• Әдебиет
  • 15 Қыркүйек, 2022

ҚАЛЖАН-ҚАЗЫНА

Аса көрнекті әдебиет, өнер сыншысы Қалжан Нұрмаханов 24 қыркүйекте 95 жасқа толар еді. Небәрі 36 жасында өмірден озған ол ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосты.Бір өзі алты тіл білген Қалжан Нұрмаханов заманында өз елімізде ғана емес, Одақ көлеміне де танымал болып, Мәскеудің «Дружба народов», «Знамя» журналдарында әдеби сын бөлімінің аға редакторы болып қызмет істеді. Оның жан-жақты айрықша қабілетін, сыншылықта ұстанған бұлжымас ұстанымдарын, талант тегеурінін дүниеге есім сойы кеңінен мәшһүр тұлғалар аса жоғары бағалады.
Қайсыбір күні редакциямызға Қалжан ағаның қызы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология ғылымының кандидаты Маржан Нұрмаханова келіп, сыншының артында қалған аса бай мұрасы және оның өз деңгейінде насихатталуының жетімсіздігі жөнінде әңгіме болды. Әрине, мұндай болмысы бөтен, еңбегі ерен қаламгердің ел жадынан өшпесі хақ. Әңгіме барысында ол сыншы жөнінде ел есіне салып, әр кезде қалам тербеп жүретін Қ.Ергөбек, Б.Омарұлының атына жылы лебіз білдірді. Алайда қазіргі оқырман сыншы туралы біле бермеуі мүмкін. 
Қалжан ағаның қарындасы, белгілі ақын Бекен Әбдіразақовтың жары Қазына апайдың барында сыншы турасында азды-көпті дүниелер жарияланып тұратын. «Көбіне Қазына апайға сеніп, көп алаңдай бермеуші едім. Ол кісі жұмысымды жеңілдетіп жүретін» дейді Маржанның өзі. Ең абзалы сол, «орнында бар оңалар» деген. Жоқшысы бардың жоғы да түгенделе береді. Келешекте қалжантанушылардың шығарына да бек сенімдіміз. Маржан өзімен бірге сыншының бұрын сирек жарияланған суреттерін, ертеректе бір мәрте ғана баспа бетін көрген ой-толғаныстарын, нақыл сөздерін қайта толықтырып ала келіпті. Оқып көріңіз. Сыншы шерткен сыр, пайымдау, көзқарас бүгінде де өте маңызды.

 

Өмір-дерек

Қалжан Нұрмаханов Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазалы ауданының орталығында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіреді. 1947 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті, филология факультетінің шығыстану бөлімінде түрік тобында білім алып, кейін М. Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасын тәмамдаған. Сыншының таланты ерте көрініп, ерте танылған. Студент кезінен  мақалаларын қазақ,  орыс тілдерінде жазып, КСРО-ның астанасы Мәскеудегі орталық мерзімді баспасөз беттерінде жиі жариялап отырған. Бұл мақалалардың барлығы дерлік тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, сондай-ақ бүкілодақтық әдеби процесте де елеулі роль атқарғаны мәлім. Қалжан Нұрмахановтың бір ерекшелігі – бірнеше тілдерді жетiк білуі. Батыс пен Шығыстың, орыстың арғы-бергі әдебиетін көп оқып, көп зерттеудің арқасында ол араб, парсы, түрік, тіптi армян, польша тiлдерін еркін білген.

Қ.Нұрмаханов «Әдеби ойлар» (1960ж., орыс тілінде), «Дос лебізі» (1968ж.),«Дәстүрлі достық» (1978ж.), «Очерктер, аударма, афоризмдер» (2009ж.)    кітаптарының авторы.

Қ.Нұрмаханов өзіндік ерекшелігі бар жазушы Ш.Айтматовтың шығармашылығын қолдап, бірінші болып «Жәмилә», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын аударған. Сондай-ақ оның «Жәмилә» хикаяты ­бойынша сахналау нұсқасы, «Аңсаған менің әнiмсің», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Бетпе-бет» хикаяттары бойынша туындылары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуарында ерекше орын алды. 

Қ.Нұрмаханов М.Әуезовтың «Абай» эпопеясын (4-том, 1949ж.), Б.Жакиевтің «Әке тағдыры» (1963ж.) атты пьесасын, түркмен драматургы Ғ.Гусейновтің «Достар», «Ащы шоколад» (1960ж.,) пьесаларын орыс тіліне  аударды. А.Н. Радищевтің «Путешествие из   Петербурга в Москву» (тарауы «Вышний Волочек» (1949ж.) туындысын, Н.Тихоновтың «Вамбери» (1960ж.) хикаятын, украин жазушысы И. Рябоклячтің «Золототысячник» (1959ж.) хикаятын қазақ тіліне аударды. Әдеби сын, драматургия, көркем аударма – Қ.Нұрмахановтың  эстетикалық талғамды қалыптастыруға арнаған бағыттары еді. Бірақ оның шығармашылығында әдеби сын қызметі басым болған.

Қ.Нұрмаханов «Дружба народов», «Знамя»  журналдарында әдеби сын бөлімінің аға редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында сын бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде театр репертуары жөнінде бас редактор болып қызмет атқарды.  Қ.Нұрмаханов жазушылар форумында, конференцияларда, радиода тұрақты түрде баяндамалар жасап отырған, әдебиеттің өзекті мәселелерін анықтаған, жалпыкеңестік әдебиет үдерісін және оның келешектегі бағытын барынша болжауға тырысқан.

Қалжан Нұрмаханов өте әділ, принципшіл сыншылдығымен, аса терең білімімен, өнерге деген талғампаз қабілетімен танылған тұлға. Қалжан Нұрмаханов – бүгін де  жазушы, драматург, аудармашы және әдеби сыншы ретінде  кең танылған.

Сыншының 80 жылдық мерейтойына орай достарының, қазақ әдебиеті мен поэзиясының белгілі қайраткерлерінің атынан Нұрмаханова Маржан Қалжанқызы құрастырып дайындаған «Қиядан шалған қыран» атты еске алу кітабы «Білім» баспасынан 2007 ж. басылып  шықты.

Қазалы қаласының (қазіргі Әйтеке би кенті) орталық көшелерінің біріне және №95 орта мектебіне Қ.Нұрмаханов есімі берілген. Сондай-ақ қазіргі таңда Алматы қаласында Алатау ауданы, Ақбұлақ ықшамауданының орталық көшелерінің біреуі  Қ.Нұрмаханов есімімен аталады.

ШОРТАНБАЙ МЫҚТЫ, НЫҚ АҚЫН. БІРАҚ ОНЫ МАРКСИЗМДІ ТҮСІНБЕДІҢ ДЕП АЙЫПТАУ ҚАНДАЙ СҰМДЫҚ...

Қазіргі жастардың лирикалық жырлары жүріп тұрған, бірақ тілсіз сағатты еске түсіреді. Өйткені олардың көбінде уақытты, дәуір талабын сезіну деген жоқ. Өрісі – университет ауласы, саялы парк, арманы – гүл құшақтап, айлы аспанның жұлдызын санау. Өрістері тарау, тар. Арманы қысқа да қанатсыз.

* * *

Біздің көптеген ақын-жазушыла­рымыз өздерінің бір кездерде жаңа болған, қазір әбден тозған етіктерінің қонышын ұлтартып киіп жүр. Қазіргі балалап жатқан переиздание деген індетті мен өзім осылайша түсінемін.

* * *

Шортанбай мықты, нық ақын. Бірақ оны марксизмді түсінбедің деп айыптау қандай сұмдық...

* * *

Кеше мен Ташкентскийге ­барып, зиратты көпке дейін араладым. Жалғыз болдым. Біз сорлы өлгенімізді де дұрыстап жерлей алмайды екенбіз... Салақпыз-ау, салақпыз. Құнтсызбыз-ау, құнтсызбыз!

* * *

Словарьды оқу керек, кәдімгі кітап сияқты оқу керек. Бұл – әсіресе, жастарға өте пайдалы. Бірақ, бізде ондай сөздік әзірге жоқ. Мүмкін ол келешекте болар. Әрине, «айғыр – байталдың күйеуі» деп түсінік берерлік сөздіктен келер пайда шамалы.

* * *

Суретші болсам, «Сарыарқаны», «Сарыжайлауды» тыңдағанда» деген сурет салар едім. Бұлар қандай керемет болып шығар еді? Әттең! Әттең, мен сорлыға бұл талант та дарымапты. Жақсы сезінемін-ау! Бірақ онан маған не пайда?

Құдай дәрменсіз қылып жаратқан соң, амалың қанша? Егер біздің суретшілердің бірі осы суретті салса, қандай көз тартар көрікті шығарма болар еді.

* * *

Белсенділікпен адамның өрге
баспайтынын Ғабиден ағай өзінің еңбегімен көрсетті. Оның депутат болып сайланғанына қатты қуандым, өйткені ол өзін ғана емес, өзгені де ойлайтын адам сияқты маған. Билік, белсенділікті жинап тастап, халқы туралы, елі жайлы шығарма жазғаны осыған анық дәлел емес пе?

* * *

Адамбековтың фельетондарында автордың эрудициясы байқалмайды. Бұл – жақсы. Фельетонда білгіштікті көрсетуге әсте болмайды.

 

ТЕЗ ӨЛМЕУ ҮШІН ДЕРТТІ ЖАСЫРМАУ КЕРЕК ҚОЙ

Е. Евтушенконың кейбір өлеңдерінде ашық айту, анайылық бар. Солай болғанымен де нағыз шындықты бүркемей жазып жүр. Ол – тенденцияның ақыны, бойымыздағы ауруды бүкпей айтады. Қазіргі уақытқа бұлай айту қажет те. Тез өлмеу үшін дертті жасырмау керек қой.

* * *

Академик, доктор, кандидаттарды қолдан жасап балалатып жатырмыз. Бірақ солардың ішінде шын ғылым қуып жүргендері – саусақпен санарлықтай. Көбісі «ұзын теңге» алуды көздеп жүрген жандар. Бұл нантабаризмдікке қашан тыйым салынар екен?

Екі сөздің басын құрастырып, дені дұрыс пікір айта алмайтын докторларды көргенде қалай жаның удай ашымас? Туған еліңнің ғылымын қалай аямассың? Сұмдық-ай, сұмдық-ай!

* * *

Бұрын жұрттардың табынатыны бір Құран мен бір құдай еді, қазір құдай да көп, құран да көп...

* * *

Қазіргі жастардың жазып жүрген прозалық шығармалары – тек назирагөйлік қана. Олар әзірге өз шығармаларына жаңа түр де, соны, ешкім айтпаған тың мазмұн да іздеп жүрген жоқ...

* * *

М. И-дан Мұхаңның біраз хаттарын көргенмін. Олар көптен бергі достар еді ғой, біз білмейтін материалдардың сол марқұмның архивінен табылуы ғажап емес.

* * *

Сабырханның «Мен соғысты қаламаймын» деген өлеңі маған қатты ұнады. Өлеңде ой жаңалығы, ізденіс, тың серпін сезіледі. Бәрімізге ортақ ойды ақын көкейімізге қондыра, жеткізе айтып берген. Өлеңнің әсері күшті, ырғағы ширақ. Осындай өлеңдер мол болса, абзалы жаман болмас еді.

* * *

«Өтежанның махаббаты» деп кісі де мақалаға ат қоя ма екен? Ой, тоба. Кісі ерсілікті білмесе қиын екен ғой...

 

ДҮНИЕНІҢ ЕҢ ҚИЯМЕТІ – АҚЫННЫҢ ПРОЗАСЫН АУДАРУ...

 

Бұл күндері менің жақыным да, жолдасым да, ақылшым да, тынысым да – кітап. Ол жүдеген жанымды елегізітпей, өзінің шаһабат болар азығын беріп-ақ келеді. Дырду-думаннан, рухани жағынан тозған жолдастан не пайда? Жақсы лебізімен сусынымды қандырудың орнына сенен сыра сұраған, кітап оқудың орнына асхана адақтаған «достың» болғанынан болмағаны артық қой асылы.

Менде дос аз екен. Соңғы кездері көзім осыған анық жетті...

* * *

Адамның арзаны З... екен. «Жәмила» жөнінде ЦК-ға бір емес, үш рет телефон соғып, үш рет тоқтатты. Неге олай? Әдет пе, әлде ездік пе? Түсіне алмай басым қатты. Міне, жұмыстан «кеткеніме» бір жылдың жүзі болды. Иә үлкені, иә кішісі сонан бері «қал қалай?» деп сұраған емес. «Бөрі арығын білдірмес, итке сыртын қампайтар» дегендей сыр бермей, істеп жүрген «кәсіптеріне» қынжыла күліп мен жүрмін. Ал шыдайын, басқа не қылайын?

* * *

Жазушының мемуар жазуы қартайып қайғы ойлағандығы ма деп ойлаймын. Мемуардан кейін жазушының күрделі бір нәрсе беруі екіталай жай. Бірақ ол көркем шығармаға бергісіз мемуар жазса, оның несі айып, несі мін? Бізде әлі бұл салада салақтық орын алып жүр, салақтық емес-ау, сауатсыздық. Бұнда да дәстүрдің, үйренерлік өнегенің жоқтығы мықтап сезіледі. Мемуарлық роман деп оқып жүрген шығармаларымызда жорамал басым, жеке басылық күйкі жайлар, керексіз деректер орынсыз көп болып жүр. Және де мәдениеттілік сезілмейді.

* * *

Бізде философиялық, эстетикалық терминдер тіпті баяу қалыптасып келеді. Тілімізге енгендердің бәрі дерлік жасанды, көп реттерде контекске үйлесе, қабыса бермейді. Бұл індеттің бір-ақ себебі бар. Бізде философиялық, эсте­тикалық еңбектер қазақша жазылмайды.

* * *

Сабақ алмасам да, марқұм Мұхаң менің ұстазым еді. Онымен аз мезет қана жүз көрісіп, әңгімелесу маған зор бақыт еді. Мұндай ұлы жүректі адамды мен өмірімде кездестірген емеспін. Сірә, көрмей денем жер қойнына кіре­тін шығар. Қазір мақала жазып жүрмін ол жөнінде, бірақ көңілдегінің, жүректегінің онда оннан бірі де жоқ. Мұнан көп жыл бұрын көргендерімнің бәрі кешегідей көз алдымда, бірақ көр­кемдеп беруге дәрмен жоқ. Жетпей жатыр, жетпей жатыр-ау, жетпей жатыр. Мүмкін естелік жазу керек болар, а? Сөйтсем қайтеді? Өйтпесем, мына мақала шеңбері кемерінен аттатар емес қой.

* * *

Қырғыз ағайындар маған өкпелемес деп ойлаймын. Қолымнан келгенін істеп-ақ жүрмін. Қазақ бауырларым: «Қалжан қырғыздарға жалданыпты» деп мазақ етіп те жүр. Не десе, о десін, маған бәрібір. Құдай адам жанын түсінбейтін жазушы етсе қайтем оларды? Айта берсін, тілдерін безеп, менің жанымды тілгілей берсін, бірақ мен алған беттен қайтпан, кейін шегінбен. Қазақ пен қырғыздың рухани жағынан жақындаса, туыса түсуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсап бағам...

* * *

Мен артистің жанын жаңа түсініп келемін. Бұл өзі азабы мол мамандық екен. Бұрын мен олар жөнінде бұлай тіпті ойламаушы едім. Енді мен олардың жайшылықтағы кейбір ерсі сәттерін түсіне бастадым. Бұрын біз, тіпті, обал ойлайды екенбіз ғой олар жөнінде.

* * *

Қазақтарда: «жұрқаның болайын» (құрбаның болайын деген сияқты) сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен талай жаннан, көп ғалымнан сұрадым. Бәрі «қайдам?» деп желкелерін қасыды. Шамасы бұл сөз қырғыздың «жұрқан» (көрпе) деген сөзінен шыққан болар. «Жұрқаның болайын» деп қазақ көбінесе балаға айтады. Қазақтың сандық үстіне крестеп жиған, аяулы дүниесі, қымбат мүлкі бұрындары көрпе болған ғой. Ауылдық жерлерде әлі де солай. Сандықтың үстіне жиналған көрпесі көп болса, «мына үйдің мейманасы толған екен» дейді қазақтар. Сондықтан олардың балаларын өздерінің ең қымбаттысымен қорғаштауы, әлдилеп, әлпештеуі осыдан шығар деп ойлаймын.

* * *

Қырғыз жазушылары қазір старт алды. Тамаша! Бұғаң алақайлап қуанбасқа бола ма?!

 

БАСПАДА ОТЫРҒАН БАСТЫҚТАР ТІПТІ КЕЙБІР СЫНШЫЛАРДЫ ӨЗІНІҢ ӨГІЗІ ЕТІП АЛҒАН

 

Как я тихо и незаметно таю...

* * *

Халықтың нанын жеп, киімін киіп, өз қолы өз аузына жеткеннен кейін, оның талғамын мазақтап, тілегін таптап, маңдайынан тебу – жолаушының өзінің баратын жеріне жетіп болғанынан кейін келген кемесін суға батырумен барабар. Қазір әңгіме болып жүрген жас суретшілердің, ақындардың істеп жүрген кәсібі дәл осы сияқты. Ас берген, ақыл берген, шабыт берген, арқа еті арша, борбай еті борша боп адам еткен халықты таспен атқылау – қандай масқара, қандай өлім?! Мен мұндайларды ату аз дер едім. Тіпті, адамның қанын қайнатады. «Құлды қойсаң еркіңе, күнде отырар бөркіңенің» кері. Сондай қатал заманда өмір сүріп, сондай озбыр ортада күн кешіп жүріп: «Қайран елім, қазағым, қалың жұртым» деп тебіренген, күңіренген Абай әулие екен ғой. Жарықтық! Пушкин мен Абайға, солар сияқты басқа елдердің ұлы тұлғаларына алтыннан ескерткіш орнатса да артық емес.

Қазіргі кезде қаталық жасау жорта білмеген боп қастандық жасаумен бірдей, өйткені бәрі анық, бәрі түсінікті, бәрі айқын. Халықтың саясында барлық күшіңді сарқа жұмсап адал қызмет ету – әрбір адамның қасиетті борышы.

* * *

Колумбтың кораблінде арнайы журнал болған. Мұнда кейінгі жүзушілерге таптырмайтын жазулар, ескертулер болған. Ол журналды соңғы теңізшілер құрандай қастерлейді екен. Теңіздің қай жерінде қайраң бар, қай жерінде тас бар – бәрі сонда жазулы болады. Сол сияқты ағаның еңбегіне үңілмей, іні қайда бармақ? Бұл компассыз тайганы аралау, картасыз теңізде жүзумен барабар емес пе?!

* * *

Біздің әдебиетімізде қазір «бизнесмендер» қалай көбейіп барады десеңізші. Сол қолымен беріп, оң қолымен алады. Баспада отырған бастықтар, тіпті,  кейбір сыншыларды өзінің өгізі етіп алған. Әдебиетте бұлай өмір сүргенше, қолдағы қаламды қақ бөліп, екі қолды төбеге қойып, қаныр сұрап кету керек қой. Сыншыға рецензияға қолжазба беріп, өзінің адам оқуға жиіркенетін романсымағын мақтатқанмен кісі классик болып кетер ме? Кесікті бәрібір болашақ буын айтады ғой. Мысалы анау Ж-ның, Т-тің істеп отырғаны кәсіп емес, әдебиетке жасалып отырған кәззәптық қой. Ой, сұмдық-ай!

* * *

Әдебиет кімге де болса түсінікті болу керек. Бірақ бұлай жазушы оқушының соңынан мөнтендей беруі керек деген теріс түсінік тумасқа ләзім. Біздің А. түсінікті-ақ жазады, бірақ ол әлі оқушыны қуып жете алмай-ақ келеді...

Есте жүрер есті сөз

Жауыңмен сауыңда айқасқан қандай жақсы.

 * * *

Ер болсаң, егеспе.

 * * *

«Елім» – деп төсіңе ұрма.

 * * *

Шыншыл болсаң, сыршыл боласың.

 * * *

Оқығаныңды емес, тоқығаныңды айт.

 * * *

Айтаққа еріп «аһа» деме.

 * * *

Даңқым бар десең, даңғойсың.

 * * *

«Еміреніп» кеп, кісінің енесін ұрма.

 * * *

Ерің есірік болса, елдігің кімге керек?

 * * *

Есерсоқ ел басқарса, халық қарап болмақ.

 * * *

Лауазым қанша берсе, сонша алады.

 * * *

Емшекті де еме білу керек.

 * * *

Тыңшы – мемлекет тынысы.

 * * *

Жазушы болсаң, өзіңді өзің ұрлама.

 * * *

Актер болсаң, асылыңды ардақта.

 * * *

Қасақана қарыспа.

 * * *

Масқара болған әйелге күлме.

 * * *

Ақын болсаң арзан сөйлеме.

 * * *

Жыламсырап жанашыр іздеме.

 * * *

Егескенге елдік айт,

Тірескенге тірлік айт.

 * * *

Өлеңді прозамен жазба.

 * * *

Аспан асты кең деп,

басыңды көтере берме.

 * * *

Жасыңда жанып қал.

 * * *

Шабытты арақпен шақырма.

 * * *

Бетіңнің қызылын сақта.

 * * *

Мақтау – артистің сұлысы.

 * * *

Артисті арқасынан кақ.

 * * *

Көзге ілінем деп көк езуленбе.

 * * *

Өзгені де өзіңдей көр.

 * * *

Аспанға қарағанда тек жұлдыз көрсең, жазушы емессің.

 * * *

Машықтан мүлт кеткен артық.

 * * *

Адамды көзінен ұқ.

 * * *

Жолға шықсаң аялдай берме.

 * * *

Табиғаттан пенденің алған ең үлкен сыйы – өмір.

***

Арманшыл болсаң, аянбайсың.

 * * *

Өзіңнен күнде есеп ал.

 * * *

Еліңді ойласаң есейгенің.

 * * *

Ермек кусаң ездігің.

 * * *

Жасыңда көп оқымасаң,

Қартайғанда қапы жейсің.

 * * *

Орман тұрғанда жалғыз

ағашты көлеңкелеме.

 * * *

Ел тілегін екі етпе.

 * * *

Азбайын десең картадан аулақ бол.

 * * *

Талапты тәрбиелемеген тозар.

 * * *

Мәлім болам деп ғалым болма.

 * * *

Әйеліңді гүлдей күт.

 * * *

Шарқ ұрмасаң шабыт жоқ.

 * * *

Ақын болсаң, жұлдызды жерден ізде.

 * * *

Текке тұрған қалам тұл.

Оқылмаған кітап тұл.

 * * *

Атағы барға иек артпа.

 * * *

Науқастың көңілін күнде сұра.

 * * *

Әдебиетші болсаң әдепті бол.

 * * *

Елден ерек ешкім жоқ.

 * * *

Ел алғысын алсаң, арманыңа жеткенің.

Ел қарғысын алсаң, су түбіне кеткенің.

* * * 

Тарих та тағлым.

* * *

Оттай берсең, от басарсың.

 * * *

Жат жерде жұртыңды жамандама.

 * * *

Бөтен жұрт еліңді сенен көрер.

* * *

Бір күніңді үш күн есесіне пайдалан.

 * * *

Жазушы болсаң, оқушыңды қиялдануға баулы.

* * *

Шығарма ат қоюдан басталады.

 * * *

Жалқаулық пен жазушылық

қоңсы қонбас.

* * *

Сахнада билегеннің бәрі биші емес.

Домбыра тартқанның бәрі күйші емес.

* * *

Жар басына шығып жаршы болма.

* * *

Көңілі кеткенге көңілдегіңді айт.

* * *

Бауыр бауыр емес, пікірлес бауыр.

* * *

Жауапкершілік жүктелсе,

бала да бастық болады.

Қалжан НҰРМАХАНОВ

 

2707 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы