• Тіл
  • 17 Қараша, 2022

ҒЫЛЫМНЫҢ ТІЛІ – ӨТКІР ТІЛ

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсеменен оздым демектің бәрі де – ақымақтық» дейді Абай. Қаламымызға арқау болған біздің кейіпкеріміз де өз саласында майталман ғалым деңгейіне жеткен бірегей тұлға. Ол саналы ғұмырында ғылымның тереңіне сүңгіп жаңалықтар ашты, шәкірт тәрбиелеп артына өшпес із қалдырып кетті. Оның есімі – Николай, тегі – Косов. Тілімізге бөгде болғанымен, халқымызға бөтен емес. Қажырлы еңбегін қазақ ғылымын дамытуға сарп етіпті. 

Николай Косов – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің бірінші деканы. Ол 1922 жылы 2 желтоқсанда Қостанай өңірінде дүние есігін ашады. 1947 жылы ҚазМУ-ды және 1950 жылы оның аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын дәл осы оқу ордасында жалғап, 1950 –1959 жылдар аралығында ассистент, аға оқытушы, доцент, 1959 –1963 жылдарда физика факультетінің тұңғыш деканы, 1963 –1994 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі болды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері тасымалдау құбырларын, яғни газдар мен сұйықтықтардағы диффузияны зерттеуге арналған. Ақыл аумағы кең көп қырлы тұлға, белгілі ғалым әрі өзінен кейінгі қаншама шәкірттерге ғылыми жетекші бола отырып, ол Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесінде жарқын із қалдырды. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы молекулалық физика саласының көрнекті маманы болған ол молекулалық физика және жылу физикасы бойынша халықаралық, кеңестік және республикалық мамандандырылған басылымдарда 300-ге жуық ғылыми еңбек пен патенттер жариялап, ғылым саласында дүниежүзілік мойындауға ие болды. Николай Косов газдар мен сұйықтардың жылу-физикалық қасиеттері бойынша қазақ ғылыми мектебін құрды, ол дүниежүзінде кеңінен танылды. Оның ғылыми жетекшілігімен 33 кандидаттық диссертация, сонымен қоса бірлескен ғылыми жұмыс негізінде 7 докторлық диссертация қорғалды. Оның шәкірттері мен ізбасарлары бүгінде АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Ресей, Украина, Беларусь елдерінің ғылыми орталықтарында және Қазақстан Республикасының көптеген университеттерінде, мемлекеттік және ғылыми ұйымдарда жұмыс істейді. 

Николай Косов білікті ғалымдығымен қоса, белсенді ұйымдастырушы да болатын. Ол тек кітап жазумен ғана шектеліп қалған жоқ. Өзіне жүктелген міндетті артығымен орындауға тырысты. Қазақстандағы физика ғылымының жанданып, жаһандық деңгейге шығуына алғышарт жасады. 1959 жылы ҚазМУ-да жаңа физика факультеті ашылып, ондағы ұжымға аталмыш оқу ордасын Қазақстан үшін физик мамандар дайындайтын танымал ғылыми-әдістемелік орталыққа айналдыру міндеті жүктелді. Басшы әрі бірінші декан болып Николай Косов тағайындалды. Білікті де талантты физик маман  әріптестерімен және пікірлестерімен бірге оқу жоспарларын оңтайландыру мен оларды КСРО-ның жетекші жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларымен үйлестіру, университеттік физика практикумын әдістемелік қамтамасыз ету, кафедраларда мамандандырылған курстарды әзірлеу бойынша көптеген жұмыстар атқарды. Сонымен бірге ол дипломдық жұмыстар мен жобаларды университеттің кафедра­ларында ғана емес, еліміздің жетекші ғылыми орталықтарының базасында дайындау керек деген идеяға негізделген сол кездегі жаңашыл көзқарасты бастап берді. Сонда ғана ол жобалар, кішкентай болса да, университеттегі физика пәнінің сапасын едәуір жақсартып, оны заманауи деңгейге көтеретін үлкен нақты жобалардың құрамдас бөлігіне айналатынын алдын ала болжай білді. Н.Косовтың тікелей қатысуымен Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика факультетімен, Свердловсктағы Орал политехникалық институтының физика-техникалық факультетімен, КСРО ҒА Атом энергиясы институтының мамандандырылған зертханаларымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Осы секілді озық тәжірибе өз уақытында физика факультетінің дарынды магистранттары мен аспиранттарын серіктес зертханаларға ғылыми зерттеулер жүргізуге жүйелі түрде жіберуге, танымал ғылыми орталықтарадың ғалымдарын Алматыдағы авторлық мамандандырылған курстарды оқуға тартуға мүмкіндік берді.

ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастап, ҚазМУ-дың жылу физикасы кафедрасын және КСРО Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік Комитетінің, КСРО Мемлекеттік комитетінің стандарттар бойынша стандартты анықтамалық деректерінің мемлекеттік қызметінің тапсырысы бойынша арнайы зерттеулер жүргізілген жылу алмасу және жану проблемалық зертханасын басқарды. Заттар мен материалдардың жылу-физикалық қасиеттері саласындағы қазақстандық физиктер алған нәтижелер «ұсынылған анықтамалық деректер» мәртебесіне ие болды және жылу-физикалық тұрақтылар иерархиясымен байланысты түрлі шетелдік басылымдарда жарияланды. Н.Д. Косов көптеген жылдар бойы КСРО Ғылым академиясының жанындағы «Жылу физикасы және жылу энергетикасы» сараптамалық кеңесінде Қазақстан атынан қатысты.

Николай Косов ғалымның да, ұстаздың да қызметін сәтті атқарды. Ол белгілі ғалым ретінде ғылыми ұрпақ тәрбиесіне үнемі қамқорлық танытып отыратын. Қарбалас қызметіне қарамастан, Қазақстанның облыстық институттарының студенттеріне дәріс оқуға мүмкіндік тапты, физикадан жаңа мектеп бағдарламаларын, орта мектеп мұғалімдеріне арналған оқулықтарды жасауға қатысты; ұзақ жылдар физика пәнінен мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің мүшесі болды. Жастардың отансүй­гіштігіне, ұлттық мәдениетке деген қастерлі көзқарасын дамытуға ерекше көңіл бөлді, қазақ тіліндегі ғылыми білімді насихаттаушы болды, ұлттық кадрларды өсіруге белсенді атсалысты.

Н.Косов майдангер, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. КСРО-ның орден және медальдарымен, КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің, «Еңбектегі тамаша табысы үшін» КСРО Жоғары оқу орнының ведомстволық белгілерімен марапатталған. Ардақты ғалым 1995 жылы фәниден бақиға озды. Өмірінің соңына дейін таңдаған сүйікті саласында қыжырлы еңбек атқарды.

Белгілі ғалым, білікті маман, өз ортасында ғана емес, өзге елдерде және ең бастысы – өз отбасында абыройға ие азамат артына өшпес өнеге, өлмес мұра мен өнегелі ұрпақ қалдырды. Бүгінде ұлы Владимир Косов әке ізін жалғап келе жатыр. Физика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті физика кафедрасының меңгерушісі В.Косов әкесі жайлы былай деп еске алады: «Балалық шағыма ойша оралып, естеліктерді еске алғанда ең бірінші көз алдымда әкемнің мейірімді де жанашыр бейнесі пайда болады. Ол күтпеген сыйлықтар жасауды ұнататын. Керемет әңгімешіл адам еді. Менің кітапқа деген сүйіспеншілігімді алғаш оятқан да – әкем. Ол табиғатқа ұқыптылықпен қарап, оны тұрмыстық әрі әлеуметтік деңгейде де ластамау керектігін үнемі айтып отыратын.

Физик-зерттеуші жолына түскен кезімде әкемнің бойынан балалық, жастық шағымда маған түсініксіз болған басқа да қасиеттерін аштым. Бұл – зерттеушінің тума таланты, адамға деген құрметі мен сүйіспеншілігі, ғалымның принципшілдігі. Меніңше, бұның бәрі бірігіп, әкемнің еліміздегі жылу-физикалық қоғамдастыққа кеңінен танымал болуына жағдай жасады». 

Көрнекті ғалым, еліміздің физика саласында өшпес із қалдырған тәжірибелі маман Николай Косовтың туғанына биыл 100 жыл толады. Шәкірттері мен ізбасарлары ардақты ғалымның өнегесін бойына сіңіріп, төрткүл дүниеге ұстаз тәжірибесін таратуда. «Ғылымның тілін түсінбеген, қылыштың тілін түсінеді» депті Имам Шәміл. Бәлкім, қан майданды кешіп келген тұлға соғыстан оралған соң кез келген қарудан да ғылым тілі өткір болатынын ұғынған шығар. Айналасына білім нұрын шашқан ізгілік жаршысының есімі тек кітаптарда ғана емес, жүректерде де сақталары анық.

 Досан БАЙМОЛДА,

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, ғылым докторы, академик

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ      

1372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы