• Тұлға
  • 27 Қазан, 2022

ОЛ СҰРАНШАҚ ТА, ТІЛЕМСЕК ТЕ ЕМЕС-ТІ немесе Мұқағалидың редакцияға келуі

Мұқағали Мақатаев. Кім айтса да, қанша айтса да жараса беретін заңғар ақын, өшпейтін із қалдырған ғажайып жаратылыс. Осы күнде ол туралы ауызша да, жазбаша да мәлімет-деректер мен естеліктер жиі жарияланады. Бәрі де көзі тірісінде лайықты бағаланбаған ғазиз жанның елу жасқа толғаны атап өтілгеннен бастап кеңінен танылды, мойындалды дегенге саяды. «Үш қиян» баспасынан шыққан Әбіжан Құтпанбаевтың «Жазылар естеліктер мен туралы...» деген кітабында да сол секілді пікірлер бар, оған дейінгі естеліктерде де солай.

Амал нешік, көзі тірісінде тиісінше бағаланбаған жалғыз Мұқағали емесі белгілі. Әйтпесе, Қадыр Мырзалиев «Ақынды бағалаңдар тірісінде» дер ме еді. Елеусіз, ескерусіз қалып жатқандар қаншама? Тоқаш Бердияров, Ізтай Мәмбетов, Өмірзақ Қожамұратов тағы басқаларды кім атап, дәріптеп жатыр. Өз басым анда-санда егер Мұхтар Шаханов болмаса (осындай пікірді өзгелер де айтады) Төлеген Айбергенов тасада қалар ма еді, қайтер еді деп ойлап қоямын. Өйткені, Төлегенге қайтыс болған соң, біраз жылдан кейін, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілуіне бар жанын сала кіріскен Мұхтар екеніне куәлердің біріміз. Ол өзі басқаратын «Жалын» журналында Төлегенді бір кісідей дәріптеді. Төлеген Айбергеновтің атына сыйлық белгілеп, жыл сайын үздік шыққан жас ақындарды марапаттап отырды. Қалай дегенде де, Төлегеннің кеңінен танылуына Мұхтардың қосқан үлесі аз емес.

Мұқағалиға келсек, көзі тірісінде анда-санда көретінім болмаса, былайша аралас-құралас болғаным жоқ. Тоқаш Бердияровпен бірге жүретіні жадымда.

Бірақ атына о бастан қанық болатынбыз. 1958 – 1959 жылдары «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеп, одан Сарыағаш аудандық газетіне барғанымда, радиодан берілетін соңғы хабар бітісімен «оқыған Мақатаев» дегенді еститінбіз. Еститінбіз де, көп диктордың бірі шығар дейтінбіз. Алайда ұзамай сол Мақатаевтың «Социалистік Қазақстан» газетінен «Мавр», «Ильич» атты поэмаларын оқып, талантына тәнті болғанбыз. Одан «Мәдениет және тұрмыс» журналында әңгімесі жарияланып, қарымды қаламгер екенін аңғартты.

1964 жылдың сәуір айында Алматыға оралып, «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке тұрғанда, содан сәл бұрын осында істеп, жұмыстан өз еркімен босаған Мұқағали Мақатаевтың орнына қабылданғанымды кейін білдім. Ол кезде мұнда Оспанхан Әубәкіров, Мұқағали Мақатаев қызмет атқарға­нын ешкім онша көп  ауызға алмайтын (олардың осында жұмыс істегені жайлы деректі көп жылдардан кейін бұйрық папкасынан өз көзіммен көрдім).

Күйкі тірлік. Әркім өз шаруасымен. Біз үшін ол кезде Мұқағали көп ақынның бірі. Адуынды, азулы, арқалы ақындардың, әрине. Айбынынан сескенеміз. Түрлі әңгімелер естіліп жатады. Ешкімге бет қаратпайды, кесіп сөйлейді, ішеді дегендей.

Басқа редакцияларды қайдам, Мұқағали «Мәдениет және тұрмыс» журналына көп келмейтін. Журналға өлеңі шыққаны есімде жоқ. Сірә, ұсынбайтын болса керек, ұсынса басылады емес пе?!

Іші-сырты шұрқ тесік, мейлінше тозған кеңседен 1971 жылы Горький көшесі бойындағы жаңа ғимаратқа көшіп, 9-шы қабатқа орналастық. Бұрын бір бөлмеде үйме-жүйме боп отыратын оншақты қызметкер енді екеу-екеуден отыратын болдық.

Мұқағалиды оқта-текте сыртынан көреміз. Қарсы ұшырасқанда амандасу тұрмақ, бетіне қарауға жүрексінеміз (өзімді айтып отырмын). Жаңа ғимаратқа көшкен соң, бір не екі жылдан кейін бе, бір күні бас редактор Мұса Дінішев ұжымды жинап, мәжіліс өткізіп жатқанда, есік тарс ашылып, Мұқағали кіріп келді. Бірден төрдегі Мұсекеңнің алдына барып:

– Мен бас редактордан бір сом алуға келдім, – деді күркіреген даусымен.

Біз аң-таңбыз. Сасып та қалсақ керек. Маяковскийге ұқсайтын ұзын бойлы, алып денелі, өңі сұсты Мұқағалидан жасқанып та отырмыз. Табиғаты текті Мұсекең төс қалтасынан бес сом шығарып ұсынып еді, Мұқағали шалқайған қалпында:

– Мен бес сом емес, бір сом алу үшін келдім! – деп саңқ етті.

Ұзын столдың екі жағында қаздай тізіліп отырған біздерге дереу жан бітіп, біріміз үш сом, біріміз бір сом ұсына бастап едік, Мұқағали шүйіле қарап:

– Отырыңдар, жағымпаздар! – деп қолын бір-ақ сермеді.­ – Сендерден емес, айттым ғой, бас редактордан алуға келдім деп. Мұсеке, егер бір сомдығыңыз болмаса, қысылмаңыз, кеттім, – деп бұрыла беріп еді, абырой болғанда, Мұсекеңнен бір сомдық табыла қалып, Мұқағалиға ұстатты.

Мұқағали келген ізімен үн-түнсіз шығып кетті. Мұсекең сөзін жалғастыруға кірісті.

Мұны неге айттық? Сол кездерде жалғыз Мұқағали емес, біреулер Тоқашты, біреулер тағы басқа ақын­дарды жұрттан ақша сұрайды деп өсектейтін. Бекер! Олар бар болғаны еркелейтін, жұртқа арқа сүйейтін. Мұқағалидың Мұса Дінішевтің өзінен ғана бір сом сұрағаны да соның көрінісі-тін. Олар сұраншақ та, тілемсек те емес-ті.

Арада жарты жылдай өткенде Мұқағалимен редакция коридорында ұшырасып қалдық. Сөздің ашығы керек, сәлемдесуге бата алмай тұрғанымды байқаған ол маған: «Сен жігіттен мен әлі күнге дейін ішкен жоқпын», – деді көздері күлім қаға жымиып.

– Міне, Мұқа! – деп бес сом беріп едім, өткен жолғыдай мінез көрсетіп бәлсінбестен, алды да жүре берді. Мен бір міндеттен құтылғандай өзімді жеңіл сезіндім.

Бұл жерде Мұқағалидың алғанын, сұрағанын айтқалы отырғанымыз жоқ. Әңгіме мінезде! Мінез болмаса, ақын болмайды. Ауылдас ағам Тоқаш Бердияров та сондай еді. Төбе құйқасынан қара табанына дейін мінез. Дара мінез. Дара тұлғаларға дара мінез жарасады деген дұрыс-ау тегі.

Мұқағали мені тани ма, жоқ па, білмеймін. Сірә, сыртымнан білетін болуы ғажап емес. Тілдескенім бір-ақ рет: «Сен жігіттен мен әлі күнге дейін ішкен жоқпын».

Өтебай Қанахин екеуміз бір бөлмеде қарама-қарсы отырамыз. Екеуміз де бөлім меңгерушісіміз (Мұса Дінішевке орынбасар болғаным кейін). Бір күні Мұқағали келді. Өңі солғын. Аздап шөге бастағандай. Өтекеңе біраз сырын айтты: «Ауруханадан шықтым, ауруым біраз жерге барып қалды. Ішуді қойдым, енді бірыңғай творчествомен айналысамын»,  – деп.

Сөйтті де, көп бөгелмей шығып кетті.

– Мықты ақын, – деді Өтекең. – Көрдің ғой, ақкөңіл, таза жігіт.

– Дұрыс, Өтеке.

Мына бір жайды да айта кеткен артық еместей. Тек кім-кім де дұрыс түсініп, бұрмасыз қабылдаса болды.

Мұқағали дүние салды. Аяушылық, мүсіркеу сөздерді құлақ шалады. Онда менің бас редактордың орынбасары кезім.

Шамасы, ақынның қырқы өткен соң болу керек, бір күні ойда жоқта кабинетке түсі суықтау бейтаныс әйел кіріп келді де, бірнеше бет бүктеулі қағазды алдыма тастап:

– Мұқағалидың өлеңдері, ба­сыңдар, көмектесіңдер, – деді бірден.

Сәлем беріп, «отырыңыз» деп едім, отырмады. Мұқағалидың әйелі екенін сездім.

– Қашан шығады? – деді салқын раймен. – Ақшасын алуға бола ма?

– Журнал график бойынша бес ай бұрын дайындалады, өлеңді жасалып жатқан номерге қазір салғанның өзінде, ақшасын журнал шыққан соң аласыз, – дегенімше, «қазір керек» деп талап қойды.

– Ендеше, мынаны ала тұрыңыз, – деп өз қалтамнан жиырма бес сомдық ұсындым.

Алды да кете барды. Ол неге маған келді, редакторға кірді ме, жоқ па, әлде, Мұсекең маған сілтеді ме, біліп үлгермедім.

Алайда  сол кездегі көзбен қара­ғанда, Мұқағалидың бәйбішесін түсінуге болатын еді. Зәредей реніш болған жоқ, әрине. Өкініш екібастан.

Мұқағали жайлы білетіндерім осылармен шектеледі. Осы айтыл­ғандардан да ұлы ақынның базбір болмыс-бітімі байқалар деген сеніммен ой бөлістік.

Рухы шат болсын.

Зәкір АСАБАЕВ,

Төлеген Айбергенов

медалінің иегері

1529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы