• Тұлға
  • 13 Қазан, 2022

«Ақиқат пен аңызға» арқау болған...

Өткен мыңжылдықтың соңғы онжылдығынан бастап, ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» түгендеу мен жою мақсатында іргелі зерттеулер қолға алынды. Осыған орай танымал ғалым, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты, доцент  Қ.С. Алдажұманов ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қуғын-сүргін тарихын жан-жақты әрі «жабық» архив құжаттары негізінде айғақты зерттеу қажеттілігін алғашқылардың бірі болып қолға алып, терең зерттеуге ден қойды. Ғалым солақай саясаттың салдарынан негізсіз қараланып, репрессияға ұшыраған Қазақстанның көрнекті қоғам және саяси қайраткерлерінің, ақын-жазушыларының ұмытыла бастаған есімдері мен шығармашылығының халқымен қайта қауышуына да орасан үлес қосты. 

Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазатын ғалымның өзіндік тағы бір ерекше қыры – ғылыми аудармашылықты еркін меңгеруі. Бірқатар қоғамдық-саяси және тарихи әдебиеттер басылымдарын қазақ және орыс тіліне аударушы және редактор ретінде де танылып келеді. Мысалға, 1985 жылы жарыққа шыққан Ш.Ш. Уәлихановтың таңдамалы шығармаларының 2-ші басылымына енгізілген жекелеген еңбектерін қазақ тіліне аударды.

Академиялық басылымдармен қатар орта мектептердің 5, 8-11 сыныптарына арналған Қазақ­стан тарихы бойынша бағдарламаларды, оқулықтар мен оқу құралдарын құрастыруға да атсалысып келеді.

Осындай іргелі зерттеулердің мазмұнын аша түсуде тарихтың терең қойнауына бойлауына және ондағы ақиқатты ашық көрсетуге ұмтылатын ғалымның ең ұтымды тәсілі – қазақстандық және ресейлік архив қорларын жетік білуі, ондағы құжаттарды, сандық мәліметтерді өте орынды қолданып қана қоймай, тарихи тұрғыдан талдап, сөйлете алуында жатыр. Ең таңқаларлығы оның есте сақтау қабілетінің мықтылығы мен ешбір ескірмегені. Кез келген уақытта әңгіме барысында сол сандық мәліметтерді ешбір шатастырмастан және оның қай архив, қай қорда, қандай еңбекте, қай автордың кітабында берілгендігін, архивтік сандық мәліметтерді есептеуде жіберген қателіктерін де нақты дәлелдеп беріп отыратындығы, жас ғалымдар үшін, үлкен сабақ екенін айта кеткеніміз орынды болар.

Еңбекқор және ізденімпаз ғалымның кеңесі мен жылдар бойы тырнақтап жинаған архивтік құжаттарына тек оның әріптестері мен шәкірттері ғана емес, журналист, жазушы және қоғамдық ғылымның өзге саласындағылар да көп жүгінеді. Мысалы, сонау 1980 жылдары атақты батыр ­Бауыржан Момышұлы туралы жазып жүрген айтулы жазушы Әзілхан Нұршайықов институтқа арнайы іздеп келіп, Баукеңе қатысты кеңес сұрайды. Кездесу барысында Қайдар Сейсембайұлы батыр жөніндегі бұрын ешқайда жарияланбаған архив материалдарымен таныстыра отырып, 1942–43 жж. Панфилов дивизиясының басшыларының бірі, полковник Серебряковтың Б.Момышұлын батыр атағына ұсынғаны, бірақ оның аяқсыз қалғаны жайында әңгіме өрбітеді. Сондай-ақ осы ­Панфилов дивизиясының ардагері, өзінің ұстазы, ұзақ жылдар институт директоры болған академик Ақай Нүсіпбеков екеуінің арасындағы болған естелікпен де бөліседі. Бірде бөлімде атақты дивизия туралы суретті альбом дайындау кезінде, сарғайған суреттер арасынан П.В. Логвиненконы танып қалған Ақаң оның Баукеңе қарсы болғанын, батыр атағын бергізбегені туралы ашына айтады. Нақтырақ айтқанда, полк комиссары Логвиненко екі рет Б.Момышұлының үстінен арыз жазып, тікелей қарсы болған. Бұл архив деректерінде сақталған. Сөйтіп, кездесу барысында айтылған ойлар Әзағаның Баукең туралы «Жұлдыз», «Жалын», кейіннен орыс тілінде «Простор» журналында жарық көріп, оқырмандарды дүр сілкіндірген «Ақиқат пен аңызға» айналған роман-диалогтың өзегіне арқау болады. Өзіменен ашық ой бөлісіп, жас та болса кеңес берген Қайдарға риза болған Әзағаң, осы туындыны жазуда тарихи тың деректермен бөліскен ғалымдар Төлтай Балақаев пен Қайдар Алдажұманов екенін атап өтеді. Жазушының риза болғаны соншалықты, журналдың алғашқы бетіне «Ардақты Қайдар бауырыма, маған биылғы 5-маусым күні  жасаған ұмытылмас інілік, достық көмегіңе ризалық белгісі үшін, құрметтеп, тез уақытта атақты аға ғалымдардың қатарына қосылуыңа тілектестікпен», – деп өз қолтаңбасын қойып, арнайы институтқа келіп, алғысын білдіруі сол жылдардағы жас ғалым үшін үлкен құрмет еді. «Ақиқат пен аңыздың» орысша аудармасы «Истина и легенда» деген атаумен Москвада «Советский писатель» баспасынан шығару кезінде қатаң цензуралық талап қойылады. Ондағы айтылған Б.Момышұлына батыр атаған беру туралы құжаттың түпнұсқасын талап еткендіктен, жазушыға шұғыл түрде Москваға ұшу қажет болады да, Алдажұмановқа көмектесуін сұрап тағы да іздеп келеді. Сөйтіп, екі нұсқада көлемі бес беттік машинкалық баспадағы көшірменің соңына «Көшірме дұрыс. Растаушы кіші ғылыми қызметкер Қ.Алдажұманов» деп қол қойып, оны институт мөрімен бекітіп береді. Араға жиырма күн салып «Қымбатты Қайдар! Осы кітаптың баспадан тез шығуына өзіңнің қосқан үлесің бар еді. Соған рахмет айтып, қолымды қоямын. Әрқашан тілектес ағаң, – Әз.Нұршайықов» деген қолтаңбасын қойып, сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітапты сыйға тартады. Атақты жазушы берген қолтаңба әрі аталық батасы ҚР Орталық мемлекеттік архиві 2015 жылы шығарған «Қазақтар Ұлы соғыс майданында» атты фотоальбомда берілген.

Халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы тарихи шындықты қалпына келтіруде де осы құжаттар үлкен рөл атқарды. КСРО Президенті С.М.Гор­бачевтің, ҚазКСР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа қазақ батыры Б.Момышұлына Кеңес Одағы Батыры атағын беру туралы жазған сұрау-хаттарда да Қ.С.Алдажұмановтың Мәскеу-Подольск қаласындағы Ресей әскери архивінен жинаған материалдары негізінде дәйектелді. Жазылған хаттарда академик М.Қозыбаев жазғандай: «Ұлы Отан соғысының батырлары он екі мыңға таяу. Баукең болса, халық өзі батыр деп таныған санаулы ғана ұлының бірі, бір де болса бірегейі. Осылай ол ел сүйіспеншілігіне бөленгенін қанағат етті, медет тұтты, еліне, халқына сенген ол болашақ ұрпақтың өзін әділ бағалайтынына сеніп кетті. «Берген мырза емес, алған мырза» деген мәтел бар. Баукең бар күшін, қолбасшылық дарынын халқының бақытына берді. Енді жүктің ауыры болашақ ұрпақ бізде қалды. Ендеше, сол берешегімізді атқарайық елім, халқым, көш бастаған ағайын. Баукең «Қазақстанның Халық батыры» атағының көшін бастауы тиіс» деген қорытындысы беріліп, шынайы нәтижеге қол жеткізілді. Бұл дегеніңіз, қазақ тарихындағы, Қазақстанның майданға қосқан сүбелі үлесіндегі және сол қанды жорықта ел мен жер үшін соғысқан жауынгердің батылдығын ұлықтаудағы «ақтаңдақтарды» жоюға қосқан ғалымның салмақты үлесі.

Байқап отырғандарыңыздай, Қ.Алдажұманов ғылым атты майданның ерлігі еленбейтін, көрегендігі көзге түсе бермейтін қарт жауынгері. Ол сол еңбектерімен еліне қадірлі, ғылымдағы орны төрде, өз ғылыми мектебі қалыптасқан өрелі ғалым.

Ғалымның қайраткерлігі 1991–1992 жылдары Қазақстандағы 30 жылдары ұжымдастыру мен аштық себептерін зерттеу бойынша құрылған академик М.Қозыбаев басқарған Мемлекеттік комиссия құрамында қызмет еткен тұста жаңа қырынан ашыла түсті. Комиссия қорытындысы бойынша 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңын даярлауда осы саланың білгір маманы ретінде қатысқан Қ.С. Алдажұмановтың еңбегі өте зор. Қорытындының екі тілде қатар дайындалуына, іріктелген «құпия» құжаттардың мазмұнын сараптауда асқан біліктілігін таныта алды. Комиссия құрамындағы жұмыс барысында жинақталған құжаттар бойынша алғаш рет орыс тілінде жарық көрген «Қазақстандағы 1931–1933 жылдарғы  күштеп ұжымдастыру және ашаршылық. Құжаттар мен материалдар жинағының» (Алматы, 1998) алғы сөзінің авторы және негізгі құрастырушысы да Қайдар Алдажұманов болды.

Осылармен қатар академик М.Қозы­баевтың бастамасымен 1990–2000 жылдары институт ұжымы жүргізген зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде ,оқырманға жол тапқан 13 кітаптан тұратын «Азалы кітап», «Қазақстанның суретті тарихы» және «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы», т.б. басылымдар авторы және құрастырушыларының бірі ретінде де сүбелі еңбектерде өз қолтаңбасы бар айтулы ғалым.

Ғалымның қаламынан іргелі 4 монографиялық еңбек, 400-ден астам ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалар жазылды. Қ.С. Алдажұманов­тың ғылыми жетекшілік етуімен 2012–2014 жылдары жүзеге асырылған Институт гранттық жобалары аясында «Қазақстандағы 1921–22 және 1931–33 жж. ашаршылық: тарихи-құжаттық зерттеу», 2017–2020 жж. «Қазақстанның ұлттық әскери құрамалары соғыс майдандарында. 1941–1945» тақырыбында ғылыми-ізденіс жұмыстары жүргізілді.

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының профессоры, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Қайдар Сейсенбайұлы Алдажұманов еңбектерінің мазмұны терең және маңызы зор. Оның еңбектері қазақ халқын қансыратып кеткен, күштеп ұжымдастыру кезеңі, жаппай ашаршылық себептері мен салдарлары, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан, республиканың майданға қосқан үлесі мен тылдағы ерлігі, Түркістан легионы туралы ақиқат пен аңыз, соғыс және одан кейінгі кезеңдегі мәдениет, әлеуметтік-экономикалық ахуал, тың игеру мен қоғам дамуы барысында туындаған ұлтаралық қақтығыстар, отандық тарихтың өзге де барлық саласын қам­тыған. Қазақстан тарихы мәселелерін жан-жақты талдап, саралап, маңызы мен мәнін оқырман қауым­ға жеткізіп, санасына сіңіруде жалықпай іздену мен талмай еңбек етуді өз парызы санаған тарихшы-ғалымның саяси, қоғамдық, ғылыми-ұйым­дастырушылық қызметіне қысқаша тоқталып, оның еңбектерінде жасалған тұжырымдар мен пайым­дауларға талдау жасау, бағалау, құндылығын ашып көрсету ғалымға, ұстазға деген құрметіміз деп санадық.

 

Зирабүбі ТӨЛЕНОВА,

ҚР Орталық мемлекеттік архиві

Әлеуетті зерттеулер орталығының

жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымының кандидаты

842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы