманы жасаған маманның сапасына көңіл бөлу қажет. Бүгінде аудармашы мамандардың көбі "Яндекс" не "Гуглмен" аударатыны - ешкімге де таң емес. Солар қалай аударса, сол күйінде көшіріп апарып қоя салатыны да рас. Оның стилі, мәтін мазмұнының дұрыс берілуі ешкімді қызықтырмайды. Ал жасаған аудармасына ескерту жасасаң, сол аудармашы мен оның "тірегі" үшін "№1-халық жауына" айналасың. Күн тәртібінен түспейтін көкейтесті мәселелердің бірі болып табылатын АУДАРМА ІСІ қашан дұрыс жолға қойылады екен??? Кітап оқымайтын, сөз қадірін білмейтін тұлғалардың аудармамен айналысуына өз басым түбегейлі қарсымын.

ANA TILI №38

21 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы