• Әдебиет
  • 04 Наурыз, 2009

ТАҒДЫРЫ ҚАЙШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ТҰЛҒА

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы интеллигенцияның дамуы туралы кеңестік тарихнамада жеткілікті түрде жазылғанымен, жекелеген тұлғалардың өмірі туралы деректер әлі де толықтыра түсуді қажет етеді. Қазақ ұлттық интеллигенциясы патшалық басқару тұсында қалыптасқандығы белгілі. Оның қатарын екіге бөлуге болады. Біріншісінің қатарына орыс тілінде білім алып, орыс әкімшілігімен байланысқандарды жатқызсақ, екінші қатарға татар, башқұрт яғни мұсылман мектептерінде білім алып, елге мұсылмандықты тарату ісімен шұғылданғандарды енгізуге болады. Зерттеушілердің пікірінше, төңкеріске дейінгі қазақ оқығандарының әлеуметтік тегі ала-құла болды. Төңкеріске дейінгі қазақ интеллигенциясының басым көпшілігі тек қана бір кәсіпті игерумен шектелмей, әмбебап мамандар ретінде қызмет еткендігін көрсету қажет, олар оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ басылымдарын шығару қарекетімен де, басқа да шығармашылық, қайраткерлік тірліктерді қатар алып жүрді. Олар қазақ қауымының сол кездегі рухани және саяси сұраныстарына мүмкіндігінше толық жауап беруге атсалысты. Аспандияр Кенжиннің өмір жолына қатысты деректер туралы мол мәлімет беретін 1924 жылы жарыққа шыққан «История Казахстана в русских источниках» айдарының Х томындағы «История Отечества в судьбах его граждан» атты өмірбаяндар жинағында жарияланған. Өзінің жазуы бойынша Аспандияр Кенжин 1887 жылы жұмысшы-қазақтың (казак жалшысының) отбасында, сол кездегі Орал облысының Гурьев уезіндегі Рәкөш кентінде дүниеге келген. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мұрағатында сақталған қылмыстық істе ағайын-туғандарынан 3 ұл, 1 қызды атап өтеді. А. Кенжиннің әкесі теңіз жағалауындағы казактардың малын бағып күнелткен. Бес ұлдың төртіншісі Аспандиярды ол өзінің көмекшісі болады деп үміттенді. Балалық шағын қой бағып, әкесіне көмектесумен өткізіп, сауатын ауыл мектебінен араб әліпбиімен ашқан соң, орысша білім алуға ынтасы ауады. Аумақтың балалары «қызыл үйлер» салынғанға дейін «қадімше», «жадитше» білім алатын. Қадімше оқыту арабтың жазуымен жүзеге асырылып, «Әптиек», «Құран», «Мұқтасар», «Қырық парыз» оқытылған. Аспандияр мал иелері – казактар келген кезде әкесінің сөз таппай қысылатынын байқайды да, орысша білім алуға бел буады. Өз еркімен жібермесе, бәрібір қашып кететіндігін айтып жүріп, әкесінің рұқсатын алады. 1897 жылы Гурьев уезiнiң Есбол ауылындағы орыс-қазақ мектебiне оқуға түседi де, оны үздiк аяқтаған соң Гурьев қаласындағы 2 классты орыс-қазақ училищесiне емтихан тапсырады. 1902 жылы аталған училищенi табысты аяқтап, лауазымды жұмыстар атқарса деген әке тiлегiне мойынсынбай, Орынбор қаласындағы орта мектепте бiлiмiн жалғастыруға асығады. Баласының алған бетiнен қайтпайтынын аңғарған әкесi жолға деген 10 сомды қарызға алып, шапанын қосып берiп, Гурьев қаласына өз жұмысымен бара жатқан бiр шаруаға iлестiрiп жiбередi. Қалаға жаяу-жалпылап жеткен 15 жастағы Аспандияр (әлгi шаруа жарты жолдан тастап кетедi), Каспий теңiзi арқылы Астрахань қаласын және Едiл (Волга) өзенi арқылы Самара қаласын басып өтiп, темiр жолмен Орынбор қаласына жетедi. Түнде қонақ үйлерге қона жүрiп, күндiз емтихандарға дайындалып Орынбор орыс-қазақ мұғалiмдер мектебiне оқуға түседi. 1872 жылғы 27 наурызда бекітілген Уфа және Симферополь қалаларындағы татар мұғалімдер мектептері туралы ереже орыс-қазақ мұғалімдер мектептеріне де қолданылатын. Аталған ереженің 27-бабына сәйкес оқу орнын бітіргендерге Педагогикалық Кеңестің шешімімен бастауыш училище мұғалімі атағы беріледі. Жоғарыдағы аталған ереженің 30-бабына сәйкес мектепте алған білімінің өтеуі ретінде бітіруші түлектер өзі туып-өскен өлкенің бастауыш мектептерінде басшылардың тағайындауымен 6 жыл жұмыс істеуге міндетті болды. Егерде мамандығы бойынша жұмыс істемесе қазынаға алған біліміне кеткен қаржының орнын толығымен өтеуге уәде беріп, қолхат қалдыратын. Аспандияр Кенжин Орынбордағы орыс-қазақ мұғалiмдер мектебiн 1902–1906 жылдар аралығындағы оқыған мезгілде, аталған оқу орнында кейінгі жылдары мемлекеттiк, қоғамдық қызметтер атқарған М. Есболов. М. Жолдыбаев, Ғ. Жүндiбаев, Б. Жұмабаев, Ғ. Күсепқалиев, Б. Аспандияров, Е. Омаровтар бiлiм алған. Күрес тәжірибесі жоқ, қоғамдық-саяси көзқарасы қалыптаспаған қазақ зиялыларының кейбіреуі ретінде А. Кенжинді көрсеткен академик К. Нұрпейіс, патша үкіметінің оқу-ағарту саласындағы саясатын сынаған социалистермен және аграрлық мәселелерді шешуді батыл талап еткен жаңа халықшылдармен (неонародниктермен) жақындасқанын атап өте отырып, сонымен қатар оның «Выборг үндеуін» таратушылардың арасында болғанын баяндайды. 1906 жылы мамырдың аяғында А. Кенжин І Мемлекеттік Думаның атына қазақ әйелінің ауыр халін (көп әйел алушылық, теңсіз неке, қыздардың шалға берілуі, олардың сатылуы, сатып алу және т. б.) баяндаған ашық хат жолдайды. Ол хатында көп әйел алушылықты, қалың малды жоюды, теңсіз некелерді болдырмау мақсатында қыздар үшін күйеуге шығудың нақты жасын белгілеуді талап етеді. А. Кенжин І Мемлекеттік Дума атына қазақтардың жерлерінің тартып алыну барысы туралы, қысқаша айтқанда қазақ өлкесіндегі «отарлау айшықтарын» көрсететін аграрлық тақырыптағы екінші хатын жолдайды. Бұл екі хаты да Ойыл қаласындағы полицияның қолына түсіп, ол құпия бақылауға алынады. Оның әрбір басқан қадамы полицияға хабарланып отырды. 1911 жылдан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін А. Кенжин Елек қаласындағы 2 жылдық педагогикалық курстарда математика, физика, география, жаратылыстану пәндерінің оқытушысы болды. Өзінің білімі мен біліктілігі, беделінің арқасында оқушылар арасында революциялық танымдардың қалыптасуына үлесін қосты. А. Кенжин Тұтынушылар кооперациясына (Елек қаласындағы бу диірменінің жұмысшылары мен басқа қаладан келген шеберлердің арасында) Ақпан төңкерісіне дейін мүше болды. 1915 жылдан бастап ол Електе ашылған Жоғары бастауыш училищенің мұғалімдігіне кіріседі. 1917 жылы Елек қаласында патша үкіметінің құлағандығы туралы хабар жетісімен патша шенеуніктері мен билік мүшелерінің барлығы қуғындалып, оның орнына атқару комитеттері ұйымдастырылды. А. Кенжин осы комитетке көпшілік дауыспен жауапты хатшы болып сайланады. Електе билік орнағаннан соң аудандармен жұмыс жүргізу мақсатында комитет шешімімен А. Кенжин іссапарға жіберіледі. Өзінің айтуынша: «революцияға дейінгі кезеңде халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен» айналысты. Алаш партиясының бастауында тұрған Әлихан Бөкейханов пен Аспандияр Кенжиннiң арасындағы қарым-қатынас қалай өрбiдi, оларда пiкiр қайшылығы немесе үндестiк үйлесiмi болды ма? Болса қандай дәрежеде, қаншалықты мазмұнда? Бұл сұрақтарға Алаш қозғалысының тарихына, тарихнамасына қатысты зерттеу еңбектер, мұрағат құжаттары жауап бере алады. Ә. Бөкейханов пен А. Кенжиннiң арасындағы байланыстың қалыптасып, нығаюына А. Байтұрсынов шешушi роль атқарды деген тұжырым қателiкке ұрындырмайды. Бұған дәлел «Қадiрлi аға Ғалихан!» деп басталатын Аспандияр Кенжиннiң 1917 жылғы 24 сәуiрде жазылған хаты. Хат араб графикасымен қазақ тiлiнде басталған – Ә. С. Орыс тiлiнде жазғаны үшiн кешiрiм сұрай отырып А. Кенжин Електен Минск қаласына келген сапарының тарихы туралы баяндайды. Хатта айтылғандай, Ә. Бөкейханов А. Байтұрсыновқа өз орнына адам табуды тапсырған. А. Кенжин 1917 жылғы 23 наурызда «Елек. Мұғалiм Кенжинге. Әлихан Торғай облысының комиссары болып тағайындалды. Оның орнына Бұратаналар бөлiмiне лайық тұлға керек. 500 сом сыйақы ұсынамын. Келiсiмiңiздi телеграфпен жiберiңiз. Байтұрсынов» деген телеграмма алады. Келiсiмiн берген телеграммаға: «Минскiге, Земсоюзға шұғыл жетiңiз. Әзiрше тек төлқұжатыңызды алыңыз. Шыққандығыңыз жөнiнде хабарлаңыз» деген жауап алады. 26 наурызда А. Кенжин Минскiге жолға шығады. Келесi күнi Ташкент темiр жолы бойындағы Новосергеевка станциясынан Бөкейхановтың атына телеграмма жібереді. Сызрань мен Самараның аралығындағы жолды су шайып кетуiне байланысты поезд Минскiге 2 сәуiр күнi ғана жетедi. Бұл кезде Ә. Бөкейханов Минскiден кетіп қалған болатын, оның кепiлдеме хаты болмағаннан кейiн А. Кенжин бюро мүшесi болып тағайындалады. Бөлiм меңгерушiлiгiне шақырылғандықтан бұл қызметтi олқысынған ол Ә. Бөкейхановтан В. Вырубовқа бөлiм бастығы етiп тағайындау туралы кепiлдеме-хат жазып жiберудi сұранады. Ол өзiнiң қатты ренжiгендiгiн және күйiнгендiгiн айта келiп, Жоғары бастауыш мектептегi, Педагогикалық курстардағы мұғалiмдiк, сонымен қатар Елек Тұтынушылар қоғамы басқармасының төрағасы, Елек Азаматтық атқару комитетiнiң хатшысы, Орал Әскери Шаруашылық басқармасы жанындағы Азық-түлiк комитетiнiң мүшесi, Қарашығанақ болысы қырғыздарын (қазақтарын) ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы, Елек Азаматтық атқару комитетi жанындағы мұсылмандар бюросының төрағасы жұмыстарын майдан даласындағы отандастарына қызмет көрсету үшiн тастап келгендiгiн айтады. Ол хатында: «Отбасын тағдыр тәлкегiне қалдырып келгендегi тапқан пайдам – осындай күйзелiс. Басқарма мүшелерi Бұратаналар бөлiмiнiң жақын арада таратылатындығын айтқанымен, мен мәңгiлiк орын сұрап отырғаным жоқ. Бұратаналар бөлiмi жұмысшы бұратаналар кiмнiң қарамағында болмасын, олардың барлығы түгелiмен эвакуацияланып болғанға дейiн жұмыс iстеуi қажет деп есептеймiн. Бұратаналарды қайтару жоспары жол байланысы бөлiмдерiнде жасалуда. Жақын күндерде Минскiде – жол байланысы мекемелерiнде жасалған жоспар Бас қолбасшы ставкасында бекiтуге ұсынылады. Осылайша қайтару жол байланысы бөлiмiндегiлердiң айтуынша мамырдың бiрiншi жартысында басталады. Орыс тiлiн бiлетiн қазақтардың келгенi дұрыс болар едi, қайту барысында тарату нүктелерiндегi эшелондарда жүрiп жол көрсетер едi. Бiзде мамандар жетiспейдi, бiрақ Бұратаналар бөлiмiн басқаратын Елпатьевский бұл мәселеге жақын арада оң қабақ танытар емес» деген мәселенi көтередi. А. Кенжин Бұратаналар бөлiмiнiң бастығы болып тағайындалған соң қызу iске кiрiседі. Уақытша үкiметтiң алдына жұмысқа алынған жұмысшылардың келген жерi мен бұрын жiберiлген жерлерiндегi ақшалай қаржыны алуға байланысты талаптардың пайда болуын, жолда жүрген уақытына, ауырған мезгiлi үшiн төленетiн ақшаны алуы барысындағы талан-таражға салушылықты тексеретiн комиссар тағайындау мәселесiн көтереді. Тағайындалатын комиссар аурудың зардабынан, не жарақат алуына байланысты әртүрлi дәрежедегi жұмыс iстеу қабiлетiн жоғалтқан жандардың санын, қаза тапқандардың артында қалған отбасыларын мемлекеттiк қазынашылық есебiнен қамтамасыз етудiң түрлерiн анықтаумен айналысуы тиiс болды. Осы айтылғандардың негiзiнде Бұратаналар бөлiмiнiң бастығы А.Кенжин Хан ставкасы атқару комитетiнен жергiлiктi орындардағы бұрынғы тыл жұмысшыларынан сұрау салу жолымен статистикалық мәлiметтер жинау шараларын шұғыл қабылдауды сұрайды. Деректердiң нақты әрi дәлелдi болуы үшiн тек тыл жұмысына қатысқан жiгiттерден анықтауға ұсыныс жасайды. Бұратаналар бөлiмiнiң қызметi патша тақтан тайдырылғаннан кейiн де жалғаса бердi. 1917 жылы сәуiрде майдандағы қара жұмыстағы қазақ және түркі халықтарының жiгiттеріне елге қайтуға рұқсат етiледi. Майдандағы жұмысшылар елге қайтқан соң, түрлi қалалардағы ауруханаларда қалған, жоғалып кеткен жiгiттердi iздеп тауып, қамқорлық жасап елге жеткiзу мiндетiн Бұратаналар бөлiмi өз мойнына алады. Бұл кезеңдегi жұмысқа Тел Жаманмұрынов, Әзiмбек Бiрiмжанов, Сәндiбеков, Боранқұлов, Райымбек Мақатов, Сейiл Жиенбаев және Аспандияр Кенжин сияқты азаматтар белсендi түрде ат салысты. 1917 жылы 28 шiлдеде Минскiдегi Бұратаналар бөлiмi өз жұмысын тоқтатты. А. Кенжин «Минскiдегi Бұратана бөлiмi жабылды. Iстің бәрiн земсоюздың контрольный бөлiмiндегi бұратана столына тапсырдық. Аурулар, өлгендер һәм ақшасы қолына тимеген жiгiттер жайынан сол контрольный бөлiмнен мағұлмат сұрау керек» деп, оның мекен-жайын хабарлайды. Бiрақ, ғалым М. Қойгелдиевтің тұжырымынша, Бұратаналар бөлiмiнің қарауына қызметке барған қазақ зиялыларының ең соңынан қайтқаны А. Кенжин емес едi. А. Кенжин осы хабарында «Сейiл Жиенбаевқа рұқсат әперiп Орша, Смоленск, Вязьма, Орел, Пенза, Сызрань, Самар һәм басқа сондай қалаларға жiбердiк, ауру һәм өлген жiгiттер жайынан мағұлмат жинауға һәм әр жерде қалған жiгiттердi бiр белгiлi орынға жинап, елiне қайтаруға» деген мәлiметтi келтiредi. 1917 жылы «Қазақ» газетінің кезекті санында А. Кенжин, Н. Төреқұлов, Т. Жаманмұрынов, Ш. Қапсәләмов, М. Сейдалин, Қ. Болғанбаев, Ш. Байғурин, М. Есболовтардың қол қоюымен «Алаш азаматына» тақырыбымен үндеу-хат жарияланды. Үндеу хатта: «Ресейдегi ұлы дүбiр өзгерiс болғаннан берi әр халық ұрандасып, жиылысып, ұйымдасып жатыр. Жалпы жұртқа бiрдей туған еркiншiлiк, құрдастық арқасында тиiстi сыбағамызды таласып-тармасып алып қаламыз деп ту тiгiп учредительное собраниеге даярланысып жатыр. Жалғыз-ақ буыны қатпаған бiздiң қазақ халқының көзсiз көбелектей болып тұрған жайы бар», – дей келе, «Еркiн дала» ұйымын құрушы «бiр шоқ жастар ортамыздан бiр қауым аштық» деп елге жар салады. Ғылыми әдебиеттерде авторлары белгісіз деп көрсетілетін 1919 жылғы 24 маусымда дайындалған «Министрлер кеңесінің төрағасы мырзаға» деп аталатын құжаттың А. Кенжин мен Ғ. Бірімжановтың қол қоюымен дайындалғандығы туралы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы А. Кенжиннің қылмыстық ісінде графологиялық сараптама сақталғандығы туралы ерекше атап өту қажет. Ол хатта авторлар Алаш облысын жалпы күйреуден, анархиядан құтқару мақсатында Алашорданың Уақытша жалпы қазақ халық кеңесін құру көзделді. Осылайша Алашорда идеясы большевиктерге қарсы күресу мақсатында пайда болды. Олардан халықты құтқару жұмысын тек қана қарулы күш арқылы жүзеге асыруға болады деп көрсеткендігі белгілі. Хатта сонымен қатар 1919 жылы сәуір айында орын алған Амангелді Иманов пен Лаврентий Таранның өліміне қатысты деректер әңгімеленеді. Сол жылғы мамыр айындағы Қостанай уезінде орын алған қақтығыстар, Ақтөбе майданында болған жағдайлар туралы айта келіп, аталған өңірлерде кеңес өкіметінің құлатылғандығын баяндайды. Өздерінің саяси мақсаттары мен Торғай облысындағы іс-әрекеттері туралы баяндамасын аяқтай келе, Алашорданың Торғай бөлімшесінің өкілдері облыстағы, әсіресе Торғай, Ырғыз және Ақтөбе уездеріндегі ауыр хәлді қазақтардың шаруашылығының кеңестік билік тұсында мол шығынға ұшырағандығын айтады. Жылқылар мен ірі қараларды тәркілеп және тартып ала отырып совдептер тұрғындардың қалтасына қол салып, жергілікті қазынашылық органдарындағы барлық мемлекеттік банкноттарды тартып алғандығын, оның орнына айналымға Мемлекеттік банктің Ташкент бөлімшесі шығарған кеңес ақшаларын жібергендігін баяндады. Сонымен осы уақытқа дейін кеңестік дәуірде жарияланған «Иностранная интервенция и гражданская война в Средней Азии и Казахстане» (1963 ) жинағының 1-томында және «Аманкелді Иманов. Мақалалар, документтер, материалдар» (1975) жинағында, Қазақстан тәуелсіздігін алған уақытта жарияланған «Алаш қозғалысы» құжаттар мен материалдар жинағының 2-томында иесі белгісіз деп есептелген құжаттың иесі табылды. Олар – Алашорданың Торғай облыстық бөлімінің өкілдері А. Кенжин мен Ғ.Бірімжанов. Олардың қойған қолдарын графологиялық зерттеуден өткізілгендігі, арнаулы қаулы сақталғандығы туралы мәліметтер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сақталған қылмыстық істен алынды. Бірінші және екінші жинаққа енгізілген мәтіндер көптеген қысқартуларға ұшырып, большевиктердің әрекеттері жазылған жерлер берілмеген болса, үшінші жинақта аталған хат толық көлемде еш қысқартусыз берілген. Азаматтың соңында қалған ұрпақтары туралы алғаш облыстық «Атырау» газетінде оның ағасы Өтепқалидың ұлы Ризуан жариялады. Қызы Софиядан туған ұлы Шыңғыс Жангелдин «Казахстанская правда» газетінде А. Кенжиннің А. Байтұрсыновпен байланысын айғақтайтын Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының құжаттары негізінде дайындалған мақаланы жарыққа шығарды. А. Кенжин туыстары туралы мәліметте қыздары София 1914 ж. т., Юлия 1933 ж. т., ұлдары Махмұт 1918 ж. т. Шәміл 1924 ж. т., Баязит 1920 ж. т. деп көрсетеді. Оның әйелі Жанета Рамазановна (қыз кезіндегі тегі Смольская) Батыс Белоруссияда туылған, ана тілі поляк тілімен қатар орыс, украин, белорус тілдерін өте жақсы білген. Оның ата-анасының мұсылман дінін қабылдағандығы туралы мәліметтер кездеседі. Отанын сатқан опасыздың отбасы мүшесі ретінде айдауда болып 8 жыл түрме сергелдеңін тартты. Қызының жазуынша анасы 1938 жылы наурызда ұсталғанға дейін үлкен ұлдарын мектептегі оқуларын бітіру үшін Түркіменстанға аттандырған, Лия кіші ағасымен көшеде қалған. Ол ағасы өте талантты суретші болған екен, көркем сурет училищесіне емтихансыз қабылданғанымен, әкесі тұтқындалған соң оқудан шығарылған. Жанета Рамазанқызы тұтқыннан оралғанда қызы Софияның (Әліби Жангелдиннің жұбайы) үйіне келеді. Оның көмегімен балалар үйіндегі Юлияны тауып алып, астанада тұруға рұқсат етілмеген соң Қазалы қаласына қоныс аударады. Осында соғыста қаза тапқан кіші ұлының атынан зейнетақы тағайындатып, аз ғана қаржымен күнелтеді. 1958 жылы ақпанда Түркістан Әскери округінің әскери трибуналынан Жанета Рамазанқызының ақталғандығы туралы қағаз келеді. Аспандияр Кенжиннің ақталғандығы туралы деректер де әр түрлі айтылып келеді. Оны бір жинақта 1956 жылы ақпанда, ал келесі жинақта 1958 жылы ақталды деген мәліметтер кездеседі. Бұл деректердің барлығын бір ізге келтіру қажет. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттық деректерінен белгілі болғандай, А. Кенжинді 1958 жылы ақтау үшін Түркіменстаннан, Мәскеуден, Орынбордан, Алматыдағы мұрағаттардан құжаттар жинастырылды. 1929 жылғы тергеуде берген Алаштың «қырық төресінің» жауаптары сарапқа салынды. Жоғарыда айтылған құжаттың соңындағы қолдарға графологиялық зерттеу жасалды. Аталған құжаттың Мәскеу қаласындағы мұрағаттан фотокөшірмесі алдырылып, оның қолы екендігі дәлелденді. Көрсетілген деректердің нәтижесінде 1959 жылы 12 ақпанда Мәскеудегі Бас әскери прокуратурасы шағым бойынша істі қысқарту туралы қаулы қабылдайды. Қаулыда: «1. Кенжин Асфендияр Кенжеұлының қызының оны ақтау туралы сұраған шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын, шағым бойынша бақылау өндірісі тоқтатылсын. 2. № П – 413863 мұрағаттық тергеу ісі мұрағатқа сақтауға жіберілсін» делінген. 1990 жылы 30 қаңтарда КСРО Жоғары соты Пленумының № 114–90 қаулысымен Жоғары Соттың әскери Алқасының көшпелi сессиясының 1938 жылы 26 ақпандағы А. Кенжиндi ату жазасына кесу туралы үкiмi жойылып, қылмыстық құрамының болмауына байланысты iс қысқартылады. Бұл туралы Жангелдин Шыңғыс Әлiбиұлына хабарланады. А. Кенжиннен қалған ұрпақтан Юлия Аспандиярқызы Мәскеу қаласында тұрады. Азамат өзі өмір сүрген қоғамнан тысқары тұра алмайтыны бесенеден белгілі. Ғасырлар тоғысында өмір сүруге жазылған Алаш зиялылары мен кеңестік билікті құруға белсене қатысқан тұлғалардың ара қатынасы әлі де болса іргелі зерттеулерді қажет етеді. «Ана тілі» газетінде көтерілген Тұлғатану биографиялық институтын құру мәселесі әлі де болса басы ашық мәселелердің қатарында қалып отыр. Тарих тағылымын бойға сіңіре отырып, олардың қателіктерін қайталамау, сабақ алуға тырысқанымыз абзал. Әлия Сүлейменова, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ізденушісі

15582 рет

көрсетілді

81

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы