• Тіл
  • 01 Қыркүйек, 2022

КӨШЕ АТТАРЫ: ҚОСАРЛАП ЖАЗУДЫ ҚАШАН ҚОЯМЫЗ?

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

Алматыда не көп – көше көп. Көлікке отырыңыз, жаяу жүріңіз немесе самокат айдаңыз, жан-жағыңызға қарап қалсаңыз, көше атына кезігесіз. Сол атаулар сізді оңыңыздан, не солыңыздан ылғи да бақылап тұрғандай. Тіпті жоғары қарасаңыз да, үлкен әріптермен әдіптелген даңғыл атауына көз түседі. Бұлай «соқыр көретіндей» бадырайтып жазып қою дәстүрі дұрыс та шығар. Олай болмаса, бағыт таба алмас едік қой. Бағытыңыздан бір жаңылсаңыз, бұл қалада жол табу оңай болмайды. Алматыда адаспай жүруіңіз үшін ең әуелі көшенің атын жатқа білуіңіз керек. Алып шаһарда ауық-ауық көз сүріне берген соң, осы тақырыпты жазуға ынталанып көрген едік. Бірақ біздің мақсат көшенің атын өзгерту емес, көзге оғаш көрінген артық сөзді алып тастау. Бойыңыздағы артық нәрселер алынбаса, ол дертке айналады, ал артық мінезден айықпасаңыз, ол әдетке айналады дейді ғой. Сол секілді артық сөз де, орнын таппай қолданылса, маңызы кететін сыңайлы. Ол қалай деп ойлауыңыз да мүмкін. Ендеше, сөзімізге бейіл қойыңыз...

 

Күнде жүретін ұзын даңғылмен келе жатып, жоғарыда үлкен әріптермен жазылған екі сөз назар аудартты: АБАЙ және АБАЯ. Бұған көңіл бөлмей кете беруге де болар еді, егер аяқ астынан бір ой келмегенде. Ньютонның басына түскен алма секілді болмаса да, бұл ой өзіме қызық көрінді. Әрине, ол ой тым қарапайым, бәріне аян және көптің көкейінде жүрген болуы да ықтимал. Ішкі түйсік Абая сөзінің қаншалықты қажеті барын айтып қоймады. Абай деген сөзді түсінбейтін адам болуы мүмкін бе, Қазақстанда? Егер түсінбесе, оны жалпыға ортақ қаріппен, я әрпін қоспай-ақ, ABAI дей салса да, болар ма еді. Сонда, бәлкім, қазақ пен орыстың ғана емес, елімізге сапарлап келген қаншама халықтың адаспай жол табуына ыңғай тумай ма. Әйтсе де...

Әйтсе де, бізде әуелден қалып­тасқан қағиданы, дағдыны өзгерту қиынның-қиыны екен. Отарсыздандыру деп жүріп, көше аттарын қазақшалағанымызбен, одан қандай нәтиже шығып жатыр деген ой турады. Алматының әр көшесін араласаңыз, көбіне тұлға аттарымен жазылған тақтайшадағы қазақша және орысша сөздерге кезіге бересіз: Абай-Абая, Сейфуллин-Сейфуллина, Мақатаев-Макатаева, Сайын-Саина тағы да осындай ұшы-қиыры жоқ тізбек әрі қарай жалғаса береді. Неге біз айдан-анық сөздердің орысша аудармасын жазып қоюға тиіспіз? Әрине, тақтайшаға түскен бояуды үнемдеу ойда жоқ. Десе де, жалпыға ортақ жүйеге түсіретін кез келмеді ме екен? Мәселен, жоғарыда айтып өткеніміздей, латын қарпінде жазылса тіліміздің ырғағы бұзылмаушы еді.

«Тіл туралы» Заң ережесінде де осы мәселенің нақты шешімі тұрғандай. Ондағы көрнекі ақпарат туралы заңға бірқатар оңтайлы өзгеріс енгізілген-ді. Қазақстан Республикасының Тіл ­туралы Заңының 4 тарауында «Тiл – елдi мекен атауларында, жалқы есiмдерде, көрнекi ақпаратта» атты тармағының 19-бабында топо­нимикалық атауларды пайдалану тәртiбi көрсетілген. Оның өзгертілген нұсқасында «Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады» деп таңбаланып тұр. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған. Заң жобасы ­хабарландыру, жарнама, прейскурант, баға белгілері, мәзір, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруды көздейді. Демек, көше атауларын да бірыңғай мемлекеттік тіл – қазақ тіліне көшіру уақыты жетті деп айтуға заңдық тұрғыда негіз бар. Көше – қаланың, қала – мемлекеттің айнасы. Сананы отарсыздандыру да әуелі осы бағытта жүрсе екен дейсің.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымының докторы:

ҚАЗАҚША, БІР ТІЛДЕ ЖАЗСАҚ...

– Қазір біз көше аттарын қазақша бір-ақ тілде жазсақ болады ғой. Мысалы, Абай даңғылы немесе Әуезов көшесі дегендей. Бірақ қазіргі біздің қолданыстағы конституциямыздан бастап, тіл туралы заңдарымызда сол екі тілділік, қос тілділік, көрнекі ақпараттарға қатысты өзгерістер бар. Кейінгі кезде көрнекі ақпаратқа қатысты бір  тілде жазу мәселесі Парламентте қаралды. Ол жерде көрнекі ақпаратты, көше атау­ларын, жарнамаларды бір тілде жазудың заңмен бекітілген жүйесі бар. 

Баяғыдан айтып жүрміз, мысалы, нан дейтін жерге – хлеб, сүт дегеннің қасына молоко деп жазбай-ақ қойса да болады ғой.  Мәселен, Абай деген барша қазақстандықтарға, бүкіл әлемге танымал қазақтың үлкен тұлғасы. Абай көшесі десе де, жеткілікті. Келген адам көше деген сөзді бірден есіне сақтап қалуына да мүмкіндік болады. Бірақ бізде солай жазбайтынымыздың бір себебі, «Тілдік құқығымыз шектеліп жатыр, орыс тіліндегі ақпаратқа қысым көрсетіліп отыр» дейтін қазақстандық азаматтар бар, оның ішінде өзіміздің ұлттың өкілдері де бар. Солардың талабына бола қосарлап жазып отырмыз. Бір жағынан, Абай даңғылы дегенді бір тілде, алыстан көрініп тұратындай, үлкенірек етіп жазуға болады. Сол тұрғыдан тиімді. Әрине, көше аттары бір тілде – мемлекеттік тілде тұрса жақсы болар еді.

Көше атаулары бізде бұрыннан осылай екі тілде жазылып келе жатыр. Ол туралы жазған мақалаларым да бар. Қазақтың көшелерінде, қалаларында көше аттары қазақша жазылғаны дұрыс. Бірақ, ең алдымен, бұл заңнан туындауы керек. Студент кезде жазған мақалам бар еді. 90-жылдары «Ана тілі» газетінде жарияланған. Белоруссияның Минск қаласына барғанбыз. Бүкіл көшелерінің бәрін қоғамдық көліктерде тек беларусь тілінде хабарлайды. «Наступная станцыя ­«Плошча Якуба Коласа» деген сөз әлі күнге дейін құлағымда тұр. Бірнеше рет метроға мінгеннен кейін сен көшенің беларусша атауын жаттап аласың. Өйткені көше атауы бір-ақ тілде –  ­беларусша хабарланады. Сен де белорусша айта бастайсың. Ал, енді өмір бойы осында тұрып жатқан адамдар бізде де көше аттарын қазақша хабарлап, қазақша жазып тұрса, көшедегі көрнекі ақпаратты қоғамдық көліктерде хабарлап жатса ол бір шетінен елдің, жердің, тілдің кімдікі екенін, ерекшелігін құлағына да сіңіріп, көзін үйретуге себеп болар еді.

Дана МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының ономастика бөлімінің

аға ғылыми қызметкері:

ОНОМАСТИКАЛЫҚ АТАУЛАР ТАРИХИ КОДТЫ САҚТАЙДЫ

– Годонимдер – қалаішілік желілік объектілер: көше, даңғыл, бульвар атаулары қоғамның талап-тілектері, сұраныс-сұранымдарына сай өзгеріп, құбылып, түрленіп отырады. Соңғы кезде қоғамда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген заңдылық негізінде көше атаулары тек қана қазақ тілінде жазылып жүр. Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері де көше атауларын қазақ тілінде түсінеді, оқи алады. Ал, енді шетелдік туристер мен қонақтар үшін ағылшын тілінде жазылған нұсқасы көрсетіледі. Орыс тіліндегі нұсқасы соңғы кезде көрсетілмей жүр. Ал, алдыңғы орыс тілінде жазылған нұсқалар бірте-бірте алынып тасталады.

Көше атаулары – тарихи, мәдени және ақпараттық кодты сақтайтыны белгілі. Ономаст, лингвист ғалым В.А.Никонов: «Антропонимияның, сондай-ақ барлық ономастиканың бірінші заңы – тарихилық» деген екен. Ономастикалық атаулар, ең алдымен, халықтың тарихын бойына сақтайды. Ел мен халықтың өткен тарихын, тағдырын, кешегісі мен бүгінін, мәдениетін осы жер-су аттары арқылы да байқауға болады.

Жер-су аты біздің санамызға әсер етеді. Ол қай тілде жазылса, біз сол тілге, сол ділге, сол мәдениетке бейімделе бастаймыз. Осыны мақсат еткен Ресей отаршыл саясаты күштеп жер-су аттарын орысшаға ауыстырып, кирилше жаза бастады. Кирилл әліпбиі енген 1940 жылдан бастап, жер-су, көше аттарын да сол таңбада жазу белең алды. Жер-су аттары бізге саналы түрде, саналық деңгейде де әсер етеді. Осы тұрғыдан да орыс тілінің әсерін байқатқысы келді.

Шетелдік тәжірибеде көше аттарына байланысты біздің елдегі жағдайға ұқсас екі түрлі жазу дәстүрі бар. Мысалы, Израиль елі.  Бұл елде екі мемлекеттік тіл бар. Олар – иврит және араб. Ресми құжаттар осы тiлдерде жарияланады, мемлекеттiк мекемелер бойынша белгiлер, атаулар жазылады. Ағылшын тілі ресми тіл болмаса да, осы екеуімен бірдей дерлік қолданылады. Оның себебі, ­Израиль еліне жүздеген елден келетіндігінде, олардың барлығы, әсіресе соңғы кездері келгендер ­иврит ­немесе араб тілінде сөйлемейді. Бұдан басқа ­Израильге көптеген туристер келеді, ал ағылшын тілі әлемде кең тараған тіл. Сөйтіп, көшелердің атаулары осы үш тілде – иврит, араб және ағылшын тілдерінде жазылған.

1958 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы