• Тұлға
  • 25 Тамыз, 2022

БАС ИМЕГЕНДЕР БАСҚА ЖОЛМЕН ЖҮРЕДІ

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

Кейде қазақ өзін қасқырға теңейді. Біздің халық қана емес, тұтас түркі елдерінде қасқыр ­тектес еркіндіксүйгіш елміз деген ұран сөз жиі құлаққа шалынатыны бар. ­Шынында да, біз осы бір түз тағысына мінез жағынан ұқсаспыз ба? Егер жалпылай алсақ, олай айтуға асықпас едік. Бәлкім, көне аңыз әпсаналарда ел қор­ғаған батырлар мінезіне қарап, осылай айту дәстүрі қалып­тасса керек. Елдің қандай хәлде екенін оның тұлғаларына қарап-ақ аңғаруға болатындай. ­«Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз тост көтерген әлдебір адамның аузымен әлдеқандай отырыста ­айтыла салмаса керек.

АЙТҚАН ТІЛДЕ ЖАЗЫҚ ЖОҚ

Бір елдің тағдыры мен тарихы сол елдің басында тұрған тұлғаларымен тікелей байланысқан. Біз тәуел­сіздіктен кейінгі отыз жылды қазір қалай қорытып жүрміз? Қаңтар оқиғасынан соң бұл сұрақтың жауабы қолмен қойғандай тым анық көріне бастаған секілді. Хатқа түскен жазу тарихта таңбаланып қалатынын айтқан ­Алтынбек сөзінде салмақ бар екен. Азаттық алғаннан кейінгі ел жағдайын біз енді сол тұлғалардың жазып кеткен жазбаларына қарап айқындаймыз. Бірақ кім не жазбай жатыр деген орынды пікірдің де басы қылтиятыны заңды. Ілгеріректе мақала жазуға пікір сұрайтын жандарды іздегенде редакторымыз салмақты сөз айтатын адамдардың (тұлғалардың) аз екеніне қынжылған еді. «Сөз дегеніміз не, ауызы бар адам айта алады емес пе» деп те ойлағанбыз. Бар мақсатымыз әйтеуір біреуден пікір сұрап, мақаланы аяқтай салу еді. Бірақ уақыт өткен сайын сөз айта алатын, оның ішінде шын сөз сөйлейтін, оны орнымен жұмсайтын, сендіретін жандар тым аз екенін көргенде редакторымыздың сол кезде айтқаны қайта-қайта еске түседі. «Желтоқсан оқиғасында да тұғалардың деңгейі көрініп қалды. Сонда ортаға шығып сөз айтып, жастарды тыңдата алған адам болмады ғой» деп еді ол.

«Тұлға дегеніміз кім, қазақ неге тұлғаға жарымай-ақ қойды екен?» ­деген де сұрақ туады. Бірақ оны естіртіп айтсаң тұлғамыз деп жүргендер жабыла кеп талайтыны және бар. Сондайда сөз айта алатын, сөзіне сендіре білетін, тыңдатуға дәрменді тұлғалардың күрес жолы ұзын болғанымен, ғұмыры қысқа боларына көзің жете бастайды. Айтқан тілде жазық жоқ. Бірақ «Егер адамдарға шындықты айтқың келсе тым тапқыр бола біл, әйтпесе олар сені өлтіреді» депті бір данышпан. Қазақтан тұлғалар шыққанымен, ­соларды қорғауға халық дәрмені неге жете бермейтініне таңдана түсесің. Отарлық кезеңде халықты қойша жуасытып, қасқыр болмысты тұлғаларын көндіре алмағанымен, қынадай қырып салғаны тарихымызда қаралы оқиға боп хатталды. Ал бүгін тәуелсіздіктен кейін қандай тұлғалар болды деген сауал ойлантады. Халық сенген, тағдырын табыстаған жандар кімдер? Міне, сондайда өзгеден тұлғасы дараланып көрінетін екі адам – Заманбек пен Алтынбек есімі алдымыздан анық көріне бастайды. Олардың бізден алыстағанына да аз болмапты. Таулар да ұзақтаған сайын биіктей береді дейді ғой. Сонау бала шақтан осы есімдер құлағымызға еміс-еміс естіліп қалатын. Қарт атамыздан бастап, әке-шешеміз, ауыл үлкендері жиналып алып осы екеуінің жасаған істерін ауыз толтыра айтушы еді. «Халықшыл, ержүрек, батыл» дейтін. «Айбатты, әділ» деуші еді үлкендер: «әттең, маңдайға сыймай кетті...». Маңдайға сыймады емес, сыйдырмай жібергенін кейін білдік қой.

 

«БӘРІ ДЕ ТЕҢДІК ҮШІН»

Саясат пен тарихтың жілігін шағып, майын ішкен немесе іштік деп санайтын замандастарының көз алдында Алтынбек Сәрсенбайұлының тұлғасы қалай боп көрінер екен? Ұмытылған есім бе, әлде аты аталған тұста ұзақ ойға қала ма? Ал кейінгі ұрпақ – біз үшін ол, Тәкен айтқандай, «жұмбақ жан». Әнуар Әлімжановтың «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» деген мақаласын еске түсіргенде, тарих дөңгелегі кері айналмағанымен, ұқсас тағдырлар сабақтасып жалғасатынын байқағандай боламыз. Бұдан бір ғасыр бұрын басталған Шоқайұлы күресінің шоғын қанша ­жылдан кейін Сәрсенбайұлы үрлепті. Әлеуметтік желіні ақтарып қарағанда ­«Алтынбек Сәрсенбайұлы –  саяси және мемлекеттік қайраткер, оппозиционер», Мұстафа Шоқай секілді өмірінен бұрын өлімі құпия қалған адам екенін көресіз. «Иілген басты қылыш кеспейді» деуші еді. Сол қылыш уақыттан уақытқа сырғып жүріп, иілмейтін бастарды қалайша дәл іздеп табатынына қайран қаласыз. ­Кенесары, Махамбеттердің ғазиз ­басын домалатып түсірген қанды қылыш ­жиырма бірінші ғасырда Алтынбектің де алтын басын жалмапты. Жұмыр басқа бір өлімнің келетіні хақ екенін сезсек те, ылғи да бір сұрақтың басы қылтия береді: не үшін? «Бұлар неге шаһид кетті?» деген сауал алдымыздан шығады. Сол сәтте «Бәрі де азаттық, еркіндік, теңдік үшін ғой» деп әлдекім құлағымызға сыбырлағандай болады және ол дыбыс сыбызғының үніндей анық естіледі. Ескендірдің құпиясын жасырып қала алмаған сырнай кімнің сырын жасырсын? Уақыттың желі ақиқат дауысын әрқашан жаңғыртып отыратын көрінеді.

Жиырмасыншы ғасырдың аласапыран уағында ауылдан қалаға келген Шоқай датқаның баласы төбедегі биліктің жергілікті халықты төмпештеуіне куә ­болып, күйреуік жүйеге қарсы соғыс ашқан еді. Ол соғыста Мұстафа қаламмен қаруланыпты. Күшінің тең келмесін сезсе де, өзі көтерген азаттық идеясының үстемдігіне кәміл сеніпті. Ақыр аяғы елден «аласталған» жанның жалынды үні Еуропа төрінде «Жас Түркістаннан» жалындай естіліпті. Халық арманына сатқындық жасамағаны үшін де Мұстафа тұлғасы күн өткен сайын биіктеп бара жатқандай. «Мұстафа Шоқай өмірінің альфа мен омегасы тәуелсіздік ­идеясы» дейді тарихшы ғалым Көшім Есмағамбетов. Сол секілді ­Алтынбек Сәрсенбайұлы өмірінің де альфа мен омегасы демократиялық жаңа қоғам орнату болғанын қалдырған жазбаларына қарап ұғына түсеміз. Екі дәуірде өмір сүрген бұл екі тұлғаны не байланыстырады? Неге олар өмірін қатерге қойып, шеті көрініп тұрған өлімге қарай жүгірді? Сұрақ белгілері көбейген кезде жауап нүктелері азая бастайтын көрінеді. Әйтсе де, Алтынбектің өзі айтқандай, «кез келген сұрақтың жауабы болатыны» да заңдылық.

КІШКЕНТАЙ АДАМДАРДЫҢ ҚЫСҚАША ХИКАЯСЫ

Алтынбек Сәрсенбайұлы оққа ұшқан жылы мектепте оқып жүргенбіз. Одан ілгеріректе саяси науқандардың қызып тұрған тұсы. Газет беттеріндегі жаттанды сөздер. Жалаң мәліметтер. Телеарнадағы күңкіл. Ата-анамыз соның бәрінен түңіліп, Жармаханға қалай дауыс беру жайлы өзара күбірлесетін. Өткенге көз жүгірткенде осының бәрі ертегі секілді жадыда жаңғыра бастайды. Кішкене ауылдағы кішкентай адамдардың қысқаша ­хикаясы осылай есте қалыпты.

Алтынбектің жазбаларын оқығанда сұңғыла саясаткер, көреген көсем дейтін бүгінде қадірі қашқан сөздердің ­шынайы салмақ өлшемі қандай екенін аңғара бастайсыз. Оның «Әлде 15 миллион азаматты олар басқарады, әлде 15 миллион азамат өз Отанын дербес басқаратын болады» деген сөзін бүгінде қорыта алдық па? Ол қапыда қайтыс болғанда Герольд Бельгер «Ақиқаттың жолы тар» деп, қайғысын білдірген екен. Шынында да, ақиқаттың жолы тар ма? Тар болса, қай көлемде? Олай болса әділет деген сөзді ауызға алмай-ақ қоюға болатын шығар. Түріктің бір телехикаясында билік тізгінін ұстаған үлкен кісі «Естеріңізде болсын, әділет – күштілер тарапында!» деп, өктем ­дауыспен жиналысын қорытындылаушы еді. Егер шынында солай болса, әлсіздер жоғарыдағы Құдайын ұмытып, төмендегі «құдайларға» құлшылық ете бастаушы еді ғой. Бірақ қанша нәубетті көрген халық олай ­жасамапты. Әр ­заманда туған халықтың өз ұлдары әділетті көктен де, жерден де емес, халқының өз жүрегінен іздепті. Бұны жақтырмаған жердегі «құдайлар» әрқашан оларды жүректен дәлдеп атады екен. Лаулап тұрған халық арманын солайша сөндіруге тырысса керек.

ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ ЖОЛЫНДА...

Алтынбек Сәрсенбайұлы тұлғасына анықтама беру үшін қаншама зерттеу жұмыстары керек боларын кім білсін?.. Бір анығы – аз болмайтыны ақиқат. Осы бір ерекше жанның қызмет баспалдақтарына зер салсаңыз, ешбір құпия жоқтай көрінеді. Өмір бойы баспасөз бостандығын аңсап кеткен адам сұхбаттары мен мақалаларында не істеп, не қойғаны жайлы халыққа есеп беріп отырыпты. Тұлғаның қызмет жолын екі кезеңге бөліп қараған дұрыс секілді: 90-шы тоқырау уақытынан бастап екі мыңыншы жылдардың басы және одан кейін өмірінің соңына дейінгі тарих айдынындағы аз ғана мезет. Сол аз уақыттың ішінде ол демократиялық жаңа қоғамның орнауына айқын да анық жол көрсетіп кетіпті. Қызмет жолындағы екі кезеңде де ол арына дақ түсірмей, өз ұстанымында нық тұрыпты.

Әлі көнере қоймаған тарихты қазбалағанда күрескер жанның жаңа дәуірмен бірге жаңа өмірі басталғанын көреміз. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары орда бұзар отызда мемлекет құру ісіне атсалысып, бар күш-қайратын сонда жұмсапты. Оның саясат сахнасындағы шешуші рөлі күрескерлік жолға түскен кезеңінен, екі мыңыншы жылдардан бастап айқындалғандай. Ол ылғи да өзі қызмет еткен саланың еркіндігін көксеп, баспасөз бостандыққа жеткенде ғана халық бодаулықтан құтыларын айтудан жалықпапты. Азаматтық қоғамның іргетасы қаланғанын, халықтың оянғанын көксепті. Ол үшін баспасөздің дауысы жарқын шығуы керек, батырып айту қажет депті.

Тәуелсіздіктен кейін мемлекеттің қаз басып кетуіне оның қосқан үлесі аз емес. Билік баспалдағына шыққанда бар күш-жігерін ел еңсесін көтеруге, өз саласының көгеріп-көктеуіне жұмсаған екен. Ақпарат саласының еркін тыныс алуына, азат ойлы журналистердің шығуына жол салып беріпті. Журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатына зер салғанда, ол министр болып тұрған кезде сөз бостандығына алғышарт жасалып, жазарман құқығы қорғалуына жағдай туғанын білуге болады. Журналист жай ғана мамандық емес, әділетті қоғамның орнауына үлкен ықпал ететін күш екенін де Сәрсенбайұлы жазбаларынан ұғына түсеміз. Бүкіл әлем төртінші билік санайтын сала бізде жетімнің күйін, жесірдің хәлін кешіп жүргенін алдын ала айтқан да Алтынбек. Қайтадан Ақпарат министрі тізгінін аз уақыт ұстаған уағында ең бірінші қараған мәселесі де БАҚ саласы туралы заң ­болыпты. Шынайы сөз бостандығы орнауы үшін баспасөз мемлекет қаржысынан тәуелсіз өмір сүре алуы керек. Сонда ғана шындық, ақиқат сөздер айтыларын меңзейді ол. Бұдан тысқары, халықтың тағдыршешті мәселелері: қазақтың қалаға қоныстануы, тіл тағдыры, ­жастар жағдайын қозғаған жазбаларына қарап, ол көтерген істер өміршең екенін ұғынамыз. Егер қазақ жаппай қалаға қоныстанып, жастар үймен қамтамасыз етілсе қазақ тілі мәселесі де өзінен-өзі шешілетінін айтады. Ел боламын десең, бесігіңнен бұрын түзейтін дүниелер де бар екен. «Жалған «жеңістер» – бұл – күйреудің бастамасы» дейді ол. Қоғамды жегі құрттай іштен кеміріп жатқан жемқорлықтың тамырына балта шабуға, мемлекетті монополистер басқаруынан құтқарып қалуға бар күш-қайратын сарп еткен тұлға соңында үлкен ұйыққа жұтылып кеткені өкініш. Онымен бірге халықтың да қанаты қайрылып, жараланған бүркіттей күй кешкені одан өткен қасірет. ­Бас ­имегендер үнемі басқа жолмен жүретін секілді. ­Алтынбек өз жазбаларында Украин халқының азаттықсүйгіш арманына ілтипатын білдірген еді. Бүгінде өз халқынан ертерек оянған тұлғаның тұжырымдары бұлжымай орындалғанына қарап, ол көтерген идеялар ешқашан өшпейтініне көз жете түседі. Оның әрбір сөзі де тарихта таңбаланып қалды ғой.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМДА ЗАҢ ҮСТЕМДІК  ҚҰРУЫ КЕРЕК

Алтынбек Сәрсенбайұлы есімі аталғанда ойланбай қалу, әуелі азаматтық арға сын. Әділетті қоғам орнату үшін жанын берген тұлғаны біз бүгін қалай дәріптейміз?.. Ендігі осы сауал жайында толғану керек сыңайлы. Жамбасы жерге тиген шырғалаңы көп ширек ғасыр ішінде Алтынбек тұлғасы оның өлімі секілді тұмшаланғандай әсер береді. Горькийдің бір әңгімесі еске түседі. Қараңғыда адасқан халыққа жол көрсету үшін жүрегін суырып алып, жоғары көтеріп шамшырақ еткен Данко жайлы әпсана. Бір кездері қара түнек орманда адасқан жұртқа өз араларынан шыққан ­Данко есімді жігіт жол бастапты. «Өзің бірінші жол көрсет» деген халық енді оған күмәнмен қараған кезде Данко жүрегінің жарығымен алға қарай жүре берген екен. Орманнан жол тауып шыққан сәтте ол кең далаға көз салып тұрады да құлап барып жантәсілім етеді. Ал қуаныш пен үмітке семірген адамдар оның өлімін байқамайды. Данконың мәйітінің жанында оның қайсар жүрегі әлі де жанып тұрғанын көріп қалған әлдебіреу, бір нәрседен ­секем алғандай, батыл жүректі білдірмей барып аяғымен басып өтеді. Содан ол ұшқынға ­айналып сөнген екен. Данконың жүрегі тоқтағанымен, одан шыққан ұшқындар найзағай алдында байқалып тұратын көрінеді. Өткеннен сабақ алу ойлы жанға әрқашан ­парыз. Қазақта да Данко секілді жүрегін ­суырып жол бастағандар аз емес еді ғой. Алаш арыстарының азасын өтеп болмай жатып бейбіт күнде Алтынбектің қаза болғанына қараңыз. Қылыштың қырында жүрген Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Міржақыптардың қасіретті тағдыр талайы Алтынбекті де айналып өтпепті. Демократиялық қоғамда заң үстемдігі орнамаса бұндай оқиғалар жалғаса беруі әбден мүмкін екен.

ҰЗЫН ЖОЛҒА ТҮСКЕН СОҢ...

Алтынбек Сәрсенбайұлы кім? Мен үшін Алтынбек – Мұстафа Шоқайдың ізбасары, арманын жалғаушы, сабақ­тас, мұраттас, өміршең, өлмейтін тұлға. Екі сөйлемейтін, елдік істерде еңкейіп бүкпейтін, езілмейтін ер. Лас жерде бүлінбейтін атына заты сай ­Алтын. Тарих көрсеткендей, халқының өз ұлы. Оның өмірі қысқа болғанымен, жолы ұзын. Алтынбек бір ғұмыры жет­пейтіндей ұзын жолға түскенін біле тұра кері қайтпаған қайсар болмысымен үлгі.

Кейде Алаш арыстарының өміріне  аянышпен қараймыз. Артында қалған ұрпағына дейін қуғын көрген қандай қасіретті тағдырлар еді деп бірауық мұң басатыны бар. Кезінде Мұстафа Шоқайұлы Еуропаға кеткеннен кейін оны қайтарып алуға кеңес өкіметі ­барынша тырысып бағыпты. «Ақ жол» газетіне үңіліп отыратын үлкен көсем Мұстафаның идеялық байланысын да қалт жібермесе ­керек. Кішкентай ғана бір адам алып ­империя көсеміне не үшін қажет болды екен? Сол кездері Шоқайұлының басына қомақты сома жарияланғаны да ­тарихтан белгілі. Ол шетелден қайтып келуіне үміттенген билік енді оның туған-туысқанын қынадай қыра бастайды. Қайта ­оралады деп дәмеленсе керек. Бірақ ол келмеген. Асқақ идеясын ешнәрсеге айырбастамаған. Сонда туыстары Мұстафаға ренжіген көрінеді. Бұл бір ғана әулеттің тағдыры. Ол кезде анық жау бар еді. Ал Алтынбек дәуірі онымен салыстыруға келмейді ғой. Сондайда «жасырын жау анық жаудан анағұрлым қауіпті» дегенге еріксіз сенесің.

 

1424 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы