• Тұлға
  • 01 Желтоқсан, 2022

ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНА ШЕРТКЕН СЫР

2005 жылы жазылып, жіберілмей қалған хат 

 

Аса құрметті Әзілхан аға!

Мамыр айында Сіздің екі мақа­лаңызды: бірін «Егемен Қазақстаннан», екіншісін «Жас алаштан» оқып, өзіңізге деген ризашылық сезімге бөлендім. Сіздің дархан жүректі жазушы екендігіңізді әуелден білемін. Өзіңізге деген ондай құрмет, әрине, «Махаббат, қызық мол жылдарыңызды» және повесть-әңгімелеріңізді, «Ақиқат пен аңыз» атты романыңызды оқығаннан кейін пайда болған еді. Сізге әр шығармаңызды, күнделіктеріңізді оқыған сайын хат жазбаққа талай оқталсам да, басқа мыңдаған адам жазып жатқанда, менің хатыма зәру боп отырмаған шығар деп ойлайтынмын. Менің ұстазым, майдангер Ленин орденді Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, педагогика ғылымының кандидаты Сабыр Қазыбайұлының Сізге арналған хаттарын Сізге жолдамастан бұрын танысқан адаммын. Ол кісімен бірге жұмыстас болдым. Сабыр аға қазір бұл дүниеде жоқ. Бірақ ол адамның өмірдегі мыңдаған ұлағатты істерінің бірі, үлкен жүректі ұстаздың Сізге деген шексіз құрметі еді. Сәкең де, мен де әдебиетші-ғалымдармыз. Ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры болды. Мен өзімді сол ағамыздың ізбасары, ісін жалғастырушы болғанымды мақтаныш етемін. Халық жырларын студенттер алдында жатқа соғатын Сәкең Сіздің романдарыңызды әңгімелеп, шәкірттеріне үлгі ететін. Шәкірттеріміз тіл және әдебиет, журналистика маман­дықтарын алып жатқан студенттер болғандықтан, жазылып жатқан қыруар роман-повестерінің ішінен таңдау­лыларын ғана үлгі ету – парызымыз.

Жоғарыда айтқан екі газеттегі материалдарыңыз маған ерекше әсер етті. Әсіресе «Менің кейіпкерім» атты ғажап мақалаңызды, шынын айтсам, жылап отырып оқыдым. Ал алғаш «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» атты романдарыңызды оқығанымда да осындай сезімдерде болған едім.

Мен де, Сабыр аға сияқты, университет табалдырығын алғаш аттаған қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика мамандықтарының студенттеріне қойылатын – Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті, Ғабиденді, олардың алуан шығармаларының оқыған-оқымағандықтарын сұраумен қатар, «Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» оқыдыңдар ма?» десем, көпшілігі сіздің атыңызды да, романды да естігендіктерін, бірақ оқымағандықтарын айтады. Мұның бас-ты себебі – Сіздің шығар­маларыңыздың мектеп кітапха­наларында жоқтығы, оны айтасыз, үлкен орталық кітапханалардан да табу қиын. Екі романыңыздың екеуінің де алғашқы басылымдары өзімде болған еді. Оқитын адамдарға беріп, кейін қадағалап жүріп кері қайтарып алатын едім. Оқыр­ман­дардың бірі, ақыры, ұмыттырып кетті. Жұмысбастылықпен жүріп, кім алғаны есімнен шығыпты, ал алған адам иеленіп кетті.

Аудан орталықтарының кітапхана­ларын білмеймін, өтірік айтпайын, облыстық Ғ.Сланов атындағы орталық кітапханада «Махаббат, қызық мол жылдардың» екі-үш жыл турасында жалғыз ғана данасы болды. Өзі түтеленіп қалған бұл кітапты мен алып кетіп, айлап тапсырмай, студенттеріме кезектестіріп оқытып жүргенімде, басқа оқырмандар қайтеді. Менікі, әрине, әділетсіздік. Алайда менің оқытып жүрген адамдарым болашақ әдебиетшілер мен журналистер ғой деп өзіме басу айтамын. Шынын айтсам, облыстық кітапхана басшылығының рұқсатымен істелген бұл ісіме оқыр­мандар алдында кешірім өтінемін. Бірер жыл турасында оқырмандардың қайта көзі ашылып, «Атамұра» баспасы арқылы басылып шыққан көптеген авторлардың кітаптары келе бастады. Бірақ бұл кітаптар кітапханаларға түскен жоқ. Алматыға барып келген бір оқытушы: «Сіз осы «Махаббатты ...» көп сұрайтын едіңіз, сізге сыйлығым, – деп, бір данасын тарту етті. Мен рахметті жаудырдым да, тағы бір рет алдымен өзім оқып шықтым. Су жаңа кітапты оқып отырған қандай рахат! Алғаш рет оқығандай әсер аласың.

Бұл 2003 жыл болатын. Қыркүйек айы. Алғашқы дәрістер басталды. Журналистика бөлімінің I курсы. Әде­биеттанудан дәріс оқимын. Алғашқы әңгіме былай басталды.

– Шәкірттер, сендер күні бүгін мектептен келдіңдер. Армандарың – журналист болу. Әзілхан Нұршайықов деген журналисті білесіңдер ме?

– Ол кісі журналист пе? Жазушы деп естіп едік.

– Жазушылық журналистікпен басталады ғой, балалар.

Әзілхан ағаларыңыз алғаш мақа­лалар жазудан бастаған, газет тілшісі, газеттерде басшылық  жұмыста болған. Күн тәртібіндегі тұрмыстық, шаруашылық мәселелерді қозғаған мәнді мақалалары үшін бір кезде академик-жазушы, «Сөз өнерінің» авторы Зейнолла Қабдолов ағаларыңыз оны жоғары бағалап, «Қазақтың Овечкині» атанған еді. Ал Овечкин орыстың талантты журналистерінің бірі болды. Журналист болуға талаптансаңыздар ең әуелі сол кісіден үлгі алуларыңыз керек. Оның ғасырлық туындылары «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Ақиқат пен аңызды» оқуларыңыз керек. Ондай кітаптарды оқыдыңыздар ма?

– Жоқ, ағай. Кітапханада бар ма?

– Іздеңдер? Таба алмасаңдар, менде бір ғана дана «Махаббат...» бар. Ол кітапты оқып шығу үшін кезекке тұрасыңдар. Әлі мектеп психологиясындағы шәкірттер ғой, «Ағай, маған бірінші, беріңізші» деп жан-жақтан шулап қоя берді.

– Жоқ, балалар, сендер маған бәрің бірдейсіңдер. Тәртіп керек. Қатар оқуларыңыз мүмкін емес. Бірінші партадан басталады, кейінгі парталар жалғастырады. Әуелі Ерболат, Амандық ...

Соған келістік. Студенттер тобында 12 бала бар еді. Сізге – өтірік, маған – шын, азғантай санды бала кітапты 1 жыл бойына кейін қайтарған жоқ. Қалай болған дейсіз ғой, әр студенттің ағайын-туғандары, үй-ішіндегі адамдар кітап қызығына батқан. Бірі – тез, бірі – жай оқыған оқырмандардан қайтқан әуелдегі су жаңа беттері шытырлаған кітабымның парақтары мақтадай босап, түтеленіп, жыртылуға таянып, әбден жұмыс істеп шаршап қайтқан адамды көзіме елестетті. Мен бұған ризамын, себебі менің кітабым белгілі дәрежеде жүзге тарта адамды адамгершілік, кіршіксіз таза жүректілікке, махаббат сезімін құрметтей, аялай білуге тәрбиелеп қайтты.

Биылғы, яғни 2004–2005 оқу жылында өзім аздаған сағатпен жұмыс істеп жатқан, университет жанындағы колледж студенттеріне кітапты оқуға берген едім. Он шақты бала жарты жылда әрең қайтарды. Тағы кезектесе оқу әдісі, ағайын-туғандарына беріп оқыту әдісі.

Енді, биылғы журналистиканың I курс студенттері ішінен Бауыржан сұрады.

– Бауыржан, айналайын, колледж­дің балаларында, олар оқып бітіргесін саған беремін, – дедім.

Әр күн сайын сұрайды. «Ағай, енді қашан?». «Айналайын, әлі оқып жатыр». Сонымен, Бауыржан колледж студенттері оқып болғанша бір семестр бойына күтті. I курстың қалған студенттері де «Атамұра» баспасынан шыққан нұсқасын басқа адамдардан алып оқыпты.

Бауыржанға берген уәдемді мен де орындадым. Ол ұзақ оқыды. Кітапты алғалы екі-үш айға созылып кеткен соң, «Бауке, хал қалай, романды әлі оқып жатырсың ба?» – дегенімде, Бауыржан басын сипап: «үйдегілер бірінен соң бірнеше реттен оқып, бітіре алмай жатыр», – деп жауап беретін. Бір күні Бауыржан езуінде күлкі, көзі жайнап кабинетіме кіріп келді де: «Ағай, кітабыңызды жаңартып әкелдім», – деп су жаңа «Махаббатты ...» қолыма ұстатты.

– Бауке, бұл қалай? – дегеніме ұзақ жауап берді.

Кітап оқиғасы былай болған екен. Армандап жүрген кітабы қолына әрең тиген Бауыржан романды 2-3 рет оқып, жата-жастана сөздерін жаттап жүргенде, жатқан үйдің адамдары жармасып, оқуды жалғастырған. Сөйтіп, қолдан-қолға көшіп жүрген кезінде, ағайын апаларының бірі Бауыржаннан тағы сұрап келіпті.

Бауыржан: «ағайдың кітабы еді», – десе, «тез оқып әкеліп беремін!» – деп уәде береді. Ол кісі мектепте мұғалім екен, мұғалімдер бөлмесіндегі столдың үстінде қойып кеткен кітабы ұшты-күйлі жоғалыпты, яғни қолды болып кетіпті.

– Ағай, кітап жоғалғаннан бері сізден ұялып, енді не істеймін деп қысылып жүретін едім. Сізге өтірік айттым, кешірерсіз. Мұғалім апама қатты ренжідім кітапты жоғалтқанына... Кеше бірнеше студент болып қала­дағы академик Салық Зиманов атын­дағы кітап үйіне барып едім, Ә.Нұршайықовтың кітаптары сатылып жатыр екен. «Махаббаттың ...» 2 данасын бірден сатып алдым. Біреуін-өзіме, екіншісін-сізге ... айыпқа бұйырмаңыз сон­шама кешіктіргеніме, – дейді Бауыржан.

– Айналайын Бауыржан, кешіремін. Кітапты сол шығармаға құштар адам алған шығар. Өзі де ескірген кітап еді. Кітабымды жаңартып әкелгеніңе көп рахмет. Бірақ 300 теңге студент үшін көп ақша ғой, құнын өзіңе беремін, – деп едім, Баукең басын ала қашты.

Сөйтіп, бұл кітап келесі оқырман­дарының пайдалануына тағы да жолға шықты. Қашан қайтатынын құдай білсін. Әйтеуір, бұл туындының талай­дың сезімін қозғап, түсіне енетініне күмәнім жоқ. Соған мүмкін­дік жасаған өзіме ризамын. Ол да бір күні «шаршап» қайтатынын білемін.

Мен бұл шағын детальдарды Сіздің кітабыңызға халық құштарлығының қандай екенін көрсету үшін келтіріп отырмын.

Әзілхан аға! Сіздің «Менің кейіп­керім» атты үлкен мақалаңыздан романның жалғасы іспетті әсер алсам, «Демеушіме хат» деген жазбаңызды Бекет Тұрғараевқа алғыс ретінде арнаған екенсіз. Бұл азаматқа айтқан алғыс сөзіңіз жүрек қанымен жазылған дер едім. Халықтың жүрегін Халима апайдың о дүниелік болуына байланысты жазғандарыңызбен тебірентіп едіңіз. Мамыр айындағы бұл мақалаңыз сол «махаббат» жырының тарауларына ұқсайды.

Сіздің туындыларыңыз отыз жылдан аса мезгілден бері оқырмандарыңызды аялап тербетумен келеді. Әлі де тербете береді деп білемін. Өйткені олар «ғасырлық туын­дылар!». Ал ғасырлық туындылардың халыққа жетпей жатқанын қалай түсінуге болады.

Әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде тау­сыл­майтын мұңым – көркем әде­биеттің жалпы білім беретін мектеп оқушы­лары мен жоғары оқу орын­дарының студенттеріне программалық әдебиет­тердің жетпейтіні. Мысалы, ХХ ғасырдың ең биік туындысы – М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы – программалық материал. Мұғалімдер мектепке де, жоғары оқу орнында да шәкірттерге жеріне жеткізе ұғын­дыра алмайды. «Неге?» Себебі бұл шығарма мектеп кітапханаларында да, аудан­дық, облыстық кітапханаларда да жоқтың қасы. Болса, бір-екі данадан, болмаса – жоқ. Сонда шәкірттерге жазу-шы шығар­машылығы жөнінде жалпылама баяндаудан, мұғалімнің өзі оқыған эпизод­тарды айтып беруден білім беріле ме. Мүмкін емес. Мұғалім көлемді романдарды шығарма тапшы болғандықтан дауыстап оқып, немесе жоғарыдағыдай кезекке тұрғызып оқуға күндер емес, жылдар қажет қой.

Абай поэзиясын өту үстінде шәкірттерді ұлы ақын шығармаларын бір-бірінен көшіріп алып немесе көшірме жасатып алуға мүмкіндік жасар, ал ірі шығармалар оған көне ме?

Үлкен қалаларда, Ресей болсын, Қазақстан болсын, орыс әдебиетінен білім неге терең оқытылады? Себебі ондағы мектептердің кітапханаларында көркем әдебиет жеткілікті. Мысалы, жоғары клас-та 30 оқушы бар десек, әрбір оқушыда бір-бір Л.Толстой, бір-бір А.Некрасов, бір-бір А.Чехов бар. Мұғалім осындай байланыста оқушыларына, әрине, терең білім бере алады. Жоғары оқу орындары да сондай.

Қазақ мектептерінде көркем әдебиетке баулу проблемасының шешілуінің қиын­дап бара жатқаны көркем әдебиетті басып шығарардағы, халықты онымен қам­тамасыз етудегі қытымырлықтан? Об­лыстық, қалалық, аудандық кітапхана­лардың көбірек кітап алуына ақша өте аз бөлінеді. Ашаршылықта жетім баланың алдына тасталған үзім нандай ғана. Шығай-тоғайда келіп жатқан кітаптардан біздің облысқа тиетіндері шетке шыққандары ғана, орталықтағылар таңдап алып, оларға керексіз, қалдықтары ғана келеді. Кейде кейбір жазушылардың екі-үш том болып шыққандарынан бірінші томы бар да, қалғаны – жоқ. Кейде – үшінші томы келеді де, алдыңғы екі томы жоқ болып шығады. Бұл не? Республика шетіндегі жатқан шалғай облыс деп менсінбегендігі ме? Кешірерсіз, бұл көкіректегі реніштен туып жатқан сөздер.

Мысалы, 2005 жылға облыс кітап­ханаларына 338 мың теңгеге ғана кітап алыныпты. Бұл күйлі адамдардың жеке кітапханасына алатын кітаптарының құны емес пе?

Облыста 147 кітапхана бар екенін ескерсек, әр кітапханаға 1-2 кітаптан да келмейді емес пе? Ал, мектеп кітап­ха­налары қайтпекші? Оқушы­ларына жетпей жататын оқулық­тарымен ғана шектеле ме?

Орталықтан шығатын кітаптарға қаржы облыстық бюджеттен бөлінетін болса, мұндағы басшылардың не ойлап отырғаны түсініксіз.

Кітапқа деген мынадай көзқараспен басқа заңгерлік, экономикалық, техни­калық кітаптарды айтпағанда, көркем әдебиетке деген облыс еңбек­шілерінің шөлі жалғаса береді, болашақта шаңы шыққан қуаңшы­лыққа айналары сөзсіз. «Атамұра» бас­пасынан шығып жатқан кітаптар қазір кітап дүкендерінде бар, ол кітапханаларға келмейді. Неліктен? Мұны кім түсіндірер.

Енді өзіңізге қайта оралсам, Әзеке, сіз кітапты өте құрметтейтін адамсыз. Сіз оны барлық дүние-мүліктен жоғары қоясыз. Өзіңіз бір естелігіңізде қы­зыңыздың жасауына берген дүниежүзі әдебиетінің 200 томдығын мәдениетсіз құдағайыңыздың менсінбей, ернін шүйіргенін жазған едіңіз. Кітапты осынша бағалаған Сіз шығармаларыңыздың 10 томдығын жариялап, 1 мың дана таралыммен баспадан шығарған ардақты асыл азамат Бекет Тұрғараевқа өзіңіздің жүрекжарды алғысыңызды айтып шексіз ризашылығыңызды білдірген екенсіз. Сізбен бірге сол ризашылықты оқырмандар атынан біз де айтпақпыз. Бекет ініміздің азаматтығы ұмытыл­майтын, халқы әрқашан мақтаныш етіп жүретін әрекет, үлкен ерлік.

Құрметті Әзеке! Алайда осы 1 ғана мың дана 10 миллионға тарта қазағы бар елге бүркуге келмейді. Әр он мың адамға 1 данадан келеді екен.

Бір он томдыққа жалғыз адам ие болғанда, 9999 адам не оқиды? Кезекке тұра ма? Сондықтан бүкіл қазақ халқының жастарын ерлікке, адамгершілікке, шынайы сезімге, асыл азаматтыққа тәрбиелеп келе жатқан сіздің шығармаларыңызды әлде де көптеген тиражбен шығаруға Бекет ініңіз сияқты азаматтар шықса екен деп тілек айтқым келеді.

Батыстық поп-музыканың жастарды анайылыққа тәрбиелейтін «құді­реттерін» мыңдаған доллар қаржы жұмсап, еліміздің ірі қалала­рына шақырып, қымбат сый-сияпат жасағанша, өзіміздің ұлттық дәстү­рімізді, елдігімізді, тілімізді дәріптейтін шығармаларды басып шығаруға демеушілік жасалса ғой шіркін!

«Егемен Қазақстан», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» және басқа да газет-журналдарымыз кәсіпкерлерімізді меценаттыққа шақырса нұрға нұр қосылар еді-ау!

Сіз, Әзеке, жалпы көркем әдебиетке деген жақсы көзқарасты дамыту үшін өзіңіз бас болып, бүкіл зейнеткер бас бі­ріктіріп, үн тастасаңыздар екен деп тілек білдіремін.

Бүкіл республика шәкірттер мен ұстаздар қауымының алдында абыздық ісіңізді ұлғайта, күшейте түсер едіңіз демекпін!

Қадыр ЖҮСІП,

филология ғылымының докторы,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің

профессоры

1099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы