• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2022

«АЙТТЫМ ҚҰЛДЫҚ, ҚАЛАМҚАС»

Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының жыр фестивалінің жүлдегері, белгілі ақын, танымал журналист Төреғали Тәшеновтің мерейтойына орай әдеби жиын өтті. Жиын барысында «Айттым құлдық, Қаламқас» атты жыр жинағы таныстырылып, салтанатты түрде лентасы қиылды.

Әдеби жиынға ақынның туған-туысқандары, қоғам қайраткерлері, елге белгілі қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, студенттер және кітапхана оқырмандары қатысты.

Белгілі актер, Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есенәлиев тізгінді өз қолына алып, тұсаукесер рәсімді жүргізіп отырды.

ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлының құттықтау хатын табыстады.

Құттықтау хатта: «Ақын, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Т.Ә. Тәшеновке

Құрметті Төреғали Әліпұлы!

Сізді алпыс жасқа толған мерей­тойыңыз­бен шын жүректен құттық­таймын!

Жұртшылық өзіңізді белгілі журналист, дарынды ақын, қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі, құрметтейді. Сіздің қаламыңыздан туған шығармалар қазақ руханиятын дамытуға, көкжиегін кеңейтуге үлес қосты деп есептейміз.

Еліміздің маңдайалды басылымдарында еңбек етіп, әлеуметтік, мәдени-рухани тақырыптарда мәселе қозғап, қалам тербеп келесіз. «Жас қазақ үні», «Қазақстан-Заман», «Айқын» секілді іргелі газеттерде Сіздің қолтаңбаңыз бар.

Сіздің «Аққудың қауырсыны», «Жау­ратқан жапырақтың көлеңкесі», «Сар­ғалдақ» атты жыр жинақтарыңыз бен «Сана мен саясат», «Тәуелсіздік талайы», «Қара жердің кіндігі» секілді публицистикалық, танымдық туындыларыңыз оқырманның ыстық ықыласына бөленді.

Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен тағы да құттықтаймын. Өзіңізге мықты денсаулық, әулетіңізге бақ-береке тілеймін! Әрдайым мерейіңіз үстем болсын!» делінген.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, филология ғылымының докторы, профессор, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып студенттік кезеңнің естен кетпес естеліктеріне тоқталды. 1985 жылы республикалық «Жігер» фестивалінде танысқанын, сол фестивальде бірі лауреат, бірі дипломат болғанын еске алды. Кейін Төреғали Тәшенов ауылына кетіп, араға уақыт салып, 1997 жылы Алматыға келіп, «Аққудың қауырсыны» алғашқы жыр жинағын жарыққа шығарды. Дәл осы алғашқы кітабының атын қоюға Бауыржан Жақып көмектескен. Баспамен келісіп, жарыққа шығуына да септесіпті. Төреғали Тәшенов туралы жылы лебіздерін айта келіп, ол қаламгерлердің атынан мерейтой иесінің иығына шапан жапты.  

«Ана тілі» газетінің бас редакторы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай өзінің туған ауылы Сарысу мен ақынның туған ауылы Созақ ежелден егіз, қатар жатқан ел екенін атап өтті. Екі қаламгерді ұстазы, жазушы Пернебай Дүйсенбин байланыстыратынын тілге тиек етіп, ақынның шығармашылығына, жазу стиліне тоқталды.

Бас баяндамашы қаламгер Абай Мауқара ақынды «Заман-Қазақстан» газетінде бірге қызмет еткен 2000-жылдың басынан бері танитынын алға тартып, оның өлеңдерін, журналистикадағы сүбелі мақалаларын жан-жақты талдап, таразылап берді.

ҚР Ұлттық кітапханасының Көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі Жанар Әбдікерімова, белгілі сыншы, ғалым Дандай Ысқақұлы, Жазушылар одағының мүшелері Байбота Қошым-Ноғай, Кәдірбек Құныпияұлы, «Айқын» газетінің тілшісі Нұрболат Адырбек, «Созақ үні» газетінің бас редакторы Сәрсенбек Теңізбаев және т.б. сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев күймен көмкеріп, белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы әннен шашу шашты.

Мерейтой иесі бұл жинаққа негізінен бұрын жарық көрмеген өлеңдері енгізілгенін атап өтті. Ол өз сөзінде «Бұл менің еліме берген есебім іспетті және үлкен бір белеске шықтым деп ойлаймын» деп, оқырманын сиясы кеппеген жаңа жырларымен  таныстырды.

Ұлттық кітапхана қызметкерлері «Төреғали Тәшенов» атты мәнді де мағы­налы көрме ұйымдастырды. Сонымен қатар кітапхана қоры ақынның «Айттым құлдық, Қаламқас» жыр жинағымен толықты. Жиын соңы тағылымды рухани әңгімеге ұласты.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

2043 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы